Ай сайын 5 есе жарна төлеуге дайынсыз ба?

Oinet.kz 08-02-2024 594

Мемлекет басшысы бұған дейін денсаулық сақтау саласында шешімін таппаған мәселелердің барын атап, әсіресе, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін әлі де жетілдіру қажеттігін айтқан болатын.

Screenshot_1.jpg

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің ескертпесінен кейін денсаулық сақтау саласына жауаптылар медсақтандыру қорына өзгеріс енгізуді қарастыруда. Нақтырақ айтқанда, Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сақтандыру жарнасын 5 есе арттыруды көздеп отыр. Тіпті, ол үшін тиісті заң жобасын әзірледі. Жоба талқылау үшін ашық жарияға ұсынылған. Егер ол қабылданса, міндетті медициналық сақтандыруға ең жоғарғы аударым жұмыс берушілер үшін 25 мың теңгеден 127 мың теңгеге дейін, ал жалдамалы қызметкерлер үшін 17 мыңнан 85 мың теңгеге дейін көтеріледі.

Кейбір сарапшылар жарнаның бұлай бірден 5 есе өсуі салық төлеушілерге салмақ салуы мүмкін деп санайды. Дегенмен медициналық сақтандыру қоры өкілдерінің айтуынша, құжат халықаралық тәжірибеге сай әзірленген. Оның үстіне бұл жалақысы 850 мың теңгеден жоғары қызметкерлерге ғана қатысты. «Әділ жүйеде табысы төмен адамдар табысы жоғары адамдардан артық төлемеуі керек. Сондықтан ұсынылып отырған норма – жоғарғы шекті 50 ЕТЖ дейін ұлғайту денсаулық шығыстары үшін жауапкершілікті неғұрлым әділ бөлуді көздейді. Бұған алдын алу, диагностика және емдеу кіреді», дейді қор мамандары.

МӘМС жарнасының әртүрлі болуы азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтің де ала-құла болатынын білдіре ме? 850 мың теңгеден жоғары жалақы алатындар ай сайын денсаулығын сақтандыруға 5 есе көп жарна төлеуге дайын ба?

Screenshot_2.jpg

Әли БЕКТАЕВ, Парламент Сенатының депутаты:

Кесіп айтуға әлі ертерек

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде кемшіліктің көп екені рас. Бұл тақырып БАҚ беттерінде айтылып та, жазылып та жүр. Бірқатар сыни пікірлермен келісуге болады. Аталған жүйедегі ең үлкен кемшілік – азаматтардың көбісі сақтандырылмаған. Әсіресе, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер, мүлдем жұмысы жоқтар немесе жұмысы тұрақты емес жандар тиісті жарнаны төлей алмай отыр. Салдарынан денсаулық сақтау мекемелерінен толық медициналық қызметті ала алмауда. Сақтандырылмағандар жеңіл-желпі емделумен шектеліп қалып жатыр. Сондықтан, бірінші кезекте барлық азаматтар медициналық сақтандыру жүйесімен қамтамасыз етіліп, медициналық көмектерге қолжеткізуі керек.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық сақтандыру қорына өзгерістер енгізіп, заң жобасын әзірлеген екен. Бірақ, бұл құжат әлі Парламентке келіп түскен жоқ. Сондықтан нақты бір нәрсені кесіп айта алмаймын. Білуімше, аталмыш заң жобасында жалақысы көп азаматтардың жарнаны көбірек төлеуі керек деген мәселе ғана көтерілген. Ал, сонда жалақысы жоқ, айлығы төмен азаматтар не істейді? Олар қалай денсаулық сақтау мекемелеріне жүгіне алады? Ол туралы ешқандай әңгіме айтылып жатқан жоқ. Менің ойымша жұмысы жоқ немесе жалақысы аз азаматтарды сақтандыру, медициналық қызмет көрсету шараларымен қамтамасыз ету мәселесі ең бірінші кезекте тұруы керек. Мамандар заңға өзгеріс енгізер кезде осы мәселені бірінші қамтуы керек деп есептеймін. Жалпы еліміздің барлық азаматтарды денсаулық сақтау шараларымен қамтамасыз етуге, осы мақсатта қаржы қарастыруға мүмкіндігі жетеді. Ал ақшасы көп адамдар көбірек, ақшасы аз адамдар аз төлеуі керек дегеннің өзінде пропорционалды түрде ережесі болуы керек. Әділеттілік болуы үшін пропорция сияқты, болмаса соған лайықты коэфиценттер қойылуы керек шығар. Бұл мәселені әлі жан-жақты зерттеп, талдау жүргізу қажет. Сондықтан оның қисынды немесе қисынсыз деп кесіп айтуға әлі ертерек.

Screenshot_3.jpg

Абай НҰРМАХАМАТ, «Теңіз» мұнай кен орны ЖШС қауіпсіздік техника менеджері:

Жарнаны 5 есе төлеуге қарсымын

– Жалпы еліміздің медициналық сақтандыру жүйесі жетісіп тұрған жоқ. Қазіргі таңда медсақтандыру жарнасына жұмыс беруші есебінен жалақымыздың 1 пайызы аударылып отыр. Ал енді мына жаңалық көңілімізден шықпағаны рас. Айлығым шамамен 900 мың теңге. Дегенмен, ай сайын жарнаны 5 есе төлеуге қарсымын. Себебі одан медициналық қызмет көрсету сапасының артып кететініне сенбеймін. Елімізде медсақтандыру жүйесі жоқ кезде сапа қандай болса, бұл жүйе ендірілгеннен кейін де дәл сондай, яғни баяғы жартас сол жартас. Біз жыл сайын медициналық тексеруден өтеміз. Одан бөлек кейде басымыз ауырып, балтырымыз сыздаған кезде емханаға жүгінеміз. Сол кезде ешқандай жоғары сапада қызмет көрсетуді көргенім жоқ. Мамандар неге жарнаны көтермес бұрын алдымен сапаны жоғарылатып, медициналық қызметтер түрін көбейтпейді? Сонда Үкімет алдымен ақшаны жинап алып, арғы жағын көрерміз деп отыр ма? Екіншіден, бұл төлемдерді кім қадағалайды? Ақша қайда, қандай мақсатта жұмсалып жатыр? Осының бәрін қадағалап, жыл сайын жарна төлеушілерге есеп беріп отырса, қанекей?!

Біздің жұмыс орнымызда жазатайым оқиғалар жиі орын алып тұрады. Біреуінің абайсызда аяғы, енді бірінің қолы сынып, түрлі жарақаттар алып жатады. Меніңше бұл өзгерістің астарында осындай жазатайым оқиға кезінде жұмысшылар ем-домға өз қалтасынан емделсін, мемлекеттен ақша сұрамасын деген пиғыл жатқан секілді.

Егер сол жарна жұмысшылардың қалтасынан емес жұмыс берушілердің есебінен төленсе, ешқандай қарсылығым жоқ. Сосын жоғарыда айтып өткенімдей ол ақшаның есебі беріліп отырса және соған сай медициналық қызмет көрсету сапасы өсуі тиіс деп ойлаймын.

Screenshot_4.jpg

Нұрлан ҚЫДЫРБАЕВ, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиал директоры:

Тоғыз  пайызына ғана әсер етеді

– МӘМС енгізудің бастапқы кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналар мен аударымдар жүргізілуі мүмкін қызметкердің табысы бойынша жоғарғы шек көзделген. Оның мөлшері бүгінгі күні 10 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) аспайды. Яғни, жарналар тек 850 мың теңгеге дейінгі табыстан алынуы мүмкін. Жоғарыдағы кірістен жарналар жасалмайды.

1,5 млн теңге кіріс жағдайында, ал бұл орташа еңбекақыдан 5 есе жоғары, 10 ЕТЖ (850 мың теңге) көлемінде жоғарғы шек іске қосылады, сондықтан жарна 17 мың теңге, немесе кірістің 1,1 пайызынан аспайды. 3 млн теңге кірістен, ал бұл орташа еңбекақыдан 10 есе жоғары, МӘМС-ке жарна сол секілді – 17 мың теңге, немесе кірістің 0,6 пайызы мөлшерінде қалады.

Өзгерістен кейін, яғни, 2024 жылға арналған ЕТЖ көлемі есепке алынып жоғарғы шек 4,2 млн теңгені құрайды. Кіріс жоғары болған сайын, жауапкершілік те жоғарылайды. Табысы 4 млн 250 мың теңгеден асатын тек 2,3 мың қызметкер үшін ғана МӘМС-ке жарналар бес есе артатынын тағы да нақтылап айтайын. Бұл елдегі барлық жалдамалы жұмысшылардың 0,04 пайызын құрайды. Жалпы, бұл норма 850 мың теңгеден астам табысы бар жалдамалы қызметкерлердің 9 пайызына әсер етеді. Жұмысшылардың 91 пайызы үшін ештеңе өзгермейді.


Жігітім айырылысқан күннің ертесі құлағымдағы сырғама дейін шешіп әкетті
Жаңа жылдық монша және жездем
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу