Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Періштелер Аюп пайғамбарды мақтап, оны үнемі үлгі етеді екен.
Олардың әңгімесін естіп қалған Ібіліс Тәңірдің дәргейіне барып:
- Періштелер Аюп құлыңды сабырлы, мықты тақуа адам деп мақтап жатыр. Ол - төрт құбыласы түгел, жегені алдында, жемегені артында, бала-шағасы дін аман, айналасына сыйлы, дәулеті шалқып турған уайымсыз адам. Егер оған шын қиындық туатын болса, басымен қайғы боп, сені еске алуға мұршасы болмас еді. Сенбесең, оны сынаққа алуға маған рұқсат бер, - дейді.
Тәңірі рұқсат етеді. Ібіліс оның бар малын бір қыста жұтқа ұшыратады. Аюп бір күнде кедейленіп, таяқ ұстап қалады. Артынша бала-шағасына қаза жетеді. Ағайынмен арада араз әңгімелер өршиді. Бірақ Аюп сонда да сыр бермей, құлшылық тағатын үзбейді. Айла-шарғысы таусылған Ібіліс оның денсаулығына ауыз салады. Артынша оның денесі жидіп, шіри бастайды. Бүкіл тәніне құрттар қаптайды. Аюп өлі мен тірінің арасындағы өлімші халге түседі. Сонда да тілі мен жүрегі Тәңірге зікір айтып тұра береді. Ібіліс оның иманын ұрлай алмай, ақыры жеңіледі. Хақ тағала құлының төзімі мен сабырына риза болып, жерден шипалы бұлақ шығарады.
Аюп Құдайдың әмірімен сол суға қырық күн шомылып, әбден ширап, тәні сауығып, аман қалады. Осыдан бастап өлі мен тірінің арасында жатқан адамды қырық күн шомылдыратын дәстүр қазақ арасында пайда болыпты. Ата-анасы жаңа туған нәрестесін ширату үшін қырық күн тұзды суға шомылдырады. Ондағы мақсат - бала болашақта Аюптай сабырлы, төзімді боп өссін, өмір жолында кездесетін барлық қиындықтарға мойымайтын мықты тұлға болсын деп ырымдағаны.
"Салт-дәстүр сөйлейді"