Қайтып келген қыз жаман

Oinet.kz 27-02-2023 2294

«Ішіме сыйған балам сыртыма да сыяды» деп, апам мені келін болып түскен босағадан үйге әкеліп алғанымен, төркiнiмде күтіп тұрған жұмақты көрмедім. «Қайта шапқан жау жаман, қайтып келген қыз жаман» дегенді бабалар бекер айтпаса керек. Байым өлiп, жесір қалған соң келсем де, «Сапардың қайтып келген қызы» атандым. Ұлым екеуміз үйде түртпек көрмесек те, сырттағыға көзтүрткі болдық.

Screenshot_3.jpg

Сұңқарды мектепке алғанымен, мектеп директордың орынбасары болып істеген мені мұғалімдік жұмысқа да алмады. «Қазір мектеп бағдарламасы ауыр, сіздің жұмыс тәжірибеңіз мектептен аулақтап кетіпті» деген сылтау айтқан. Ағамның жолдасы ауданның мәдениет бөлімін басқарады екен. Соған айтпақшы болып еді, апам баяғы әуеніне басып, «жын ойнақтың ортасы, көркемөнерпаз болғаннан көгергенді көрмедім» деп, ойбайға салған.

Әкем бір танысы арқылы кітапхана жағынан жұмыс тауып берді. Қырық сом айлығы бар, таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін оқырманы жоқ кітапхананың ішінде қадалып отырамын. Декреттік демалысқа шыққан әйелдің де кітапхана ісінен білімі болмаса керек. Тек кітаптарды алфавиттік ережемен тізіп қоя берген екен. Мерзімді баспасөзі бірімен-бірі араласып, былығып жатыр. Кітап қоры да айтарлықтай көп емес. Бірақ, күллі республикадағы шағын ауылдардың Мәдениет үйі мен кітапханалары жабылып қалып жатқанда, осы жердегі құйтақадай кітапхананың аман қалғанына таңым бар.

Алғашында бар ынтамды салып бастадым жұмысты. Кітаптарын түгендеп, сала-салаға бөлiп, әлем классиктері мен ұлттық әдебиетті ажыратып, балалар әдебиеті мен ғылыми әдебиетті бөліп, мерзімді басылымды жекелеп дегендей, бірқатар өзгерістер енгіздім. Мектептерге барып оқушыларға кітап оқу конференциясын ұйымдастырып, оқырман да тарттым. Жұмысым енді жүре бастағанда, кітап қорын аудандық кітапханаға қосып, жұмысым қысқартуға түсті. «Декреттегі әйел жұмысқа шыққанында аудандық кітапханаға аламыз, сізге төлейтiн айлығымыз жоқ» деген себеп айтты. Сөйтіп, жұмыссыз қалдым.

Мен әкемнің босағасына «өмірдің мейірімсіз қатігездігін көріп оралдым» деп жүрсем, көресім әлі алда екен. «Қыз әке шаңырағына қонақ» деген шын сөз, оң босағада жүргеніңде үй ішіне қалай еркелесең де, қалай сөйлесең де жарасады. «Бір күні құтты орнына қондырамыз да, құтыламыз ғой», - дегендей, күлімдеп жүретін жеңгең де балаңды ертіп қайтып келгеніңде, «қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» дегенді есіңе түсірмей қоймайды екен. Даусы әрең шығып, бір нәрсе сұрасаң «мен білмеймін ғой апамнан сұра» дейтін Үкiлай жеңешем енді маған өнер көрсете бастады. Әкем біраздан ауру, апамның баяғы екпіні жоқ. Үкiлай үшінші балаға аяғы ауырлағаннан, жалғыз ағам Өмірханның жаны соның үстінде. «Жалғыз ұлдың жалғасы» деп өсіріп келе жатқан әке-шешемнің екі немересі елден шыққан ерке. 

Бәрі Үкiлайдың қабағын бағып отыр. Ал жеңешемнің қабағынан, қашан көрсең, қар жауып, үйден кірген-шыққан ізіңді сүртіп, одан қалды дастарханның үстін сиыр жалағандай тазалап жүргені. Менің қайтып келгенім, баламның жағдайы бар, жұмыссыз отырып ішкен-жегенге ортақтығым бар, бәрі жеңешеме жақпай жүрді. Сұңқар магнитафон тыңдаса «балалар ұйықтайтын уақыт болды өшір» деп, теледидар қараса «онда сен көретін не бар дейсің, саясаттан басқа» деп, төменгі қабатқа түссе «тарсылдатпай жүрсеңші асханада» деп сөйлеп қалады. Ұлым әлі кішкентай болған соң ба үндемей, айтқанын екі етпей тыңдап, орындайды. 

Ал, мен шыдай алар емеспін. «Елге қадірлі бір әулеттің еркелеткен Сұңқары еді, төркініме әкеп, жеңгеме қор қылдым-ау» деп, ішімнен буынам. Үйдегілермен қарым-қатынаста өтірік күліп жүретін сияқтымын, ал күлкімнің астарында мұң жасырынып жатады. Маған баяғы көршіге терезесі қарайтын бөлмем қайтып тиген болатын. Тек Сұңқарға арнап тағы бір ағаш төсек кіргізілді. 

Кітап қоятын сөрелерім мен жазу үстелім де балама бұйырды. Ұлымның мектебіне керек болмаса, маған ақшаның керегі жоқ. Бар киімімді үстіме іліп, берген тамақтарын бөлісіп жүрмін. Әрі-беріден соң, олар мен үшін қазан аспайды ғой, өздеріне жасаған тамағынан балам бір аяқ, мен бір аяқ тамақ ішем төрт тілім нан жерміз дегендей. Мен осылай болайын дедім бе, мен де ақар-шақар өсіп-өнген әулеттің сыйлы келіні едім, маңдайға осы сор жазылды, тартып жатырмын. Өзімде барды бағаламадым ба?! Жеңгеме ащы шындықты айтып салып, бет жыртысқым келмейді. Ішімнен тынып, шыдап келем. Мен өз әкемнің үйінде, балам өз нағашысының үйінде кібіртіктеп сөйлеп, бұғып жүретін болдық.

– Апа, атамның үйіне кетейікші, — дейді ұлым. — Енді біздің үйіміз осы үй, - деймін. - Сонда біз осында тұра береміз бе? - дейді, алдында «уақытша жүрміз» деп ойласа керек. – Сен ержетіп, оқу оқып, қызмет істегенше тұрамыз, содан кейін сен үй саласың, – деп едім, балам бауырыма тығылып, жылап жіберді. «Бекер келген екенмін, жап-жақсы істеп жүрген жұмысымнан айрылып, жер түбінен баламды сүйреп. Жалғызымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жүре бермедім бе, Дәу атасының қамқорлығында? Енді қайтып баруға бет қайда? Табақтай дипломнан не пайда, жұмыссыз жатысым мынау», - деп қамығып, жылап аламын.

Сәуле Досжан

Арсыз әйел мені де, балаларымды да аямай қайнағасының қойнына кіріп алды
Өзгенің баласын бағам деп өзімнің балалы болғым келмей қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу