Кей ата-ана тым өзімшіл болып, баласының қалауын түсіне алмайды

Oinet.kz 08-11-2022 4010

Әдеттегідей демалысқа шығып, Алматыдан ауылға бет алдым. Пойызбен жиі жүрсең сол, неше түрлі адам көріп, түрлі оқиғалар естисің. «Жол қысқартамыз» деп неше жыл бұрынғылар да еске түсіп кетеді. 

Screenshot_9.jpg

Бұл жолы қасыма жайғасқан бір ағаймен әңгімем жарасты. Ағайдың сөзінен ұққаным: «Сол бір жас күніңнен армандаған адамды жолықтырасың. Онымен болашағыңды жоспарлап, бал күндерді елестетесің. Бірақ ол сүйгеніңнен ең жақын адамдарың мәңгіге айырса, сол өкінішті-ақ...»

Жасы 40-тар шамалас ағай жастық шағын, мен сол кездегі студенттік күндерімді әңгіме ете отырдық. Жастығыма қарамай қоғамдағы кейбір жайттарды талқылап келеміз. Біраз жол жүрген соң, күн қарауыта бастап, пойыздағылар тынышталып қалды. Ағай кенет күрсініп, «Қарындасымды қатты уайымдаймын» деп бір тың әңгімені бастағалы отырғанын байқатты. Мен «неге» деген сұраулы жүзбен ұйып тыңдай қалдым.

«Қарындасым төрт жыл бойы Алматыда оқыды. Сол жақтың жігітімен танысып, бір-бірін шын ұнатқан. Екеуі үйленеміз деп келісіп, әке-шешелерімен кеңесуді жөн көрген. Оны естіген анам алысқа жіберуден қорқып, «көз алдымда жүрсін» деді ме, әлде басқа себебі болды ма білмеймін, ол жігітке тұрмысқа шығуына түбегейлі қарсы шықты. Қарындасым анамды қанша жерден көндірмек болса да, ойын өзгерте алмады. Біз де жанашырлық танытып «апа, бірінші жігітпен, ата-анасымен танысып көрейік те» деп едік, апам «Алматың құрысын, оқуыңды бітір де осы жақтан қарастыр жігітті. Жоқ дедім, бітті» деп бір-ақ кесті. Одан кейін бізде де шара қалмады.

Сөйтіп Айжан оқуын бітіріп, ауылға қайтып келді. Мектепке жұмысқа орналасты. Өзі көп сөйлей бермейтін қыз одан сайын томаға тұйық болып алды. Бір күні бір күніне ұқсас болып өте берді. Анам оны өзіміз жақтың жігіттерімен таныстырып еді. Бірде бірін қаламады. Танысып та көрген жоқ. Қырсықтығы ма, әлде Алматыдағы жігітті ұмыта алмай жүр ме белгісіз, бүгінге дейін тұрмыс құрмады. Бізбен ашылып сөйлеспейді де. Тек жұмысымен әуре.

Мен әлі де жас шығар деген оймен «Жасы нешеде?» деп сұрадым

- 37-ден асты, – дейді.

- Анаңыз не деп жатыр? – деймін, қызына енді қалай көмектеспек екен деп.

Анам жеті жыл бұрын қайтыс болып кетті. Айжан қазір менің отбасыммен бірге тұрады, – деп, ағай біраз үнсіз отырды да: «Оның солғын жүзін көріп, жүрегім ауырады. Тіпті, қалай көмектесерімді білмеймін. Кейде «Анам бекер олай жасады. Сол кезде бір амалын тауып, неге демеу болмадым екен. Бүгінде басқаша болар ма еді?» деп қатты өкінемін. Қазір Алладан күні-түні тілейтінім сол қарындасымның бақыты», – деп сөзін аяқтады.

Ағайдың толқи отырып айтқан бұл әңгімесі маған ауыр ой салды. Не дерімді білмей, «Қарындасыңыз бақытын тапсын, тілекшімін ағай» дедім. Содан өз төсегіме жайғасып, терең ойға шомдым. Алдында бөлмедегі қыздың айтқан әңгімесі есіме түсіп кетті. Оның немере ағасы жас кезінде бір қызға қатты ғашық болады. Қыз да оны ұнатып, екеуі сөз байласады. Бірақ ұлдың әкесі «олардың отбасы бізге тең емес» деп, сүйгенін алдыртпай қояды. «Ол қызды әлі-ақ ұмытады, басқасын табады» деп сенген болар. Бірақ, ол кісі пәк махаббатын әлі де ұмытпаған. Жүрегінің түбіне жасырып, оны ештеңеге, ешкімге айырбастамауға шешім қабылдаған. Ол кісі бүгінде 50-ден асып, інісінің үйінде тұрады. Құрбымның айтуынша, ағасына ештеңе қызық емес, інісінің отбасы мәре-сәре болып жатса, бұл кісі теледидар басқарғышты қолына алып, бетіне телміріп отырғаны. Жұмысынан басқа істейтін іс те қалмағандай.

Осындайда кейбір ата-ана өзімшілдігімен, өз ойының дұрыстығына жүз пайыз сенімділігімен баласының бақытына балта шауып тұрғанын сезбейді-ау. Қызы, не ұлы әлгі жанды ұмытып, басқа отбасын құрса мейлі ғой. Әй, қайдам, ол кезде де сүйгенін жүрегінен алып тастап, өзін бақытты сезініп жүр дегенге сену қиын. Себебі, бір апайым өз әкесінің қаладағы сүйген қызын қалдырып, анасының айтуымен ауылдың бір тұтам қызына үйленгенін айтқан. 70-ке таяған әкесі қайтыс болар алдында үлкен қызын сырлас көргендіктен, студенттік шағында артында жылап қалған сұңғақ бойлы, аққұба қызды сөз етіпті. «Соңғы көрініс, қолым дірілдей оның білегін қоя бергенім бүгінгідей көз алдымда», – деген. Бұл не? Бұл неше жасқа келсе де, көңіл құрғыр сол жанды аңсатпай қоймайды деген сөз емес пе?

Мұндай оқиғада ата-ана құда-құдағиды дәрежесіне қарап таңдайды, не баласы арқылы өзінің басқа арманына қол жеткізгісі келеді. Кейде бұл шешімдер ата-ананың да, баланың да бағын жандыруы мүмкін. Ал кейде басылмайтын сағыныш, аңсаумен күндер өтетіні өкінішті. Кей деректе «Әйелдің күйеуге шығуы – оның екінші рет өмірге келуі» делінген. Адамның өмірге келуін тағдыры шешті, ал екінші рет өмірге келуді өз қалауыңмен шешуге болмас па? Қай жағдайда да «кеңесіп пішкен тон келте болмас» еді ғой.

Нәзия Бердімұратова

Туған әпкемнің сүйіктісінің маған арам ойы бар сияқты
Байдың ерке баласының сөзіне алданып жүрген жалғыз мен емес екем
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу