Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Бұрын соңды осыған ұқсас оқиғаларды естісем, сенбей, “Әй, қай қайдағыны айтпаңдаршы” деп қолымды бір сілтеп кете беретінмін. Ал енді өз басыма осындай күн туғанда қай тесікке кірерімді де білмей отырмын…
Бірнеше ай бұрын өзімнен екі жас үлкен әпкем Лаура университетте Шерхан есімді жігітпен танысқанын айтты. Әпкем өзі сұлу, ақылды. Жігіттер үнемі оны айналшықтап, қыр соңынан қалмайтын. Сол себепті Шерханды сол мың жігіттің бірі деп ойлап, әпкемнің сөзіне еш мән бермедім. Алайда көп ұзамай Лаураның Шерханды шынайы ұнатып қалғанын сездім. Себебі ешқашан оның еркек атаулыға өзі бірінші хабарласып, іздегенін көрген емеспін. Әпкем уақыт өткен сайын құлпырып, бақыттан басы айналып, ең тәтті кездерді басынан өткеріп жүрді. Танысқандарына төрт ай болғанда Лаура Шерханды үйге әкеліп, ата-анамызбен таныстыратынын айтты. Шынымды айтсам, бұл жаңалыққа аса қуанбадым. Себебі небәрі төрт ай танитын адамды үйге қалай алып келуге болатынын түсінбедім. Десе де, әке-шешеміз Лаураның көңілін қалдырмай, бір жағынан қызының жақсы адаммен көңіл жарастырғанына сенімді болу үшін жігітпен танысуға келісімін берді.
Осылайша, күндердің бір күнінде үйімізге Шерхан кіріп келді. Бір қарағанда жүзі жылы, сыпайы жігіт, өзі орайы келген жерде сөздің түбін де түсіреді екен. Бір сөзбен ата-анама да маған да болашақ жездем ұнады. Үйдегі таныстығымыз ашық-жарқын өтті.
Осы күннен бастап жездем менің көңілімді аулап, отбасымымызға етене жақын болуға тырысты. Лаураны серуендеуге алып кетерде мені де қоса көлігіне салып алатын. Алайда соңғы күндері әпкеме айтпай, маған жеке хабарламалар жіберетінін байқап жүрмін. Әуелде оған аса назар аудармай, мені жақсырақ танығысы келген болар деп ойладым. Десе де, әңгімемеміз тек екеуіміздің төңірегімізде өрбиді. Менен бір ауыз Лаура туралы сұраған емес. Менің не істеп, не қойғанымды, қайда және кіммен барғанымды сұрай береді.
Соңғы кездері одан көп маған ешкімнің хабарласпай жүргенін байқадым. Күнім оның “Қайырлы таң” деген хабарламасымен басталып, “Қайырлы түн” деген хатымен аяқталатын болды. Өзім болашақ жездемнің бұл әрекетінен сескенемін, тіпті, Лаураның алдында ұялып кетемін. Шерханға бұлай жиі жазудың дұрыс емес екенін айтайын десем, ол мен туралы жаман ойлап қала ма деген қорқыныш бар. Мүмкін оның астарында арам ойы жоқ шығар. Шынымды айтсам, басым қатты. Лаураның орнында өзім болсам, сіңлім мен сүйіктімнің бұлай шүйіркелесіп сөйлескенін қаламаған болар едім. Бұндай жағдайда не істеуге болады?