Жұмат Әнесұлы. Мысалдар
Мысал жанры Лафонтен заманынан бері келе жатыр. Орыс әдебиетінде И.Крылов мысал жанрын дамытса, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиетінде мысал жанрын өркендетті. Менің мысалдарымның ерекшелігі – оның әзілге (юморға) құрылуында.
«Мынау ай сайын туатын тасбақалар»
Кең сары далада құмның шетінде жергілікті үш төрт тасбақа қыдырып жүреді. Сол кезде бір төбешіктің арасынан бір дәу тасбақа шыға келеді. Жергілікті тасбақалар мынаның үлкендігіне таң қалады. Олар "мынау бізге қайдан келген?" деп дағдарады. Сонда олардың арасындағы бір білгіші: "Бұл Америкадан келген тасбақа-ау, шамасы. Бұл бізде көп өмір сүре алмас. Жау келсе, тығылатын қуыста бұған табылмас" дейді. Сол айтқандай Америкадан келген дәу тасбақа бір екі айдан кейін сарыадырларды жерсіне алмай, еліне қайтыпты. Содан көп ұзамай орыстың орманынан бір жасыл тасбақа келеді. Сонда жергілікті тасбақаның көпті көрген кәрісі: "Ай, мынау кірген жерінен жабысып айрылмайтын жабысқақ пәле болар. Бірақ, бұлар көбейіп те оңбас" деген екен. Сол айтқандай жасыл табақалар сары құмның арасында ұзақ тұрып, жерсініп қапты. Енді бір күні сап-сары ала, басы мен аяғы қайда екені білінбейтін төрт бес сары тасбақа пайда болыпты.
Жергілікті тасбақалар қызық көріп, сөйлесейін десе, әлгі тасбақалардың басында тілін де таба адмайды.
Содан бәрі көпті көрген қария тасбақаны шақырып, "мыналардың кімдер екенін айтасыз ба?" деп сұрайды. Сонда көреген қария сары ала тасбақаларға ұзақ қарап: " Бұлар оңтүстік қытайдан келген тасбақалар болар шамасы. Бұл тасбақалар ай сайын туа береді. Бұларға кейін ие болуымызда қиын болар" деген екен.
«Ертең осы ақылсыздарға барып лекция оқисың»
Бір ересек тышқан компьютерден "ақылсыз", ақылды" деген биркелерді басып шығарып отыр. Сосын оларды санап, іріктеп отыр.
"Ақылсыз", "ақылсыз", ақылсыз", ақылды", ақылсыз", ақылсыз, "ақылсыз", ақылды"... Сосын ересек тышқан әкесіне:
- Папа, мыналардың ішінде ақылдыдан ақылсыздар көп қой "- депті. Сонда әкесі:
- Балам-ау, біздің жас тышқандардың ішінде ақылдысы көп болса, осылай отырамыз ба, жікке бөліп. Ертең сен сол "ақылсыз жас тышқандарға барып, "Қақпанға қалай түспеу керек". "Тұзаққа қалай түспеу керек", "Улы тамақтарды қалай ажырату керек" деген лекция оқисың" - деген екен.
Алтын алабұғаның айтқаны
Бір жігіт таңертеңнен кешке дейін балық аулап отырады. Қармағына еш балық түспейді. Тек кетерде бір алабұға қармағына түседі. Жігіт алабұғаға:
- Сені бәрібір асып жеймін, - дейді. Алабұға:
- Оған бәрібір тоймайсың ғой, - дейді. Жігіт:
- Еңбегім еш кетпесін деп... Содан жігіт алабұғаны асып жеп отырғанда қылқаны тамағына тұрып қалып, жедел жәрдем шақыртады. Жігіттің тамағынан қылқанды хирургтер алып беріпті. Жігіт үйіне келіп, алабұғаның басына:
- Енді сендей балықтың мыңы түссе де жемеймін, - дейді. Алабұғаның басы:
- Одан біздің мүйізіміз қисаймайды
- Сендерде мүйіз жоқ қой?
- Ендеше қылшығымыз қисаймайды.
- Сендерде қылшық жоқ қой?
- Ендеше құйрығымыз қисаймайды.
- Рас сендерде құйрық жағы бар, - депті де жігіт алабұғаның басы мен омыртқа сүйегін қайтадан өзенге лақтырып жіберіпті. Сол кезде алабұғаға қайтадан жан бітіп, Алтын алабұғаға айналып, судан басын шығарып:
- Жігітім, сен ақылсыздығыңнан басыңа қонатын бақтан айрылдың. "Көзі тоймастың, қарны тоймас деген" деп суға қайтадан сүңгіп кетіпті.
Ақбас бүркіттің қырылып жатқан жәндіктерге көмегі
(мысал ертегі)
Ерте ертеде қазақтың сахара құмында үш басты айдаһар пайда болыпты. Сол айдаһар маңындағы жәндіктерді улап, шайнап, қыра бастапты. Әсіресе, ешкімге зияны жоқ жәндіктер өмір сүруден қалыпты. Содан құмда аман қалған оншақты кесірткенің бірі әлемнен әділдік іздеуге шығыпты.
Сол кесіртке әуелі қаршығаға келіп көмек сұраса, ол: "Ойпырмай, бір басты жылан болса, жеңер едім, үш бастыға әлім келмейді" деп көмектен бас тартыпты. Содан кесіртке қарақұсқа келеді. Жағдайын айтады. Қарақұс басын шайқап: "Екі басты айдаһар болса, жеңер едім, үш бастыға әлім жетпес. Бірақ, саған ақыл берейін, Жердің түбінде, Ақтау деген тау бар, соның шыңында Ақбас бүркіт өмір сүреді. Бір көмектессе, сол саған қол үшін берер" деп кесірткені жолға шығарып салған екен. Кесіртке ай, жыл жүріп Ақтауды тауып, шың басына өлердегі күшін салып әрең шыққан екен. Шың басында ақбас бүркіт отыр екен, ентігіп тұрған кесірткені көріп, бұдан: "Жан кешті боп шың басына шыққаныңа қарағанда, үлкен шаруамен келген тәріздісің, тілегіңді айт" дейді.
Кесіртке Ақбас бүркітке сәлем беріп, жер түбінен келген шаруасын айтады. Сонда Ақбас бүркіт көп ойланып: "Иә, айтып тұрған тілегің, оңайлықпен орындалатын шаруа емес екен. Бірақ адал, періштедей таза ішкі дүниеңді, кешіп жүрген азаптарыңды көзіңнен көріп тұрмын. Тәуекел, көмектесейін!" деп кесірткені қанатына отырғызып, кесірткелер мекендейтін қызылқұмға ұшып келіпті. Олар келгенде үш басты айдаһар құм ортасындағы үлкен жидені бар денесімен орап, құмда қалған тоғыз кесірткенің бесеуін рахаттанып шайнап жатыр екен. Соны көріп, қаны қайнап кеткен Ақбас бүркіт кесірткені арқасына түсіре сап, зу етіп, тұмсығымен Айдаһардың бір басын қиып өтеді. Анау айдаһар да бос тұрмай бүркіттің құйрық қанатының бірін жұлып алады. Ақ бас бүркіт тағы көктен бір зу етіп, айдаһардың тағы бір басын қырқып өтеді. Анау да қалыспай, бүркіттің құйрығының жартысын тісімен жұлып алады. Ызаға булыққан Ақбас бүркіт үшінші рет төбеден құйылып, айдаһардың үшінші басын қиып түсірген екен. Бүркіттің өзі де қансырап, шаршап қапты. Бірақ, айдаһар жан тапсырып, жерде сұлап жатты. Оның уысынан жем болып жатқан бір кесіртке тірі қалып, туысымен көрісіп, жылап жатты. Содан ақбас бүркітті алып келген кесіртке Бүркітке қарап:
"Сізге мәңгілік қарызбын. Қандай алғыс айтсам да, менің сіздің алдыңыздағы парызымды қайтара алмас еді. Біздің ұрпақты аман алып қалғаныңыз үшін, менің жанымды алыңыз! Менің тілегім сол!" дейді. Сонда Ақбас бүркіт айдаһар тістеген жерінің қанын сүртіп тұрып:
"Маған сенің жаның керек емес. Тек өздерің аман болыңдар. Тіршілік бірге өмір сүргенімізбен құнды" деген екен.
«Жым жабу»
Ұрғашы түлкі өзінің ер жетіп қалған түлкішектерін "өмір сүру" әдіcтерін үйрету үшін бір ауылдың сыртына алып келеді.
- Көріп тұрсыңдар ғой ана түтіні көкке шаншылып жатқан ауылды?
- Иә, көріп тұрмыз.
- Көрсеңдер соның ең шеткі қорасына кіріп, тауықтарының мойындарын қырқамыз. Еттерін қойындарымызға саламыз да, далаға шығамыз.
- Сосын?.
- Соcыны... сол... тауықтың жүндерін әр жерге бытырата шашамыз.
- Неге? - дейді бір жас түлкі.
- Ого. Мiне сенің тәжірибесіздігің көрініп тұр. Оны біздің тілде "жым жабу" дейді. Үйдің иесі содан біздің қай жаққа кеткен ізімізді білмей қалады, - депті ана түлкі.
Abai.kz