АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ ОН АЛТЫНШЫ ҚАРА СӨЗІ
ОН АЛТЫНШЫ СӨЗ
Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы, біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?» дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді. «Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді. Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?
Абай Құнанбайұлы.
ОН АЛТЫНШЫ ӨЛЕҢ
Жүрсе де азып-тозып қанша мейлі,
Байлардан тиын-тебен тамса дейді.
Бұл қазақ; «Құлшылығым бір құдайға,
лайық болса екен» деп, қам жемейді.
Ұрының өзіне де жол тілейді,
Еске алмас ертең соғар соңғы үрейді.
Басқаның қылған ісін біз де қылып,
Жығылып, тұрып жүрсек болды дейді.
Бұл өмір білген жанға өлшеулі ғой,
Сандалар сая таппай теңселіп ой.
Саудагер несиесін сұрап келсе,
«Тапқаным осы ғана» деуші еді ғой.
Болса да қаншалықты күнәм мейлі,
Көтеріп ахиретте тұрам дейді.
Құдайдың қалауымен саудаласып,
Сондағы саудагердей қылам дейді.
Дінсізін діндәрлісі иектемек,
Иттерше таласады сүйекке көп.
Ойланып тіл сындырып, дін тазартып,
Құранды үйренбекке ниет те жоқ.
Шапаны желді күні желбірейді,
Өлімнің келер сәтін кем тілейді.
«Білгенім осы болды, қартайғанда
мен қайдан үйренбекпін енді» – дейді!
Әлібек Шегебай.