ЖИЫРМАСЫНШЫ ҚАРА СӨЗ. АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ
ЖИЫРМАСЫНШЫ СӨЗ
Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?
Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.
Абай Құнанбайұлы.
ЖИЫРМАСЫНШЫ ӨЛЕҢ
Тағдырдың жарлығы бар өзгермейтін,
Пендеде жалығу бар, көзге ілмейтін.
Адамның өзі іздеп тапқан емес,
Сондықтан жеткізе алмас сөзбен кейпін.
Бақ қонса жүрегінің мысы барға,
Жеңдірер саналы жан күшін арға.
Ойланып, ақылына салар болса,
Адамның жалықпайтын ісі бар ма?
Тамақтан, ойыннан да, күлкіден де,
Мақтаннан, кербезденген «түлкіден» де,
Тойдан да, қатыннан да көңіл қалып,
Жалығар есті кісі үлпіден де.
Дүние құмарлықтан құралмайды,
Бергенін жаратқанның кім алмайды?
Ғайыбын, баянсызын білгеннен соң,
Көңілің бір қалыпта тұра алмайды.
Бұл өмір байқағанға сынақ екен,
Салса да сынағына шыда бекем.
Бәрінің баянсызын біліп жеткен,
Жалығу ойлы адамнан шығады екен.
Жүргенде жанықпай-ақ жетем ғой деп,
Санаңнан сығалайды секемді ой кеп.
Кей-кейде ақымақтық, қайғысыздық,
Ойлаймын бір ғанибет екен ғой деп!
Әлібек Шегебай.