Бақытжан Алдиярдың өлеңдері
МЕНІҢ ҚҰЛАГЕРІМЕ
Өмірім өмір емес, сұрақ белгі,
Көңілім көп кещеден жырақта өлді.
Уақыттың бәйгесінен Құлагерім
Құдай-ай, құлап келмей жылап келді.
Құлагер құламады, жылады кеп,
Құдайдың қандай қиын сынағы деп.
Тұнжырап көз алдымда тұрады көп,
Тым құрыса жұбатсамшы бір-ақ рет.
Тұрады тұлпар Құла тұралаған,
Туатын жан едік-ау бір анадан.
Жануар, сен жылқы едің, мен жалқы едім,
Көп кеще жүйріксің деп кінәлаған.
Жануар, сен де жүйрік, мен де жүйрік,
Жүрекке мұң да жидық, шер де жидық.
Қазаққа болсын деп ек қаз-қаз басқан,
Малшынған маңдайымыз терге жидіп.
Сен жоқта жабылардың жел сорды іші,
Ер жоқта кеще шешен – ең сорлысы.
Ішінде жүйріктердің – сен соңғысы,
Ішінде ақындардың – мен соңғысы.
Қанатты саған бермей құсқа берген
Құдайдан айналайын ұста келген.
Балтасын Батыраш бар ұстап өлген,
Батырда Бақытжан бар дұшпаны өрген.
Жануар, кетейікші осы арадан,
Жан ұғар аттайықшы босағадан –
Қотыраш қан қыстамас құтты іргеден,
Батыраш балта ұстамас Қособадан.
Көп кеще мен Бөріні жылатты Айға,
Сені де мазақ етті шұнақ тайға.
Қазаққа жүйрік осы тұрақтай ма?!
Жануар, кетейікші...
Бірақ, қайда?!
БОЛҒАН ОҚИҒА
Шымқаланың сыртында,
Шырайлы бақ ішінде,
Шым-шымдатып жүрегімнен бір тұнба,
Шыған көшкен елес елдің жұртында,
Шыр айналам өңімде әлде түсімде...
Шыққа толы жанардан,
Шыр-пыр ұшып шығады да ақ арман,
Шырылдаған құсқа айналар,
Құсни-құсым ұшпай қалар,
Қауырсыны тоналған.
Сол бір құстың әлдеқайда жаны асық,
Мәжнүндей боп іздейтұғын Ләйлісін,
Алатаудан ары асып,
Алматыға талпынады байғұсым.
Сосын...
Маған және өзіне жаны ашып,
Қара көзбен ұқтырады ол қайғысын.
Құсалықпен тістенсем,
Құсқа айналып шырылдайды өлеңім.
Мен атымен түс көрмеймін, түс көрсем –
Алматыны көремін...
Беу, Алматы-ай, сырыңды ұқпай қойдым-ақ,
Сия алмассың өлшемге.
Есениндер қайдан болсын...
Әй, бірақ,
Есенқұл мен Есенғали бар сенде.
Ал, Алматым... ала көзбен қарайды,
Еңке жағын жел сойған,
Етек жағын сел шайған.
Төрелік ап Алатаудан арайлы,
Төмен түсіп бара жатам Кеңсайдан.
Тұманды өмір бастау алған іңгәмен,
Тұсалыпты...
Төрт-бес кітап жыры қап.
Тұмағамның қаламындай зымырап,
Тұлпар-өмір көрсетті бес күнді әрең.
... Өмірімді ауыл жақта сүріп ап,
Өлу үшін келген екем мұнда мен...
Шымқаланың сыртында,
Шырайлы бақ ішінде,
Шым-шымдатып жүрегімнен бір тұнба,
Жатыр екем шайырлардың жұртында,
Басым сүйеп Мұқағали-мүсінге.
Кенет...
Көздің қайта атқандай ақ таңы,
Таяғымен тұсын түртіп маңдайдың,
- Тұр, әй, - деді қарт қарауыл бақтағы,
- Іше берсең таусыла ма бар қайғың?!
Мен… Алматыға бармаймын!
ГҮЛБАХОР
(баллада)
Балалық шақта барлығы да әсем, тәтті өмір,
Таңсәрі сайын ататын балдай дара таң.
Жайсыз бір күйге түсіп қалатын пәк көңіл
«Жайлаудың қызын әперем» десе шал атам.
«Өзбектің қызы өзгеден болар тәтті» деп,
Өзгеше көзбен жымиып шалым қараса,
Өзектен шыққан өлеңдерден де сәттірек
Өрім бір ойға батушы ем сонда тамаша.
Гөзәлдің сол бір Гүлбахор еді-ау есімі,
Бахор дегенің көктем ғой менің тілімде.
Бала көңілдің сондағы батыл шешімі –
Қолымды саған жеткізем дегем түбінде.
Көктемнен тіпті болмайтын титтей айырмаң,
ГүлКөктем сұлу, көктегі ару Күнді өпкен.
Атадан тірі, анадан өлі айырған
Аяр Тағдырға жоқ еді сенің дым да өкпең.
Бала қиялдың түбіне кейде ой жексең,
Сан қилы арман тоғыса келіп санаңа,
Нанталап болып кетемін деуші ең бойжетсең,
Намәлім маған Наманган дейтін қалаға.
Наманган деген нән қаламенен ауырған
Намысым келіп сендегі балаң арманға,
Абайлап сосын сұраушы ем туған бауырдан
Сол қала жайлы оңаша кейде қалғанда.
Сұраймын тағы «қазақтар онда көп пе, аға?!»
Жоқ дейді бауыр, қазақтар онда неғылсын?!
Қазағы болмас ол қандай қала жоқ баға,
Көзіме сурет келеді сосын небір сұм.
Жыраққа сол бір жібергім келмей өзіңді,
Кеудеме қонған қызғаныш құсын сөйлеткем.
Байқамай жүріп мендегі адал сезімді,
Бойжетіп бір күн кеттің сен әтлес көйлекпен.
Ержеттім мен де, еркіндеу өстім ер мінез,
Еркелеу едім, кедей де болсам кердеңмін.
... Тағдырдың сыны тағы да саған келді кез,
Көршіңе сені ұзатып әкең берген күн.
Қаттылықтан сол қалаға кеткем қаңғырып,
Қауақ басыма Тағдырдың жазып жарлығын.
Өзіңді сосын ұмытпақ болдым мәңгілік,
Ұмытпақ болдым Көктемді, Гүлді, барлығын.
Ұмытқым келді сәттерді сонау тым шырын,
Өшіргім келді сезімнің отын сен жаққан.
... Мәжнүнталдар атқанда жаңа бүршігін,
Бір сұмдық хабар естілді бір күн ел жақтан.
Қырқада біздің құлпырғанда әсем қырмызы,
Қып қызыл қанға боялды мендік шер-дәптер.
Көктемнің көркем көк көйлек киген Гүл қызы
Мәжнүнталға асылып қапты деп жатты ел.
Жалғанда мынау жақындай бере жалтарған,
Көктемнің солай көгілдір Гүлі солды әсем.
Қарт көрші біздің хат тауып апты қалтаңнан,
«Наманган жаққа кеттім мен...» депсің онда сен.
Хатыңнан сол бір қатты боп біттім түбінде,
Түңіле қарап өткінші жалған бес күнге.
Көктемді көргім келмейді менің бүгінде,
Гүл атаулыны сыйлаған жоқпын ешкімге.
Кешіргей досым жасасам кейде асылық,
Көктемді де алғам өзіме қазір жау етіп.
Туған күн сайын тулаған жанын жасырып,
Тұрады жарым, тұрады бір гүл дәметіп.
Аңғал да адал арылып асыл әдеттен,
Қатыгез болып кетсе егер жайсаң кешегі ер –
Гүл мінез жарым гүлдесте-ғұмыр дәметкен,
Гүл менен Көктем, Гүлбахор ару...
Кеше гөр!
БЕЙТАНЫС ҚЫЗҒА ХАТ
«Ақын жайлы айтады қызықты аңыз,
Бірақ сен қызықпа қыз, қызықпа қыз...»
(Мұқағали)
Нақсүйер де емессің, көңілдес те,
Керуеніміз бір емес өмір-көште.
Сенің жаның тәп-тәтті таң шуағы,
Менің жаным ұқсайды қоңыр кешке.
Қоңыр кештей қоп-қою өлеңімді
Қол тигізбей, санайсың неге құнды?!
Сөзі өткеннен сұрайсың саулығымды,
Газеттерден іздейсің дерегімді.
Сонша неге қызықтың, қалқам маған?!
Қалқан болар мен емес тарпаң дараң.
Арғымақпын арына арқандаған,
Ақымақпын тағдырын талқандаған.
Аппақ жанын аяулы қорғаштаған,
Газеттегі мен емес...
Ол – басқа адам!
Оның қымбат мұңы бар шаң баспаған,
Оның жұмбақ сыры бар жанға ашпаған.
Газеттегі мен емес...
Ол – басқа адам!
Мына өлеңді жазған да мен емеспін,
Мендейлерді етпейді керек ешкім.
Құйттайымнан өзіммен ерегестім,
Титтейімнен өзімнен бөлек өстім.
Солай, қалқам!
Өзіңнің өреңдегі
Өзге жанның жөн шығар еленгені.
Сен бақытты болуға тиістісің!
Сәлемменен – Бақытжан (өлеңдегі)!!!
ТҮСІНІКСІЗ ТҮНГІ ӨЛЕҢ
Жүрген жерім күнде – айқай, күнде – шу...
Жалықтырды жалтақтаумен күн кешу.
Мөп-мөлдір қыз, Өмір жайлы Сізбенен
Мүмкін бе аздап тілдесу?!
Өліараның өлімсіреп жарығы,
Білінбейді солығы не шалығы.
Маған олай қарамаңыз...
Жер бетін
Қараңғы еткен мен емеспін...
Тәңірі...
Ескі нұсқа болмағанмен зат, үлгім,
Есенинге ет бауырмын, жақынмын.
Қорқып тұрған жоқсыз ба осы?!...
Мен бүгін –
Содыр, сотқар, сотты болған ақынмын...
А-а-а, кеше ме?!...
Кешегінің бәрі өткен...
Арылғанмын алшаң басар әдеттен...
Артым – бұлдыр...
Алдымда бар аз ғұмыр...
Дәметпен...
Алла ғана біз бейбақты алқайды,
Алатаудай айбынымнан әр тайды.
Кемерім де отыз аса ортайды,
Өлеңім де қырыққа жетпей қартайды...
Енді маған нағыл дейсіз?!...
Сыртымнан
Сөз айтады ел...
Неше түрлі сыр тұнған.
Тек жақсылық тілеп едім жұртыма,
Тек жақсылық күтіп едім жұртымнан...
Өне бойым өртенді...
Аздап ашып қойыңызшы көрпемді...
Кеше елімнің еркесі едім...
Қойыңыз...
Еркем, ешкім болжай алмас ертеңді...
Келтірмеңіз күлкімді...
Мен ешқашан даттамаймын жұртымды!
Ол тек жәлеп-жалған еді... Айтпақшы...
Сол Жалғанға ұқсайсыз Сіз біртүрлі...
Қара тастан аумай қалған күйіміз,
Қатыгез боп кеттік пе екен жиі біз?!
Аздап бері жатыңызшы...
Аулақтап
Кетер ме екен миды шаққан бүйі-күз?!
Құйыңыз...
СОТ ЗАЛЫНАН РЕПОРТАЖ
Менде де жау бар екенін кім білген?!...
Сот залында сотқар ұл боп тұрдым мен.
Өз шешімін оқып жатты Сот мырза,
Мантиясы күле қарап күлгін рең.
Әншейінде көлеңкемдей расында
Еріп жүрген...
Дос қалмады қасымда.
Айыптаушы жиырма үштегі жас бала,
Қарасынан ағы көптеу шашында.
Асау атқа тіршілікте тізгін қас,
Жем болам деп ойлап па едім құзғынға аш?!
Соғыстан да сау қалып ем, енді кеп...
Сотты болған біздің бас...
Күллі Қазақ қауымының күнәсін
Мен арқалап жүрген екем... Расым!
Ол аз десең жемқор екем, жөйт екем...
Сенбегендер Сот ағайдан сұрасын...
Менің өзім көп емеспін, аз-ақпын,
Шешімді де тез шығарды ғажап тым...
Сот ағатай дәл сол мезет мені емес,
Соттап тұрды Қара Өлеңін Қазақтың...
Күллі Қазақ сол шешімге күлді-ай бір,
Көрмеппіз деп көрсеткенін мұндай қыр...
Сот ағамыз сонша әурелеп біздерді,
Сондағысы жаман-жәутік мінді айғыр...
Біреу күлді, бәлкім біреу жылады...
Көкейінде қалды көптің сұрағы.
... Осы күні форма киген жан көрсем
Өзімнің де күлкім келіп тұрады...
Бастан солай біраз дәурен өтті ырза,
Одан бері жардан ұшты көп құлжа...
... Сіздерге де бір сот болар, сол кезде
Айыптаушы мен боламын, Сот мырза!!!
ҰЛЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНА
(медитация емес)
(Жарас Сәрсекке)
«Ұлы адам-ақ болар ем әншейін бір,
Обалына қалам ғой өзгелердің...»
(Есенғали Раушанов)
Түптің түбі осы мен,
Тіршіліктің қап қоям-ау көшінен...
Кім боламын деген оймен себебі,
Күні-түні бір нүктеге тесілем.
Адам да емес, аң да емеспін аяғы,
Бұл сұрақтың болар ма екен баяны?!
...Ағайындар тамызық қып құртады-ау,
Ағаш болсам саялы...
Кеуде төсеп көлеңке бір беткейге,
Кім болсам деп қиялдаймын көп кейде.
Құс болар ем... құс төресі... ең текті...
Е.Раушанов егеленіп кетпей ме?!
Егем сызып, тарылған соң өрісім,
Одан маған ешбір пайда жоғы шын.
...Баяғыда-ақ қатқан Әкім болар ем,
Өлеңді де қою керек ол үшін...
Мүсін құсап міз бақпастан күлгін көк,
Бұқарамды баға қарап қырғын көп,
Алтын тақта отырар ем «халқы-ы-ым» деп,
Хан Кенедей басымды іздеп жүргім жоқ...
Басты қойшы, Қазақ үшін садаға...
Сол Қазағым қалмау үшін далада,
Әкім аға, бірер күнге айтпақшы...
Орныңызды ала тұрсам бола ма?!
Біздер осы періште емес, періміз,
Онда неге жұрттан қалың теріміз?!
Тұңғыш қазақ ғарышкері болар ем,
Менің өзім Жерде емеспін, сеніңіз...
Кетсем бе екен әлде кәттә бастық боп?!
Бастық болсам жайылатын жастық көп.
Баяғыда-ақ маскүнем боп кетер ме ем,
Күнде онсыз да жүр емес пе мас қып көп?!
Бай да болып жарымай,
Бақсылық та дарымай...
Бақытжанға не істе дейсіз, Тәңір-ай?!
Әлде сұмдық жұлдыз болып, жарқырап,
Жан біткенді кетсем бе екен танымай?!
Жұлдыз болып жарқырасам бір ғажап,
Кімге рахат сыйлар едім, кімге азап?!
Молда болсам...
Айтқанымды емес-ау,
Істегенімді істейді ғой бұл Қазақ...
Ешбірімен сыйыспастан мұратым,
Басқа болып шықпайды екен тым атым.
...Е, мейлі онда... жай ғана,
Ақын бола салайықшы... Ұлы ақын!!!
Жарай ма, Жарас аға?!
Х Х Х
Біздің өмір асығулы сағаттай,
Кешіккенді жатпайтұғын кешіріп.
Сен жұмысқа аттанасың таң атпай,
Мен келемін үйге үнемі кешігіп.
Сен жүресің талша мойның қылша боп,
Мен жүремін сөз айтқансып келелі.
Сенде қонақ болатұғын мұрша жоқ,
Маған қонақ көп келеді себебі.
Желеулетіп болатынды, болмасты,
Достарыммен күнде жасап «шаңбасты»,
Түн жарымда келем үйге, себебі –
Мен өзіммін саған қонақ ең басты.
Әуейімін одан қалса әнқұмар,
Әуселем бар әлем жүзін қан қылар.
Айналшықтап шықпайды ылғи жиылып
Айналама дәруіш пен бәңгі бар.
Жар жағалап, жырым жаза құшқанда,
Жолай алмас жын мен таза мыстан да.
Біздің мінез жатыр жетіп-артылып,
Қазақ түгіл бүкіл Қазақстанға.
Жүрегімді теспелейді сан ине,
Мен сыймаймын бар үй түгіл фәниге.
Жұрттың бәрі менің туған бауырым,
Алла разы, дұшпан да бар әрине.
Жындысүрей, тентекшалыс, күй-жүрек,
Барым осы, осы күйі сүй жүдеп.
Сапарымнан оралғанда сандалып,
Заһарыңнан аздап қана құй, Жібек...
Сосын тағы шығанына шырқарда ұл,
Ащы заһар сапарымды қырқар бұл.
Сорымды да аңсап жүрер күні ертең,
Соңыма ерген қос Бөлтірік, бір тал Гүл.
Ал, әзірге көз шырымын ал, Еркем,
Оғланына таң қалсын бір тағы өлкем –
... Адам болып ұйықтап кетіп осы түн,
Ақын болып оянайын таңертең...
Х Х Х
Оңтүстікке қар жауды. Алғашқы қар...
Көз алдымда дүние алмасты бар.
Қара желге ұрынып мен секілді,
Қара жерде түбінде қалмас бұлар.
Оңтүстікке қар жауды. Жауса жаусын..
Жаусын десем, жақыным, жау санарсың.
Қара бояу қаптаған дүниенің
Аппақ түске бірер сәт аңсары аусын.
Оңтүстікке қар жауды. Қыламық қар...
Қыламық қар сөзімді сірә, құптар?!
Тереземнің түбінде жылауық тал
Жылап шықты. Себебін кім анықтар?!
Жылап шықты түнімен жылауық тал,
Талға таң қап қарады бір ауық қар.
Оған себеп– қайғырса қарамайтын
Қарағай деп аталған бір алып бар.
Қарамады қайғырса қарағайың,
Қабағынан қаймықты бала қайың.
Қалай ғана мен оны жұбатайын,
Қалай оған болайын ара ағайын?!
Қарамайды ол, оның да себебі бар,
Суық түсті сыйқырын себеді қар.
Бұл иілсе бар талды қар баспай ма,
Түсінбейді-ей қауіпті неге бұлар?!
Түтеп тұрған боранға жай теңселіп,
Тіктеп алды қарағай қайта еңсені.
Қара тастай көңіл-ай сені қайттім,
Қарағайдай басым-ай, қайтем сені?!
Кешір, жарым...
КӨШЕ ЖАЙЛЫ БІР ӨЛЕҢ
«Өлгеннен соң беретін
Нағыламын көшеңді?!..»
(Қаныбек Сарыбаев)
Тірісінде елейді ақынды кім?!
Түн ішінде мені ойға батырды мұң...
... Кеше жеріп жүргендер Қаныбектен,
Көше беріп жарылқап жатыр бүгін.
Сенделсе де көміліп шерге шемен,
«Емделсе» де жазумен өлмес өлең,
Талай-тағдыр талқысын арқалап ап,
Талай жүрді ол теңселіп сол көшемен.
Талай жүрді теңселіп, түсінбеді ел,
Төбесіне қойды ақыр мүсін-бедер.
... Айналаға сыймаған ақын ойы
Айналып кеп түбінде ішінде өлер.
Керегі жоқ енді оған көшенің де,
Керегі жоқ енді оған өсегің де.
Алшаң басып Бақидың даңғылымен
Жүрген шығар Ұлылар есебінде.
Даңғыл анау – Абайдың атындағы,
Жамбыл анау – Абайға жақындады.
Көшесінде солардың жалғыз қалдым,
Мен де кетем, кететін қақым-дағы...
Мен де кетем, кетуім керек түбі,
Керексініп қай аға, елепті іні?!
... Қараң екен ақынның алғырлығы,
Жаман екен ақынның зеректігі.
Мен өлгесін бермеңдер көше маған,
Көшелерде сенделді неше балаң.
Өтсем болды қылтиып қылкөпірден,
Жетсем болды «ар жаққа» есен-аман.
Бітті онсыз да малынып тәнім уға,
Жұрттың бәрі көше іздеп жанығуда.
Маған көше не керек?!
Ай, дегенмен...
... Үй қасынан жаңа жол салынуда...
Х Х Х
Өптіріп Өліараға жырдың гүлін,
Өтірік өмір сүріп жүрмін, Күнім.
Кешегі қайғы-мұңым, әйгілі үнім,
Айналып келген жері құрдым бүгін.
Өтірік өмір сүрем, амал қанша?!
Өзіммен ғана доспын одан қалса.
Күн кешіп кетсем бе әлде жамандарша,
Өлеңге өмір бойы қамалғанша?!
Не таптым осы өлеңнен, Бақ па, Сор ма?!
Құлады Пегасымның пәк басы орға.
Таңдайым қан татиды сүт аралас,
Маңдайым – талай-тағдыр тақтасы ол да.
Өтірік өмір сүрген неткен рахат?!
Алдымда бір биік бар. Жеткенге – апат.
Түн ауа көзім жұмсам – қарсы алдымда
Тұрады тұп-тұңғиық, кеп-кең лақат.
Лақатқа түскен күні Сор арылар,
Базбіреу жырымды оқып тоба қылар.
Қойнымда түнейді ылғи Әжинелер,
Мойнымда өндір қыздың обалы бар.
Басынан өмірімді бастар едім,
Айналып баратқандай тасқа іреңім.
Жүгендеп жібермейді-ау жүректегі
Басқа мұң, басқа қайғы,басқа әлемім.
Бақ та кеп қонып көрген басқа мынау,
Басты ғой оның орнын қасқа қырау.
Аңсаған қашан жетем арманыма,
Мен саған қашан кетем, Аспаным-ау?!
Өлеңге Күнге тартар кіре теңдеп,
Күрсінген ойларымды түлетем кеп.
... Еріккен тағдырым-ай, ертегі айтшы,
Елітіп қалайын мен шын екен деп..