Кірмеші жиі түсіме…(новелла)
Көк жүзін қарасұр бұлт торлаған мұңлы күз. Терезе сыртында денеңді тоңазытқан қара жаңбыр себелеп тұр.
Осындайда тозығы жеткен төрт бөлменің ішін кезіп кетемін. Құлазыған көңілім еш байыз таппай, сыбызғыдай сыңсиды. Бір өкініш, бір үміт аласұра алмасады. Жаныңды жүдеткен жалғыздықтан, сарғайған сағыныштан, сары сағымдай мың құбылған мұнар-мұнар мұңдардан айығатындай сәт туар ма екен, шіркін? Жүрегіме шаншу инедей қадалып, қыса бастаса, дәрі-дәрмегімді ішіп, көне де көнбіс қоңыр төсек тақтаға сұлай кетемін. Сұлық сұлап жатып, сәлден соң есімді жиямын. Көз алдыңда көгілдір реңге боянған өткен шақ елес болып қалқиды, түс-елес болып шалқиды. Ішкен дәрінің уыты ішіңді оттай күйдірсе де жаңағы ғайыптан кезіккен елес-түске ілесіп, алысқа, т-у-у сонау жырақта қалған жасын жылдардың отына оранып, маужырап қалғып кеткің келеді-ақ…
Қалғып кеткің емес, шынымен көзің ілініп кетеді. Түс көріппін. Түсіме Нұраш кіріпті. Денесі шып-шымыр, шағын бойлы, қараторы, дөңгелек жүзді, ашық нұрлы жанарлы. Бір тал міні жоқ әсем мүсініне қона қалған шолақ қызыл күрең күртесі, ұзынша қара көк юбкасы, басындағы қара береті қандай жарасымды?! Таңертең дәрігерлерге қаралуға кеткен. Қолында бір жапырақ қағаз. Көзі күлім-күлім қағады.
- Мені дәрігерлер қалаға, «Онкологияға» жіберіп жатыр, — дейді үні дірілдеп.
Даусым құмыға шықты:
— Не айтып тұрсың, жарқыным?
Жүрегім бір сұрапыл сұмдықты сезгендей аунап түсті. Нұраш сырт киімдерін шешіп келді. Сүйріктей саусақтарын алақаныма салды. Мұздап қалыпты.
- Нұраш-ау, тоңазып қалыпсың ғой?
- Әз Наурыздың соңғы салқыны ғой, — дейді алабұртқан бетін кеудеме жасырып. Бүкіл денесі үзік-үзік дірілдейді. Жылытып, құшағыма қысып, үнсіз ұзақ отырдық. Шашынан сипап, жұбатамын.
- Нұр-аш, ә, Нұраш…?
- Айта бер…
- Әлі-ақ жазылып кетесің.
- Аузыңа май. Сен ауруханаға келіп тұрасың ба?
- Оған сөз жоқ қой.
Нұраш орнынан көтерілді:
— Мен кетейін.
- Жоқ, кетпеші, күнім.
Мен оны тастай қылып, қапсыра құшақтай алдым. Ол таңырқай, бетіме қарайды.
- Қазанға ас салайын, шайнекті газге қояйын да.
- Ә, ә солай ма?
Кенет тележәшіктен әнші Айгүл, актриса Айгүл мұң-көйлекке оранып тұрып, өзегімді өртеп, мұңды әнге кезек берді. «Таңғы елес, таңғы елес...»
Нұраш Атыраудағы «Онкология» ауруханасына түсті. Ізінше іздеп бардым. Қатты қуанды. Бірақ шоқтай жайнап тұратын жанары солғындау.
- Жақсы келдің, жақын маңда базар бар. Керек-жарағымды алайын, — деді.
Наурыздың аяғы. Күн нұрын аямай төгіп тұр. Оның үстінде аурухана халаты. Мені қолтықтап алған. Базарды аралап жүрміз. Кетерімде емдеуші дәрігермен тілдестім.
– Ауруын асқындырып алыпты. Қиналатын кезің алда. Азаматсың ғой, шыда, өзіне сездірме, — деді дәрігер. Дәлізге шықсам, Нұраш мені тосып тұр екен. Өңінде біртүрлі абыржу бар. Мен өңімді бұзбастан өтірік күлімсіредім.
- Нұраш, бәрі жақсы, жазыласың.
Оның жаны жадырап сала берді. Шығарып салып тұрып, қолыма шағын пакетті ұстатты.
- Бұл тағы немене?
- Алма,алмұрттар ғой, қызыма алып баршы.
- Нұраш-ау, өзің, өзіңе…?
- Бізде баршылық, ештеңе ойлама. Қызым үйде екі көзі төрт болып, сені тосып отыр. Жолың болсын, тезірек жет.
- Ал, хош, хош…
Аурухананың ауласынан шықпай жатып көз жасыма ерік бердім. Үнім шықпайды. Өзімнен-өзім қыстығам. Сорғалаған жас жүзімді жуа береді. Қайран, қағілез, елгезек Нұрашым-ай! Мен сені тақап қалған ажалға қалай қиярмын?
Дәрігердің шығарған қатал үкімі ауылға жеткенше құлағымнан кетпей қойды. Үйге іліккенше, көлік ішінде өзгелерге сездірмей, егіліп, езіліп отырдым. Кері айналған кер заман-ай! Неткен сормаңдай едім. «Қартайғанда қатының өлмесін, орта жолда атың өлмесін» деген қағынғыр мақал миымды қажап, жеп жатты.
Дәрінің дәрмені дертімді жеңілдеткенде көзімді аштым. Әлгі түс-елес менен тым алыстап кетіпті. Қапсыра құшақтағаным ауырған жүрегіме басқан жастық екен. Сағатқа көз тіктім. Түскі ауқаттың тұсы. Бір күрсініп, ас үйге беттедім. Менікі жай ауқаттану ырымы, жалғызға ас жүре ме? Бір кесе ыстық шайдың өзін зорлана, әзер іштім. Күн қауысқан. Сырттағы шатырға сатырлай қонған қоңыр күздің қара жаңбыры қараңғылық қоюлана түссе де бәсеңсір емес. Жастыққа басым тисе де көзім ілінбеді. «Бұл Нұрашжан көре алмай кеткен оныншы қараша айы ғой» деймін іштей дегбірсізденіп. Осы минутта дәлізде жанып тұрған жарықты көлегейлеп, қоңыр тақтада қисайып жатқан маған қарай бір сұлба аяқ басқандай көрінді. Жым-жырт тыныштықты бұзып:
- Сескенбе, Еркеш, бұл мен ғой, — деді. Нұраш үнінде керемет кербез еркелік бар. Жұмыла бастаған кірпігімді әзер аштым.
- Түсімнен шықпаушы едің, енді елес болып келгенің не?
- Иә, Еркеш. Өзің ойлашы, енді қалай болып келмекпін?
Сұп-суық алақаны маңдайыма тигендей болды.
- Жылап жатырсың ба?
- Жоқ, Нұрашым. Сенімен қоштасқан жыл өте ауыр тиді. Уақыт деген — емші. Оның үстіне жалғыз қызың жас қалды. Соны жеткізу керек болды. Маңдайыма жазған тағдыр мені өзгертті. Қара тастай қаттымын.
- Білемін, Еркеш. Себебі, бізге — өлілерге жалған дүниенің есігі әрқашан ашық. Өйткені, мүрдемізден бөлінген жанымыз, рухымыз, сонау зеңгір көкте ұшып, самғап жүреді. Сондықтан біз жұмыр жердегінің баршасын көріп, сезіп отырамыз, Еркешім-ау! Жалғызымды жеткізгеніңнен де, қызымыз теңін тауып, өрісіміз ұзарғанда, «досқа күлкі, дұшпанға таба болмай», ең соңғы тиыныңды жұмсап, дүбірлетіп тойын өткізгеніңнен де хабарлымыз… Еркеш, қазір сен жалғызсың. «Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан», неге біреумен бас қоспадың?
- Сені жүрегімнен сызып тастай алмадым, Нұрашым. Сол баяғы өзің жүрген там, сол баяғы өзің жиған дүния бәз қалпында тұр. Құтыға өзің отырғызған райхан гүлдерің күні бүгін де жайқала өсіп, ай сайын бүршік атып, гүл жарады. Олар да сені ұмытқан жоқ.
- Еркеш-ау, жүрегің ауыратын болыпты, әрі жасың қарттыққа жетіп қалыпты. Осының бәрі саған салмақ қой. Құдай қосса, қосақ іздесеңші. Мен саған екі дүниеде де ризамын.
Елес-сәуленің маңдайыма қойған алақаны жылынып, көңілім шуақты тылсымға бөленеді.
- Нұраш-ау, — дедім, - дертім тереңдеп барады, жалғыздық та көкіректі аяздай қариды. Бірге алып кетші мені!
Сәуле-елес маңдайымнан өпкендей әсер берді. Орнынан жылжыды.
- Нұраш, Нұрашжан, сәл аялдашы, кетпеші, жаным?
Мен дереу оның қолына жармастым. Қолым ауа қармап қалды. Сәуле-елес әп-сәтте ғайып болды. Бірақ, соңғы сөздері ап-анық құлағымда қалып қойыпты.
- Еркеш, сен ол жаққа асықпа, немере, жиендеріңнің қызығын көруді маңдайыңа жазсын…
Мен үйдің ішін басыма көтере айқай салдым:
- Нұр-аш, Нұрашым, артыңа тастамашы, бірге ала кетші, күн-ім..!
Сұрапыл түс-елестен шошып оянғандаймын. Өзіме-өзім келе алмай, талықсимын. Түн шымылдығы әлі түрілмеген. Екі шекем солқылдап алып барады. Талай жыл жалғыздыққа бауыр басқан жүрегім бір қимастық сезіммен сыздап, езіледі.
- Нұраш-ау! Түсіме елес-сәуле болып тағы да келдің бе? — деп іштей күбірледім. Кірмеші жиі түсіме! Қинамашы мені, көкем!..
Сыртта қарашаның қара жаңбыры құйып тұр...
Еркін САРЫ
Атырау