Мұз сарайы мемлекет меншігіне қалай қайтарылды?
Шымкенттегі Мұз сарайына қатысты сот шешімі заңды күшін енді. Осыдан біраз жыл бұрын жекеменшік қолға өтіп кеткен нысанды мемлекетке қайтару жөніндегі сот актісі енді орындауға жіберіледі.
Шымкенттің әкімі Ғабит Сыздықбек осы жөнінде әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.
-- Қала жанашырлары “Мұз сарайының” тағдырына алаңдаулы. Бұл мегаполисте қысқы спорт түрімен шұғылданатын жалғыз орын.
Қазіргі таңда қала әкімдігі бірқатар нысанды мемлекет меншігіне қайтару бойынша тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың қатарында “Мұз сарайының” ғимараты да бар. Ғимарат осыдан жеті жыл бұрын «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС-не 128 миллион теңгеге сатылған. Жалпы сол кездегі нысанды бағалау құны 996 миллион теңге болған. Жеңімпазбен шарт жасалған, алайда келісімде нысанның бейінін сақтау көрсетілмеген. Қала прокуратурасы тексеру жүргізіп, мемлекеттік мүддеге қайшы ұйымдастырылған аукцион барысында бірқатар заң бұзушылық анықтады. Қадағалау органы Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына мемлекеттің үлесін сатып алу келісім-шартын жарамсыз деп тану туралы талап-арыз жолдады. Сот шешімімен қалалық прокуратураның арызы қанағаттандырылды. Осылайша, «Мұз сарайы» мемлекет меншігіне қайтарылды,-деп жазған мегаполис басшысы.
Жалпы Шымкенттегі Мұз сарайының заңсыз жекешеленіп кеткенін былтыр жыл соңында «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов жария еткен болатын. Шамасы аталған нысанға қатысты тексеру амалдары осы кездері басталғанға ұқсайды.
--Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметіне сүйенсек, 2016-2023 жыл аралығында осы өзіміз сатып жіберген Мұз сарайын №8 қысқы ойындар бойынша олимпиадалық резервті дайындайтын жасөспірімдер мектебінің балалары жаттығу үшін жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық ақшаға жалға алып отырған. Нысанды жекеге 128 миллион теңгеге сатып жіберіп, жыл сайын 100 миллиондаған ақшаға жалға алу қаншалықты тиімді?-- деген еді Смағұлов.
Енді міне, жуырда біраз уақытқа созылған сот процесінен кейін Мұз сарайының мемлекеттің бақылауына қайтарылғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті хабарлады.
--Департамент қала прокуратурасымен бірлесіп «Мұз сарайын» мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылдады.
Ағымдағы жылдың 27 мамырында бірінші сатыдағы сот «Спорт сарайы» ЖШС үлесін (67%) жеке меншікке 128 млн теңгеге сатып алу-сату шартының күшін жойды,-делінген жазбада.
Сот шешіміне тоқталмас бұрын біз алдымен Мұз сарайының өткен-кеткен тарихынан қысқаша сыр шертіп көрейік. Аталған нысанның құрылысы Спорт сарайы ретінде екі мыңыншы жылардың басында сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұсында басталған болатын. 2003 жылдың күзінде Спорт сарайын сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп ашқан. Бірақ тәп-тәуір нысан 2006 жылы облысқа Өмірзақ Шөкеев келген соң ту талақайға ұшырады. Жаңылыспасақ, ғимараттың жарғылық үлесінің бір бөлігі, құрылыс жұмыстарын жартылай қаржыландырған жергілікті бизнесмен Серікжан Сейітжанов қожайындық ететін «СаутсОйл» компаниясына осы кезде өтті. Дегенмен Спорт сарайын Мұз сарайына айналдыру жұмыстарына кеткен шығынның негізгі бөлігі бюджеттен бөлінген.
Сот шешіміне қарағанда, Мұз сарайының меншік иесі саналатын «Шымкент қаласының спорт сарайы» ЖШС заңды тұлға ретінде 2017 жылы тіркелген. Оның құрылтайшысы Шымкент қалалық әкімдігі болған. Дәлірегі әкімдік 1 миллиард 237 миллион теңгеге бағаланған нысанның жарғылық капиталының 67,09 пайызына иелік еткен. Қалған 32,9 пайызын жоғарыда аталған «СаутОйл» компаниясының үлесінде болған.
2017 жылдың сәуірінде әкімдік Үкметтің күні бұрын бекітіп берген кестесіне сәйкес Мұз сарайындағы 67,09 пайыз үлесті бәсекелес ортаға беру үшін сатуға кіріседі. Үлесті жекешелендіру әкімдіктің экономиа және қаржы бөліміне жүктелген. Сол жылдың маусымында әкімдіктің нысандағы 67,09 пайыз үлесінің бастапқы бағасы 996 миллион 944 мың теңгеге бағаланған.
2017 жылың 30 маусымында бөлім бағаны жоғарылату тәсілімен алғашқы электронды аукцион өткізген. Алайда сауда саттық өтпеді деп танылады. Себебі оған қатысуға ешқандай кәсіпкер шықпаған. 1 тамызда бөлім бағаны төмендету тәсілімен екінші аукционды өткізеді. Алайда оған да қатысушы табылмаған. 31 тамызда үшінші мәрте өткен аукционда Сейітжановқа тиесілі «МұнайҚұрылысСервис» серіктестігі Мұз сарайын сатып алған. Бар-жоғы 128 миллион 119 мың теңгеге. Аукционның хаттамасы негізінде 8 қыркүйекте қаржы бөлімі мен серіктестік арасында келісім шарт жасалады. Осы келісім бойынша әкімдіктің нысандағы 67,09 пайыз үлесі Сейітжановтың қарамағына өткен. Мұз сарайының қалған 32 пайызына онсыз да Сейітжановқа тиесілі «СаутсОйл» компаниясының иелік ететінін жоғарыда айттық. Миллиардқа жуық теңгеге бағаланған нысанды «алымсақ жоқ» деген сылтаумен бірнеше есе төмен бағамен сату, сол арқылы Мұз сарайын Сейітжановтың қанжығасына толықтай өңгеріп беру алдын ала ойластырылған сценарий ме? Мұны енді кесіп айту қиын. Бірақ мұның арғы жағында біраз күдіктің құлағы қылтияды. Мәселен сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, аукцион өткізу туралы хабарландыру «Аймақтар ақпараты» деп аталатын газетте жарияланған көрінеді. Мұндай басылымның барын кім біледі?
Енді міне, арада жеті жыл өткенде прокурорлар сотқа талап арыз береді. Осы уақытқа дейін Мұз сарайыныңа қатысты келісімдерге көз жұмып келген прокурорлар сауда-сатықтың, нысанды жекешелендірудің өрескел заңбұзушылықтармен өткенін мәлімдейді. Мұндай жекешелендіру «Мемлекеттік мүлік туралы», «Дене шынықтыру және спорт туралы», қала берді «Қазақстан Республикасының Ұлтық қаупсіздігі туралы» заңдарға қайшы келеді екен. Мәссаған! «МұнайҚұрылысСервис» серіктестігі Мұз сарайын сатып алғаны былай тұрсын, аукционға қатысуға жіберілмеуі тиіс болыпты. Өйткені бұл компания құрылыспен айналысады, спорт саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Мұз сарайы заң бойынша аукцион емес, тендер арқылы және осы салаға маманданған ұйымға ғана берілуі тиіс болған. Себебі Мұз сарайы Оңтүстік өң іріндегі бірнеше облыста қысқы спорт түрлерімен айналысуға арналған, жасанды мұз айдыны бар, баламасы жоқ, бірден-бір нысан саналған.
Сотта «МұнайҚұрылысСервис» және оның құрылтайшысы есептелетін «Оңтүстік» корпорациясының өкілдері прокуратураны бұл талабымен келіспеген. Сот прокуратураның талап арызын қанағаттандырып, 2017 жылы Шымкент қалалық қаржы бөлімі мен «МұнайҚұрылысСервис» компаниясы арасындағы келісім-шарттың күшін жойды.
Сотта анықталғандай, 2018-2022 жылдар аралығында Мұз сарайын жалға алғаны үшін Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы 778 миллион 855 мың теңге төлеген екен. Яғни, Сейітжановтың иелігіндегі «МұнайҚұрылыСервис»компаниясы 128 миллион теңге сатып алған нысан үшін бес жылда 778 миллион теңге ақы алған.
Б.ЕРНАЗАР,
Шымкент қаласы.