Шәкәрім - лирик ақын

Oinet.kz 03-03-2021 2404

Шәкәрім - өршіл лириканың көрнекті өкілі. Ол- айналасында болып жатқан өмір құбылыстарын, заман өзгерістерін көңіл сүзгісінен өткізіп, өз түйгендерін қашанда көркем өлең жолдарымен кестелеп берген суреткер. Ақынның лирикалық туындыларында өз заманының сыр-сипаты, қоғамның өткені мен бүгіні туған халқының арман-мұраты, ішкі жан дүниесі, ойы мен мұңы зерделенген. 

Шәкәрім.jpg

Заман тақырыбын тебірене тұрып толғайтын рухани күш-қуат, ширақ сезім, қуаныш пен мұң, күлкі мен күрсініс, балдай тәтті жан ләззаты мен ырқына көндірмей қоймас көңіл серпілісі даңғы шықтай, тау бұлағының суындай мөлдір сезім мен сергек те сезгіш жүрек, өз заманының кеселдері мен барша адамзат баласының басындағы проблемаларға деген күйзеліс, сәбиге тән пәк көңіл мен көпті көрген қарияға лайық ақыл толқындары - бәрі-бәрі сол кездегі Шәкәрімнің лирикасының бойынан табылатын тамаша қасиеттер. Түйіп айтқанда, Шәкәрімнің лирикасы сол заманның айнасы болды.

Шәкәрімнің лирикалық өлеңдерінің табиғатына тән бұл қасиеттер Абай бастаған сыншыл реализм әдісімен, осынау тарихи кезеңдегі өміршең де өнегелі әдеби дәстүрмен сабақтасып жатыр. Шәкәрімнің ақындық қуаты туралы айтқанда әрдайым Абайдың шығармашылық қолтаңбасына, көркемдік өрнегі мен машығына қайырылып отыруымыз да сондықтан. Жалғыз Шәкәрімге ғана емес, Абай дәстүрі тұтастай одан кейінгі қазақ әдебиетінің өркендеуіне ықпал етті, оның күн сайын тарихи сахнаға шығып жатқан өмір шындығын тез арада игеріп кетуіне көмектесті. Іргетасын Абай қалаған жаңа үрдістегі қазақ поэзиясы өз дәуірінің өзекті мәселелеріне тереңдеп ой жіберуімен, шынайы көркем шындыққа құрылуымен, өзі өмір сүрген тарихи кезеңнің әлеуметтік-саяси, тарихи және психологиялық сипаттарын айна-қатесіз әрі нанымды етіп бейнелеуге ұмтылуымен көзге түсті, өзінен кейінгі ақындар шығармашылығында өміршең үлгілердің тууына жол ашты. Осыдан келіп «Шын мәнісіндегі халықтық бағыттағы, таланты сау, ниеті таза, мақсаты айқын қаламгерлердің қай-қайсысы да дәуір талабын батыл сезіну мен сол жайында терең толғануды, алға және алысқа көз тігуді тарих дамуының жанды тынысын суреткерлік және азаматтық жүрекпен ұғынуды Абайдан үйренеді. Сөйтіп олар Абай дәстүрін дамыта отырып, оның поэзиясының халықтығын, өзекті принциптерін дәуір талабына сай өрбіте, тереңдете түсті.

Шәкәрім өлеңдерінің тақырыптық аясы аса ауқымды. Ақынның лирикалық шығармаларының қатарынан өзі өмір сүрген заманының ой- әрекеттерін бейнелеген азаматтық мұратқа толы әлеуметтік, саяси лириканы да, адамның асқақ сезімін, жастық шақтың шырынды шақтарын сәттерін, ғашықтық сырларын таңғы шықтай мөлдірете мүсіндеген махаббат, көңіл күйі лирикасын да, қазақтың сары дала, сайран өлкесін суреттеген, жаратылыс құбылыстарын тамаша өрнектеген табиғат лирикасын да, өмірдегі шындық, ақиқат мұраттарын толғаған, тіршілік негіздерінің түйіндерін шешуге ұмтылған терең ойлы философиялық лириканы да молынан ұшыратамыз. Бұл заңды да. Себебі қандай ақын болсын, ол-өз заманының перзенті, өз дәуірінің жыршысы. Ақын поэзиясында өзі ғұмыр кешкен тарихи кезеңнің ақыл-ойы мен бітім-болмысы көрініс табуы тиіс. Қоғам проблемаларынан тыс тұрған, оларға ат басын бұрмайтын, үн қоспайтын ақын болмақ емес.

Абайдан кейінгі қазақ лирикасының көрнекті өкілі Шәкәрімнің шығармашылығының негізгі тақырыптық және идеялық бағыт-бағдары осы дәстүрдегі азаматтық әуенге құрылды. Ақын өлеңдерінің түп негізінде азаматтық пафос, поэтикалық қуатты үн жатты. Өз дәуірінің көкірегі ояу, көзі ашық азаматы ретінде Шәкәрім туған халқының, тұтас қазақ қоғамының басындағы нақты әлеуметтік жағдайды көре білді. Ол жағдайлардың әрқайсысы ақын жырларына тақырып болды, өлеңдерінің идеялық өзегіне айналды. Ақын айналасындағы жақсылық жетістіктермен қатар кемшілік- кеселдерді де айқын аңғарды. Жай ғана бақылаушы болған жоқ, оларды жоюдың жолдарын іздеді. Осы бағыттағы бүкіл ой-пайымдарын өз лирикасына нәр қылып құйды.

Аружан Абдуллақызы

Ағылшын тіліндегі ең әдемі 100 сөздер
Қазақстанның жаңа бренді – Абай!
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу