Баяндама. Ұлы отан соғысы кезіндегі Ленинград қорғанысы
Гитлершілдер өздерінің жоспарларын тіпті өз халқынан да мұқият жасырып бақты, олардың басқыншылығы мен адам баласын жек көрушілігі айқын көрінді. Елімізге төнген қауіптің нақтылығы мен көлемдерінің көпе-көрінеу болғаны соншалық, қоғамның барлық жіктерінің, үлкен және кіші халықтардың Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігін, әлеуметтік прогресс пен өмір сүру құқығын, өз тарихы мен болашағын қорғауға соншама ынтымақпен бірігуіне басты себеп болды.
Қазақ КСР-і КСРО Қорғаныс Халық Комиссариатының нарядтары бойынша және еріктілердің қатарынан майданға 1 196 164 адам, сондай-ақ еңбек армиясының құрылыс батальондары мен жұмысшы саптарына тағы да 700 мыңға жуық адам аттандырды. Бұлардан бөлек, 178 мыңға жуық адам соғыс басталар алдында Кеңес Қарулы Күштерінің қатарында қызмет етті. Сонымен, барлығы 1374 мың қазақстандықтар қолына қару алып сапқа тұрды.
Әскерге алудың жетістігін көптеген факторлар қамтамасыз етті, олар ең алдымен жалпыға міндетті әскери оқу бөлімшелерінің кеңінен дамыған желілер, осы істе Осоавиахимға, ерікті спорт қоғамдарына, Қызыл крест қоғамына, комсомол және кәсіподақ ұйымдарына белсенді қатысу республикада оқудың барлық түрлерімен 2 млн-ға жуық адам қамтылды. Мұндай жетістікке жетуге, сондай-ақ ауыл тұрғындарының әскерге көптеп алынуы жәрдемдесті. Сондай-ақ қоғамның барлық қоғамның жіктерінің өсе түскен сауаттылығы, халықтар достығының еркіндік сүйгіш дәстүрлері мен дәнекерлері, олардың социализмнің мұраттарына сенімдері мен фашизмге өшпенділігі де оң әсерін тигізді. Осылардың барлығы сталинизмнің ықпалын, өздері немесе туған-туыстары зәбір көрген Кеңес өкіметіне деген реніш сезімдерін жеңуге мүмкіндік туғызды. Коммунистердің ұйымдастырушылық қызметі және насихатымен, олардың жеке үлгісімен күшейтілген бұқара халықтың патриотизмі майдандағы және тылдағы істердің көпшілігінен көрінді.
Жаумен ұрысқа шекарашылар, сондай-ақ Кеңес Армиясының батыс шекаралары маңындағы құрамының офицерлері мен солдаттары бірінші болып кірісті. Солардың қатарында мыңдаған қазақстандықтар болды.
Брест маңында шекарашылар Г. Абдрахманов пен В. Лобанов, атқыштар В. Горянов пен К. Иманқұлов, артиллерияшы Г. Жұматов, минометші В. Фурсов жаумен белдесті. Владимир-Волынский түбінде Кеңес Одағының Батыры С. Гуденко өзінің соңғы ерлігін жасады, ол ақтық демі таусылғанша қоршауда қалған дот гарнизонын басқарды. Мурманск іргесіндегі алыс шептерде пулеметшілер Қ. Қайдаров, Г. Оқасов және К. Теміржанов дұшпанды ішке жібермей, өздері көз жұмғанша айқасты. Киев бағытында 19-танк дивизиясының полктары жанкешті шайқас жүргізді, сол үшін олардың командирі, Павлодар облысындағы украин шаруасының ұлы К.А. Семеченкоға біздің жерлестеріміздің ішінде ең бірінші Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
24 маусымда герман басқыншылырымен 11-атқыштар дивизиясының майор И.И. Дементьев басқаратын 219-атқыштар полкі қару түйістірді, полк Литваның Шяуляй қаласының оңтүстік тұсында фашистердің шабуылын үш күн тойтарды. Кейінірек Нарва мен Петергофқа шегінген полк, Ленинград блокадасын бұзып өтіп, соғыстың бас кезінде жауға қалдырып кеткен жерлерді азат етті. Молдованың Бельцы қаласы төңіріндегі Пырлице-де-Сус және Морадень селосының тұсында 74-атқыштар дивизиясының майор Ф.М. Титов басқаратын 78-атқыштар полкі ұрысқа кірісіп, екі күн румын дивизиясын тежеді, содан кейін қоршауды бұзып шығып, табан тіріскен ұрыс аша отырып, Уманға, Николаевқа, Днепрге және Кавказға қарай шегінді. Осы қос полк та Азамат соғысы кезінде-ақ Қазақстанда жасақталған еді, бірақ Отан соғысы басталған кезде де солардың қатарында біздің көптеген жерлестеріміз қызмет етті.
1941 жылы 26 маусымда Н.Ф. Гастелло мен А.Масловтың екі экипажы Минск облысының Радошкивичи кентінің маңында дұшпанға бомба тастау арқылы соққы жасады және зақымдалған ұшақтарын неміс танкілері шоғырланған сапқа құлатты. Өз өмірлерін қию арқылы ұшақ экипаждары дұшпанға едәуір шығын келтірді. Н.Ф.Гастеллоға қаза тапқанннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1951 жылы басқа экипаждың сүйектері табылды. Тек 1990 жылдардың соңында ғана тарихи шындық қалпына келтірілді. Б. Бейсекбаевқа Ресейдің Батыры және Қазақстанның Халық Қаһманы атағы берілді.
Қара теңізден Баренцев теңізіне дейінгі орасан улкен майданда қиянкескі ұрыстар журіп жатты. Ауыр жеңілістерге ұшыраған Кеңес әскерлері шығысқа қарай шегінді.
Кеңес Армиясының соғыстың бас кезіндегі жеңілістері мен сәтсіздіктерінің себептері бертін келе жақсы белгілі болды. Солардың ішіндегі ең маңыздылары, біріншіден, дұшпанның басымдықтары еді. Фашистік Германия КСРО-ға шабуыл жасаудың алдында Еуропаның 11 елін бағындырып, Берлин пактіне 13 мемлекетті, соның ішінде 9 еуропалық мемлекетті тартты. Бұл оған адамдардың екі есе, көмір, болат, станоктар өндірісінде, қару-жарақ пен соғыс техникасының кейбір түрлерінің саны мен сапасы бойынша екі-үш есе артықшылықтағы басымдығын берді.
Германия армиясы толықтай қаруландырылып, Кеңес шекараларын бойлай орналасқан қуатты құрамаларға біріктірілген сақадай сай әскер болды, әсіресе жаңаша операциялар жүргізу тәжірибесінде қаныққан, жоғары рухын, жеңіске жету дәмін татқан еді. Екіншіден, Сталиннің және оның айналасындағылардың жіберген жаңсақтары өз әсерін тигізді. Олар Англияны тас-талқан еткенше Шығыс Еуропаның жолсыз жерлері мен қатал қысына дайындықты аяқтағанша Гитлер соғыс ашпайды деп сендірді. Олар сондай-ақ дұшпан армиясының ықтимал күшін, оның әскери іс-қимылдарды жүргізу тәсілдерін жете бағаламады. Сонымен қатар Сталин және оның сеніміне кіргендер өз елінің Қарулы Күштерін асыра бағалап, фашистер шабуыл жасаған жағдайда мемлекеттік шекаралардың қорғанысына қатысты, атап айтқанда, әскердің жер-жерге орналасуы, жабдықтау және қойма базалары секілді қисынсыз жоспарлар жасады. Әскери қызметшілерге, әсіресе офицерлер құрамы мен генералитетке қатысты жасалған негіссіз қуғын-сүргіннің нәтижесінде әскер мындаған қабілетті командирлері мен әскери қолбасшыларынан айырылып, әскерде тәртіп нашарлады, ал ойлы ізденістерді, батыл шешімдер қабылдау мен бастама көтеруді жоғарыдан келген бұйрықтарға қалтқысыз жүгіну алмастырды. Осындай ахуалдың ірі сәтсіздіктер мен жеңілістерге ұшыратқаны заңды да еді.
Алайда еліміздің соғысты болжап, істеген істерінің көлемдері, оның кең-байтақ жазиралары мен орасан үлкен мүмкіндіктері, сондай-ақ барлық республикалар халықтарының Отанды қорғауға жаппай көтерілуі, солдаттар мен офицерлердің өз Отанына берілгендігі жаудың жоспарын бұзды.
Бұрын айтылғандай, Қазақстанда әскерге алу науқаны ойдағыдай өтті. Республикада барлығы 12-атқыштар дивизиясы, 7-атқыштар бригадасы, 4 атты әскер дивизиясы және Қарулы Күштер мен әскер түрлерінің әр саладағы жеке полктері мен батальондары жасақталды.
II. Ленингарад қорғанысы. Палковник А.Н. Замировскийдің ақмолалық 310-атқыштар дивизиясы, А.Ф. Наумовтың Ақтөбелік 312-дивизиясы, генерал-майор А.Д. Шеменковтың петропавлдық 314-дивизиясы және генерал-майор И.В. Панфиловтың 316-дивизиясы 1941 жылы тамызда майданға бірінші болып аттанды. 52-жеке армияның құрамына кірген олар Солтүстік-Батыс майданының тылдарында Волхов өзенінің шығыс жағында қорғаныс шептерін салуға кірісті. Алайда немістердің Ладога көлінің оңтүстік жағасына және финдердің Свирь өзенінің орталық ағысына шығу қаупіне байланысты, қыркүйек айының басында 310- және 314-дивизиялар кері қайтарылды, ал Мәскеу бағытында аса қауіпті жағдай орнаған кезде 312 және 316-дивизиялар сонда жіберілді.
Лодейное Поле қаласының аумағына кіре 7 қыркүйекте 314-дивизияның бөлімдері алғашқы болып келе бастады. Ол Плотично селосынан Кутлахт деревнясына дейінгі 130км белдеуге, Свирь өзенінің, оңтустік жағалауына бекіну тапсырмасын алды, бұл жарғылық нормалардан 10 есе жоғары еді.
Мергендер Свирьде шайқасқан құрамаларда, Ленинград әскерлері мен басқа да майдандарда бір мезгілде дерлік қатар жасақтала бастады. Қазақстандық мергендердің арасынан 172 фашисті жойған қатардағы жауынгер Дүйсенбай Шыныбековтың, 261 басқыншыны өлтірген қазақ жігіт, сержант Мәмеков Михаил Ивановичтің есімдері мәлім болды. 1941 жылы 9 қыркүйекте Ладога көлінің оңтүстік тұсындағы Апраксин Городок разъезінің іргесінде ақмолалық 310-атқыштар дивизиясы шайқасқа кірісті. Дивизияның М.М. Михайлов басқаратын 1080-атқыштар полкі кешке қарай немістерді 7 шақырым кейін шегіндіріп, Гонтовая Липка селосын азат етті, ал майор Н.И. Смирновтың 1082-полкі Гайтоловоға жақындады. Келесі күндерде дұшпанның қарсылығы күшейе түсті. 310-дивизия жартылай қоршауда қалды және командованиенің бұйрығы бойынша Черная шағын өзеніне қарай шегінді. Айдың орта шенінде осы дивизия мен оның көршілері тағы да екі рет шабуылға шықты, бірақ уақытша және шағын масштабтағы табыстырға ғана жетті: күштерін еселей түскен дұшпан финдермен қосылмақ болып Свирьдің сағасына жету үшін шепті бұзып өтуге әрекет жасады. Вермахт бас штабының бастығы генерал Ф. Гальдер өз күнделігінде алғашқыда былай мойындады, ол Ладогадан оңтүстікке жақын тұста кеңес әскерлерінің ұрыс тәртібіне шамалы ғана кірігудің сәті түскенін, ал 24 қыркүйекті рейхтің жоғары командованиесі үшін «ең қатерлі күн» деп атады. «Оның себебі, — деп жалғастырды ол, — Ладога көлінің маңында 16-армияның шабуылының сәтсіздігі, онда біздің әскерлеріміз қарсыластың тегеурінді шабуылына кездесіп, соның барасында 8-танк дивизиясы кейін шегінді және біз орналасқан Неваның шығыс жағалауындағы учаске тарыла түсті».
Кеңес әскеріне 8 қыркүйекте басталған Ленинград блокадасын бұзып өтудің сәті түскен жоқ. Алайда әскерлердің Волхов пен Свирьдегі қимылдары дұшпанның барлық Оңтүстік Ладога жағалауын басып алу және Ленинградтың Үлкен жермен соңғы байланысын үзу жоспарын бұзды. Оның үстіне, Невадағы қаланы қорғаушыларға жасалған қысым бәсеңдеді және Мәскеудің түбіне дұшпанның бірқатар құрама әскерлерін аудару әрекеті кейінге қалдырылды.
Мәскеу үшін шайқас. Күзге қарай дұшпан Балтық жағалауын, Белоруссияны, Молдованияны, Украинның едәуір бөлігін жаулап алып, Ленинград пен Қырымды қоршады. Батыс бағыттағы кеңес әскерлерін тас-талқан ету, Мәскеуді алу және соғысты қысқа қарай жеңіспен аяқтау мақсатымен «Тайфун» операциясына дайындық асығыс-үсігіс аяқталды. Шабуылға дайындалған әскерлер кеңес әскери бөлімдерінен адам саны бойынша 1,4 есе; танк бойынша 1,7 есе; қару-жарақ пен миноменттер бойынша 1,8 есе; ұшақтар бойынша 2 есе асып түсті.
Немістер шабуылды 28 қыркүйекте бастап, кеңес әскерлерінің қорғанысын бұзды және Вязьма түбіндегі Батыс майданның, Трубчевск түбіндегі Брянск майданының негізгі күштерін қоршап алды. Бірақ оның Мәскеуге лап қою және оны алу жоспары орындалған жоқ: кеңес әскерлерінің вяземдік құрамалары 7-10 күнге дұшпанның отызға жуық дивизиясын құрсауға алды, ал Брянск майданының құрамалары үлкен шығындарға ұшыраса да, толық құрамда дерлік қоршауды бұзып шықты. Инженерлік әскерлердің және Мәскеу іргесіндегі тұрғын халықтың Можайск қорғаныс шебін алдын ала жасауы екінші себеп болды, оған Жоғарғы Бас командованиесінің ставкасы резервтен және басқа майдандардан 14 атқыштар дивизиясын, 16 танк бригадасын, 40 артиллерия полкін және басқа да бөлімдері және басқа дат бөлімдерді жеткізді. Біздің әскерлеріміздің кейінгі ұрыстарда көрсеткен қиян-кескі қарсылықты дұшпанның жоспарларының сәтсіздікке ұшырауының үшінші, аса маңызды себебі болды. Можайск қорғаныс шебінің бекініс аудандары соғыс учаскелеріне айналды, оған келіп жатқан құрамалар мен бөлімдер сап түзеді.
Малоярославль соғыс учакесіне полковник А.Ф.Наумовтың ақтөбелік 312-атқыштар дивизясы орналасты. Ақмола станциясы казагының ұлы, Сарысу болысының, содан кейін Пішпек уезінің бұрынғы кеңсе хатшысы болған ол, Ташкенттегі прапорщиктер мектебін бітіргеннен кейін Бірінші дүнеижүзілік соғысқа қатысып, екі орден алды. 1918 жылғы қаңтардан Қызыл Армияда қызмет етті, герман және поляк әскерлеріне, басмышыларға қарсы соғысты. Орта Азияда әскери қызметте болды. Ол Шығыстану жоғары әскери мектебін бітірді және дивизия командиріне дейінгі бүкіл командалық сатылардан өтті.
А.Ф. Наумовқа, соғыс учаскесінің бастығы ретінде, Подольск жаяу әскер және артиллерия училищелерінің курсант полктері, 108-қосалқы атқыштар полкінің екі атқыштар батальоны, екі пулеметшілер батальоны, шегінген және тобымен немесе жеке-жеке қоршаудан шыққан солдаттар мен офицерлерден құралған ондаған еркін отрядтар, 5 артиллериялық полк, реактиві пқондырғылардың 3 дивизионы, 4 от атқыш рота бағынды. Олардың көпшілігі қорғаныс ауданына дивизиядан бұрын келді, сондықтан дивизия бөлімдеріне позицияларға үзік-үзік жайғасуға тура келді де, бұл келесі ұрыстарда оларды басқаруды қиындатты.
11 қазанда-ақ Павлищево және Юрьевское селоларының шебіне қарай жылжыған капитан А.М. Автандиловтың 1083-атқыштар полкі Боровсіден 25 км оңтүстік-батыс тұста жаудың алдыңғы шептегі бөлімдерімен бірден шайқасқа түсті. «Командир Наумовтың жауынгерлері, — деп жазды 28 қазанда «Красная звезда» газеті,- дұшпанға тегеурінді шабуыл жасады. И. (Ищейно. – авт.) пункті іргесінде немістер артиллериядан, минометтен және пулеметтен оқ жаудырып, тегеурінді қарсылық көрсетті. Біздің жауынгерлеріміз ерен ерлікпен шайқасты». Екі күндік шайқас барасында село бірнеше рет қолдан-қолға өтті. Жүздеген адамдары оққа ұшып, жараланған, сондай-ақ 2 ұшағы, 13 танкі және 10 автомашинасы қираған жау қорғанысқа көшті.
Сол ауданда Тяпино селосының түбінде дивизияның 859-артиллерия полкінің 2-батареясы өшпес ерлік жасады. Ол жаяу әскердің бір батальонға тарта адамдарын және дұшпанның шабуылға шыққан 39 танкісінің 10-ын жойды. Қиян-кескі шайқастан кейін сапта небәрі 13 адам және батареяның командирі В.И. Житников қана тірі қалды. Юрьевское селосының П.И. Брагина бастаған комсомол қыздары 17 жаралыны оқ астынан алып шығып, емдеді.
Сол жақ қанатта подполковник К.М. Андрусенконың 1081-атқыштар полкі қорғаныс құрды. Осы маңға 12 қазанда келіп жеткен жау әскері Калуга облысының аудан орталығы Детчино селосын алуға ұмтылды. Қорғаныстағылардың қатты қарсылығынан тойтарыс алған жау селоның оңтүстік іргелеріне бекінуге тырысты. Алайда 13 қазанда таңертең полк батыл қарсы шабуылымен дұшпанды бірнеше километрге кейін шегіндірді. Тек 16 қазанда ғана немістер екі жаяу әскер дивизиясымен Детчиноны үш жақтан қоршап алды. Қазақстандықтардың қолдарында штабпен және дивизияның тылымен байланыстыратын тар дәліз ғана қалды. Оны ұстау барған сайын қиындай түсті. Наумов өзінің жаяу әскерлермен шайқасқан ең соңғы резерві – барлау ротасын, байланысшылар мен зенитшілерді көмекке жіберді. Бір күннің ішінде олар жаудың 4 шабуылын тойтарды. Дивизия командирі кешке армия командирінен Детчиноны қалдыруға рұқсат сұрады. Бірақ рұқсат қоршаудың шеңбері тарылғаннан соң, бір тәуліктен кейін ғана келді.
Полк үш тәулік бойы селоны ұстап тұрды, содан кейін қоршаудың шеңберін бұзып өтіп, Нара өзенінде бекініп жатқан дивизияға айдың аяғында ғана келіп қосылды.
Ильинское селосының шығыс жағындағы Варшавское тас жолынан Калуга тас жолына дейін подполковник А.А. Бурковтың 1079-атқыштар полкі бекініс құрған дивизияның қорғаныс шебіне жау әскері 12 қазанда жетіп, Машкино селосын басып алды.
Келесі күнне шайқас полктің бүкіл учаскесінде жүрді, тек 17 қазанда ғана кешке қарай жағдай өте қиындап кетті. Немістің моторландырылған корпусы бекініс белдеуінің көршілес оң қанаты тұсынан Малоярославецке қарай лап қойды, ал Детчиноны алған жаудың жаяу әскер дивизиясы Ерденово және Караськово селоларына жақындады. Дивизияның штабы, тылдары мен 1079-полкі жартылай қоршауда қалды. 18 қазанда түнге қарай шегінуге бұйрық келді. Көршілермен байланыс үзілген, оқ-дәрісі мен азық-түлігі тапшы халде орман іші жолымен және батпақты жерлермен шегінуге тура калді. Дегенмен бөлімшелер 25 қазанда Нара өзеніне қарай шегініп, Чернишня және Ильино деревняларының түбінде жауды тоқтатты.
Ақтөбелік 312-дивизия қысқа уақыт ғана қатарда болды, алайда командование тарапынан жоғары баға алды. Мәскеу шайқасын еске алған маршал Жуков: «Малоярославец түбінде полковник А.Ф. Наумовтың 312-атқыштар дивизиясының бөлімшелері асқан ерлікпен шайқасты»,- деді.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Сырдария облысы Әулиеата уезі Күйік болысының №3 ауылында дүниеге келді. 1928 жылы 7 жылдық мектепті бітірген ол мұғалім, ауаткомның хатшысы және оның төрағасының орынбасары, республика мемжоспарлау комитетінің әкімшілік-қаржы басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. 1932-1934 жылдарда қатардағы жауынгер, бір жылдық курсты бітіргеннен кейін Термезде атты әскер полкінде взвод командирі болып қызмет етті. Әскер қатарынан қайтқаннан кейін Мембанктің республикалық кеңсесінің аға кеңесшісі болды. 1936 жылдың наурыз айынан әскерге қайта алынды, алдымен Қиыр Шығыста, содан кейін Украинада әскери міндетін өтеді. Танкіге қарсы батарея взводының командирі, толық емес ротаның командирі, полк штабы бастығының орынбасары болды. 1941 жылы қаңтарда оны өз өтініші бойынша Қазақстанға ауыстырып, республикалық әскери комиссариаттың әскерден тыс дайындық жөніндегі аға нұсқаушысы етіп тағайындайды.
Аға лейтенант Момышұлы 316-дивизияға 1073-атқыштар полкінің 1-атқыштар батальонының командирі болып ең алғашқылардың қатарында қабылданды. Сол батальонмен Руза өзенінің шығыс жағасында Новлянское, Лазарево селоларының төңірегіндегі 207,9 биіктікте орналасты. 18 қазанда 100 адамнан тұратын отрядпен неміс әскерлерінің тылында Середа селосындағы жолдардың торабына шабуыл жасады. Осы ойдағыдай шабуылдан кейін командир мен жауынгерлер өз күштері мен қаруына сеніп, жігерлене түсті.
Байқап отырғанымыздай, полктің барлық солдаттары мен офицерлері табандылықпен шайқасқан. Соғыстың тарихына енген ұжымдық ерлікті осы полктің жауынгерлері Дубосеково разъезінің түбінде де жасады, олар ақырғы қасық қаны қалғанша айқаласып, дұшпанның танктері мен әскерлерін ішке бір табан да аттатпады. Кейіннен солардың 28-іне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сол күні Строково деревнясының түбіндегі ұрыста 1077-атқыштар полкісінің саперлері кіші лейтенант П.И. Фирстов, саяси жетекші А.М. Павлов, аға сержант А.Н. Зубков, сержант Д.К. Маторкин және қатардағы жауынгерлер П.П. Гениевский, Е.А. Довжук, П.Г. Калюжный ерліктің ерен үлгісін көрсетті.
Дивизия бөлімдерінің солдаттары мен офицерлері көрсеткен осы және басқа ерліктерін бағалауға сөз жетпейді. Алайда осындай командирлерді де, атап айтқанда, дивизияның командирі И.В. Панфиловты да естен шығармау парыз. Солдаттар оны жақсы көріп, жауынгерлерге жасаған қамқорлығы, ықыласы, әсіресе тактикалық біліктілігі, тапқыр да ақылды әскери басшылығы үшін «батя» деп атаған. Генерал И.В. Панфилов танкіге қарсы тірек орындарын және оларға атыс қаруларын орналастырудың жүйесін жетілдірді. Осы тәсіл арқылы электр жылытқышының өзегін орағандай танк қаупі төнетін жолдар мен бағыттарға бекініс шебін «шырмай» орналастырды. Қорғаныс шебінің бірнеше қабат болуы арақасында ол ұрысқа оңтайлы әрі төзімді келді. Дивизия осы тәсіл арқылы қазан-қараша айларындағы ұрыстарда жаудың танк, моторландырылған және екі жаяу әскер дивизиясын тас-талқан етіп, 9 мың басқыншыны, 80-нен аса танкін және басқа да көптеген соғыс техникасы мен қару-жарақтарын жойды. 316-дивизия республикада жасақталған ең бірінші гвардиялық дивизия болды және ол Қызыл Ту орденімен марапатталды. Сол күні Волоколамск ауданының Гусенево деревнясындағы дивизия штабының ғимараты жанында мина жарықшағы тиіп, өте ауыр жараланған генерал-майор И.В. Панфилов госпитальға апара жатқан жолда қайтыс болды. 1942 жылы 12 сәуірде марқұмға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Одан бұрын құраманың әскер құрамының өтініші бойынша, 16-армия мен Батыс майданы әскери кеңестерінің қолдауымен 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына оның бірінші командирінің есімі берілді.
1942 жылдың көктемі мен жазындағы ұрыстар. 1942 жылы шапшаң ес жию үзілістерімен қатар ауыр шайқастар жүрді. Лодейное Поле қаласының түбінде полковник Д.И. Станкевскийдің 314-атқыштар дивизиясы бекініс шебін құрды. Волхов және Новгород қалаларының маңында генерал-майор Н.М. Замировскийдің 310-дивизиясы қорғаныс және жиі шабуыл ұрыстарын жүргізді. Старая Русса түбінде жаудың Холм қаласында қоршаудағы демяндық құрамасы мен гарнизионына қарсы генерал-майор И.М. Чистяковтың 8-гвардиялық дивизиясы, полковник А.К. Кудряшовтың 391-атқыштар дивизиясы, шілдеде 292- және 27- гвардиялық атқыштар дивизиясына қайта жасақталған 74- және 75- теңіз әскері атқыштар бригадалары жаумен қиян-кескі ұрыстар жүргізді. Смоленск майданында полковник Г.П. Коротковтың 30- гвардиялық атқыштар дивизиясының бөлімдері және полковник В.А. Полевиктің шілдеде 28-атқыштар дивизиясына өзгертілген 39-атқыштар бригадасы шайқасты. Белева ауданында полковник М.А. Сущенконың 387-атқыштар дивизиясы қорғаныс ұрыстарын жүргізді.
Солардың ішіндегі ең көрнекті тқлға Л.А. Владимирский еді. Ол 1903 жылы Гурьевте мұғалімнің отбасында дүниеге келді. 1921 жылдан флотта қызмет етті. Ленинградтың М.В. Фрунзе атындағы әскери-теңіз училищесін бітіргеннен кейін мина тасығыш кеменің күзет бастығынан Қара теңіз флоты эскадрасының қолбасшысы дәрежесіне дейін көтерілді. 1940 жылы оған, қазақстандықтардың ішінде ең бірінші болып контр-адмирал атағы берілді. Соғысқа ол осы лауазыммен кірісті. Соның басшылығымен эскадра румынның Констанца портына, Одессаны, Севастопольді қоршаған жау әскерлеріне артиллериялық соққы беріп, осы қалаларға оқ-дәрі және көмек жеткізіп, жараланған жауынгерлер мен бейбіт тұрғындарды әкетті, Керчьке, Феодосияға, Судакқа десанттар түсірді.
Кеңес-герман майданының оң жақ қанатында 1942 жылы 6 мамырдан 14 тамызға дейін генерал-майор П.Е. Ловягиннің Шымкенттік 102-атқыштар дивизиясы соғыс қимылдарын жүргізді. Алғашында ол Луганск облысының Славяносербск қаласында бекініс жасаса, содан кейін кескіленген қрыстармен Солтүстік Кавказға шегінді, содан Нальчик қаласының түбінде таратылды.