Уәдеде тұру – мұсылманның сипаты
19-08-2020
Тіліміздегі фразеологиялық тіркестер лексиканың ең бір негізгі саласы, тіл байлығының көрсеткіші болып табылады. Тұрақты тіркестер өзінің экспрессивті-эмоциялық əсерлігімен көзге түседі. Фразеологиялық тіркестер мəнерлілік қасиетіне байланысты көркем шығармада молынан қолданылып, олар адамның тіл байлығын арттыруға, ойын өрістетуге, көркемдік талғамын ұштауға жəрдемін тигізеді.
Қазақ тіл білімінде, тюркологияда фразеологияның жалпы проблемалары бұл күнде жан-жақты қарастырылуда. Жалпы тюркологияда елеулі орын алатын бұрынғы сөздіктерде идиомдық жəне басқа тұрақты сөз тіркестері тым сирек кездеседі. Фразеологизмдер — тіліміздің бөлінбес бір бөлшегі, яғни өзінің көнелену жағынан да, тұлға, мағына тұрақтылығы жағынан, стиль жағынан да оларға тəн ерекшеліктері бар. Тілімізде көкейге қонымды, көркем, тілге орамды алуан түрлі сөз тіркестері кездеседі. Тіл қазынасына жататын қат-қабат тіркес, тізбектерді халық орынды пайдаланады. Мақал-мəтелдермен бара-бар жоғары бағалап, оларды сақтап келеді. Сол сан-саналы тізбек, қалыптасқан тұрақты сөз тіркестерін жинау, топтастыру, мəн-мағынасын ашудың қажеттілігін байқаймыз.
Тіл-тілдің өзіне лайық қасиеті оның барлық тарауларынан байқалатыны мəлім. Сол қасиет, əрине, тиянақты сөз тіркестерінен де анық көрінеді. Сөз байлығын тексеретін тіл білімі ең бір маңызды саласын лексикология дейтін болсақ, тіліміздегі фразеологиялық байлықты тексеретін сала фразеология екені баршамызға мəлім.
Қазіргі таңда талай жылдарды артқа салып, қазақ тілінің бай фактілерін негізге алып, ғалымдардың пікірлерін ескере отырып, фразеологизмдер өз алдына бөлек лингвистика саласы екенін баса айтқанымыз жөн.
Қазақ тіліндегі этнофразеологизмдер өзіндік жеке, дербес салаға қатысты, осыған байланысты фразеологизмдер этнографиялық сипаты əр түрлі тілдік фактілермен ерекшеленіп, ұлт тілінде тарихи сипатқа ие болады. Бұлардың бəрі этнос өмірінде туындап, өзіне ғана тəн рухани, мəдени танымды бояу нақышымен тағы бір қырынан суреттеліп, тіл əлемінде ерекше қолданылып, айрықша сөзқолданыстардың бірі болып табылады.
Қазіргі тіл білімі тілді адам мен ойлаумен, сана-сезіммен байланыстыра үйретуге тырысумен қатар, тілдік фактілерді де тілдік тұлғамен жəне ұжыммен тығыз ара-қатынаста зерттеумен де ерекшеленеді, бұндай жағдайда тілдің ұлттық-мəдени ерекшеліктеріне, сонымен қатар тілдік бірлікті зерттеуге үлкен көңіл бөлініп келеді.
Тілдегі этнофразеологизмдер халықтың дүниетанымы, болмысы, салт-санасы, əдет-ғұрпы, рухани мəдениеті сол халықтың тіршілігінен, өмір сүрген ортасынан, менталитетінен, психологиясынан, əлеуметтік-саяси көзқарасынан мағлұмат беретін ұлттық құбылыс болып табылады. Тіл — мəдениеттің феномені, ұлт мəдениетінің көрінісі ретінде ғылымда өз дəрежесінде əлі де зерттелмей келеді. Тіл — рухани күш. Демек, тіл жəне семиотикалық таңбалар арқылы адам кез келген құбылысты қабылдап, оған баға беріп, өз көзқарасымен ойын білдіре алады [1].
Этнофразеологизмдер ұлттық салт-дəстүрлер, əдет-ғұрыптар, тұрмыс ерекшеліктер, тарихи- мəдени болмыс жəне ұлт тіліндегі басқа да көріністер арқылы суреттеледі. Мысалы: «қол қусырып қой сою» — құрмет көрсету, қонақжайлылықты білдіреді, «құрсақ шашу», «бетке ұн жағу», «құда түсіп, құйрық жеу» сияқты этнофразеологизмдер келін немесе күйеу баланың келу құрметіне байланысты қолданылады. Бұл этнофразеологиздер қазақ халқының салт-дəстүрлерін ашады.
Ұлттық танымның фразеологияда көріну себебі ол тілден тыс шындықты бейнелейді. Тілдің басқа да көптеген құрылымдық бірліктері сияқты, фразеологизмдер де кумулятивтік қызмет атқарады. Этнофразеологизмдердің кумулятивтік қызметі культтік-мифологиялық жəне діни таныммен байланысты туған үлгілерден анық көрінеді.
Фразеологизмдер əлемнің нақты көрінісін суреттейтін мағыналық немесе тақырыптық жақтарына бірігуі мүмкін, сонымен қатар фразеологиялық бірліктерден бейнелік «айналасынан» адамның ішкі жəне сыртқы өзгешелігін, физикалық жағдайын жəне қимылын, сезімін, қызметін, тəртібін, кеңістікті, уақытты жəне т.б. сияқты əлемнің түрлі көріністерін көруге болады.
Тілдердің ұлттық мəдени ерекшеліктерінің басқа тілдерде объективті ақиқатының көрінуі əр түрлі. Əр түрлі тілдердегі объективті ақиқаттың əрқалай даралануының негізгі себебі белгілі бір құбылыстардың бір халықтан гөрі екінші халыққа көбірек əсер ететіндігінде болып табылады.
Этнофразеологиялық қор негізінде мəдениет пен тілдің арасындағы байланысты көрсету қазіргі тіл білімінің басты мəселелерінің бірі болып табылады. Кез келген тілде ерте дамыған жазба мəдениет дəстүрі, халық тілінің даму динамикасы көрініс береді. Тілдің этнофразеологиялық қоры — сол тілде сөйлейтін жекелеген ұлттардың мəдениет танымының айнасы. Ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын этнофразеологизмдердің орны əлемнің тілдік бейнесін жасауда ерекше. Оны танымдық тұрғыдан талдау адамзат өркениетіндегі ұлттық мəдениеттің табиғатын ашуға мүмкіндік береді.
Ұлттық болмыстың өзіндік бояу-бедерін əдетте туған тіл табиғатынан іздеп тауып, ана тілінің қадір-қасиетін болашақ алдында терең таныту үшін еңбек ететін көркем сөз шеберлері — ақын- жазушылар, көсемсөз иелерінің қызметі айрықша.
Тақырып, мағына, тұлға жағынан əр түрлі болып келетін тұрақты тіркестердің үлкен бір саласы тілімізде фразеологизмдер десек, сайып келгенде, олар да қандай ұғым-түсінікке қатысты болмасын, адамның іс-əрекетін, сын-сипатын, қалып-күйін, дүниетанымын өзіндік бояу-нақышымен бейнелейтін танымдық мəні зор көркем сөз бұлақтарына жатады.
Фразеологизмдердің семантикалық жүйесі жайында мынаны айтуға болады. Тіл иесі — халықтың басынан өткен шындығына сай туған сан салалы фразеологиялық единицалар əлеуметтік, шаруашылық, діни, тағы да басқа факторлардың əсерімен пайда болған. Олардың құрылым жағынан қалыптасуында, компоненттерінің тіркесу амалдарында нақтылы бір заңдылығы болатын тəрізді ФЕ- нің мағына тұрғысынан саралануында да тиянақты тəртіп, жүйе бар. Бұлай болудың себептері өзінен- өзі түсінікті. Өйткені олар əлеуметтік жағдайға жанасып, өз заманының талабына сай туып жатады. Əрқилы экстралингвистикалық, яғни сыртқы факторға сəйкес туған фразеологизмдермен, бара-бар жынысқа, мекен-мезгілге, өлшемге, көңіл-күйіне, адамдардың өзара қарым-қатынасына, жас ерекшелігіне, мінез-құлыққа, салт-санаға, тағы да басқаға байланысты топтастырылатын да фразеологизмдер бар.
Ғалым Ə.Қайдар этнолингвистика туралы «ол — этностың инсандық һəм дүнияуи табиғатын тереңнен танып білу үшін басқа емес, тек тіл феноменінің өзіне ғана тəн ғажайып мүмкіншіліктері мен қазына байлығын зерделеп зерттеуді мақсат ететін ғылым» деген анықтама бере отырып, тілдің лексика-семантикалық қорын дамытудың, байытудың көздері ретінде этнолингвистикалық арналарды ұсынады: 1. Баламалар. 2. Тұрақты теңеулер. 3. Фразеологизмдер. 4. Мақал-мəтелдер. Жұмбақтар. 6. Ауыз əдебиеті үлгілері [2; 8].
Фразеологизмдердің түп-төркіні тым əріге кетеді. Адам баласы сонау отқа, суға, көп құдайға табынған шағында-ақ талай-талай заттарды киелі санап, оларға өздерінше лақап ат қойған. Тілімізде сол ежелгі дəуірден келе жатқан Қамбар ата (жылқышы ата), Шекшек ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Шопан ата тəрізді тіркестер бар. Олар ескі наным-сенім бойынша төрт түлік малдың сақтаушысы, қорғаны, мифологиялық «иесі» болыпты-мыс.
Күні бүгінге дейін сақталып жүрген «отқа май құю, от ана, Ұмай ана, жарылқа» тəрізді фразеологизмдер ислам діні тарамастан көп бұрын қалыптасқан, шаманизм түсінігінен туған тіркестер. Мысалы, Отқа май құяр (салар) көне. Жаңа түскен келін мен күйеудің босағаны жаңа аттағанда берер ырым-сыбаға, жол-жоралғысы. Жырынды жігіт еді қуқыл Оспан, Жүйрік тіл, өткір сөздің алдын тосқан. Өңгертіп отқа құяр берді Оспанға. Сол болды күйеу қосшы оған қосқан (С.Керімбеков). Осы секілді тек қазақ ұлтына ғана тəн этнофразеологизмдер де қазақ тілінде көптеп кездеседі. Ғалым Ə.Қайдар этнолингвистиканың негізгі зерттеу объектісі этнолексика, олардың көпшілігі тілімізде көп қолданылатын фразеологизмдер жəне мақал-мəтелдер екендігін баса айтады.
«Олар бара-бара тұрақталып, мағыналық өзгерістерге ұшырауы салдарынан этнофразеологизм жəне мақал-мəтел дəрежесіне көтеріледі. Ал этностың өткені оның этномəдени лексикасынан айқынырақ көрінеді», — дейді [2; 18]. Демек этнолингвистикалық арналардың бірі болып табылатын фразеологизмдер — халқымыздың ұлттық ерекшелігін көрсететін басты байлығымыздың бірі.
Тілдің этнофразеологиялық қорында тұтас бір мəдениеттің сарқылмайтын байлығы жататыны мəлім. Өйткені тіл мен мəдениет өзара қарым-қатынаста өмір сүреді, сондықтан да тіліміздегі этнофразеологизмдер ұлт тілінде айрықша орын алады. Кез келген тілдегі этнофразеологиялық қорды сан жағынан əрі мазмұн жағынан байытып тұратын фактор — сол тілде сөлейтін халықтың рухани жəне материалдық мəдениеті. Этнофразеологизмдер — халықтың мəдениетін, салт-дəстүрін, əдет- ғұрпын, тарихи кезендерін, эстетикалық ойлау болмысын бейнелейтін тілдік маңызды материал болып табылады.
Этнофразеологизм — белгілі бір ұлтқа тəн, сол ұлт қолданысының əдет-ғұрып, салт-сана, мəдениетіне байланысты кездесетін фразеологизмдер. Мəселен, азан айтты, бас құда, қалың мал, дөнен қымыз, шаңырақ көтерді, тұсау кесті, қырқынан шықты, үйірімен үш тоғыз, тағы басқалары секілді фразеологизмдер өзге ұлттарда кездеспейді.
Этнос ғылым жүзінде: «өткен дəуірлерде дүниеге келіп, белгілі бір географиялық ортада қалыптасқан, шұғылданған тірлік-тіршілігі бірыңғай, мінез-құлқы ұқсас, діні де, тілі де бір, салт- дəстүрі мен əдет-ғұрпы ортақ, өзінің ортақ тегін, туыстығын сезіне білетін, сатылап даму барысында аналық, аталық, рулық, тайпалық, ұлыстық жəне халықтық дəуірлерді басынан кешіріп, бүгінде дербес ел болып отырған адамдар қауымы» болып табылады [2; 10].
Мұндай этностар жер жүзінде көп жəне олар сан жағынан да, даму сатысы бойынша да əр түрлі. Көбісі халық, ұлт дəрежесіне көтерілсе, ру-тайпа деңгейінде қалып қойғандары да аз емес. Қазақ этносы болса, бүгінде өзінің шарықтау шегі — ұлт дəрежесіне көтеріліп отыр. Зерттеу мақсатына байланысты қазақты «этнос» деп қараудағы мақсат — оны төмендету емес, қайта оның басып өткен ұзақ та сатылы даму жолын (ретроспективті бағытта) саралай түсінудің, тарихи этнотұлға ретінде танудың бірден-бір дұрыс жолы, кепілдігі деген сөз [2; 12].
Енді осы «этнос» деген тарихи күрделі ұғымды сол қалпында ала салмай, этнофразеологизмдер деп қарастырудың себебіне келсек, ол да ойға қонарлық дүние.
Біріншіден, біз фразеологияны тұтастай емес, ондағы ұлтқа тəн тұрақты сөз тіркесін бөліп қарауды жөн көрдік. Екіншіден, этнос туралы толық мағлұмат тек оның тіл қазынасында ғана сақталады. Этнос туралы кейбір деректер бүгінгі ұрпаққа археологиялық қазбалар мен сəулет кесенелері, тас мүсіндері мен қашалып жазылған тас ескерткіштері арқылы да жетіп жатады. Бірақ бұлардың бəрі — этнос басып өткен өмірдің мың да бір елесі ғана. Этностың шынайы белгісі, бейнесі, болмысы оның тілінде ғана, тіл арқылы ұрпақ жадында ғана сақталады екен. Этнос тілінде тек оның өзі туралы ғана емес, өзі жасап келе жатқан табиғи ортасы мен қоғамдағы қарым- қатынастары туралы да, жан дүниесі, жүрек сыры, қуануы, сүйінуі, ренжуі мен күлуі, түс көруі, ұққаны мен түйгені, танымы мен талғамы, барлық тағы басқа құбылысты өзінше бағалап-бағамдауы — бəрі-бəрі, біле білсек, өз тілінде өрнегін тауып, өзін-өзі көрсететін айна іспеттес [2; 11].
Қазақ халқы өзінің өткен тарихында талай көрші елдермен, шет жұрттармен экономикалық əрі мəдени қарым-қатынасты басынан кешіргені мəлім. Тілімізде осыған орай туған толып жатқан тіркестер бар. Олардың бірқыдыруы жазба əдебиеті, хиссалар арқылы, екіншілері — сауда-саттыққа байланысты, үшіншілері — дін таратушылардың уағызымен, тағы біреулері екі елдің күнкөріс тірлігіндегі ортақ ой-сана, дəстүр тауқіметімен түрліше ықпалдарға сай туып отырған. Мəселен, қазақ арасына таралған Абылай аспас асу; Атымтайдай жомарт бол; Наушаруандай əділ бол; Аплатондай ақылды; Бұланнан үлкен аң болмас; бұланайдан үлкен тау болмас; Барар жерің Балқан тау, ода біздің көрген тау; Ұлын ырымға, қызын қырымға, тағы басқа фразаларда өзге жұрттардың өткендегі мəшһүр адамдары, шет елдің топоним, ел билеу, əкімшілік қалпын қабылдауға байланысты енген толып жатқан фразеологизмдер бар. Мəселен, кейбір зерттеушілердің еңбектерінде қазақ арасындағы «тоғыз» санына байланысты ырым-кəде, тарту-таралғы, айып-жазаның көбі монғол елінің мəдени тіршілігінен ауысқан делінген. Осыдан келіп тілімізде бір тоғыз, үш тоғыз, бас тоғыз, аяқ тоғыз тəрізді фразалар келіп шыққан деседі.
Сонымен, этнофразеологизм дегеніміз — этнос болмысына қатысты фразеологиялық бірліктердің жиынтығы, синтезі. Этнофразеологизм — ұлт тілінің таусылмайтын қазынасы.
І. Кеңесбаевтың «Фразеологиялық сөздігінен» қазақ ұлтына мейлінше жақын фразалық тіркестер жинастырылды [3]. Сөз таптарына қатыстылығына байланысты сөз етсек, олардың ішінде мол кездескендері зат есім, етістік жəне аз да болса одағай тіркестер.
Қазақ тілінде де, басқа түркі тілінде сияқты, фразеологизмдердің сөз табына қатыстығы жағынан ең көбі етістік фразеологизмдер. Тұрақты етістікті сөз тіркестері өзінің семантика-грамматикалық табиғатында жалаң жəне күрделі деп бөледі.
Жалаң етістікті фразеологизмдер үлгісіне: аза күтті, айтұяқ шалды, бақан аттар, бата қылды; бəйге тікті, бата оқыр жəне тағы басқалары жатады.
Күрделі етістікті фразеологизмдердің вариант қатарларына мысалдар: аза күтті / аза қылды; жаназа оқыды / жаназасын шығарды; жолын қылды / жол алды жəне тағы басқа күрделі етістіктер
— тұрақты тіркестер, яғни идиомаланған тіркестер. Мұндай іштей грамматикалық жағынан бөлінбейтіндей болып, лексика-грамматикалық жағынан бір ғана негізгі мағынаны білдіретіндей болып орныққан бір бүтін тұлға есебінде қолданылатын етістіктің мұндай түрлерін А.Ысқақов тұрақты тіркестер деп атаған.
Фразеологизмдердің етістікті тіркестеріндегі ұғымның түпқазығы есім сөздерге байланысты.
Есім сөздерге тіркесіп айтылатын етістікті компоненттер əр алуан болып келеді.
Етістік мағыналы фразеологизмдердің құрылымы есім мағыналы фразеологизмдерге қарағанда күрделі, сонымен қатар оның парадигмалық жіктелуі де бай. Бұл ретте компоненттер құрамындағы ауыстырылып отыратын мəндес, мағыналас, синоним етістіктерінің алатын орны ерекше. Фразеологизмдердің варианттылығы жайында ғалым Г.Смағұлованың еңбегінде жан-жақты қарастырылып, нақты мысалдар негізінде түсіндірілген [4]. Фразеологизмдердің вариант қатарларының саны көп. Мысалы: екі қатарлы: қара қылды қақ жару қара қылды қырыққа бөлу, қол ұстату / қол ұстатар, аужар айту; үш қатарлы: азан айтты / азан шақырды / азан салды; төрт қатарлы: ит əуреге салу / ит əуреге түсіру / ит əуресін шығару / итін шығару; алты қатарлы: есік көре келу / жыртыс сала келу / қол ұстау / күйеуге есік аштыру / есік аша келді / қоржынын апарды. Яғни, ескі салтта күйеу жағы қалыңдықтың жасау жабдығын үлкен тойдан көп бұрын, тіпті бір жыл бұрын апарып, күйеуді қалыңдық еліне көрсетіп, көп ырым-салттардан өтіп қайтатын болған. Сол барысты осылай атаған. Онан соң күйеуге есік аштырады. Мұның мағынасы күйеу бірнеше адам жолдас ертіп, қайынына келеді (Ə.А.Д.).
Абайдың бұл келісі ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре келу деп, қол ұстау деп те аталады (М.Ə.).
Қазақ тілінде де басқа түркі тіліндегі сияқты етістіктің аналитикалық түрлері өте көп кездеседі.
Осыған орай, фразеологизмдердің вариант қатарларының біразы есім сөз бен көмекші етістіктердің тіркесі арқылы көбейе беретіні жоғарыда көрсетілген мысалдардан айқын аңғарылады. Көмекші етістіктермен түрленуі арқылы компоненттер саны да өзгермелі болады. Мысалы: аза күтті, аза қылды. Өлген кісіні жоқтады; қаза тапқан кісінің басы қасында болды. Қырық күн азасын күткен қыршын жас ел қабырғасын қайыстырып кетті (ауызекі тіл).
Ақ арулап жөнелтті, ақ арулап қойды. Өлікті мейлінше қадірлеп, бар кəдесіне жасап қойды, жерледі. Ең соңғы рет түнетеді үйіне, ақ арулап жөнелтеді жəне де тағы басқалары (М.Əуезов).
Етістік мағыналы фразеологизмдерді құрамындағы компоненттердің сөз табына қатысын анықтауда қолымыздағы жинаған материалдарға жүгінсек, бірнеше конструкциясының бар екенін байқадық. Мысалы, зат есім + етістік.
Азан айтты (көне). Діни адамдардың намаз алдында дауыстап, жар салып оқитын дұғасы туралы айтылады. Таңертеңгі уақыт болса керек, иман мешіттің төбесіне шығып алып, азан шақырып тұр екен («Лен. Жас»).
Аза салды. Қаралы үйге жиын асына, асқа деп, үлес-сыбаға беру. Құнанбайдың үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір той сойыс апарды. Жəне азаға салғаным деп, Зере мен Ұлжан түйе апаратын болды (М.Ə.).
Азасын өткерді. Қайтыс болған кісіні арулап жөнелтті. Əбіш сол (1919) жылғы көктемге қарай қайтыс болды. Ғабит екеуіміз оның азасын қолдан өткердік (С.Мұқанов).
Айтұяқ шалды. Құрбандыққа мал сойды (діни сенім бойынша «құдайға құлшылық» істеп, аяулы малын садақаға сою.) Айтұяқты бозқасқа салып, азан шақырып, Айбарша деп ат қойыпты (Т.Ахтанов).
Айыл-тұрман тағынды. Жол жүруге əбден дайындалып, сайланды Айыл-тұрман тағынып, Туған елін сағынып, Ақбөрте тұр желіде, Артқы аяғын қағынып (Д.Бабатайұлы). Əз болды. Су қараңғы соқыр болып қалды. Барлық денем сау, тек көзім əз болып қалыпты, — деді Балғын (С.Бақбергенов).
Зат есім + етістік компоненттері көбінесе ертегілік, аңыздық сипат негізінде қалыптасқан, тұрақты тіркестер тобы мифтік, ертегілік сюжетті факторлармен түсіндіріледі. А.А.Потебняның теориясы бойынша, тілдің барлық рухани эволюциясының алғашқы нүктесі, бастауы — миф. Ол тіл дамуын: миф — поэзия — проза сатысына көтерді. Ал фольклордың ең көне жанры — миф адамзаттың алғашқы қауым болып өмір сүрген шағында пайда болған. Уақыт өте келе миф өзінің қасиеттілік əрі құпиялық сипатынан айырылып, ыдырауына ұшырауынан рулық қоғамның күйреуі, бұрынғы наным мен ұғымдардың өзгеруі жəне тағы басқа себептер ықпал етеді. Осындай өзгеру, жаңғыру барысында мифтің сюжеті əр түрлі жағдайды бастан кешіріп, сол халықтың өмірімен, тарихымен байланыстырылады. Сөйтіп, ерте замандағы көне мифтер аңыз-əңгімелер, ертегілерге айналды. Сондықтан тұрақты тіркестердің қалыптасуында ертегілік, аңыздық, уəждер, байланыстырылған сөздер ерекше орын алатыны сөзсіз. Сонымен қатар этнофразеологизмде салт- дəстүрге байланысты айтылатын тұрақты тіркестер сонау ерте заманнан келе жатқан салт болып табылады.
Сырға салу тіркесінің көрінісі ертегі-аңыздардан байқалады. Мысалы, «Ер Төстік» ертегісінде Ерназар өзінің тоғыз ұлын аяқтандырмақ болып тоғызына тоғыз келіншек іздеп жолға шығып, бір үйден тоғыз сырға көруі еске түседі. Осы туралы қазақ зергерлік өнерінің лексикасына этнолингвистикалық сипаттама берген ғалым Р.Шойбеков қазақ тұрмысында сырға тағудың, оны пайдаланудың əр түрлі этнографиялық мəнін сөз етеді [5].
Осыған орай салт-дəстүрде қыз ұзату тойына байланысты да фразалық тіркестер кездеседі.
Неке қияр; Неке оқу; Неке суы. Ескі салтта бұл бір-біріне жар болуға ризалық беру, жұптыққа адалдық, айнымастық серт ету, бұған көптің куəлігі.
Қол ұстату; Шаш сипату. Күйеу мен қалыңдықтың бір-біріне жар болуға ризалығы болған соң, күйеу тарапынан қалыңдыққа жасалатын ризалық көңіл білдіруі, құрмет көрсету ізеті. Қол ұстату, шаш сипату деген атақты ырымдар осы (М.Ə.).
Қалыңдық ойнады. Ұрын келіп бетін ашқан күйеу қалыңдығына келіп, ойнап-күліп жүруге ерікті болған, қыз бен жігіт бір төсекте жата беретін болған. Осы салтты «қалыңдық ойнады» деп атаған (М.Ə.).
Бəйге тікті. Озғанға берер жүлдесін атайды. Ал Қарсақ, Борсақ жарысы болады. Жеңеше, балуанның қайсысы, бəйгеңді тік! (М.Ə.)
Ер-əбзелін түзеді. Ат жабдығын сайлады. Жатқырып жалын ұштымен, Құйрығын тарап сүзеді, Алтыннан тағып құйысқан, Ер-əбзелін түзеді («Қобыланды батыр»).
Бата қылды. Өлген кісінің үйіне барып, дұға етіп, артына қалғандарына көңіл айтты, ас қайырды. Қолымда туған адам еді, Мұқаң марқұмға бата ғып қайтайын деп талпындым (С.Мұқанов).
Қалжа жеді. Əйел босанғаннан кейін жас сорпа-ішіп əлденеді деген мағынада. Тақсыр, Жиренше жаңа ғана жас босанып, қалжа жеп жатыр еді («Хан мен Жиренше»).
Кəдесін алды. Жолын алды. Салтқа байланысты жолмен сыйлық, бұйым сияқты алымын алды. Кəкенді жеңгелері күйеуіне оңаша жолықтыру керек те күнəсіздігін көрсетіп, күйеуден кемпір өлді, ит ырылдар, бақан аттар, есік ашар, қол ұстатар кəделерін алуға тиісті (С.Мұқанов).
Малдас құрды. Тізені алшайта беріп, аяғын айқастыра, астына ала отырды. Күшбегіне қарсы, дастарқанның бергі жағында малдастарын құрып, Күшбегіне қарай қалған Есенгелді мен Саржан (І.Есенберлин. «Қаһар»).
Ерулік берді. Көрші кеп қонған үй иелерін шақырып, қонақ ету мағынасында айтылады. Алғашқы күндер-ақ қатар қонған екі ауыл бір-біріне ерулік беріп, шақырысып, араға аяқ-табақ қатынап қалды (Ə.Нұрпейісов).
Есім мағыналы фразеологизмдер негізінен екі салаға бөлінеді: заттық мағыналы (субстантивтенген) фразеологизмдер жəне сындық мағыналы (адъективтенген) фразеологизмдер.
Зат есімдердің ішінде затты немесе заттық ұғымды əдеттегіше атаумен қатар, сол аталған заттың сын-сипат жағынан қандай екендігін қоса-қабат білдіре атайтын, олардың кейбір өзіндік сипатын нақтылай түсіп, əсерлеу не бейнелеу жолмен сезім түрде эмоциялы-экспрессивті рең беретін тіркестер бар. Олар заттық мағынада жұмсалатын фразеологиялық тіркестер. Заттық мағында ФТ- лардың семантикасында сындық мағына да ұшыраса береді. Сондықтан оларды сөйлемдегі қызметіне қарай анықтау керек. Мəселен, сын есімнің семантикалық мағынасы оның морфологиялық ерекшеліктерінен де, синтаксистік қызметтерінен де сараланып отырады. Сындық мағыналы фразеологизмдер мағына жағынан заттың сынын, белгісін білдіретін сөздер болғандықтан, сөйлемде көбінесе анықтауыш мүше болып қызмет атқарады. Сындық мағыналы жəне заттық мағыналы фразеологизмдердің құрамы ұқсас боп келген жағдайда (зат есім + зат есім) тек синтаксистік қызметіне қарап ажыратылады.
Абылай аспас асу (бел). Тым қиын асу, өте ауыр жол. Теміржолдар тартылар, Абылай аспас белдерден. Аса соға, шарқ ұра, сону Сібір-Түркістан (І.Ж.).
Абылайдың ақ туы. Бұл сөз бұрын күллі қазақ атынан айтылар ұранның баламасы ретінде жұмсалған болған. Олар ана жақта партия құрып, Абылайдың ақ туының астына алаш азаматын топтап, үш жүздің баласының басын біріктіріп жатқан көрінеді (Ə.Нұрпейісов).
Азан айтып қойған аты. Азан шақырып, қазанның құлағын қағып қойған аты. Азан шақырып, қазанның құлағын қағып қойған атым аталмай, қара бала атанушы едім (Қ.Жұмалиев).
Ақ жол емі. Қазақтың ескі салтында ер жігітке оқ тисе, денеде тұрып қалған оқты түсіру үшін жаралы кісі үстінен əйелдерді үш мəрте аттататын əдет еді. Егер ол əйел күнəсіз болса, денедегі оқ кері шығады деген ұғым болған. Ешбір дəрісіз, құралсыз тек адалдығымен шипагер болғандықтан, əйелдердің бұл емін «ақ жол емі» деп атаған. Ақ жол емі төре тұқымының əйел жынысын бозбалалықтан, ерлерінің көзіне шөп салушылықтан сақтау үшін Абылайдың өзі шығарған емі болатын (І.Есенберлин).
Баба түкті Шашты Əзиз (діни). Ескі ұғымда қолдап-жебейтін əулие туралы айтылған. Баба түкті Шашты Əзиз, баламды сізге тапсырдым («Қыз Жібек»).
Бадана көзді кіреуке (көне). Бұрынғы кезде батырлар киген ірі көзді сауыт. Бадана көзді кіреуке, шарайнасы бес қабат. Тоғыз қабат көз сауыт, Саған арнап соқтырып... Оны үстіңе кигейсіз («Қыз Жібек»).
Бақан аттар. Құда түскелі барғанда құдалардан алатын кəде. Кəкенді жеңгелері күйеуіне көрсетіп, күйеуден: кемпір өлді, ит ырылдар, бақан аттар, есік ашар, қол ұстатар сияқты кəделерін алуға тиісті (С.Мұқанов).
Ілу сый. Күйеу есік аша келгенде əкелетін қалың малдың басы, қыз əкесі берген китін сыйдың қарымтасы, қаруы. Қалың мал басы Алшыңбайдың өзіне арналған кесек күміс бесік жамбы. Бұл «ілу» деп аталып еді. Қаратын қарамалды айтқанда: жетпіс жылқы, отыз түйе аталды (М.Ə.).
Жасау сый, жасау мата. Келіннің көрпе-төсек, киім-кешегіне деп əкелетін мата. Ұлжан Алшынбайдікіне көп қазына əкелді. Келген жылқы, түйеден басқа, жыртыстың бұл матасының өзі екі үлкен атанға артылып келіп еді. Оның ішінде келінге жасау тігінетін батсайы, шақбал, манат, дүрия, шағи бөлек салынған (М.Ə.).
Күйеу жолы. Қайындап барған күйеудің киім кию үлгісі, қалыңдық аулында ұстанар ізет. Бұған тəжім ету де жатқан. Басқа үкі тағу — бар күйеудің əдеті. Қызыл манат шапан мен биік өкше етік киіп, елден ерекше ұзын төбе тымаққа үкі тағып алу, бұл өңірдің бар күйеуіне жол болатын (М.Ə).
Ер қаруы бес қару (көне). Қылыш, найза, садақ, шоқпар жəне сойыл — ерлер асынып жүретін қару-жарақ. Бұрын мықтағанда — ер қаруы бес қару дейді екен (М.Базарбаев).
Еру ел. Көшіп келе жатып, жолай аз аял жасаған ауыл. Еру елдің ерулігі болса, көшкен елдің көмегі болады (Мақал).
Бас тоғыз. Ескілік кəде бойынша берілетін сыйлық. Алғашқы айтқан билігің екен, дəлдігің үшін жолыңа нар бастаған тоғыз байлаттым, бұдан былай сенің сыбағаң бас тоғыз болсын (Шешендік сөздер).
Ғазірет қызыр ие (діни). Жарылқаушы, құт басшысы қыдыр деген мағынада айтылып тұр.
Ғазірет қызыр иеміз: «Тұр, балам, жатпа!» — деп өте берді («Мұңлық-Зарлық»).
Дөнен қымыз. Төрт күн тұрып ашыған қымыз. Той қымыз, құнан қымыз, дөнен қымыз. Тең- теңдегі қара нарға сабаны артқан (Н.Ахметбеков).
Еңсе қара. Күйеу алғаш келгенде алынатын кəде. Еңсеме келдің, еңсе қараң қайда? (Ауызекі тіл).
Жазға салым. Қыс өте, жазғытұрым. Жазға салым қой қоздар кезде сауын айтылған (М.Ə.).
Қайым өлең. Ұйқасын қуалай айтатын айтыс өлең. Шоқан халықтың поэзияда ең көп тараған түрлер деп жыр, жоқтау өлең, қайым өлең, қара өлеңді жеке-жеке алып сипаттайды (Қ.Жұмалиев).
Наз бедеу. Көрікті, келісті, əсем жүрісті жарау бие. Астындағы наз бедеу, Аясы талмай зорығып, сағағында жапанда сары шыбын үймелеп, халық үшін туған қайратты ер нешеуінің кеудесі... Құба жонда қалған жоқ (Б.О.).
Қарғы бау. Қыз айттыра барғанда жаушы апаратын шапан.
Қыз қашар. Қыз «қашырған» кісілерге, оны табу тартысы өткен үйге берілетін сый. Күндізгі той өтіп, кешкілік үлкендер жатып қалып, қыз-келіншектер қалыңдықты көрші ауылға апарып, жасырып қояды. Ол ауылда бір үй арнайы дайындалады. Бұл топпен жүргендер екі жақ (күйеу жақ, қалыңдық жақ) болып бөлінеді. Əлгі үйге қалыңдық жағы қызды жасырып отырады, күйеу жағы іздеп барып табады. Екі жақ тартыс ойын жасайды. Күйеу жақ жеңіп, қалыңдықты жеңгеннің қолына береді. Əлгі үй иесіне күйеу бір ат, я жақсы қымбат шапан береді. Оны қыз қашар деп атайды (Ы.А.).
Жоғарыда келтірілген құрамы екі компонентті фразеологизмдер сырт тұлғасы, яғни жасалуы жағынан, күрделі сөздерге ұқсап тұр. Сондықтан да кейде сөздіктерде күрделі сөздер мен есімдер фразеологиялық тіркестердің ара қатынасы, айырмашылығы ескерілмей қалады. Мұнда басты назар аударатын нəрсе: фразеологиялық тұлғалар күрделі сөздердей номинативті атауға ие емес, ауыспалы мағынада, үнемі бейнелі эмоционалды-экспрессивті мағынада жұмсалады.
Жалпы фразеологиялық тұлғалар мен күрделі сөздердің арасындағы елеулі айырмашылықты түсініп, саралап жазылғанын Ж.Шəкеновтың еңбегінен кездестіреміз. Фразеологизмдердің табиғатын құбылысқа, затқа ат қойып, айдар тағу қызметі жағынан бағаласақ, онда есім мағыналы фразеологизмдердің ішіне заттық мағыналы фразеологизмдердің түрлері көп. Себебі, мұнда айтылу айналасында үнемі өзіндік бағалау мен сипаттау жағы басым.
Заттық мағыналы этнофразеологизмдермен қоса сындық мағыналы этнофразеологизмдер де аз да болса кездеседі. Мысалы:
Ақ жем болды. Су сорып, ағарып кеткен. Көк дорба борбай жағын ақ жем еткен, Намаздың бір шарты жоқ, түгел біткен (С.Торайғыров).
Етегі қанамаған. Бала көтермеген, көрмеген. Ұлдайдың етегі қанамаған кісі (Қ.Жұмалиев).
Етегіне намаз оқыған. Адал, таза, пəк.
Аталған этнофразеологизмдер — ұлт тіліндегі фразеологиялық қордан орын алған, ерекше мазмұндық сипаты бар тұрақты тіркестер. Тіліміздегі этнофразеологизмдер тіл мен мəдениет байланысын айқындайтын этнолингвистикалық арналар болып табылады.
Қорыта келе, тіліміздегі тұрақты тіркестердің мағыналық астарында халықтың ерте уақыттан бергі өмірінің бүкіл болмысы сақталып суреттеледі. Халықтың күн-көріс, тұрмыс-тіршілік негізінде жан-жақты өрбіген түсінік пайымдаулары, соған байланысты қалыптасқан салт-дəстүр, əдет- ғұрыптардың өзгешеліктері тілдік қолданыстағы тұрақты тіркестерден көрініс табады.
Фразеологиялық мағынаның пайда болуына дəстүрлі тіршілік пен мəдени өмірдің əсері мол. Образға негізделген көрініс тіл арқылы жарыққа шыққанда, ондағы ұлттық қабылдау, қазақи дүниетаным, ойлау ерекшеліктері бірден аңғарылады. Олай болса, этнофразеологизмдердің қалыптасу негіздерін халықтың ұлттық-мəдени көздерімен байланыстыра қарастырудың мəні зор.
Сонымен, тілімізде ойымызды бейнелі, мəнерлі етіп, айқын жеткізуде өзінің бейнелілігімен, əсерлілігімен, экспрессивті-эмоционалды бояуымен жəне ұлттық сипатымен айрықша көзге түсетін этнофразеологизмдердің маңызы ерекше құнды. Тіліміздегі этнофразеологизмдер — ұлт тілінің көрсеткіші. Этнофразеологизмдер ұлттық болмысымызды көрсететін этнолингвистикалық арналар болып табылады. Осы орайда қазақ тілінің фразеологиялық қорындағы даяр қалпында қолданылатын тұрақты тіркестердің қалыптасу уəждерін, шығу тарихын зерттеу, зерделеу, ұлт тілінің байлығы ретінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізу — тілтану ғылымындағы ең бір өзекті мəселелердің бірі десек, артық етпес.
Əдебиеттер тізімі
Хазимова Ə.Ж. Қазақ фразеологизмдерінің ұлттық-мəдени деректері: Канд. дис. автореф. — Алматы, 2002. — 30 б.
Қайдар Ə. Қазақ тілінің өзекті мəселелері. — Алматы: Ғылым, 1988. — 197 б.
Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. — Алматы: Ғылым, 1977. — 797 б.
Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мəдени аспектілері. — Алматы, 1998. — 128-б.
Шойбеков Р. Қазақ зергерлік өнерінің лексикасы. — Алматы: Қазақстан, 1993. — 56-б.