Кенесары қырғыздарға неге барды?
06-11-2023
Тілімізде қалау рай тұлғаларынан басқа да грамматикалық тұлғалар тілек, мақсат, арман, өтініш сияқты мәндерінде қолданылады. Атап айтқанда:
Негізгі ойды білдіретін етістікке жалғанатын көсемшенің -а (-е ) жұрнағынан кейін көр (көрме) етістігі тіркесіп келіп те тілек, өтініш мағыналарын көрсетеді. Бұл аналитикалық формантты проф. Н. Оралбаева бұйрық рай көрсеткіші деп есептейді: « -а көр, -а көрме форманттарын бұйрық райдың тілек түрі деп алуға мынандай жағдай себеп болады: 1) бұйрық рай үнемі бұйрық мағынасынада ғана қолданылып қоймайды, оның тілек түрінде айтылуы тілде жиі кездеседі, 2) бұл форманттан кейін бұйрық райдың жіктік жалғаулары ғана жалғана алады. Бұл форманттар бұйрықты жұмсартып, оған тілек , өтініш мағынасын қосады да, тілек түрінде айтылған бұйрықты білдіреді» [1, 130].
Ғалымның пікірін біз де қуаттаймыз. -а, (-е) көр форманты I жақтың жекеше түрінде қолданылмайды, ал көпше түрінде түрі сирек кездеседі. Мысалы: 1. Я, құдай, зар тілегім болсын. Бейуақтағы тілегім. Осы қарашығыма әкесінің осы ит мінезін бере көрме! (М. Әуезов). 2. Ұстазым Шақардың аруағы жар бола көр (Қ. Оразалин). 3. О, жасаған, өзің жар бола көр! Кешіре көр! – Дірдектеген келіншек құдайына сиынып солқылдап қоя берді (Ә. Сараев). 4. Күнімжан кемпір өзі бар деп сенетін тәңірінен күнде тілейтін: «Қатықсыз қара су ішкізсең де, қайғысыз, уайымсыз ішкізе көр», – деп (Т. Иманбеков). 5. Кешіре көріңіз, Рязанов мырза өз ойын өзі айтқан болуға тиіс (Ғ. Мүсірепов).
Тілек мәніндегі -а, (-е) көр форманты арқылы жасалатын мұндай сөйлемдерде құдай, тәңір, алла, жасаған сөздері жиі кездеседі. Алғашқы сөйлемдердегі құдай, тәңір, жасаған сөздері тілек мағынасына қосымша жалбарыну, сиыну тәрізді қосымша реңк беріп тұр. Ал, соңғы сөйлемнен сөйлеушінің сөзінен жалыну, өтіну мәндері айқын көрінеді.
Көптеген ғылыми еңбектер (-ар,-ер,-р) болжалды келер шақ жұрнағы мен еді көмекші етістігінің тіркесіп келуінен де тілек, арман мәндері пайда болатынын көрсетіп, бұл тұлғаны қалау райдың бір түріне жатқызады. Ғылым академиясы шығарған орыс тіліндегі «Қазіргі қазақ тілі» оқулығында бұл тұлға үндеу формасы (сослагательная форма) деп аталады [2, 342].
Көбінесе -ар, -ер есімшесінен кейін -ма (-ме) демеулігі, содан кейін еді көмекші етістігі тіркесіп барып қолданылады. Енді осы екі тұлғаның ерекшеліктеріне мысалдар келтіріп көрейік: 1. Шіркін-ай, сол сұр жыланнан құтқарған адамға бар қазынамды берер едім! (Ә. Сараев). 2. Дүниеде бір-біріне лайықты жандар бар ғой. Ол ән шығарып, бұл құйқұлжыта ән шырқап, өмірді тек әнге бөліп өткізер еді (Ш. Құмарова). 3. Шіркін-ай, біздің ауылға бір арба фашист келер ме еді, келсе ғой, мен өзім-ақ жайғар едім (Т. Нұрмағанбетов). 4. Көкем болса ғой, маған қандай риза болар еді! (Т. Нұрмағанбетов). 5. Үндемей қойсаң, өзі-ақ кетер еді ғой! (Ш. Құмарова).
Бірінші сөйлемде сөйлеушінің арманы берілген, бұл мәнді шіркін-ай одағай сөзі айқындай түседі. Екінші сөйлем үшінші жақтық қатынасты білдіретін формада қолданылғанмен, сөйлеуші өзінің де қатысы бар екенін білдіреді. Бұл сөйлемнен де арман мәнін байкауға болады. Үшінші, төртінші, бесінші сөйлемдердің бағыныңқысы шартты рай тұлғасынан жасалған. Сөйлемдердегі іс-әрекет шындық болмыста әлі орындалмаған, бірақ мынандай жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін: а) бағыныңқы сөйлемдегі шарт орындалса, ә) басынқы сөйлемдегі берілген іс-әрекете басқа бір амал кедергі жасамаса. Бұл сөйлемдерден де арман мәні көрінеді.
Де етістігі шартты рай тұлғалы етістіктермен тіркесіп жиі қолданылады. Де етістігі са (-се) тұлғасымен тіркескен кезде қалау, арман, көксеу, мақсат мағыналары айқын көрінеді. -са,(-се) де тұлғасындағы көмекші -де етістігі шақ бойынша да, жақ бойынша да түрленіп қолданыла береді, бірақ жалпы беретін қалау, тілек, армандау мағыналары өзгермейді. Төмендегі берілген сөйлемдердегі де етістігі ауыспалы келер шақтың I жағында қолданылған, сөйлеушінің тілегін, арманын білдіріп тұр.
Аға мен оқуға барсам деймін, – деді Кәкен, бәрі дастархан басына жиналғанда (Р. Сейсенбаев). 2. Екі жарты бір бүтін болсақ деймін. Бір-бірімізге қорған болсақ (К. Оразалин). 3. Айтайын дегенім, жаңа опера қойғалы жатыр едік, сондағы басты партия –Ақбаланы сізге тапсырсақ дейміз (Ш. Құмарова). 4. Жаппай тендік орнатсақ дедік. Жаңа дүние жасасақ деп күрестік. 5. Мен келгелі толғандырып жүрген жай бар еді, өзіңмен ақылдассам деп жүрдім. (М. Сқақбаев). 6. Ал, мен әзірше сенің портреттеріңді салсам ба деп едім. Бірер күніңді маған қисаң қайтеді? (Ш. Құмарова). 7. Ғылым үшін басымды тіксем деп едім. (М. Сқақбаев). 8. Шабатын жерің болса десейші! (Ғ. Мүсірепов).
Төртінші, бесінші сөйлемдерде бұл тұлға өткен шақ жұрнақтарымен түрленген. Бұл сөйлемдердегі сұрау демеуліктері (ба,бе) сөйлеушінің тілегіне сенімсіздік реңкін үстейді.
Cегізінші сөйлемнің стильдік ерекшелігіне, мазмұнына қарап нақты жақты дәл айта алмаймыз, үш жақтың үшеуіне де бағытталған тәрізді. Бастауыш екінші жақта тұрғанымен, нақты тыңдаушыға қаратылмаған. Де етістігінің десейші болып түрленуі арман мәнін айрықша көрсетеді. Ал, төмендегі сөйлемдегі сөйлеуші арқылы екінші жақтың тілегі берілген: Бүгін ауылға қайтсақ дейсің ғой. Сонда не бітірмекшісің?
Сонымен бұл тұлғада тілек, қалау, арман иелері де етістігінің қай жақта қолданылуына байланысты болады. Осы тұлғалардың болымсыз түрі негізі етістікке болымсыздық жұрнақтары -ма,-ме,-ба,-бе,-па,-пе жалғануы арқылы жасалады: көрмесем екен, көрмесең еді, көрмесе етті, көрмесең.
Қазіргі қазақ тіліндегі мақсат көсемше деп аталып жүрген -ғалы, -гелі, -қалы, -келі тұлғасы сөйлемде контекске қарай екі түрлі мәнін де қолданылады. Көсемшенің бұл түрі негізгі қимылдың мақсатын, мезгілін білдіретін етістіктін тұлғасы. Білдіретін мағынасына қарай , көсемшенің бұл түрі түркологиялық әдебиеттерде бірде мақсатты көсемше деп аталса, бірде келер шақтық көсемше деп аталады. Тарихи тұрғыдан қарағанда, келер шақтық көсемше де өткен шақтық көсемше сияқты өте көне категория. Бұл түркі тілдердің қазірде белгілі боп жүрген көне жазу нұсқаларының ең ескісінен саналатын ескерткіштердің өздерінде де кездеседі. Бірақ сол көне жазу нұсқаларында болсын, одан әлдеқайда кейін жиналған фольклор материалдарында болсын көсемшенің бұл түрі жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясында кездеспейді, ол не мақсат, не мезгіл пысықтауыш қызметінде немесе күрделі мүше қызметінде ғана қолданылады. Ескерткіштер тілінде -ғалы тұлғасы бірлі жарым жағдайда ғана кездеседі, сондықтан біз оны сол кезде қолданылған көсемшенің өнімді жұрнақтары қатарына жатқыза алмаймыз. Мысалы: Turk budun, oturafalu; Turk gafan olurfalu. Түркі халқы отырғалы, түркі қаған отырғалы «Тоныкөк» . Tanunfalu kaldim anun, tabfyna. Танығалы келдім оның табынына «Құдатқу білік».
Кейбір түркі тілдерінде бұл тұлғадан жасалған етістіктер ниет райын жасайды [3, 312] Бүгінгі күндері бұл жұрнақ өнімді қолданылады және етістік таңдамайды. Біздің айтпағымыз бұл тұлғаның мақсат, ниет мәндерінде қолданылуы болғандықтан, төмендегі берілген мысалдар осы бағытта жиналды:
– Мені Әни апам жіберді. Жаңағы алған құстарын түгелімен біздің ауылға жөнелтесін деді. Соларыңызды алғалы келдім (М. Әуезов).
Бәле іздемесең, кіріспе! Кіріссең, алысқалы әдейі кірістің деп білемін (М. Әуезов). 3. Кәне, бірдеме айтқалы отырсың ғой. Ұялма, айт, -деді (М. Әуезов). 4. Біз мынау қызымыз екеуміз сенімен ақылдасқалы келдік,деді Гүлайымды нұсқап (М. Дүзенов). 5.Шырағым, рахметті мен саған айтқалы келдім. Жалғыз жиенім сенің шәкіртің (М. Дүзенов). 6. Мерген де бір жұмаға сұранып келіпті. Баласына той жасағалы жатыр (М. Дүзенов).
Осы сөйлемдердің бәрінде үш жаққа да қатысты субъектілердің мақсат, тілек, ниет, тілек мәндері білдірілген. Контекске байланысты бұл тұлға -айын, -ейін деп, -ғы (-гі,-қы, -кі ) кел,
-мақ(-мек ,-бақ, -бек, -пақ, -пек) тұлғалардың синонимі ретінде де жұмсала береді. Мысалы, төмендегі сөйлемдерді салыстырып көрейік:
... бірдеме айтқалы отырсың ғой. 2. ... бірдеңе айтқың кеп отыр ғой. 3. ... бірдеңе айтпақшы боп отырсың ғой. 4. ...бірдеңе айтайын деп отырсың ғой.
Немесе 1. ...соларыңызды алғалы келдім.
... соларыңызды алайын деп келдім. 3. ... соларыңызды алмақ боп келдім. 4. ... соларыңызды алғым кеп келдім. 5. ... соларыңызды алсам деп келдім. Осы сөйлемдерді салыстырып беретін мағыналарына зер салып қарасақ, айтарлықтай ешқандай өзгеріс енбейтін сияқты.
Ізгі тілек айту халқымыздың ертеден келе жатқан жақсы дәстүрлерінің бірі. Тілектердің бір қатары үлкен адамдардың жастардың істе рі көңілдерінен шыққанда оларға ризашылық білдіріп, жақсылық, денсаулық, ұзақ өмір тілеу мақсатында болады. Мысалы: 1. Табысың құтты болсын! Абыройың арта беруіңе тілектеспін, қалқам. 2. Саған денсаулық, бақыт және әр кезде сәттілік тілеймін. 3.Енді тек сенің ғана бақытыңды тілеймін. 4. Мен сенің олай болмағаныңды тілер едім. Бұл сөйлемдердің бәрінен тілек, қалау мәндері ашық көрініп тұр.
Жергілікті халық тілінде кездесетін ерекшеліктерге де соқпай кетуге болмайды. Әсіресе, қазіргі кездегі әдеби тілдің даму процестерін тереңірек зерттеу мәселесі күн тәртібіне қойылып отырған кезде әдеби тіл мен диалектінің ерекшеліктерін ескерген дұрыс деп ойлаймыз. Оңтүстік, батыс облыстардағы тұрғындар тілін зерттеуге әр кезде ұйымдастырылған диалектологиялық экспедицияға қатысқан тіл маманда-
ры қалау, тілек мағынасын білдіретін -лы(-лі) қосымшасының осы өңірлерге тән ерекшелік екеніне көңіл бөлген болатын. Бұл жайында С. Омарбеков, О. Нақысбеков, Ғ. Қалиев т.б ғалымдарымыздың еңбектерінде айтылған [4, 5, 6 ].
«Бұл формант дауыссыз дыбысқа біткен сөздерден соң қосылғанда, көсемшенің -а,-е жұрнақтарын қабылдап, жуан дауыстылардан соң
-лы,-алы, жіңішке дауыстылардан кейін -лі,-елі болып айтылады. Етістікке -лы қосымшасы жалғанғанда, қалау тілек ретінде болатын іс-әрекетке тындаушымен бірге сөйлеушіге де тікелей қатысы барлығын білдіреді» [6, 40-41].
-лы қосымшалы етістік арқылы жасалатын қалау, тілек мағыналары сөйлеушінің іс-әрекет, оқиға, болмыс жөніндегі субъективтік көзқарасымен байланысты болады. -лы қосымшалы етістіктен көрінетін қимыл-амалды, іс-әрекет ті атқарушының бірі сөйлеушінің өзі болғандықтан говордағы бұл тұлға тек бірінші жақта ғана қолданылады. Мысалы: Оның айтқанына біз де келіселі. Сәкендерден біз де қалыспалы (С. Омарбеков).
Етістіктің бұл тұлғасы сөйлеуші жақ пен тыңдаушы жаққа ортақ амал-әрекетті білдіретіндіктен, ол әрқашан көптік мағынада жұмсалады. Мысалы: Бәріміз жабылып мынаны аударып тасталы. (С. Омарбеков).
Кейбір диалогта келгенде -лы қосымшалы етістіктің сөйлеуші жақ тарапымен айтылатын ұсынысты, тілекті білдірмей, қайта сөйлеуші адамның өз басын белгілі бір істі, қимылды атқаруды мойындауы, ризашылық келісімі түрінде айтылуы мүмкін. Мысалы: –Асеке, айтқанымды ұмыта көрмең! – Жарайды, қарағым, ұмытпалы.
« -лы қосымшалы етістіктің мұндай реттерде контекстік ыңғайға қарай ара-тұра жекеше мәнде жұмсалуы оның говордағы грамматикалық ерекшелігін белгілей алмайды. Бұл жағдай оның тек стилистикалық мүмкіндіктерін ғана танытады. Етістіктің көптік тұлғаларының стилистикалық мақсатта – синекдоха жолымен жекеше мағынада қолданылуы әдеби тілімізде де бар» [5,155].
Басқа етістік тұлғалары сияқты -лы қосымшалы етістік те говорда болымды және болымсыз мағыналарда жұмсалады. Оның болымсыз түрінде болымсыздық жұрнағы түбірімен -лы қосымшасы аралығында қойылады да, – лы әр уақыты дауыссыз дыбыстан басталады. Мысалы: Көп сөйлеп сөз қадірін кетірмелі.
-лы қосымшалы тұлға қазақ арасына көп тараған халық жырларының бірі «Қозы КөрпешБаян сұлу» дастанында да кездеседі: Мұнан былай көрінген қарағайың, Қолыңдағы балтаның сабы-қайың, Үйіндегі қатыны буаз еді, Бұл маралды атпалы, Сарыбайым.
Түркологиялық еңбектердің кейбірінде түркі тілдеріндегі етістіктің -лы қосымшасы туралы оның басында -лық, -лік аффиксімен бір тектес қосымша болуы мүмкін деген пікір бар [7,450].
-лық косымшасы арқылы жасалатын етістік тұлғасы қазақ әдеби тілінде де жоқ емес. Әсіресе, Абай, Ыбырай шығармаларында жиі қолданылады.
-ң(-ың,-ің) қосымшасы Маңғыстау өңірі мен республикамыздың оңтүстік бөлігінің кей жерлерінде бұйрық – өтініш мәнін жасайды. Осы құбылыс туралы С. Омарбеков былай деп жазды:
«ң қосымшасы жалғанғанда етістіктерді тек қалау, тілек, өтініш, сыпайылық» тәрізді мағыналық реңктерде құбылтады [5, 148].
Күндіз келің, достарым, түнде келің, Мен сендерге ұйқымды мың бөлемін.(С. Жиенбаев).
Кәне, келе қалың. (Ғ. Сланов). Барша ғайып жарандар, Мәдеткер болың балама, Үйде, түзде болса да, Бұйрықтан адам қала ма? («Қыз Жібек» жырынан).
Сондай-ақ, бүгінде қолданыс аясы тарылған, күн озған сайын әрі мазмұн, әрі тұлға жағынан көмескіленген -сана тұлғасы да өзі тіркескен етістіктермен бірге қалау, өтініш мәнін білдірген. Бұл тұлға туралы Ахмет Байтұрсынұлы:
«Азалы райдың түріне жақын өтініштеу рай бар: Мәселен: барсана, тұрсана, жүрсана, қойсана, кетсана уа ғайри солай. Бұл рай бұрын айтылса да, бұл күнде тіпті айтылмайды десе де болар. Некен-саяқ бұрынғы ертегілерде ғана келеді («Қара батыр « деген ертегіні қара)» – деп көрсеткен [8, 380].
Сана сөзінің қатысуымен жасалған «қайт сана» түріндегі ырғақтар сол көнерген түрінде халық поэзиясы құрамында жиі ұшырасып дәстүрлі дәнекер қызметін атқарады.
Сен енді елге қайт сана, Қайтып Еділ өт сана. Еңсесі биік бөз орда, Еңкейіп сәлем бер сана. Еріні жұқа сары аяқ, Ер сарықтын іш сана («Едіге» жырынан) 2. Қарабайдың ауылын көрсет сана, Біротала атымды суытайын. («Қозы КөрпешБаян сұлу» жырынан).
Сонымен, тілек, қалау мағыналарын тек қалау рай тұлғасы емес, басқа грамматикалық тұлғалар да бере алады. Олардың ішінде, әсіресе, бұйрық рай, мақсатты келер шақ, шартты рай тұлғалары, болжалды келер шақ пен еді көмекші етістігінің ма шылауымен немесе шылаусыз тіркесу арқылы жасалуы бар. Бұйрық райдың 1 жақ жекеше түрі көптеген түркі тілдерінде қалау рай жүйесінде қаралады, себебі: 1 жақтағы субъект өзіне-өзі бұйыра алмайды, сөйлеуші амалды өзі істейтін, яғни жүзеге асыруға өзі ынталанатын, өзі бел байлағанын, ал көпше түрі белгілі қимыл амалды істеуге өзге адамдарды шақыру, үйымдастыру сияқты мағыналарды білдіреді. Осы мәселеге байланысты түркологтардың бұл пікірлерінің дұрыс еместігін акад. Н. Сауранбаев дәлелдеп берді [9,352].
Тек I жақта емес, II,III жақтарда да осындай мағыналар жиі кездеседі. Әсіресе, -шы,-ші қосымшалары жалғанған кезде бұйрықтық мағына жұмсарып, өтініш, тілек, жалыну -мақ,-мақшы тұлғаларында келер шақ мағынасы бар, сонымен қатар мақсат, ниет, қалау мәндері де анық көрінеді. Бірақ «бұл тұлғаның мағынасы сөйлеу кезінен кейін болатын қимыләрекетті ашық білдірмейді, шындыққа қатысы жағынан қалау райға жақын». Әсіресе, бұл тұлғаларға көмекші бол, екен, еді көмекші етістіктері тіркесіп келсе, ниет, мақсат,тілек, шешім, ұйғарым мәндері айқын көрінеді.
Қорыта айтқанда, қалау рай парадигмасына кіретін тұлғалардан басқа да бірталай формалар қалау, тілек, өтініш, мақсат, ниет т. б. мағыналарды беру үшін жұмсалады.
Әдебиеттер
Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары. – Алматы: Мектеп, 1975. – 136 б. – Б.130.
Современный казахский язык. Фонетика и морфология. – Алма-Ата: Изд АН КазССР, 1962. – 463 с. – С. 342.
Современный уйгурский язык. Ч. II. – Алма-Ата: Наука, 1966. – 456 с. – С. 312.
Омарбеков С. Қазақтың ауызекі тіліндегі жергілікті ерекшеліктер. – Алматы: Ғылым, 1968. – 203 б. – Б. 40-41.
Нақысбеков О. Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы. – Алматы: Ғылым, 1982. – 167 б. – Б. 155.
Қалиев Ғ. Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру. – Алматы: Мектеп, 1985. – 232 б.
Баскаков Н.А. Каракалпакский язык. Фонетика и морфология. – М.: Изд АН СССР, 1952. – 544 с. – С. 450.
Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б. – Б. 380.
Сауранбаев Н.Т. Қазақ тіл білімінің проблемалары. – Алматы: Ғылым, 1982. – 352 б.