Филология. І. Жансүгіров шығармаларындағы гидронимдер мен гидронимдік апеллятивтер
Мақалада Ілияс Жансүгіров шығармаларындағы су атаулары, су атауларын түзуші апеллятивтер қарастырылады. Ақынның «Жетісу суреттері» топтамасы, «Күй», «Күйші», «Мақпал», «Исатай» поэмалары мен өлеңдерінде кездесетін су атауларына, географиялық, сонымен қатар гидронимдік атаулардың этимологиясына сипаттама беріледі.
Ақын шығармаларындағы су атауларының қызметі анықталады. Атап айтқанда, гидронимдік атаулар арқылы оқиғаның қай аймақта болғанын аңғаруға болатындығы; шығарманың тарихилығын, шынайылығын арттыратындығы дәлелденеді. Халық тарихына, дүниетанымдық ерекшеліктеріне қатысты ақпарат алуға болатындығы баяндалады.
Ілияс Жансүгіров шығармаларын жасауда жиі кездесетін апеллятивтер ретінде «су», «көл», «бұлақ» сөздері талданады. Әрбір апеллятивтің мағыналары, этимологиясы ашылады. Мәселен, «су» апеллятиві түркі тіліндегі «sub, sug, suw» сөзінен шыққандығы, мағынасы су-өзен-көл түзетін сұйық зат деп беріледі. Басқа да апеллятивтерге осындай талдаулар жасалады.
Кез келген аймақтың өзіне тән географиялық ерекшеліктері болады. Әр өлкенің табиғат байлығы: тауы мен тасы, өзен-көлі, өсімдіктер мен жануарлар әлемі − сол жердің мақтанышы болып саналады.
Осындай табиғаттың тамаша жаратылыстарының бірі − өзендер мен көлдер. Мыңдаған жылдарды артқа тастап, қаншама оқиғалардың куәсі болған қазақ жерінің әрбір тау-тасы, әр шоқысы, өзен мен көлі – тірі тарих іспеттес.
Киелі қазақ жерінде тарихы тереңде жатқан қаншама өзендер мен көлдер кездеседі. Адамзат ұғымында су-тіршілік көзі, өмір нәрі. Сол себепті де ата-бабаларымыз оларды ұлықтап, түрлі атаулар берген, өткеннің белгісі деп қастер тұтқан. Ақындарымыз өлең арнаған.
Туған жер табиғатын қастерлеп, оның әрбір жаратылысын мақтан тұтып, болашақ ұрпаққа жеткізуші ақындарымыздың бірі – Ілияс Жансүгіров. І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» топтамасы, «Күй», «Күйші», «Мақпал», «Исатай» поэмалары мен өлеңдерінде көптеген су атаулары кездеседі. Автор әдемі табиғат жаратылысы болып табылатын өзен-көл, бұлақ, бастау т.б. шығармаларына арқау ету арқылы туған жеріне деген перзенттік махаббатын, құрметін жеткізеді. Ақын шығармаларындағы атаулардың мән-мағынасына түсінік беру арқылы көркем шығарма тарихилығын, шынайылығын арттырудағы қызметін анықтауға мүмкіндігіміз болары анық. Су атауларынан да ұлттың дүниетанымынан ақпарат алуға болады, себебі «Көркем шығарма мәтініндегі топонимдер мағынасына терең үңілу барысында халқымыздың тарихына, дүниетанымдық ерекшеліктеріне қатысты түрлі мәліметтер алсаң, суреткер шығармаларында қолданыс табуы арқылы қосымша ақпаратқа қанығамыз» [1, 125].
І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» өлеңінде: Күркілдек, Лепсі, Іле, Шу, Балқаш, Шелек, Шаған, Қаратал; «Күй» поэмасында: Балқаш, Сыр, Амудария; «Күйші» поэмасында: Еділ, Жайық, Сыр, Балқаш; «Мақпал» поэмасында: Іле, Қас, Күнес, Текес, Түп; «Исатай» поэмасында: Жайық, Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл сынды су атаулары кездеседі.
Соның дәлелі ретінде ақын шығармаларындағы бірнеше су атауларына назар аударалық:
Күркілдек − Ескелді ауданындағы өзен. Өзеннің Күркілдек атануына өзеннің ағысы негіз болған. Жергілікті халықтың айтуынша, ағыны қатты өзен күркілдеп, сарылдап ағатындықтан, Күркілдек атанған.
Лепсі − өзен. Атаудың шығу төркіні жайында Э.Пекарский: «Көне түркілердің сай, өзен, сала, жыра мәндеріндегі лаба,-лапа тұлғалары қазіргі якут және чуваш тілдерінде күні бүгінге дейін сақталып келеді» дейді [2,1457]. Ал атаудың екінші сыңарындағы сі-«су» сөзінің өзгерген түрі. Яғни, Лепсі−«сайдағы өзен, су жағасы, өзен бойы» деген мағынаны білдіреді.
Шаған − Алматы облысындағы өзен. Шаған атауы жөнінде Ғ.Қоңқашбаев: «Шаған
атауымоңғол тіліндегі цаган «ақ» деген сөздің тілі-міздің дыбыстық жүйесіне орай ц/ш дыбысына алмасып, өзгерген түрі» [3, 85]. Бұдан атаудың «өзен жағасындағы ақ шағыл (құм), ақ құм» деген мағынадағы сөз екендігін анықтаймыз.
Қаратал − Алматы облысындағы өзен, ұзындығы 321 км. Осы өзен атымен қойылған поселке, аудан аты бар. Қаратал сөзінің мағынасы
«қалың, ну өскен тал», «қалың, жыныс орман, тоғай» деген ұғымға сәйкес келетіндей. Бұған Қаратал өзенінің жағасында талдың көп, қалың өсуі дәлел болады.
Мөлтеңдеп мойнақты орай Қаратал да, Көксуға қойындасад жарды жанып.
Қосылып екі ерке су, екі сұлу,
Балқаштан қалың құмға кетед лағып [4, 204].
Іле − өзен. Бұл көне атаудың шығу төркіні мен мағынасы жайлы әрқилы пікірлер болғаны мәлім. Ғ.Қоңқашбаев бұл қалмақтың иле «жарқыраған», «жалтыраған» деген сөзінен шыққан дейді. ХІ ғ. ірі ғалымы Махмұт Қашғари: «Бұл дария түрік елдерінің Жаухуны деп есептеледі» деген [5, 217].
Шу − өзен. Э.М.Мурзаев: «Чу сөзі көптеген түркі және тибет, қытай тілдерінде «өзен», «су» мәнін білдіреді» дейді [6, 619]. Бұл пікірге қарағанда, атаудың түп-төркіні көне екендігін аңғарамыз.
Шелек – өзен. «Шелек атауы шел және ек деген екі морфемадан құралған. Шел тұлғасы тілімізде кездесетін Желқарқара, Желтораңғы, қырғыз тілінде кездесетін Желарық, Жылкуу, якут тіліндегі Дылкол сияқты топонимдердің құрамындағы жел, жыл, дыл сөздерімен төркіндес. Ал жел, жыл, дыл сөздері көне түркі тіліндегі «бастау, қайнар, су» мәніндегі йул сөзінің қазіргі тұлғасы дей отырып, Шелек − «бастау, қайнарлардан басталатын өзен» мәніндегі атау екендігін анықтайды» [7, 195]. «Жетісу суреттері» өлеңінде «Шелек» атауын мына жолдардан кездестіреміз және ағыны қатты, асау өзен екендігін аңғарамыз.
Арқырап асау Шелек орыпты тас, Бурадай бұлқынады көк ала бас,
Ол баста Күншығысқа шыға шауып,
Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш [4, 204].
Жайық − Батыс Қазақстан облысын басып өтіп, Атыраудан Каспий теңізіне құятын ірі өзен.Атау жайлы Н.К.Дмитриев: «Бұл атау Византия авторы Менандр Протектордың еңбегінде аіх түрінде кездесетінін, оны daix деп оқу керек екенін, бұл сөз йай˃ йаз˃ заз деген етістік түбірінен жасалған», дейді.Осы деректерге қарап, өзен атауының көне дай тайпа атымен аталғанын, атаудағы д дыбысының ж дыбысына алмасып,сөзге орал-алтай тіліндегі көптік жалғауы -ық жалғанып, өзен атауы пайда болған. Яғни, Дайк сөзі «дайлар (адайлар)» мәніндегі ежелгі заманға тән атау [7, 74].
Жем − Ақтөбе және Атырау облыстарындағы өзен. Бұл атау орыс тілінде бұрмаланып, күні бүгінгі дейін Эмба тұлғасында қолданылып келеді. Тіліміздегі Ембі аталуы осының салдарынан. Шындығында тува тілінде Кем/ Хем «өзен» деп Т.Жанұзақ атауға түсініктеме береді [6, 81].
Сағыз − Атырау облысындағы ұзындығы 511 км.өзен. Сағыз атауының түп төркіні жайында Э.Мурзаев: «Фин-угор тілінде сөг
−«саз, батпақ, шалшық», фин. suo, эстон.soo
−«батпақ, шалшық» [5, 511-512] дейді.
Ойыл − Ақтөбе облысындағы өзен. Ұзындығы 800 км. Жергілікті тұрғындар аңызына қарағанда ағылшын тіліндегі «мұнай» сөзінің баламасы көрінеді. Ағылшындар бұл жерде мұнай көп, мұнай шығарамыз деп Ойыл атанып кетіпті. Ресей Федерациясының Челябі, Қорған облыстарында, Тобыл өзенінің сол жақ тармағы Уй өзені аталады екен. Башқұрт, татар тілдеріндегі уй, қазақша ой, «ойпаң, ойпат» деген мағынаны білдіреді. Яғни Ойыл «ой, ойпаң жердегі өзен» мағынасына сәйкес келеді.
«Исатай» поэмасында аталған су атаулары:
-Жайықтың жалпақ елім аржағында; Жем, Сағыз, Ойыл, Қиыл аймағында. Жұмысым Исатай мен Махамбетте;
Батырдың қосы қолдың қай жағында? [8, 395] деген шумақта беріледі.
Текес − Райымбек ауданындағы өзен. Бұл атауды Э.Мурзаев «Теріскейден ағатын су − Күнестің антонимі» десе, Шоқан Уәлиханов
«Қашқарға сапар» атты еңбегінде осы өзеннен өткен кезде «Теріс аққан өзен» деп атаған. Себебі өзен басқа өзендердей емес, батыстан шығысқа қарай аққандығынан атаса керек [6, 186]. «... ақын поэзиясында көрініс тапқан топонимдер ең алдымен, географиялық атаудың объектімен байланысын, сол объекті туралы кешенді ақпаратты қамтып, белгілі бір аймақта ертеректе кімнің, қандай тайпаның, рудың қоныстанғандығынан және жалпы халық тарихынан ақпарат береді. Екіншіден, ақын өлеңдеріндегі әрбір топоним – сол аймақты мекен еткен халықтың дүниетанымы, тұрмыс – тіршілігі, салт – дәстүрі мен географиялық орта туралы таным – білімі туралы қосымша ақпарат көзі. Үшіншіден, ақын белгілі бір топонимді қоғамдағы құбылыстардан бірқатар мәліметтер беру мақсатында және оқырманға өзінің ішкі ойын жеткізудегі қатысым құралы ретінде қолданылған» [9, 742].
І.Жансүгіров шығармаларында жоғарыда аталған су атауларын жасауда бірнеше гидронимдік апеллятивтеркездеседі.
Ақынның «Ағынды менің Ақсуым» өлеңінде кездесетін «Ақсу» гидронимиясы қазақ тілінде апеллятив ретінде де, гидронимдік объектілердің құрамында да қолданылады. Мұндағы суапеллятиві «су, өзен, көл» мағынасын беретін көне түркі тіліндегі sub,sug,suw сөзінен шыққан. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «су − өзен, көл т.б. түзетін мөлдір сұйық зат» деп анықтама береді [10, 742]. «Су» апеллятиві көбінесе гидронимдердің құрамында екінші сыңары болып тұрады, яғни анықталушы сөз болады. Бұл апеллятив жеке географиялық атау ретінде өте сирек кездеседі, екі, үш құрамды гидронимдік атаулардың құрамында өте жиі кездесетін тұлға болып табылады. Ол ақынның өлеңінде:
Ағынды менің Ақсуым,
Арқырап әлі ағасың. Ақиланған ашумен,
Ақтарып асқар сабасын деп беріледі [4, 7879].
Мұндағы Ақсу өзенін Б.Нұржекеев өз еңбегінде «Әшім Тұрлыбаевтың көрсетуінше, Жетісудың жеті өзеніне Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз, Талас және Шу өзендері жатады» деп жазған екен [11, 11]. Яғни бұдан Ақсу өзенінің Жетісу жерінде орналасқанын білеміз. Зерттеушілердің пікірінше, мұндағы «ақ» сөзі судың түсін білдірмейді, оның ағынын, тау басынан өз арнасымен төмен қарай ағып келетін қардың суы екендігін көрсетеді. «Ақ» сөзі түсті білдіреді. Біздің пікірімізше, таудан құлай аққан ағыны қатты өзен суының түсіне байланысты айтылған. Себебі шын мәнінде арқырап аққан Ақсу өзенінің түсі – ақшыл.
І. Жансүгіров «Жетісу суреттері» топтамасында:
Жер таппан жерде жетер Жетісуым: Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым, Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын [4, 198].
Жыландай иір қаққан Иірсуда, Білдірмей тау іргесін сөгетіндей. Лабасы төрде жатыр төс табандап, деген өлең жолдарында Көксу, Иірсу деген де «су» гидронимдік апеллятиві кездеседі. Мұндағы Көксу атауы ақынның «Рүстем қырғыны» поэмасында, басқа да шығармаларындабірнеше рет кездеседі. Бұл атау бірде жер аты, бірде өзен аты есебінде кездеседі. Көксу атауындағы «көк» сын есімді атаулар – көбінесе оронимдер мен гидронимдерге тән. Ол екі мағынада қолданылады, бірі − өзен суының тұнық, мөлдір екенін көрсетсе, екіншісі − өзен жағалауының көк майсалы шалғын екенін көрсетеді. Жетісу жеріндегі Көксу атауындағы «көк» сөзі судың мөлдірлігіне байланысты деп білеміз. Себебі тасты тастақ тау суының мөлдір түсі – көк.
Ал Иірсу атауындағы «иір» сөзіне түсіндірме сөздікте: «Иіріліп келген, қисық, ирек» деген анықтама беріледі [10, 363]. Яғни бұл атаудың өзеннің түр-түсіне немесе суының мөлдірілігіне қатысты емес, ағысына қатысты екендігін, өзеннің тура ақпай, иіріліп жатқандығын аңғарамыз.
Сонымен қатар, ақынның осы топтамасында «бұлақ» гидронимдік апеллятивіне жасалған атаулар да кездеседі. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бұл атауға мынандай түсініктеме берілген: «бұлақ − басы бастаулардан басталып, баяу ағатын кішігірім су» [10, 152].
«Бұлақ» апеллятиві тува тілінде – булак, қырғыз тілінде де – булак, қарақалпақ тілінде – булакъ, ноғай тілінде – булак түрінде келіп, бастау деген мағынаны білдіреді және де көптеген гидронимдердің шағын су объектісі екендігін білдіретін сөз қызметін атқарады. Ақынның өлең жолдарында ол былайша көрініс тапқан:
Қарасаң Көкбұлақтан күміс қарға, Өрнегі шербеністің билетіндей.
Осқырып теріс айналған түптің суы, Сырт беріп қос аяқтап тебетіндей [4, 201].
Мұндағы «көк» сын есімі бұлақтың жағасының көк майсалы шалғын екендігін көрсету мағынасында қойылған атау.
«Бұлақ» апеллятиві кейде жалқы есімге айналып, нақты гидронимдік атау болып та кездеседі. Бұл апеллятив тек гидронимдік емес, сонымен қатар, басқа да топонимдік атаулардың құрамында кездеседі.
«Көл» апеллятиві де басқа апеллятивтер сияқты түркі тілдерінің гидронимдерінің құрамында да жиі кездеседі: құман тілінде -кел, қарақалпақ тілдерінде -көл, түркімен тілінде коол чуваш тілінде -куле түрінде кездеседі. Бұл апеллятивтің ерекшелігі бір ғана гидрообъектіні, яғни көл атауын жасауға қатысады. Сөй-
тіп, бірден аталған гидронимнің көл екенін анықтап тұрады. Ал «көл» терминінің мағынасын ашар болсақ, көне түркі тілінде köl «су жиналатын орын» деген мағынаны білдірген. Ал қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «көл – айналасы тұйықталған су тоспасы» ретінде түсіндіріледі [10, 410]. І.Жансүгіровтің «Жетісу суреттері» топтамасындағы «Жетісуда су суреті» бөлімінде кездесетін көл апеллятивтері арқылы жасалған Ыстықкөл, Тұзкөлсу атаулары кездеседі:
Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді, Балқашты қамыс қамап желкілдейді. Аттанған алты өзені Жетісудың, Балқашқа бауырымдап еңкілдейді [4, 203].
Әдетте, судың температурасын білдіру мақсатымен туындаған негізінен суық, жылы, мұз сияқты сөздердің тіркесуімен жасалады, ал өлең жолындағы Ыстықкөл атауы құрамындағы «ыстық» сын есімі көл суының жылылығын білдірсе,
Телміртіп Текес аса ай туады, Тайыншаның тарғыл ала зересіндей. Жайлаудың ортасында Тұзкөл жатыр, Жарқырап төбел таздың төбесіндей [4, 201] жолдарындағы Тұзкөл атауы туралы Т.Жанұзақовтың «Қазақ ономастикасы» еңбегінде бұл атау: «Райымбек ауданындағы тұз шығатын көл, сол көл жанындағы елді мекен атауы» деп көрсетіледі [5, 194]. Көл айналасы көк шалғынды кең жазық, терістік жағында Сарыбастау елді мекені орналасқан. Көлдің Тұзкөл аталу себебі көлдің суының дәмін, ащылығын білдіреді.
Ақын шығармаларында әлі де болса мәнмағынасын ашып, көпшілік оқырманға жеткізетін атаулар кездеседі. Ақынның кез келген шығармасынан кең байтақ қазақ даласының сұлу табиғатын, әдемі өзені мен көлін, туған топырағымызда өсетін өсімдік атаулары мен жануарлар дүниесіне қатысты атаулар, аспан әлемінің құпия атауларын кездестіреміз. Ақын сол атауларды шығармаларына арқау ете отырып, туған өлке табиғатының байлығы мен жауһарларын сақтауға, көздің қарашығындай қорғауға шақырады. Ақынның жоғарыда аталған шығармаларында, яғни «Жетісу суреттері» топтамасы, «Күй», «Күйші», «Мақпал», «Исатай» поэмалары мен өлеңдерінде географиялық атаулардың, соның ішінде су атауларының қолданылуы шығармалардың тарихилығын арттыра түседі, географиялық орта туралы ақпарат көзі болумен қатар, семантикалық – стилистикалық белгілерімен ерекшеленеді.
Әдебиеттер
Пангереев А.Ш. Жер – су атауларының поэтикасы. Ақтөбе, 1996. – 114 б.
Пекарский Э.К. Словарь якутского языка. В 3-х томах. –М., 1959.
Конкашпаев Г. Словарь казахских географических названий. – Алма-Ата, 1963.
Жансүгіров І. Көп томдық шығармалар жинағы, − Алматы: Қазығұрт, 2004. –Бірінші том: Өлеңдері. − 432 б.
Жанұзақ Т. Қазақ ономастикасы. Атаулар сыры 3. − Алматы: ДайкПресс, 2007. − 524 б.
Мурзаев Э.М. Словарь народных географических терминов. – М., 1984.
Жанұзақ Т. Қазақстан географиялық атаулары. Алматы облысы. – Алматы: Арыс, 2005. – 256 б.
Жансүгіров І. Көп томдық шығармалар жинағы, 3 том. − Алматы: Қазығұрт, 2004.
Қасенов Е.С. Тілдің қатысымдық және танымдық табиғаты. – Алматы: «Ғылым ордасы» РМК, 2011.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. − Алматы: Дайк-Пресс, 2008. − 968 б.
Нұржекеев Б.Өзендер өрнектеген өлке. – Алматы: Жалын, 1987. − 228 б.