Филология. Реферат. Көркем шығармадағы антропонимдердің қолдану ерекшелігі

Oinet.kz 08-09-2020 874

Мақалада қазақ балалар әдебиетінің ономастикалық кеңістігіндегі жалқы есімдерді тану, ондағы бала санасы арқылы дүниені қабылдау мәселесі айтылады. Б. Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» шығармасындағы кейіпкерлер мен олардың лақап аттары, жер, су атаулары ұлттық таным мен болмысқа, психологиядық танымға негізделген.


Қазақ тіл білімі өзінің дамуында жаңа бағытты басынан өткеріп отыр. Тілді психолингвистикалық, конгнитивтік тұрғыдан қарастыру арқылы тілші ғалымдар тілдік бірліктердің антропоцентристік сипатын ашуға мүмкіндік алды. Бұл тіл білімінің салаларына ортақ құбылыс ретінде танылып отыр. Ал ономастиканы психолингвистикалық немесе этнолингвистикалық аспекті тұрғысынан қарастыру қандай дәрежеде? Антропонимдарді, топонимдерді, космонимдерді т.б. осындай жаңа бағыттардың принциптерімен қарастыруға бола ма? Бұл орайда белгілі ғалым, зерттеуші Қ.Қ. Рысбергеннің: «Қазақ лингвистикасында жаңа бой көтеріп келе жатқан антропоцентристік үрдіс болашақта, жалпы тіл білімінде, оның ішінде ономастикаға тән зерттеулерде жедел дамымақ. Себебі осыған дейінгі зерттеулерде ономастика тек өзіндік ішкі ерекшеліктеріне сай, шектеулі шеңберде «язык сам себе» деген принциппен зерттелсе, енді адам болмысы, табиғаты оның қоршаған дүниені қабылдауын негізге алатын зерттеулер орын алмақ. Кез келген тілдік сала, оның ішінде ономастика жан-жақты кешенділікті талап ететін уақыт та жақын» деген пікір баса назар аударуды қажет етеді. [2, 25]


Осындай өзекті мәселеге назар аудара отырып, көркем әдебиеттердегі жалқы есімдерді этномәдени және психологиялық факторлармен байланысты қарастырып, әлеуметтік және мәдени дүниетанымды социолингвистика, психолингвистика тұрғысынан қарастыруға болады. Жалқы есімдерді, әсіресе антропонимдерді бұлай қарастыру профессор Т. Жанұзақовтың: «Антропонимдерді социолингвистикалық тұрғыдан зерттеу туралы мәселелер қойылғанымен, кейбір авторлардың еңбектерінде тиіп қашты пікірлер айтылғаны немесе шағын мақалалар жазылғаны болмаса, айтарлықтай арнайы зерттеу жұмыстар жасалмай келеді. Антропонимдік мағлұматтар тілдік және мәдени-әлеуметтік байланыстарды зерттеу барысында белгілі бір теориялық әрі методологиялық мәнге ие болып келеді. Сонымен қатар кісі аттарының социолингвистикалық сипатын да айқындай түседі. Өйткені антропонимдік жүйе әрбір халықтың тарихи, мәдени әрі этникалық психологиялық және идеологиялық факторларымен тығыз байланысты» деген пайымдауынан кейін туындаған ой [3, 44]. Әрине көркем әдебиет сан салалы, ондағы жалқы есімдер де тақырыптық ерекшелігі мен мазмұнына қарай әр түрлі. Оның ішінде тарихи шығармаларға тән жалқы есімдер, антропонимдер мен прецедентті атаулардың тілдік, құрылымдық мәні бір бөлек. Ал біздің мақсатымыз қазақ балалар әдебиетіндегі жалқы есімдерді тану, ондағы балалар санасы арқылы дүниені тану мен қабылдаудың мәнін ашу. Сол себепті белгілі балалар жазушысы, халқымыздың дарабоз қаламгері Б. Соқпақбаевтың шығармаларын алғанды жөн көрдік.


Б. Соқпақбаевтың қазақ балалар әдебиетінде ерекше қолтаңба қалдырған тұлға. Жазушының шығармаларындағы кейіпкерлер мен олардың лақап аттары, жер-су атауларының мәні ұлттық таным мен болмысқа, психологиялық танымға негізделген. Балаларға арналған әңгімелері мен повестерінде дүниені танудағы жас ерекшелік психологиясы мен танымның когнитивтік санадағы көрінісі айрықша рең беріп тұрады. Сол себептен Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Жекпе-жек», «Менің атым Қожа», «Аяжан», «Алыстағы ауылда», «Өлгендер қайтып келмейді», т.б. шығармаларындағы жалқы есімдердің мінезі мен оның логикаға сай дамуы, психологиясы мен дүниетанымы, тілдік ерекшелігі арнайы қарастыруды қажет етеді. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» әңгімесі де мазмұны мен стильдік ерекшелігі жағынан бітімі бөлек дүние. Шығарманың тілдік жүйесі Қожаның психологиялық қабылдауы мен оның когнитивтік санасындағы дүниетанымы деңгейінде құрылған. Шығарманың басты кейіпкері Қожаберген өз есіміне деген танымдық көзқарасты психологиялық тұрғыдан былай көрсетеді: Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер [4, 335]. Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. Бірақ дүниеде не қилы ғажайып құбылыстар бола беретіні тәрізді, бертін келе «Қожабергеннің» құйрығы үзіліп түсіп қалыпты. Сонымен мен өзім ес білгелі Қожамын [4, 336]. Бұл, адам аттарын қоюда ислам дінінің әсері мен халықтың әдет-ғұрып, салт-сана, наным-сенімдерінің ықпалы. Профессор Т.Жанұзақ көрсетіп бергендей сұлтан, қожа, төре, мырза т.б. күрделі тұлғалы есімдер тарихи сипаты жағынан архаизм сөздер. Бұл жерде Қожаның пікірін пайымдау үшін алдымен оның таным деңгейін түсіне білу қажет. Мұндағы ең басты әсер етуші фактор қоршаған орта, қоғамдық сана. Егер индивид өзінің жеке ойы мен қабылдауын әлеуметтік сананың пікірімен байланыстыра алмаса, онда мұндай логикалық құрылым болмаған болар еді. Бұл жерде автор ескі көзқарас пен жаңа қоғамдық сананың арасын Қожаның өз есіміне байланысты пікірі арқылы дәл көрсетеді. Ал индивидтің тегіне келгенде, психологиялық ахуал тіпті бөлек. Мұнда Қожа өз тегі туралы ақпаратты ерекше стильмен және жаңаша көзқараспен білдіреді. Мысалы: Фамилиям – Қадыров. .. Бір кезде «Қадырұлы» деп те жазып жүрдім . Бірақ жұрттың бәрі «ов» болып жатқанда менің олардан ала бөтен жырылып шыққаным жарамас дедім де, «Қадыровқа» қайтып келдім [4, 336].


Ономастика тілдің лексикалық бір бөлігі ретінде қоғамның, этностың тарихы мен әлеуметтік өмірімен тығыз байланысты. Ономастиканы зерттеушілер ұлттық дүниетаным мен тілдің байланысын, атаулар мен оған негіз этномәдени ақпараттарды тілдік тұрғыдан қарастырады. Кеңестік дәуірде түркі халықтарының ономастикасы жоғары деңгейде зерттелді деуге әбден болады. Ономастиканың өзекті мәселелеріне талдау жасаған В.Радлов, В.Бартольд, Н.Баскаков, В.Никонов, А.Суперанская, В.Бондалетов, Н.Дмитриева т.б. ғалымдардың еңбектері осының айғағы. Ал қазақ ономастикасы, оның ішінде антропонимдерді зерттеудің негізін салушылар деп Қ.Жұбанов, С.Кеңесбаев, Ә.Қайдар сынды ғалымдарды айтар болсақ, сонымен бірге бұл саланың дамуына ерекше үлес қосқан профессор Т.Жанұзақовтың зерттеу еңбектерінің өзі бір бөлек. Қазақ ономастикасы өз даму кезеңінде көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазақ ғалымдары тіл біліміндегі тарихи ономастика саласын жікжігімен талдап, бүгінгі күнге дейін оның жалпыхалықтық, ұлттық негізін саралап берді. Бұл тұрғыда зерттеушілер Е.Қойшыбаевтармен қатар, осы саладағы зерттеуші ғалымдар Қ.Рысберген, Б.Тілеубердиев, У.Мұсабекова, А.Арысбаев, Г.Мәдиева, Ұ.Ержанова, А.Әлімхан, М.Какимова, Б.Көшімова т.б. еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Осы саладағы мұндай күрделі еңбектер қазақ ономастикасының тақырыптық, аймақтық ерекшеліктерін айқындап берді. «Қай кезде, қай қоғамда болмасын адам баласы дүниеге келген заманнан бастап атаулар қоршауында болған. Ең алдымен адам өзін-өзі есімі арқылы танып, өзгеге танытып, туған жерін, шыққан жерін, шыққан тегін идентификациялап, жақын мен жатты осы атаулар арқылы түйсінген.


Сондықтан қазақ халқының қазіргі қалыптағы ономастикалық кеңістігіндегі атаулар жүйесі – жерімізді әр заманда мекен еткен халықтар мен ұлттардың, түптеп келгенде, өз жұртымыздың сан ғасырлыр бойы жасалған ұжымдық ой-санасының жемісі, ортақ мәдени, рухани туындысы». Э.В. Cевортянның пайымдауы бойынша, этимологиялық зерттеудің негізгі мақсаты мен нәтижесі зерттеліп отырған сөздің бастапқы морфо-семантикалық құрамы мен құрылымын анықтау болып табылады. Олар: 1) Белгілі бір сөздің не атаудың жасалуындағы айырмашылық белгісін анықтау;


Сөз не атаудың ішкі мазмұнын яки семантикасын анықтау; 3) Негіз сөздің (атаудың) түбір морфемасын анықтаумен тікелей байланысты екендігін көреміз [1, 3].


Көркем шығармадағы антропонимдердің қолданылу ерекшелігі мен мақсаты туралы айтылған: «Стилистическая окраска имени – непременная составная часть его речевой информации. В отличие от энциклопедической информации, представляющей собой сведения о денотате имени собственного, речевая информация устанавливает связь имени с его носителем, социальное поле денотата и его имени и выявляет отношения говорящего к именуемому. Множество неречевых факторов, дополняющих речевую ситуацию, позволяют речевой информации имени быть предельно сжатой и в то же время достаточно емкой.


В художественной литературе стилистически значимой оказывается и речевая и энциклопедическая, и языковая информация имени. Вплетаясь в единую художественную ткань, они вносят много дополнительных сведений, порой не доступных для понимания при первом прочетании произведения» [7, 121] деген тұжырымда шығармаларда кездесетін жалқы есімдердегі әртүрлі ақпараттардың мол болатындығын айтады.


Шығармаларда автор Қожаның бейнесін жанжақты талдай келіп, оның бірбеткей, қатты мінезін былай ашады: Ох, менің шашым! Қаттылығы, қайраттылығы шошқаның қылшығынан бір кем емес. Шашымды әр алған сайын Әубәкір мені бірінші рет кездестірген адамдай таң қалып бітеді.. – Япыр-ай, мұндай да шаш біте береді екен-ау! Мынау шаш емес, тікенек қой. Тікенек. Мінезіңнің шатақтығы осыдан-ақ көрініп тұр [4, 338]. Жазушының бұл шығармасын әдеби тұрғыдан талдай келіп Қ.Баянбаев: «Қожаны балаларымызға қалай үлгі етеміз? Осының өзі жағымды кейіпкер ме? Бұл бейнені қалай талдап, қалай түсіндіреміз? ... Бір ғана өкініштісі, Қожаның өзі туралы оқулықтарда, зерттеу еңбектерде кезінде де, кейін де жазылған емес. Сондықтан қазақ балалар әдебиетіндегі оның орнын ғылыми түрде белгілеп беретін уақыт жетті» деп көрсетеді [4, 428].


Баланың қабылдауы мен оған ықпал етуші қоғамдық сананың әсері контексте ерекше көрінеді. Шығармадағы Қожаның тәрбиесі мен дүниетанымына әсер етуші адамның бірі анасы Милләт. Бұдан бір жыл бұрын Қаратайдың әйелі дүние салған екен. Дүниеде өзге әйел құрып қалғандай Қаратайдың есек дәме көңілі менің Миллат мамама ауатын сияқты. Бірақ мен Қаратайға іштей кіжінемін де, атаңның басы мамам тиер саған, деген сөзді айтамын. [4, 344]. Кейде Миллат мамам әкемнің суреттерін ақтарып қарап отырады да, мұңға батып, бір түрлі егіліп кеткендей болады [4, 338]. Милләт есімі қазақ ономастикасында сирек кездесетін жалқы есім. Автордың бұл есімді таңдап алу себебі неде?


Арабша-қазақша түсіндірме сөздікте бұл атаудың: 1) ұлт, халық; 2) діни қауым; 3) дінге сену деген үш түрлі мағынасы берілген. Яғни бұл есім автордың когнитивтік санасында елдің, ұлттың еңбекқор, ісіне адал, жарына сыйлы қазақ әйелінің моделін жасауға қажет болды. Себебі автор шығарманың өн бойында Милләт есімді әйелдің шаруақор, ізетті, сыйлы образын айқын, дәл көрсетіп береді. Соған сәйкес оның есімі де осы ұғымды ашып тұруға тиіс болды. Яғни аталмыш есім жоғарыда көрсетілген сапалық ұғымдар мен ақпараттар дың барлығын бойына жинаған тілдік бірлік. Миладъ атауы Л.З.Будагов сөздігінде: рождение Рождество (Христа) годь Христіанский деп берілген. Яғни христиан жылының басталуы, дүниеге келуі деген ұғымды білдіреді.


«Ежелгі заманға тән көне жалқы есімдердің мән-мағынасы, шығу төркіні бұл күні жалпы қауымға түсініксіз келеді. Сондықтан да олардың этимологиясын анықтап, ғылыми тұрғыдан зерделей зерттеудің орны ерекше» [6, 3].


«Менің атым – Қожа» әңгімесіндегі тағы бір есім – Қадыр. Бұл Қожаның әкесі. Бұл есім негізінде абстрактілі ұғымның символы. Автор кейіпкердің оқиға ортасында болмаса да елге сыйлы, халқына аса қадірлі, жұртқа мақтаныш болар образын осы есім арқылы сәтті берген. Оны шығармада Қожа: Әкем Қадір осы колхоз құрылған күннен бастап, ұста болып істеді, мамам сауыншы [4, 348] деп көрсетсе, күзетші шал Сәйбек ақсақалдың: -Әй, Қожа, сенің әкең марқұм азамат еді ғой. Оған тартсаң, директор түгіл, одан үлкені боласың. Бірақ оған тартпағансың. Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиын емес, теңге емес, бақандай бір қарасы жүр. Басқа біреу болса төлетіп алар еді. Ал Қадыр марқұмның кеңпейілділігі соншалық, сіз қас қып өлтірген жоқсыз ғой, ажалы солай тура келген шығар деп, үнсіз қоя салды. Міне, әкең осындай парасатты, ақылды жігіт еді [4, 412] деген сөздерінен байқауға болады.


Белгілі психолог С.Л. Рубинштейн балалар тілінің дамуы мен ерекшеліктері туралы айта келіп «Ситуативті сөйлеу»ұғымы қазіргі ғылыми концепцияларында қолданылып жүрген «конситуативті сөйлеу» деген терминнің баламасы болып табылатынын айтады. Бұл теория бойынша баланың тілдік байлығы коммуникацияның жан-жақтылығы мен нақты ситуацияға негізделетін көрсетеді. Ал «контексті сөйлеу»


баланың ситуацияны қабылдануы мен оны жеткізе білуі жағдайында көрінеді. Бір сөзбен айтқанда бала «өзі контекст жасайды яғни әлдебір шығарма немесе оқиға жөнінде өз ойын айта білуі. Мұндай психологиялық үрдіс


«Менің атым Қожа» повесінде жиі көрініс береді. Мысалы, Мамамның Қарайтайға шынымен күйеуге шыққысы келе ме? Мүмкін емес,


........ Біз, әжем үшеуміз, құдайға тәуба, онсыз да жаман тұрмаймыз ғой. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Мен әлі оқу бітіріп, ер жетемін, университетке түсем. Жазушы болам.....» [4, 342] деген мәтінді Қожаның сыртқы ситуацияны психологиялық тұрғыда қабылдай отырып, контексті сөйлеу дағдысын қалыптастыруы осының дәлелі.


Б.Соқпақбаев кейіпкерлерінің бірі – Сұлтан. Сұлтан шығармада әлеуметтік ортадан бөлек, жағымсыз әрекеттерге бейім образды бейнелейді. Соған қарамастан Қожаның айналасындағы басқа кейіпкерлерге қарағанда Сұлтанның бойында ұйымдастырушылық пен лидерлік қасиет басымырақ. Мысалы: Бір атқа екі ер ерттеп мінген қазақты мен бұған дейін көрген жоқ едім. Сұлтанның мына ақылы, шынында да ойға қонымды, қызық көрініп кетті. Әй көгермей кеткір, қу Сұлтан, сен ғой осыны шығарып жүрген.. [4, 359]. Соның бәрі Сұлтекеңнің арқасы. Бір де бір күн көліксіз болып көргем жоқ. Нелер жорға-жүйрік сәйгүліктерді сол тауып әкеледі. Ертте мынаны дейді, ерттеймін. Кеттік дейді, ілесіп кете берем. Қайда барамыз деп сұрамаймын да [4, 370] деген сөйлемдерде осы қасиеттері айқын көрінеді. Профессор Т.Жанұзақ адам аттарының шығу тарихы мен этимологиясына талдау жасай отырып, араб тілінде Сұлтан есімінің өкімет, билеуші, әкім деген мағына беретінін айтады. шығармадағы Сұлтан беделді болмаса да, кез-келген адамды өзіне тарта білетін, жұмсай білетін қасиетімен дараланып тұрады. Көркем шығармадағы жалқы есімдерді этимологиялық тұрғыда қарастырудың ерекшеліктерін айта келіп, белгілі орыс ғалымы А.В.Суперанская: «Лингвистические этимологии основ имен собственных для авторов литературных произведений обычно интереса не представляют. Экстралингвистические моменты приносят в имена художественного текста новые значения, не имеющие отношения к лингвистической этимологии».


Национальная окраска имени также может служить стилистическим целям.... Создавая национальное произведение, автор подбирает своим героям имена в языковых формах, типичных для определенного социального поля страны и эпохи [5, 123] деген пікір білдіреді.


Қожа үшін енді бір жағымды адам – Жанар. Оны: Іштерінде Жанар да болған шығар. Жанар, біріншіден... кластағы ең бір ақылды қыз. Жанарды ойыма алсам, менің ішім гүл жайнап кеткендей болады [16, 342]. Бүгінгі жырымның тақырыбы – Жанар. Жол ортасына әдемілеп «Жанар, сені сағындым», деп жазып қойдым [4, 379]. Жол бойы менің ойымнан Жанар шықпады. Мен оны көрмегеніме бір ай емес, көп-көп уақыт өткен сияқты. [4, 378]. «Жанар, мен сені керемет жақсы көрем!» Тфу, осы да сөз бе. Жақсы көрудің кереметі, керемет емесі бола ма екен? [4, 198] деген жолдардан байқауға болады. Жанар, 1) көздің жанары, сәулесі; 2) күннің сәулесі, шапағы. Ауыспалы мағынасы келбет, көрік, ажар, рең деген мағына береді.


«Менің атым Қожа» повесінде Қожа үшін жағымсыз образдар Жантас, Қаратай, Майқанова т.б. Қандай ситуация болмасын, Қожа үшін олардың дүниетанымы мен қабылдауы бөлек дүние. Мұны мына мәтіннен аңғаруға болады: Жантас біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, сабақ үстінде сыбырлап – сыпсыңдағыш, өзі тақтаға шыққанда көрінгенге құлақ түргіш Жантас үлгілі оқушы болғаны да, мен үлгісіз болғаным [4, 345]. Жоқ, Майқанова жүрген жерде мен жүре алмаймын. Тым құрыса, жазғы демалыста одан құлағым тыныш болсын [4, 348.]. Сосын Қаратай маңыма жоламақ түгіл, қарамды да көрмес еді. Жантас тәрізді қужақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, әдейі бұзып, келемеждеп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара Көже» дейді [4, 342].


Жантас есімі иран тілінен аударғанда – баланың өмір жасы ұзақ болсын, көп жасасын деген тілекпен қойылған [20, 79]. Яғни осы бір есімнің шығу тарихында халықтың мәдени байлығы туралы мол ақпарат жатыр. Ал Қаратай, қаз. қара – ірі, үлкен, зор,+тай < көне түркі тіліндегі тағ – тау сөзінің дыбыстық өзгеріске түскен күйі. Яғни ата-ананың таудай үлкен тірегі, сүйеніші [7, 94] деген мағына береді. Мынау Қаратай деген... мұндай да жабысқақ пәле болады екен. Көлеңкеше еріп мамамның соңынан қалар емес. Қаратай мотоцикілін от алдырып, тұмсығын көшеге қарай бұрды. «Кет. Жоғал. Тезірек кет!» деп мен оны көңіліммен желкелеймін [4, 409].


Жалқы есімдердің шығу тарихы мен этимологиясын қарастырғанда елдің, этностың мәдениеті, салт-дәстүрі мен рухани байлығы туралы кең мәлімет алуға болады. Ол әсіресе тарихи, көркем шығармалар мен ауыз әдебиеті үлгілерінен анық байқалады. Осы орайда А.В.Суперанскаяның: «Духовная и материальная культура народа, создающего имена, питает их истоки, осуществляет их связь с коллективом, в котором они живут и развиваются, испытывают различного рода влияния, претерпевают переосмысления. Именно связь с культурой народа делает имена собственные яркими выразительными средстствами в художественной литературе» [5, 127] деген пайымдауының мәні зор.


Жоғарыда айтып өткендей, қазақ тілі, оның ішінде қазақ ономастикасы қазіргі уақытта жаңа бағытта дамып келеді. Ономастика саласындағы антропонимдер болсын, топонимдер болсын олардың тілдік ерекшеліктері мен құрылымын мәдени танымдық және психологиялық, әлеуметтік этимологиялық тұрғыдан зерттеу бүгінгі күннің өзекті тақырыбы. Осылай тексеру арқылы ономастикалық атаулардағы халқымыздың сан ғасырлардан бергі тарихы мен шаруашылығы туралы мәдени ақпараттарды алуға болады. Ал балалар әдебиетіндегі антропонимдер – кісі аттары мен лақап есімдер, олардың пайда болуы мен тілдік ерекшеліктерін социолингвистикалық, психолингвистикалық т.б. бағыттарда зерттеу тіл білімі үшін аса құнды дүние болары сөзсіз.

Әдебиеттер


Жанұзақов Т., Рысберген Қ. Қазақ ономастикасы: жетістіктері мен болшағы. – Алматы, 2004. – 3 бб.

Рысберген Қ. Ұлттық ономастика-уақыт сынында // ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сер. – Алматы. – 2003. – №3.

Жанұзақов Т. Ономастика және қоғам // Сөзтаным, 2003. – №3. – 44 бб.

Соқпақбаев Б. Таңдамалы шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1987. – 429 б.

Суперанская Б.Б. Теория и методика ономастических исследований. – Москва 1986. – 255 с.

Жанұзақ Т. Қазақ топонимдерін этимологиялық тұрғыдан зерттеудің негізгі бағыттары // ҰҒА Хабарлар. Тіл, әдебиет сериялары. – №3. – 2004. – 3 бб.

Жанұзақов Т. Есіміңіз кім? – Алматы, 1989. – 79 б.

Реферат. Құстар табиғаттың көркі
Реферат. Ахмет Байтұрсынұлы өмірі және шығармашылығы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу