Филология. Реферат. Жасанды тілдер

Oinet.kz 08-09-2020 2844

Тілді үйрену əрдайым өзекті. Тіл коммуникацияның басты құралы болғандықтан, мəселені жан-жақты шешу табиғи тілдерді қолданумен ғана шектелмейді, жасанды тілдер арқылы да тілдік қарым-қатынас орнайды, себебі ол түрлі мақсатты көздейді. Мақалада жасанды тілдердің мəселелері, олардың пайда болуының себептері, табиғи тілдерден айырмашылығы, ғылымда белгілі түрлері, жіктелуі, коммуникативтік мəні, кейбір кино үшін жасалған тілдердің ерекшеліктері қарастырылды. Нақты тілдік фактілерге негізделген фонетикалық, лексикалық жəне грамматикалық ерекшеліктері, сондай- ақ олардың табиғи тілдермен байланысы талданды. Жасанды тілдер табиғи тілдердің құрымдық жүйесі негізінде зерттеледі, сондықтан тілдік қарым-қатынасты жүзеге асыруда айтарлықтай ерекшеленбейді, олар тек грамматиканы жеңілдетеді, тілдің жаңалығы мен шексіз мүмкіндіктерін көрсетеді.


Тіл табиғатын түсіну өте қиын, оның шығуы мен пайда болуына қатысты пікірлер сан алуан. Тілдің бізге дейінгі замандарда алғашқы болмысымызда біздің еркімізден тыс пайда болғандығын білеміз. Олай детініміз, алғашқы тіл бейсаналықтан пайда болды. Уақыт өте келе адамдардың шексіз шығармашылық қабілетінің нəтижесінде қарым-қатынас жасаудың басты құралына айналды. Тілді біз еркін қолданамыз, бүгінгі біз табиғи тілдер деп жүргеніміздің өзі шартты, ол алғашқы «жасанды тілдердің» дамыған, ұзақ уақыт бойы қалыптасқан түрі ғана. Алғашқы кезеңдерде адамдар дыбыс шығарудың негізінде тілдерді (мəні бар дыбыс, кейін сөз, грамматика) ойлап тапты. Əлемде шамамен 7000-ға жуық тіл бар деп есептесек, бұдан бөлек адамдар тілдік қарым-қатынасты жеңілдету мақсатында табиғи емес тілдерді де ойлап тапқан. Мұндай тілдерді жасанды тілдер деп атаймыз. Олар қоғамда қандай да бір мақсатты іс-əрекетті немесе арнайы қажеттілікті өтеу үшін жұмсалады (қарым-қатынасты жеңілдету, арнайы кино саласында, лингвистикалық тəжірибе жасау т.с.с.). Олардың жалпы саны мыңға жуықтайды. Жасанды тілдердің көпшілігінің, əсіресе, Еуропа елдерінде пайда болуы біріншіден, XV-XVII ғасырлардағы латын тілі мəртебесінің төмендеуімен байланысты. Себебі Еуропа елдерінің басым көпшілігін біріктіріп тұрған да осы тіл болатын. Қайта өрлеу дəуірінде ұлттық мемлекеттердің пайда болуы мен ұлттық тілдердің нығаюы латын тілі қолданысының əлсіреуіне əкеп соқтырды. Екіншіден, əлем тілдерінің грамматикасын бірегейлендіру еді [1]. Бұл мақсатта «универсалды грамматика» жасау тұрды.


Жасанды тілдердің табиғи тілдерден негізгі айырмашылықтары мынада:


 біріншіден, табиғи жəне жасанды тілдер бір-біріне қарама-қарсы болып табылады. Табиғи тілдер табиғи түрде ұжымдық қатынастың пайда болуымен бірге жасасып келе жатқан қарым- қатынас құралы болып саналса, ал жасанды тілдер — бертін келе пайда болған, қолдан қарым- қатынас жасау құралы. Яғни, жасанды тілдер табиғи тілдер сияқты адамзат қоғамымен бірге туып қалыптаспады, олар бертінгі дəуірлерде пайда болды, уақыт арасында айырмашылық бар;

 екіншіден, граматикалық құрылысында ерекшеліктер бар. Табиғи тілдерде сөздердің тіркесі мен байланысы, сөйлемдердің түзілуінде грамматиканың барлық ережелері қатаң сақталса, жасанды тілдерде бұл шарт емес. Олар оңайлатылған нұсқада келіп, солай сөйлеу дағдысына айналып, қалыптасып кетеді;

 үшіншіден, табиғи тілде бүкіл ұлттық тарихы мен мəдениеті сақталады, яғни кез келген ұлттық тілдің сөз байлығы осының есебінен жасалады, жасанды тілдерде бірнеше тілдің есебінен немесе мүлдем қолданыста жоқ адамдар өздері ойлап тапқан лексика есебінен жасалады;

 төртіншіден, табиғи тілдің авторы — ұлт немесе халық, яғни белгілі бір ұжым, ал жасанды тілдің авторы бір ғана адам болуы мүмкін. Мысалы, қазақ тілін қазақ ұжымы (түркі) жасаса, ал жасанды тіл болып табылатын «идо» тілін Луи де Бофрон жасаған;

 бесіншіден, табиғи тіл мен жасанды тілдер көлемі жағынан ерекшеленеді;

 алтыншыдан, жасанды тілдер халық қолданысына тəн болса, табиғи тілдер ұлтқа тəн.

Табиғи тілдер қарым-қатынасты кең көлемде жүзеге асырады. Тілдік заңдылықтар барынша сақталады. Тілдің жүйелік жəне құрылымдық сипаты интралингвистикалық жəне экстралингвистикалық заңдар бойынша өзгеріп отырады. Ал жасанды тілдерде лексика, грамматикалық ережелер белгілі бір шағын ұжымның келісімі бойынша өзгертіліп ықшамдалады. Мұнда тілдің даму заңдылығы ескерілмейді, басты міндеті қарым-қатынасты оңай түрде жүзеге асыру көзделген.


Жасанды тілдерді екі үлкен топқа бөлуге болады. Бірінші топқа табиғи тілдердің негізінде (бірнеше тілдердің араласуы) пайда болған жасанды тілдер жатса, екінші топқа қолданбалы мақсатта арнайы міндеттерді шешу үшін қолданылатын жасанды тілдер жатады.


Жасанды тілдердің жіктелуі төмендегідей болып келеді:


Бағдарламалау тілі мен компьютерлік тіл — электронды есептеуіш машиналардың көмегімен ақпараттарды өңдеуге арналған тілдер.


Ақпараттық тілдер — əртүрлі ақпараттық өңдеу жүйелерінде қолданылатын тілдер.


Формализацияланған ғылым тілдері — математика, логика, химия жəне басқа ғылымдардың деректері мен теорияларын символикалық белгілеу тілдері.


Көркем əдебиет, кино немесе ойын-сауық мақсатында жасалған жоқ тілдер. Ең танымалы: Дж. Толкин ойлап тапқан эльфий тіл немесе «Star Trek» фантастикалық сериялындағы клингон тілі т.б.


Халықаралық көмекші тілдер — табиғи тілдер элементтерінен құрылған жəне ұлтаралық қарым- қатынасты жеңілдету негізінде ұсынылатын тілдер [2].


Жасанды тілдердің ғылымда белең алған бірнеше түрі бар. Олар: волапюк, эсперанто, идо, новиаль, лингва франка нова, словио, универсалглот, оксиденталь т.б.


ХІХ ғасырдың соңында неміс католик священнигі Иоганн Мартин Шлейер волапюк тілін ойлап тапты. Волапюк сөзі «əлемдік тіл» дегенді білдіреді. 1881 жылы И.М. Шлейер өзінің алғашқы «Volapukabled» («Листок всемирного языка». «Əлем тілінің парақшасы».) деп аталатын оқулығын жазып, осы тілдің негізін салды. Бұл тілде арнайы Вена университетінде курстар ашылды, Париж қаласындағы қаржы колледжінде міндетті пəн ретіндегі бағдарлама əзірленді, сонымен қатар баяндамалар дайындалды, дипломатиялық келіссөздер жүргізілді. Санаға қонымды грамматикасына қарамастан, тілдің кемшіліктеріне байланысты волапюк тілі бəсекеге қабілетті бола алмады [3].


Жасанды тілдердің ішінде ең көп тарағаны, адамдар көп қолданатыны — эсперанто. Бұл термин «кімде-кім үміттенетін болса» деген аударманы береді. Бұл тілді 1887 жылы варшавалық окулист- дəрігер Л.М. Заменгоф ойлап тапқан. Оған он жылдай уақыт жұмсады. Оның əмбебап тіл жасаудағы негізгі мақсаты кез келген жер шарындағы адамдардың бір-бірімен оңай қарым-қатынас жасауын көздеді. Ең алдымен эсперантоға «бір дыбыс — бір əріп» қағидаты тəн. Қалай жазылатын болса солай оңай оқылады. Себебі ағылшын, француз басқа да көптеген еуропа тілдерінде мұндай қағидат сақталмайды, жазылуы мен оқылуы бірдей емес. Мəселен, француз тілінде beaucoup — боку (беаукоуп емес), ағылшын тілінде action — экшн (актион емес) болып оқылады. Эсперанто тілінің сөздік қорын латын жəне грек тілінің сөздері құрайды. Əліпбиі латындікі, 16 негізгі грамматикалық ережесі бар, аз уақыт ішінде тез меңгеріп алуға болады. Сөздерін латыннан бастау алатын елдер оңай түсінеді. Мысалы орыс тілінен мынандай сөздер алынған: nepre — сөзсіз, cel — мақсат, dom — үй, krut — керемет, tri — үш, past — бағу, glad — жазу т.б. Француз тілінен: buso (bouche) — ауыз, mateno (matin) — таң, mem (memo) — өзім, tre (tres) — өте, tuta (toute, итал. tutto) — барлық т.б. Итальян тілінен: audiau (addio) — сау бол, artikolo (articolo) — мақала, cielo (cielo) — аспан, popolo — халық, promesi (promesso) — уəде беру т.б. латын тілінен: fenestro (fenestra) — терезе, homo (homo) — адам, apud — шамамен, sub — асты т.б.


Бұл тілді пайдаланушылар ЮНЕСКО-ның қолдауымен Халықаралық Эсперанто ұйымын құрды. Басты мақсаттары эсперантоны халықаралық ортақ тіл ету. Ұйымның мəліметінше, бұл тілде жыл сайын 200-ден астам кітап, 300-ге тарта мерзімді басылымдар жарық көреді екен [3]. Эсперанто тілін шамамен 2 миллиондай адам қолданады, 2000-ға жуық адам туғаннан бастап сөйлейді, яғни ана тілі ретінде қабылдайды. Қазіргі бұл тіл алдыңғы пайда болған уақыттан əлдеқайда дамыған. Себебі тілді қолданушы адамдар болса, мұндай тіл уақыт өткен сайын қоғам дамуымен бірге дамып жетіліп отырады. Бұл тілді пайдаланушылар Еуропада, Оңтүстік Америкада, Шығыс Азия мен кейбір Солтүстік Африка өңірлерінде тұрады. Əлемнің 23 мемлекетінің 63 жоғары оқу орындарындаэсперанто тілінде сабақ жүргізіледі. Нью-Йорк қаласындағы кейбір мектеп бағдарламаларына да енген.


Келесі жасанды тілдердің түрі — идо тілі. Идо эсперанто тілінде «бала, ұрпақ» деген мағынаны білдіреді. Бұл эсперанто тілінің жалғасы іспетті, соның ары қарай жетілген түрі болып есептелінеді. Идо тілін 1907 жылы эсперантошы Луи де Бофрон мен математик Луи Кутюр жасаған. Осы тілде 500 мың адамдай сөйлегендігі анықталды. Əліпбиінде 26 əріп бар, орфографиясы мен грамматикасы айтарлықтай жеңілдетілген. Лексикасы француз, неміс, ағылшын, итальян, испан, орыс сөздерінен құралған. Үйренуге аса қиындық келтірмейді [4].


Идоның эсперантодан негізгі ерекшелігі мынада: екпінді əріптердің болмауы; зат есімнің көпше түрінің i-ға аяқталуы; табыс септіктің болмауы; етістіктің белгісіз түрінің -ir, -ar, -or тұлғада келуі; есімдіктердің латын тіліне ауыстырылуы; көп сөздерді халықаралық етіп өзгерту; жаңа жұрнақтардың болуы.


Əуел баста идо мен эсперанто тілдері арасында бəсекелестік артты. Бұл тілде əлемнің 12 журналы шыға бастады. Бірақ ұзаққа бармады. Эсперантошылардың басым көпшілігі (90 пайызы) идоны қолдамағандықтан, кейбір идошылардың арасында ауызбіршілік болмағандықтан олар өздерінің басқа тіл жасау туралы жобаларын ұсына бастады, мəселен, «эсперантидо», «новиал», «идиом-неутрал», «интерлингва» т.б. Бірақ бұл тілдердің барлығы жүзеге аспай, қағаз түрінде қалды. Сонымен идо көмекші қарым-қатынас тілі ретінде ХХ ғасырдың ортасында жойылды.


Эсперантидо — эсперанто мен идо негізіндегі халықаралық жасанды тілдің жобасы. Оны Рене де Соссюр ұсынды. Бұл тілдің 1919 жылы жəне 1920 жылы шыққан екі түрі болды. Бұл екі нұсқаның да эсперантодан сəл ғана айырмашылықтары бар. Эсперанто тілін білген адамға эсперантидоның мəтіндерін түсіну қиынға соқпады. 1919 жылы шыққан нұсқаның эсперантодан айырмашылығы диакритиканың өзгерісінде (ĝ дегеннің орнына ĝ т.б.) жəне табыс септіктің болмауы болса, 1920 жылғы нұсқасында диакритикалық белгілер мүлде алынып тасталды жəне лексикасында бірнеше сөз өзгерді.


Халықаралық жасанды тілдердің тағы бір түрі — оксиденталь. Бұл тілді эстон ғалымы Эдгар де Ваал ұсынған. Идо тілінің негізінде пайда болған. 1928 жылы оксидентальдықтардың халықаралық Одағы мен Академиясы құрылды. Оксиденталь батыс еуропалық тілдерге ортақ халықаралық сөздерден тұрады. Сөздік қорын еуропа тілдері, оның ішінде бастысы роман (көбіне француз) тілдерінің сөздері құрайды. Сөздердің жасалуында табиғи тілдердегіден өзгешелігі жоқ. Көп қолданушылары интерлингваны пайдаланады. Қазіргі уақытта бұл тілді қолданушылар Швейцария, Чехия, Словакия жəне бірқатар елдерде бар. Бұл тілде «Kosmoglott» (1922–1926 жж.), «Cosmoglotta» (1927–1985 жж.) журналдары шығып тұрды, бірақ əдеби шығармаларда бұл тіл аса қолданылмады.


Новиал тілі 1928 жылы идо тілінің негізінде жасалған, бірақ кейін одан мүлдем ажыраған. Авторы — дат лингвисі Отто Йесперсен. Ол қайтыс болғаннан кейін мүлдем қолданылмады. Тек 1990 жылдары ғаламтордың дамуымен бұл тілге деген қызығушылық қайта туды. Бұл тілдегі сөйлемдердің құрылысы — синтаксисі ағылшын тілінікіне өте ұқсас. Сонымен қатар лексикасына француз, неміс, скандинав тілдерінің ықпалы да жоқ емес.


Лингва франка нова тілін ортағасырдағы «лингва франка» сөйленісінің негізінде психолог Джордж Буре қалыптастырған. Бұл тілдің əліпбиінде 22 əріп бар, грамматикасы жеңілдетілген, грамматикалық род, сан категориясы жоқ, сөздік қоры қазіргі роман тілінікі. Француз, португал, итальян, испан тілінде сөйлейтін адамдар үшін бұл тіл өте оңай. Бүгінгі уақытта əлеуметтік желіде бұл тілді мыңдаған адам қолданады.


Словио тілі — эсперанто мен славян тілдерін араластырып қолдану негізінде жасалған тіл. Мұны 1999 жылы словак Марк Гучко жасап, оны 2010 жылы аяқтаған. Бұл тілді жасаудағы негізгі мақсат славян тілдерін меңгере алмай жүрген шетелдіктермен оңай қарым-қатынас жасау үшін ойластырылған. Словио тілінің грамматикасы, орфографиясы мен орфоэпиясы жеңілдетілген. Етістік, сын есім, үстеу сияқты көпшілік сөздер қосымшалар арқылы ажыратылады. Қазір əлемде бұл тілді 400 миллионға жуық адам түсінеді екен.


Универсалглот тілін 1868 жылы француз лингвисі Жан Пирро қолданысқа енгізген. Ғаламтор, əлеуметтік желі пайда болмағанша бұл тіл əйгілі бола қоймады. Универсалглот тілі латын тілінің негізінде жасалған, яғни əліпбиі латындікі. Сөздік қоры өте бай. Əріптері ағылшын, итальян, испан тілдеріндегідей дыбысталады. Грамматикалық құрылымы роман жəне герман тілдерінен алына отырып, жүйелі түрде жасалған [4].


Қазақ ортасында жасанды тілдер бар ма? Қазақ тілінде құпия сөйлесу үшін сөз арасына дыбыстарды қосып сөйлеу бар. Мəселен, «ф» мен «пи» элементтерін қосу. Мефен бүфігүфін ефертефе. Пимен пибүпигін пиерпите пиойпианпидым офояфандыфым (Мен бүгін ерте ояндым). Мұны жасанды тілге жатқызуға бола ма? — деген сұрақ та туындайды. Əрине, мұны жасанды тіл деп айта алмаймыз. Бұл құпия сөйлесудің бір түрі ғана.


Күнделікті қарым-қатынаста қолданатын жасанды тілдерден бөлек, арнайы мақсатта кино немесе шығарма үшін қолданатын түрлері де бар. Картинаның əсерлі болуы үшін, өзге жат тұрғындар немесе ғаламшарлықтар бейнесін сəтті беру үшін жасанды тілдерді ойлап тауып, фильмде немесе кітапта қолданады. Кейбір жасанды кино тілдеріне тоқталсақ.

Наави — жалғамалы тіл, филиппин тілінің үлгісі бойынша жасалған, етістік формалардың инфиксациясы кеңінен қолданылады («аулау» — taron, «аулады» — tolaron, ‹ol› инфиксі сөз арасына кіре-жарып, мағынаға əсер етіп тұр). 7 дауысты, 4 дифтонг дыбыс бар. Құрамында бір дауысты ғана бар бірнеше дауыссыздар қатар келіп, бір буынды құрай береді (skxawng — ақымақ). Сөйлемнің соңында етістік созылыңқы келеді. Сөйлемдері еркін үлгіде құрылады. Бұл тілде род категориясы жоқ, ерлер мен əйелдердің сөйлеу ерекшелігі тек қосымшалар арқылы ғана ажыратылады. Мəселен, ерлер -an, əйелдер –é (екпінді) қосымшалары арқылы [5].

Клингон тілі — «Жұлдызды жол» сериалының кейіпкерлері үшін ойластырылған тіл. Авторы — лингвист Марк Окранд. Шынайы өмірде жасанды тілдерді əдетте тілдік қарым-қатынасты жеңілдету мақсатында ойлап тапса, клингон тілі фонетикалық-грамматикалық ерекшелігімен күрделі болып табылады. Бұл тіл фильмде жауынгерлердің тілі болғандықтан, көбіне лексикасы эмоцианалды, ұрысу мəнінде жұмсалады. Клингон тілінің грамматикасы, бай сөздік қоры бар (шамамен 2500-нан астам), кейбір сөздері үндістер мен санскрит тілінен алынған. Америкада классикалық əдебиет пен Библияны клингонға аударумен айналысатын клингон тілі Институты бар. Соңғы мəліметтерге сүйенсек, əлемде жүзге жуық адам осы тілде еркін түсінісе алады. Негізін салғандар əліпбиін жасағанда тибет жазуын басшылыққа алған. 21 дауыссыз, 5 дауысты дыбыс бар. Орфографиясы мен орфоэпиясы айтарлықтай қиындық тудырады. Клингон тілінде бір əріп бірнеше символдармен жазылады да, адамдар оқығанда екі немесе үш түрлі дыбыс сияқты шатастырып оқиды. Мəселен, үлкен Q қазақ тіліндегі кх (жылдам əрі дөрекі) сияқты дыбысталса, кішкентай q тіліміздегі к (тамақпен) сияқты дыбысталады. Сондықтан оған көп машықтану керек. Бас əріп сөздің басында ғана емес, кез келген жерінде келе береді: woQ — күш, Qagh — қателік т.б. Грамматикасы да оңай емес. Сөзге жалғанған бір дыбыстың өзі сөз мағынасын айтарлықтай өзгертеді: sus — жел, susa — қатты жел; Qagh — қателік, Qaghа — үлкен қателік т.б.

Клингон халқы ойдан құрастырылған өзге ғаламшарлықтар болғандықтан олардың маңдайлары əжім болып келеді. Егер де сіз «Hab SoSlt QusH!» — аудармасы: «Сіздің анаңыздың маңдайы жазық (əжімсіз)» деген болсаңыз, оларды ренжітіп, ашуына тиесіз. Бұл тілде ренжітудің, ашуландырудың осындай қалыптасқан тұрақты тіркесі де бар [6].

Эльфий тілі — «Властелин колец» шығармасындағы гномдардың құпия тілі. Ол жайында түсірілген фильмді білеміз. Авторы — ағылшын жазушысы, Оксфорд университетінің профессоры Дж.Р.Толкин. Эльфий тілінің негізін Дж.Р.Толкин валлилық, исландиялық жəне скандинавиялық тілдерден алды. «Эльфий тілдер тобына кіретін Толкиннің құрастырған тілдері жүзге жуық. Олардың ішінде ең танымалдары — квенья мен синдарин. Ғалым құрастырған əрбір тілінің грамматикасын мұқият құрылымдаған, басты ерекшелігі — тарихы: уақыт өте өзгеріске ұшыраған Толкин тілдері ғана. Алғашқы эльфий тілдер тобына ортақ көптік жалғауы сандарин тілінің əсеріне жойылып, оның орнына сөздердегі дауысты дыбыстардың ауысуы келді. Мысалы: «brannon» — «мырза» ~ «brennyn» — «мырзалар», «urug» — «орк» ~ «yryg» — «орктер». Мысалы: алғашқыда «ī» əрпі арқылы көптік жалғауын жалғасақ, «fōt» сөзінің «fōti» болатынын білеміз, ол ағылшын тілінен «аяқ» деп аударылады. Ал бұл сөз ежелгі герман тілінен еніп, Толкиннің еңбегіне сəйкес, көптіп мəнге дауысты дыбыстарды өзгерту арқылы ие болады: «foot» — «аяқ» — «feet» — «аяқтар»; «man» — «ер» — «men» — «ерлер». Бұл қызық көрінгенімен, ағылшын тіліндегі кей сөздерді көптеуде қате формалар (неправильные формы) осының əсерінен пайда болды деуге толық негіз бар» [7].

Қорыта келгенде, жасанды тілдердің халықаралық сипатта белең алып дамыған тұсы — ХІХ– ХХ ғасыр. Жасанды тілдерді құрастыру адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынасты жеңілдету, арнайы шығарма, кино саласында жаңашылдықты көрсету мəселелеріне бағытталады.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Жалмаханов Ш .Ш. Тіл білімінің тарихы / Ш.Ш. Жалмаханов. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1999. — 203 б.

  2. Левенец У.В. Язык искусственный [Электронный ресурс] / У.В. Левенец, Б.В. Бирюков // Центр гуманитарных технологий. — 2019. Режим доступа: https://gtmarket.ru /concepts/7210.

  3. Колесник A. Искусственные языки. Что мы о них знаем? [ Электронный ресурс] / А. Колесник // Школа жизни.ру, 2019. — Режим доступа: http:// shkolazhizni.ru/culture/articles

  4. 10 международных искусственных языков и зачем они нужны людям [Электронный ресурс]. — Режим доступа: https://elenaruvel.com/iskusstvennye-yazyki/

  5. Avatar Wiki. — Режим доступа: https://james-camerons-avatar.fandom.com/ru/wiki

  6. Клингонский — самый фантастический искусственный язык [Электронный ресурс]. — Режим доступа: http://linguis.net/klingon-language/

  7. Конлангтер: жаңа тілдер құрастыру [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тəртібі: Кіру режимі: qasym.kz

Филология. Реферат. Қазіргі заманғы лингвистика туралы
Филология. Реферат. Əбіш Кекілбаевтің «Абылай хан» шығармасындағы авторлық ұстаным
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу