Сатира дегеніміз не?

Oinet.kz 07-09-2020 2283

Сатира (лат. Satira)- өзі суреттеп отырған оқиғаны, құбылысты немесе кейіпкерді өткір сынға алып, әжуаға айналдыратын көркемдік бейнелеу тәсілі. Сатираның мысал, эпиграмма, памфлет, фельетон, пародия, шарж, карикатура, анекдот сияқты жанрлары бар. Драматургияда сатира комедия жанрынан көрінсе, көркем прозада сатиралық әңгіме, повесть, романдар жазылады. Сатиралық шығармаларда әсірелеу (гротеск), тұспалдау (аллегория), юмор (достық рәуіштегі күлкі), ирония (жеңіл әжуа), сарказм (ащы мысқыл, кекесін), т.б. бейнелеу тәсілдері кеңінен колданылады. Ежелгі Грецияда жанр ретінде туындағанымен әдебиеттің дербес тегі ретінде Ежелгі Римде кең қанат жайды. Петронийдің Сатирикон, Апулейдің Алтын баспақ романдары осы тұста дүниеге келеді. Орыс әдебиетінде алғашқы сатиралық шығармалар 17 ғасырда дүниеге келді. Қазақ сатирасы халық ауыз әдебиетінен бастау алады. Алдар Көсе туралы аңыз әңгімелерде ащы мысқыл, улы кекесін, сынап-мінеу сарыны басым болса, Қожанасыр туралы күлдіргі әңгімелер юмор, достық рәуіштегі сын, астарлы әзілге құрылады. Тазша бала туралы немесе өтірік өлеңдерде әсірелеу, гротеск тәсілі мол кездеседі. Қазақ фольклорында ұлттық ауыз әдебиетінде ғана кездесетін Шық бермес Шығайбай, Қарабай сияқты сараң байлардың типтік бейнелері жасалған. Жыраулық поэзия (Шалкиіз Тіленшіұлы, Тәтіқара, Бұқар жырау, Шал ақын, т.б.) өлеңдерінде кездесетін үстем топ өкілдерін сынау, шенеу сарыны Махамбеттің өлең-жырларында өзінің шырқау шыңына жетіп, батыл айыптауға ұласады.


Очерк дегеніміз не?
Комедия дегеніміз не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу