Ашық сабақ. Геометрия. 7 сынып. Геометрияның негізгі ұғымдары.
Геометрия пәні бойынша 7 сынып оқушысының өзіндік жұмысының жоспары
I тоқсан
Сабақтың номері: 2
Сабақтың тақырыбы: Геометрияның негізгі ұғымдары. Жазықтықтағы нүкте мен түзу. Кесінді
Мақсаты: 1. Геометрияның салаларын білу;
2. Планиметрияның негізгі фигураларын білу;
3. Нүкте, түзу және кесінді ұғымдарымен танысу.
Конспект
Геометрияның салалары
Планиметрия
} Планиметрияда бір жазықтық бойында жататын, көлемсіз геометриялық фигуралар зерттеледі. Оларға: нүкте, кесінді, сәуле, үшбұрыш, төртбұрыш, шеңбер және т,б фигуралар жатады.
Стереометрия
Стереометрияда белгілі бір көлемі бар геометриялық фигуралар зерттеледі. Оларға: Пирамида, конус, шар, цилиндр және т. б. Фигуралар жатады.
Анықтама
} Жаңа ұғымдардың мағынасын бұрыннан белгілі ұғымдар арқылы түсіндіретін сөйлемді анықтама деп атаймыз.
Төртбұрышты анықтау үшін нүкте, кесінді секілді бұрыннан белгілі ұғымдарды пайдаланамыз. Себебі төртбұрыш нүкте мен кесінділерден құралады.
Нүкте және түзу жазықтықтағы негізгі геометриялық фигуралар болып табылады. Нүктелерді латынның бас әріптерімен белгілеу қабылданған: A,B,C,D,...
Түзулер латынның кіші әріптерімен белгіленеді: a,b,c,d,...
Төмендегі суреттен сендер А нүктесін және а түзуін көріп отырсыңдар.
Түзу шектеусіз. Суретте бір түзудің бөлігін ғана кескіндейміз, бірақ ол екі жаққа қарай да шектеусіз созылған деп түсінеміз.
А және В нүктелері а түзуіне тиісті немесе а түзуі А және В нүктелері арқылы өтеді деп айтуға болады. С нүктесі а түзуіне тиісті емес.
Кесінді. Айталық, А және В нүктелері а түзуінің бойында жатсын. Онда а түзуінің А және В нүктелерінің арасында орналасқан нүктелерінің жиынын АВ кесіндісі деп атайды, яғни а түзуінің А және В нүктелерімен шектелген бөлігін АВ кесіндісі дейді (2-сурет). Кесінділерді шектейтін нүктелерді оның ұштары деп атайды, ал өзге нүктелерінің барлығын оның ішкі нүктесі деп атайды.
Тапсырма:
1. Геометрия неше салаға бөлінеді және оларды атаңыз?
2. Түзу бойынан 2 нүкте белгілеңіз:
а) неше сәуле;
ә) неше кесінді пайда болды? Оны әріптермен белгілеңіз.
3. Кез келген екі нүктені белгіле.
4. Екі нүкте арқылы түзу сыз;
Әзірлеушілер : Шалхарова Б.,Ахметқызы Т., №178 лицейдің математика пәні мұғалімдері. Алматы қаласы Білім басқармасының Қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының қолдауымен ұсынылып отыр.