Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өмірбаяны

Oinet.kz 26-08-2020 930

Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов (1924 жылы 22 қазан Қызылорда облысы, Арал ауданының Құланды поселкесінің Үшкөң ауылы) – Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.

220px-Әбдіжәміл_Нұрпейісов.jpeg

Өмірбаяны

Әлімұлы тайпасының Шекті руының Жақайым тайпасынан.[1]. Ата-тегі Арал маңын ежелден қоныс еткен. Жетінші атасы Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туған. Осы үшеуі, Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі 1941-45 жж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім қыран салып саяттаған, ауылнай қызметін атқарған кісі. Соғыс қарсыңында балық колхозында істеген. 1944 жылы 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапқан.

Өмір жолы

Жазушы өзі туралы сыр-сұқбатында: «Біздің ру жақайым, одан Бәйдібек, одан Бәйімбет шығады. Бәйдібек батыр, бір тайпа елдің басшысы, көсем болған кісі. Әбілқайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай, алшайысып жүретін өркөкірек, өзімшіл жан болыпты. Орыс офицерінің жазуында 1745 жылы қайтыс болды делінген. Батырды жерлеуге Нұралы хан және Есет Көкіұлы батыр келіпті. Алтыншы атамыз Қалдан жуас, қой аузынан шөп алмас момын кісі болыпты. Дегенмен, өз жөнін ақылына бағындырып отырады екен. Бесінші атамыз Арғынбай заманында би болған, сөз білетін, от ауызды кісі деседі. Бірде жол жүріп келе жатқан Арғынбай ауыл шетіндегі үйге келіп түседі. Үй иесі дастарқан жайып: “Ареке, алдыңызға жібек дастарқан жайдық, зерен қойдық, сол зерендегі асқа ат қойып ішіңіз”, – депті. Ыдыстағысы боза болса керек. Сонда Арғынбай тұрып: “Мынау мойтап деген ас екен, Ішіп ал да ой тап деген ас екен, Ақылды ішсе – дана болатын ас екен, Ақымақ ішсе – диуана болатын ас екен”, – деп сусынды ерніне тигізіп, қайтарып беріпті деседі. Арғынбайдың басында құлпытас бар, оны баласы Сыланбай кірешілерге ілесіп Орынборға барған кезінде әкеліп орнатқан. Сыланбайдан – Нұрпейіс, Нұрпейістен – Кәрім, Кәрімнен – өзім. Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: “Қай күні тудым?” – деп сұраған едім, “Оны қайтесің?” – деді. “Комсомолға өтейін деп едім”. “Ит біліп пе. Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін”, – деген еді жарықтық. Нұрпейіс екі сайлауда болыс болған, екінші сайлаудың ортасында мешіт ұстаған. Имамы Бұхарадан бітіріп келген Үмбет ақын. Беларан деген аласа тау бар. Қатпар-қатпар тас, алқа бел ұзын, бір тұмсығын теңізге сұғып жатады. Сол жердегі ауылда оқыдым. Бізде Арқадағыдай аштық болған жоқ, теңіз жағалап балық аулағанның өзегі талмайды екен. Зәт дегеннің үйін жалдап оқыдық. Кейде әйелі шығып: “Бүгін сабақ болмайды. Қожайын ауырып қалды”, – дейтін. Ол күні қуанып үйге қайтамыз. Ақерке есімді сұлу апайымыз сабақ берді. Нұрпейіс ерте 53 жасында қайтыс болды. Қаңтарда әжем бақилыққа аттанды. Мен де шешемді мойындаған жоқпын. Нұрпейістің кенжесі болып өстім. Сол жылы өзім жалаңаяқ болған соң мектепке бармадым. Келесі жылы 2-сыныптан оқыдым. 3-сыныпты Құландыда, 4-сыныпты Көкаралда бітірдім. Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-сыныпта интернатта жаттым», – дейді.

«Сәбит Мұқановтың “Адасқандар”, “Жұмбақ жалау”, Мұхтар Әуезовтің “Абай” романындағы алғашқы екі кітабы (эпопеяның екінші кітабы кейінше шықты), Сервантестің “Дон-Кихот” романының қазақша аудармасы қол сөмкемізден түспеуші еді”.

10-сыныпты оқып жүріп повесть жазғалы бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды.» – дейді жазушы естелігінде.[3]

1942 жылы орта мектепті тәмамдасымен армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты. «Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды. Аштықта есектің етін жегендер болыпты. Мектепте оқып жүргенімде күнде маған сүтке салып, бір кесе сөк беретін. Әкемнің екі әйелі болды. Кешқұрым туыстар біздің үйге жиналады. Көшелі атамыз кіріп келіп, екі келіні тазалап отырған шикі қаздың басын алып, тұмсығынан ұстап, аузына салып, ұзақ талмап шайнайтыны есімде қалыпты. Бұл аштықтың тіршілігі еді. 1943 жылы наурызда лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқытты. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын. – дейді жазушы.

1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітіреді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады. Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түседі. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық қазақ ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланады. 2000 жылы ПЕН клуб жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Француз Луи Арагон, ресейлік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыз Шыңғыс Айтматов, башқұрт Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф Шредер, қазақстандық Мұқтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, т.б. ол туралы тебірене жазды.

Қуатты қалам иесінің жазып жүрген естеліктері де көркем мемуарға жаңа леп әкелді. Қаламгердің жанкештілігі сондай, дүние жүзіне әйгілі шығармаларының өзін әр басылымы сайын қатаң сын тезіне салып, ұштап, сүргілеп, қырнап, мінеп отырады. Бұл – көркем сөз құдыреттілігі алдында бас ию. Әдебиетке сүйіспендікті, ар ісіне берілгендікті ұлы [[Абай]] айтқан «жар ісіне» теңгеру. «Қорлығына», «мазағына», азабына көну. Әдебиеттің жауапшылығы зор дүние екендігін байыбына бара түсінгендік.

«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.

Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер: Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.

Марапаттары

Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендері;

«Еңбек Қызыл Ту» ордені;

«Құрмет Белгісі» ордені;

КСРО Мемлекеттік сыйлығы;

Қазақ ССР-і Халық жазушысы. 200 томдық Бүкіләлемдік кітапхананы дайындап басып шығаруды жүзеге асыруға белсене атсалысқаны үшін, оның ішінде осы сериядағы Мұхтар Әуезовтың екі томдығына арналған алғысөзді мұқияттылықпен жазып шыққаны үшін РКФСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы;

Қазақстанның «Отан» ордені;

1985 жылы «Қазақ КСР халық жазушысы» құрметті атағы берілді.

Шығармашылығы

Әбдіжәміл әдебиеттегі алғашқы қадамын бірден сүйекті жанр – романнан бастады. Ұлы Отан соғысынан жаңа оралған майдангер іштен тебіндеген албырт шабыты қолына қалам ұстатқанда, ақ қағазға алдымен қанды ұрыстан, өмір мен өлім айқасынан алған әсерін түсіреді. Ол әсердің молдығы сонша, әскерден босанысымен, төрт-бес жыл бойы табан аудармай істеген еңбегі «Курляндия» атты қалың романды дүниеге келтіреді (1950). Көркемдік бітімі көңіл тойғандай шықпады десек те, бұл шығарма әдебиетке өз қазынасымен, тың суреттерімен қосылды. Қазақ оқырманын окоп шындығына қанықтырып, жауынгер тірлігінің тереңінде жылап аққан ағысын, тыныс-лебін тікелей үрыс шебінен елестетті. «Курляндия» кейін толықтырылып, әрі ықшамдалып «Күткен күн» (1958) атымен қайта шықты.

Жазылған дүние шығарманың көркемдік сапасын жетілдіру мақсатында өнделді. Кейбіреулер «Курляндия» «сын көтермейтін нашар» шығарма десті. Авторының өзі тіптен тұқыртып: «...1947 жылы әскер қатарынан босанып қайтқан шала сауатты қалпыммен роман жаздым. Әрине, шала сауатты баладан шала сауатты роман шығатыны белгілі» – деп атүсті сынды растағандай болды. Жөнін айтқан – жазушы, сыншы Тахауи Ахтанов. «Курляндия» романында, – деп жазды ол, – жас жазушы ең алдымен өзінің талантын, шебер суреткерлігін танытты. Соғыс өмірін оқушылардың көз алдына көркем елестете білді.

Сонымен бірге азды-көпті шын мағынасындағы жанды, көркем бояулы образдар жасай алды. Біз өмірде кездестіріп жүрген замандастарымыздың ой-арманын, іс-әрекетін ғана емес, түр келбетін, дағдысын, мінез-құлқын, біраз жағдайда ішкі дүниесін сол бір бояуы сембеген ыстық жанды күйде көз алдымызға елестетіп берді. Тағы бір әсіресе айтып кететін қасиет – жас жазушы қазақ тілін жақсы білетінін және оны көркем шығарма есебінде сәтті қолдана алатынын көрсетті».

Уильям Шекспир нақыл сөздері
Барак Обаманың өмірбаяны
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу