Күшік күйеу кім?
Осы "Күшік-Күйеу" деген ұғым тек қазақта ғана бар сияқты. Мысалы орыс пен кәрісте ондай комплекс жоқ. Олар ыңғайына қарай өмір сүре береді. Талай орыс достарым, әйелінің пәтерін былай қойғанда, әйелінің ата-анасымен тұрып жатыр. Жағдайлары мәз. Бір бюджет. Бір отбасы. Көйлегі көк. Қарны тоқ.
Тіпті сол орыс пен кәрісті былай қойып, неміс пен француз, ағылшын мен испандарды алайықшы. Оларда тіпті "пәтер сатып алу" деген ұғым өшіп қалған. Өмір бойы жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп жүреді. Жалақысы бізден он есе көп. Шыны керек, қазір ағылшынға "әйелімнің пәтерінде тұру мен үшін қорлық" десем, ол ағылшын мені түсінбейді. Сонда тек қазақ ғана тыраштанып, сасық кеуде, намысын бермей, әйелінің үйі бола тұра, ол жерде тұрмай, пәтер жалдайтын халық па?
Мен кейде мынандай ойға келемін: Біздің ұлттық кодта "Жігіттің өз үйі болу керек" деген бір қатып қалған заң жазылып қойғандай. Біреулер "үйі болмаса несіне жігіт?", "30 жасқа келіп пәтер алмаса несіне үйленеді?" деген сауалдарға жүйрік. Ал сол жерде қатып қалған догманы заманға қарай өзгерту, бейімдеу деген жоқ.
Мысалы сіз шаң жуытпай, мәпелеп қызыңызды өсіресіз. Оқытасыз. Ол қыз 20-22 жасқа келгенде, тұрмыс құрамын деп кетеді. Бірак тойдан кейін жжастардың тұратын баспанасы жоқ. Сізде пәтер алатын қаражат бар. Сонда қызыңыз үшін пәтер алып бермейсіз бе? Кеше ғана мәпелеп өсірген қызыңызды қаңғыртып қоясыз ба? Әлде қызыңызға жастайынан "Пәтері жоқ сіңір жігітке жолама" деп нұсқау бересіз бе?
Samat Nordman Nurtaza фейсбук парақшасынан алынды