Нашақор бай балалары аз емес
Оңтүстік Қазақстан облыстық наркологиялық диспансерінде өткен жылдың 6 айында 17863 адам емделген болса, оның 2839-ы нашақорлыққа тәуелді болған. Ал, биылғы алғашқы жартыжылдықта 17440 науқас ем қабылдаған. Оның 2726-сы нашақорлықпен есепке алынған.
– Егер 100 мың тұрғынға шаққанда былтырғы алты айдағы пайыздық көрсеткіш 104,7 болса, биыл аталған мерзімде бұл көрсеткіш 96,6 пайызды құрайды. Қуанарылығы сол– есірткіқұмарлардың қатарында кәмелет жасқа толмағандар жоқ, – дейді облыстық наркологиялық диспансердің жоғары санаттағы дәрігер-наркологы Раушан Баймұрынова.
Барлық әрекеттің негізі отбасындағы тәлім-тәрбиемен қаланады. Адам есейгенде отбасында, әке-шешесінен көргенін дамытады. Үй ішінде отбасылық үйлесім болмаған ортада тәрбиеленген ұрпақ ұрыс-керістен көп күйзеліске ұшырап, бар қиындықты артқа тастап басқа өмірге өтіп кететіндей жан рахатын арақтан, анашадан іздейді. Бірақ бірте-бірте одан да жалығып, ағзасы одан да күштірегін талап ете бастайды.
Ал нашақорлардың екінші бір тобын бақуатты отбасылардың балалары құрайды. Ештеңеден тапшылық көрмей өскен оларға дүние қызық емес. Сосын басқа бақыт іздей бастайды. Өзгеше рахатқа батқысы келеді. Сөйтіп-сөйтіп әуестеніп, нашақорға айналып кететіндер де бар. Есірткі сататындар сондайларды есірткіге тәуелді етуге ұмтылады. Өйткені ақшалы адамдар жаны қысылғанда бәрін бере салуға дайын тұрады. Олардың қайтып келе беретіндерін де біледі.
Аталған медициналық мекеме науқастарға консультативтік-диагностикалық және профилактикалық емдік көмек көрсетеді. Раушан Асанқызының айтуынша, облыс көлемінде жүйелі түрде жүргізілген жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде жылдан жылға нашақорлар санының кемуі байқалады. Бұған осы саланың мамандарының үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе тығыз байланыста алдын алу іс-шараларын көптеп өткізуі өз септігін тигізіп жатқаны анық. Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, ОҚО әкімдігінің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қыркүйек – еңбек, отбасы, әл-ауқат» атты іс-жоспары аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2016 жылғы 17 мамырдағы №225 бұйрығы негізінде биыл қыркүйек айының 1-7 күндері аралығында облыста кең ауқымды «Денсаулық сабағы» акциясы жүргізілді.
Ал 26 маусымда – халықаралық нашақорлықпен және заңсыз есірткі бизнесіне қарсы күрес күнінде облыс орталығының Абай, Кең баба, Орталық саябақтарында «Ертеңің өзіңе байланысты!», «Дұрыс өмір сүр!», «Есірткіден бас тарт!» ұрандарымен акциялар өткізілді. Осындай шаралар оқушылардың жазғы демалыстарында балаларды сауықтыру лагерьлерінде облыс әкімдігі, ішкі істер департаменті, денсаулық, білім, мәдениет, ішкі саясат, спорт және дене шынықтыру басқармалары мамандарының атсалысумен де ұйымдастырылған. Ел ішіндегі семинар-кеңестер мен тренингтер, «дөңгелек үстелдерді» қоспағанда жыл басынан бері медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсету мекемелеріндегі медико-психологиялық бөлмелерінде екі рет ашық есік күндері өткізіліп, ақпараттық әдістемелік құралдар таратылыпты.
Диспансердің нашақорлыққа шалдыққан науқастарды емдеуге арналған детоксикация бөлімшесінде есікрткіқұмарлардың ағзасын улы заттардан тазарту жұмыстары атқарылады. Ал 30 төсек орынды реабилитация бөлімшесінде ұзақ уақыт есірткі қабылдаған науқастарды медициналық оңалту емдеу стандарттарына сай жүргізіледі. Олардың қоршаған ортасына дені сау адам болып қайта оралуына, тіпті отбасыларына да психологиялық қолдаулар көрсетіледі. Еліміздің алкоголизммен, нашақорлықпен және уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету заңнамасына сәйкес жергілікті деңгейде есірткіге тәуелді адамдарды медициналық оңалту жұмыстарымен дәрігер-наркологтармен қатар психотерапевтер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер айналысады. Мұнда мекеменің атауына сай мамандандырылған медициналық көмек көрсетеледі.
– Есепте тұратын науқастардың 60-70 пайызы героинді, 30-40 пайыздайы шылым секілді шегілетін анаша мен марихуананы қолданады. Соңғы кезде облыста героинді шприц арқылы тұтынатындар азайып келеді. Бұл жүргізіліп жатқан профлактикалық жұмыстар мен алдын алу шараларының нәтижесі. Мұнда сенім бекеттерінің үлесі үлкен, – дейді дәрігер-нарколог Раушан Баймұрынова. Емдеу-профилактикалық мекемелерінде нашақорлар арасында психобелсенді заттарға тәуелділіктің алдын алуға бағыталған медико-психологиялық кабинеттер жұмыс жасайды. Олар қажетті жағдайда дәрігер-наркологтарға кеңес беріп, тәуекел тобындағы науқастарды анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар диспансердің консультативтік қызметіне 47-93-99, 47-93-96 телефондары арқылы дәрігер-наркологтар мен психологтардың кеңестеріне жүгінуге болады. Облыстағы білім беру мекемелерінде ашылған «Денсаулық мектептерінде» психобелсенді заттарды қолданудың алдын алу, тәуекел топтарын анықтау, консультативтік-диагностикалық көмек көрсету, оқушыларды салауатты өмір салтының дағдыларына баулу мен олардың ата-аналары арасында да ақпараттық ағарту жұмыстары жүзеге асырылады. «Денсаулық мектептерінің» ерікті мүшелері – волонтерлар еліміздің «Халық денсаулығы мен денсаулықты сақтау жүйесі туралы» кодексін, «Балалар құқығы туралы» заңына сәйкес белгіленген құпияларды қатаң сақтауға міндетті. Осындай құпия сақтауға міндетті өз еркімен атқарушылардың жұмыстары бізді қызықтырғанын несін жасырамыз. Соның бірімен сөйлесудің сәті түсті. Волонтер бізбен сыр бөлісуге келісімін бергенімен ата-жөнін жария етпеуді өтінді. Өйткені волонтерлардың барлығы да бұрын есірткі тұтынған адамдар. Расын айту керек, біз оның өмірінің көлеңкелі тұстарын қайта есіне салуды мақсат етпедік. «Қандай есірткі түрін қолданып едіңіз?» деп те сұрамадық. Өйткені кейбір науқастар жазылып шықса да араға айлар, тіпті жылдар салып барып ескі сүрлеуіне қайта түседі екен. Өткенін қозғап, ерік-жігерін сынағандай бұрыс іске себепкер болмауды көбірек ойладық. Көбінде жаман жолға ерік-жігері әлсіздер қайта оралып жататыны анық қой. – Волонтер болып жүргеніме бір жылдан асты. Мұнда Павлодардағы республикалық наркологиялық орталықтан келдім. Ол жерде он бір ай жатып емделдім. Қазір осы Шымкенттегі 8-інші, 17-інші шағын аудандардағы наркологиялық орталықтарда мотивация жүргіземін. Мотивация дегенміз есірткіге тәуелділіктен босатып, салауатты өмір салтын ұстануға насихаттау, – деді волонтер өз қызметін түсіндіріп.
– Нашақорлақ кең тараған және өте күрделі, дәрі-дәрмегі жоқ ауру. Бұдан арылу қиын. Жазылғандардың да арасында қайтып келіп жатқандары бар. Өзім солардың біреуін болса да райынан қайтарсам деймін. Санасына жеткізіп, жүрегіне жылу ұялатып, есірткіге жоламауға біреуін болса да бейімдесек, соның өзі бір жеңіс. Өмірге деген талпынысы ұлғайса, соның өзі нәтиже. Өзім үш адамды көндіріп, Павлодарға емделуге баруына ықпалым тиді деп ойлаймын. Бірақ екеуі қайтып келді. Соның өзінде олар есірткіге қайта беттемейтін шығар деп үміттенемін. Мен де бірден арылып кеттім деп айта алмаймын. Үш-төрт рет ем қабылдағанмын. Оның айтуынша, нашақорлыққа тәуелді азаматтардың отбасы бұзылады. Көбісі ажырасып кетеді. Жастардың арасында та есірткіқұмарлар көп. Отбасын құра алмай жүргендері қаншама. Олардың көбісі шегіп жүрген анашаларына героин, марихуана емес қой деп онша мән бере қоймайды. Отбасын құрсам бәрін тастаймын деп те ойлайды. Сөйтіп соқыр сенімнің жетегінде жүріп, есірткіге қалай тәуелді болып қалғандарын сезбей де қалады. Өйткені олардың ағзалары күнде қолданып жүрген есірткіге қанағаттанбайды. Сосын одан күштісін іздейді. Көктамыр арқылы ине салған соң арылу тіпті қиындайды. «Крокодиль»–соның нәтижесі, нашақорлардың өздері ойлап тауып алған ауру.
– Реабилитацияға барамын, дәрімен емес, психлологиялық тұрғыда сөз жәрдеммен емдеуге көмектесудемін. Павлодарда өте мықты психологтармен сөйлескенде, олар «біздің беретін емдеріміз сіздерге екі-ақ пайыз, бағыттау ғана. Қалған 98 пайыз өздеріңіздің қолдарыңызда» деген. Ол рас. Егер адам өзі ынталанып, өзі ниеттенбесе, ерік-жігерін жеңе алмаса, емделуі қиын. Жалпы волонтерларға қаражат тіпті аз бөлінеді. Оған отбасың түгілі өзіңнің қара басыңды да асырауың қиын. Мен мотивациямен бос уақытым болған соң және өзіме керек болғасын қайтадан есірткіге елітіп кетіп қалмас үшін айналысып жүрмін. Ертең табысы қомақтылау, отбасымды тарықтырмайтын жұмыс тапсам, мен де қоям. Әрине, жүрген жерімде ақыл-кеңесімді айтып жүретін шығармын. Бірақ түпкілікті бет бұра алмайтыным анық, – деді ерікті азамат бізбен қоштасарда.
Ал мекеменің жоғары дәрежелі дәрігер-статистигі Бөрбай Сиқымбаев нашақорлыққа қарсы күрес жүргізуде облыста бекітілген штат саны жеткілікті болғанымен нарколог мамандардың жетіспейтіндігін айтады. Маман тапшылығы әсіресе аудандарда қатты байқалады екен.
– Облыста дәрігер-наркологтардың барлығы да жыл сайын арнайы айлық курстардан өтіп, білітіліктерін жоғарылатады. Былайша айтқанда заман ағымына сай ізденеді. Павлодар қаласының нашақорлықтың медиктік-әлеуметтік проблемалары республикалық ғылыми-практикалық орталығы дәрігерлері келіп дәрістер оқып тұрады. Олар жоғары дәрежелі нарқололог мамандар. Сонымен қатар облыста наркологтардың тапшылығын болдырмау үшін дәрігерлерлі қайта даярлап, бес айлық оқуға жіберіп тұрамыз. Дегенмен аудандардағы бас дәрігерлер қайта даярлауға мамандарын ұсынып, мәселенің оң шешілуіне атсалысқаны жөн болар еді, – дейді Бөрібай Кенжебекұлы.
Біздің маманның пікіріне қосып аларымыз жоқ. Қанша дәрігер болғанымен нашақорлыққа қарсы күрес жұмыстарын өзінің арнайы маман жүргізгені керек-ақ. Аудан басшылары бұл ұсынысты ескерер деген ойдамыз. Өйткені нашақорлық есірткіқұмардың ғана емес, қоғам дертіне айналып кеткелі қашан...
Асылбек ҚҰНАНБАЙҰЛЫ
Мұрағаттан, 2016 ж