Неге кешегі КСРО-дан үлгі алмасқа?

Oinet.kz 10-08-2019 15176

Screenshot_26.jpg

«Жерді шетелдіктерге жалға беру аукцион арқылы сату» мәселесі шыққалы бері, қазақ қоғамы дүр сілкінді. Пікірлер екіге жарылды. Бірі «берейік, сол кезде ғана ел экономикасы көтеріледі» десе, енді бірі «мүлде беруге болмайтынын» айтуда. Осы жерде мен де үнсіз қалуды жөн көрмей, өз пікірімді айта кетсем деймін.

Осы байтақ жерді жалға беру керек пе, керек емес пе деген сауал іздеп, жер комиссиясы құрылғаны белгілі. Отырыстары мерзім сайын өтіп-ақ жатыр. Мен соны үзбей бақылап келемін. Сонда байқағаным, отырыста нақты ұсыныстармен қатар қисынсыз пікірлер де айтылып қалады. Әсіресе, байқасаңыздар, көптеген лауазымды адамдар мына уәжді алға тарта береді: «Еуропадағы алдыңғы қатарлы елдер өз жерлерін жалға беру арқылы экономикаларына жан бітіруде». Айналайын-ау, біздің Қазақстанды әлі Еуропамен салыстыруға болмайды ғой. Қазақстан кеше ғана өз тәуелсіздігіне қол жеткізді десе болады. Сонымен қатар, кейбіреулер Пәкістан, Малайзия, Колумбия, Сингапур, Бразилияда жер сатылады деп, оны Қазақстанда да қолдану керек, яғни шетел тәжірибесін енгізген жөн дейді. Бұл енді дұрыс па? Озық тәжірибемен қатар, тозық тәжірибе де бар екендігін де ұмытпау керек. Жоғарыда аталған елдер ұшпаққа шықты ма? Біз неге КСРО-ны мысалға алмаймыз? Біздің мемлекет Кеңес Одағы тұсында жаппай 100% сауатты өнеркәсібі, тағы басқа да салалары дамыған ел еді ғой. 

«Жерді 49 жылға жалға алған азамат жерді тоздырады, құнарлылығын төмендетеді, жерге жаны ашып қарамайды, ал егер сатып алса жаны ашиды» деген пікір де дұрыс емес. Біздің Ж.Нұрлыбаев ауыл округіндегі  совхоз уақытында тік дренаж істеп тұрғанда 1980 жылы гектарына 42,1 центнер, совхоз бойынша 33,2 центнер мақта алған еді. 1990 жылы ағын су өткізетін К-15, К-17 каналы мен ондағы 51 тік дренаждар жекеменшікке берілді. Міне, содан бері әлгі дренаждар істемейді. Себебі, оны істетуге жекеменшікте қаржы жоқ. Тік дренаждар мен су ағатын каналдарды қайта іске қосу үшін мемлекет есебіне алу керек. Мамандардың зерттеуінше, тік дренаждар істен шыққандықтан 1 жылда 1 гектар жерге 20-30 тонна тұз жиналып, жер сорланып кеткен. Сонда 1990 жылдан бері жерге қанша тонна тұз жиналды? Бұл – жер жекеге өткеннен соң туындаған мәселе. 

Жер – халықтың басты байлығы, жер – адамзаттың күнкөрісі, тіршілік көзі. Сондықтан жер Қазақстандық азаматтарға да сатылмасын. Тек жалға берілсін. Ал, шетел азаматтарына 25 жыл түгілі, 1 жылға да жалға берілмесін. Тағы бір мәселе, «жер сатылсын» деп ұрандатушылар – болашақта жерді арзымайтын тиынға сатып алып, заңдастырып, өз ұрпағына мұра қылып қалдырғысы келетіндер. Мысалы, экс премьер-министр Сергей Терещенко біздің аудандағы «Жүзімдік» совхозының әжептеуір бөлігін жекелешендіріп алған. Ал жұмысшылар 2-3 га ғана пай үлес жер алған. Қазір олардың күнкөрісі қатты нашарлап кеткен. Болашақта жер сатылатын болса, Терещенко секілділер жаппай сатып алады. Ал, қарапайым шаруаларға түк те қалмайды. Осыдан кейін жаппай жекешеленген Қазақстанда «құлдық жүйе» орнауы мүмкін. Оны қазірде-ақ сезініп жүрміз. 

Қазақстан  демократиялы ел болғандықтан, жер мәселесін Астана мен облыс орталығында отырып шешпей, жалпы халықтық талқылауға салулары қажет. Халық өз пікірлерін, ұсыныстарын газет  беттерінде жарияласын. Комиссия мүшелері жер туралы заңға өзгеріс енгізерде газетте жарияланған ұсыныстар мен пікірлерді саралап, елеп-екшеп, ескеруі тиіс. 

Сейдулла МОЛДАБЕКОВ,

Тыл ардагері, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы, «Облысқа еңбегі сіңгені үшін» медалінің иегері

Мұрағаттан, 2016 ж

Жерді өзбекстандықтарға жалға беруден ұтылмаймыз
«Олимпиада чемпионына - 250 000$, ал көпбалалы ананы алқамен алдап қоямыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу