Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
«Бір күні камерамызға елулер шамасындағы бір қазақты әкелді, Алматы облысы Нарынқол ауданынан Өміртай Айнақұлов деген кісі екен. Мұның ұсталуы да адам нанғысыз.
Отызыншы жылдардың орта шенінде сол ауданның бір колхозына сегіз қойшы «Динамо» колхозына ауысады. Бұлармен бірге келген қазақ жігіті әлгі колхоздың бастауыш партия ұйымы секретарлығына сайланған соң әкімшілік етіп, қойшыларға озбырлық жасайды. Қойшылар өзара: «Мынау бір пәле болды ғой, басын қағып тастар ма еді», – дейді. Әшейін айта салған «ажалы жеткен сөз». Онан кейін талай жылдар өтеді. Міне, сол сөзге бола әлгі сегіз қойшы ұсталып, қамауға алады. Өміртай, әкесі Айнақұл (дұрысы Дігарбек), оның інісі және бес қойшы».
Біз осы естелік бойынша деректер іздеп, сегіз қойшының кім екенің Нарынқол (қазіргі Райымбек) ауданындағы адамдардан сұрастырған едік. Сонда білгеніміз 1937 жылдардан басталған КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін жылдары Қазақстанның шалғайдағы Нарынқол ауданы Қақпақ ауылына ауыр тиген. 1941 жылы сегіз қойшы мен колхозшыны «халық жауы» деп ұстап, хабарсыз кетіпті. Сол жағдайды көзімен көрген отбасы мүшелері әлі күнге дейін бар. Олар шындықтың беті ашылмағанын айтады. Естелікте Өміртай мен оның әкесі ағалы-інілі Дігарбек пен Иса Айнақұловтардың аттары аталады да қалғандары айтылмаған. Сонда да бізге белгісіз болған – Дәуіт Сәлімов, Жұмабай Жиенбаев және Бейсенбай (фамилиясы белгісіз) деген адамдар ұсталғаны белгілі болып шықты. Қалған екі адамды таппадық. Тұтқындалғандар Нарынқол түрмесіне қамалып, көп кешікпей Алматыға алып кетіп оралмаған. Олардың қай жерде өлгендері күні бүгінге дейін анықталмағаны ұрпақтары үшін ауыр тиіпті. Солардың бірі – Мейрамхан Өміртайқызы. Мейрамхан апай әкесі тұтқындалған 1941 жылы алты жаста болып, еміс-еміс есімде дегенді айтады. Көп әңгімені апам айтқан еді дейді. Қазіргі Қақпақ, ол кезде «Динамо» атындағы колхоз болып аталып, ауылдың басым көпшілігінде орыстар тұрған. Азын-аулақ қазақтар да болыпты. Дігарбек қария мен баласы Өміртай сол ауылда тұрыпты. Колхоздың төрағасы Шапапалов әкелі-баланы шақырып, бір отар қой берген. Қыстан малы шығынсыз шыққан әкелі-бала төлді де жақсы алып, бастықтан мақтау да естіген. 1 мамырда Дігарбек қария колхоз басқармасынан мақтау қағазын алып, алдағы уақытта Мәскеудегі слетіне баратындығынан да хабардар болады. Бірақ әкелі-бала аяқастынан «халық жауы» болып шығуы ауыл үшін күтпеген жағдай. Көп кешікпей Дігарбектің қой ферма меңгерушісі болып жұмыс істейтін інісі Иса да қамауға алынып, түрмеге жабылады.
«Әжем Түзел күнде Қақпақтан Нарынқолдағы түрмеге тамақ тасып жүріпті. Алғашында атпен барса, кейін күнбе-күн жаяу барып келеді екен. Арасы едәуір жер. Бір айдай Нарынқолдың түрмесінде жатқан әкеме үлкен апам мен Исаның әйелі Жаңыл да барған. Сол жолы атамды Алматыға алып кетіпті деп, жылап келді. Арттарынан іздеп баратын ешкім де болмады.
Әкеміз ұсталып, Алматыға кеткен соң, көршіміз Жетібай келіп, «Түзеке (үлкен шешеміздің аты Түзел) ел дуылдап жүр. Үйіңіздегі мүліктерді тәркілейтін көрінеді. Үйдегі бар біраз затыңызды біздің үйге әкеп қойыңыз, әйтпесе бәрін алып кетеді» депті. Содан баяғы атам әкелген екі орам текті Жетібай қарияның үйіне апарып қойдық. Болатынайды апам апармапты. Бір күндері үйге үш милиция келді. Олар үйдегі бар затты ортаға үйгізіп, шай қайнатып жүрген самауырынды да алды. Әкемнің мәуіт шекпенін, өз әкемнің киім кешегін, жарқыраған дүниенің бәрін ортаға үйгізді. Үлкен шешем Түзелдің кеседей білезігі мен жүзіктерін де қалдырмады. Он беске таянған Жылқышы деген ағамның судай жорға тайын, оған ертеп жүрген күміс ертоқымы мен күміс жүгенін тайға жүгендеп, ертеп алды. Осы кезде Түзел шешеміз ойбай салып, «күміс ертоқымды алсаңдар алыңдар, баламның тайын тастап кетіңдер. Екі әкесі енші қып, құлағына ен салып беріп еді» деп жалынады. Апамның бұл сөзін милициялар құлақтарына ілген жоқ. Жылқышы тайдың жүгеніне жармасып еді, бір милиция оны кеудесінен итеріп жіберді. Апам олардың шаужайына жабысқанымен өңдері сұстылар қолымыздағы сиыр, жылқы, қойды қораға қаматты. Түзел шешеміз «мына төрт жетімді қалай бағамын, ең болмаса бір сауылатын бұзаулы сиырды тастаңдар!» деп жалынғанымен милициялар міз бақпады. Бұл әңгіменің бәрін
апам айтқан. Онда мен кішкентаймын. Алматыға айдалған атамдар мен әкемнен еш хабар болмаған соң Түзел апам жылауын тоқтатпайтын, менен үлкен екі әпкем де қосылып жылайтын. Тұрмыс қиын, оның үстіне Ұлы Отан соғысы басталып, елде ауыр жағдай орнаған уақыт. Колхозда жұмыс біткен бе, азаннан кешке дейін жұмыс істейміз. Орақ кезінде бәріміз Қақпақтың қырманының жанынан жайылған мал сияқты масақ тереміз. Терген масақтың жартысын қырманға өткізіп, жартысын өзімізге береді. Онда қазіргідей мөшек жоқ. Масақты дағарға жинаймыз. Мені де екі әпкем ертіп алады. Бір уыс масақ терсең де, бізге сеп дейді олар.
Бір күні менен үлкен әпкем Алтынай масақ теріп жүріп, комбайнның қақалған жерінен бидай тауып алыпты. Үйге келген соң «Апа сүйінші!» демей ме Алтынай әпкем. «Әкелерің қараңғы үйден шығып па?» деді үлкен апам. «Жоқ апа, мен бидай тауып алдым» деді. Оны қалай тасып аларымызды білмей тұрғанымызда Алтынай әпкем «Тамақ ішіп алайық та, түнде тасиық» деді. Ол әпкем өте пысық еді. Соның арқасында екі әпкем мен апам түні бойы тауып алған бидайды тасыды. Апам орыстың ұршығын иірді, келісін түйді. Қолынан іс келетін. Бізді қатарымыздан қалдырмай жарқыратып киіндіріп қоятын. Ал орыстар қолғап, шұлық тоқып, тон тігіп майданға жіберетін. Осылай өмір сүріп жатқанымызда бір күні апам тағы жылап отыр. Өміртайдың қасында отырған бір адам түрмеден шығып келіпті. Өміртайдың үш қайтара сәлемін жеткізуге келген. Үш қызым, бір ұлым, кәрі шешеме сәлем айтып, ұлым Жылқышының бетінен сүй депті. Өзі хат танымайтын болса да хат жазып, суретін берген. Айдалып кеткен Дігарбек, Иса және Өміртайды үш бөлек қамап, фамилиялары Айнақұлов деп жазыпты. Түрмеден келген кісі әкемнің жақсы кісі екенін айтып, хатын оқып,үш қайтара сәлемін жеткізген. Суретте бет-ауызы ісінкіреп кеткен тәрізді. Онда Жылқышы тауда мал бағатын. Келген адам хатты оқып, әкемнің аманаты еді деген. Осыған апам жылап отырыпты. Ал келген кісінің аты-жөнін сұрамаптық. 1958 жылдары атам Дігарбек, кіші атам Иса және әкем Өміртай Айнақұлов ақталды деп қағаз келді. Бірақ біздер қай түрмеде отырып, қай жерде атылғанын білмедік. Алматының Тастағында әкеміз атылған деген әңгімені ғана естідік. Ал екі атам қай жерде отырғаны белгісіз», – деді Мейрамхан Өміртайқызы Біз жоғарыда Молдабек Әбдіровтiң естелігін бекер келтірген жоқпыз. Естелік былай жалғасады: «Өміртаймен бірсыпыра уақыт бірге отырдық. Ол маған: «Молдабай, сенің жөнді қылмысың жоқ екен, шығасың ғой, сонда Нарынқолда менің үйім бар. Жылқышы деген кішкентай балам, қарт шешем бар, менен сәлем айтарсың», – деп талай жалынған болатын. Он бес жылдай отырып шыққан соң, Жылқышыны әдейі іздеп бардым. Әкесі аузынан тастамайтын кішкентай Жылқышы жігіт болыпты, қой бағады. 2-3 баласы бар. Өміртайдың қарт шешесі де ұлын сарғая күтіп жүр екен. Жөнімді айтқан соң ал кеп жыласын. Өміртайдың қасындағы жетеуі де сол кеткеннен мол кеткен. Осылайша «Басын қағып алар ма еді» деген бірауыз сөз сегіз адамның түбіне жетті. Біздің камерада сол Нарынқолдан тағы бір адам болды. Оған әрі-бері тергеу жүргізіп, қолына айыптау қағазын ұстатты. Ол ауыр азапқа шыдамай меңіреуленіп қалған. Сөзге түсінбейді. Бейшараның айыптау қағазына: «Ұзақ жылдар бойы Зиновьевпен, Бухаринмен хат жазысып тұрған делінген» деп жазады естелік иесі.
Молдабек Әбдіровтің естелігіндегі Өміртайдың әкесінің інісі деп жазғаны – Иса. Ол колхозда қой фермасының меңгерушісі екен. Сол Исаның баласы Нақан Исаев қазір тірі. 1929 жылы дүниеге келген Нақан қария әкесі ұсталғанда 11 жаста болған. Әкесінің не үшін сотталғанын анық білмейді. Ағасы Дігарбекпен және оның баласы Өміртаймен бірге Нарынқолдың түрмесіне түсіп, Алматыға айдалған. Нақан қарияның айтуынша, әкесі Алматыдағы Сейфуллин көшесіндегі екінші түрмеде отырғандығын айтады. Бірақ қайда жерленгені белгісіз. Өміртаймен бірге отырған бір адамның Нарынқолға іздеп келгенін Нақан қария жоққа шығармайды. Онда мен Жамбыл ауылында едім, келгенін кейін естідім дейді. Әкем ұсталғаннан кейін үйдегі мүлкімізді тәркілегені есімде. Қолдағы бар мүлікті қарап: 35 уақ мал, 2 бие, 2 сиыр, 2 тана, 3 ішік, 1 кілем, 1 текемет, үйдегі керекті заттар мен киім-кешектің бәрін алып, ағам мен шешемнен жоғалтпаймын дегізіп, қолхат алды. 1942 жылдың көкегінде барлық жүкті арбаға басқызып, бар малды жинап, айдатып, базарға әкелді. Дүниеміздің бәрін елді жинап, сатқызып жіберді. Ең ақыры шешемнің қолындағы қос білезігін шығартып алып сатқызды. Ал өз затымызды өзіміз сатып алуға рұқсат етпеді. Мен осының бәрін көрдім. Бұған қарсы дау айтуға, тоқтатуға ешкімнің батылы бармады. Өйткені әркім өз көлеңкесінен қорқатын кез. Тек НКВД-да істейтіндер қорықпайтынын сонда көрдім. Ол кезде бір қой тоғыз сомға бағаланатын. Елде ақша жоқ. Әркім өзінің бағасын айтып, қойды сатып алды. Осыны көзі көрген әкемнің құрдасы Нұрпейіс әкем бізге жаны ашып, «қайран сабазым-ай» деп ақылын айтып, менің ішігімді, апамның қос күміс білезігін, бір лақты ешкіні сүтін сауып ішіңдер деп өз ақшасына сатып әперді.
Айнақұловтармен бірге ұсталған сегіз қойшының бірі – Дәуіт Сәлімов. Ол кісінің баласы Динамжан Дәуітов те қазір тірі. Әкесі ұсталғанда екі жарым жаста болған. Атасы Сәлім қария 14 жыл болыс болып, ел-жұртына сыйлы жан атанған. 93-ке келіп, қайтыс болыпты. Баласы Дәуітке қашан да ақылын айтып отырыпты. Әкем сауатсыз, хат танымаған. «Халық жауы» болып ұсталғаннан кейін үйдегі бар мал-мүліктерді тәркілепті. Үйдегі біраз қақпан, мылтық, екі атты алып кеткен. Мұның бәрін атам айтып, еске алып отыратын. Динамжан қария әкесімен бірге Жұмабай Жиенбаев деген қойшы және қазіргі Тегістіктен Бейсенбай деген қойшы болғанын естігенмін дейді. Ол кісілердің ұрпақтары бар. «Динамо» колхозында қой баққан қойшыларды нақақтан-нақақ қаматқан ауылдағы парторгтың жаласынан кеткенін ел біледі. Заманның сол болғаны, уақыттың ауыр кезінде талай отбасының шаңырағы осылай күйреді. Бұл да халыққа жасалған заманның зобалаңы. Әкем адал, ақ адам болыпты. Оның бәрін атам және ел айтып отыратын, – дейді Динамжан Дәуітов қария. Жоғарыда Өміртаймен түрмеде бірге отырған бір адамның Нарынқолға келіп, оның аманатын орындағанын айттық. Ол – Молдабай Әбдіров. Молдабай
1941 жылы 27 маусымда Алматыда қамалған. 9 ай тергеуден кейін Өміртаймен бірге отырып, кейін Сібірге айдалған. Он бес жыл түрмеде отырып шыққан Молдабай Өміртайдың аманатын орындау үшін, Нарынқолға барып, оның шешесі мен баласы Жылқышымен кездескен. Ақталып шыққан соң республикамызда жоғары қызметте істеп, елге пайдасын тигізген зиялы азаматтың бірі.
Жексен Алпартегі