Қошановтың Исмоиловтан не артықшылығы бар?
20-11-2024
Орыстың белгілі жазушысы, ақыны және саясаткері Эдуа́рд Лимо́новтың айтуынша, өз отандастарының қолынан айуандықпен азапталып өлтірілген Ливияның бұрынғы президенті Муамар Каддафи өзінің өлімінен кейін не болатынын алдын ала айтып кетіпті және оның бұл болжамы 100 пайызға тура келген. Каддафидің болжамын көріпкелдік деуге болмайтын шығар, бірақ Ливия президентінің сұңғыла саясаткер болғандығын мойындау керек.
Қаза табарынан сегіз ай бұрын, 2011 жылдың 7 наурызында Муамар Каддафи түрік телеарнасына берген сұхбатында:
-Ливиядағы саяси тұрақсыздық Жерорта теңізі жағалауында орналасқан елдердің, ал бұдан кейін бүкіл әлемде жаппай тұрақсыздыққа алып барады. Егер Ливияда менің билігі құласа, миллиондаған африкалықтар Италия мен Францияға ағылады. Еуропа қысқа уақытта «қап-қараға» айналады. Қазір біздің күшіміз ғана осы ағынды ұстап тұр. Жерорта теңізінің жалағауларындағы тұрақтылықты біз қамтамасыз етіп отырмыз. Егер Ливияда тыныштық шайқалатын болса, оның салдары Еуропаға үшін ауыр болады. Қауіп бәріне төнеді,--деген екен.
Марқұм Каддафидің бұл көріпкелдігі тура келді. Еуропаға Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан ағылған келімсектердің қарасы күннен күнге қоюланып келеді. «Араб көктемінің» негізгі бастамашысы Еуропа мен АҚШ бұлай боларын алдын ала сезді ме, жоқ па? Сезген сияқты, тіпті олардың әу бастағы мақсаты да осы болуы мүмкін.
Жуырда Еурпалық орталық банкінің вице-президенті В. Констанцио:
-Еуропа демографиясы көптеген жылдар бойы құрдымға кетіп барады. Осы тенденцияны өзгерту үшін бала туушыларды марапаттап отыру жеткіліксіз. Бізге босқындар қажет. Егер босқындар келмей қалса, келер ұрпақтың өмір сүруі қиындайды,--деді. Таяу Шығыстан ағылған босқындар арқылы көптеген мәселелерді шешуге болатынын жақында Герменияның вице-канцлері әрі экономика министрі Зигмар Габриэль де мәлімдеді. Ол «егер біз босқындарды кәсіпке оқытып, жұмысқа тұрғыза алсақ, онда келешекте кездесетін негізгі проблема—білікті жұмысшы күшінің жетіспеушілігін шешкен болар едік» деп отыр.
Кейбір саясаткерлер босқындардың Еуропаға ағылуы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезін еске түсіреді дейді. Қыркүйекке дейін Еуроодақтың шекарасынан 500 мыңнан астам келімсек өткен. Жыл соңына дейін ол миллионға жетуі мүмкін.
Ал, Украинада саяси тұрақсыздық басталғалы бері Ресей 900 мыңға жуық босқынды қабылдады. Оның 400 мыңы босқын мәртебесін алды. Мұндай санатқа жататындар тұрғын үймен, жәрдемақымен және азық-түлікпен қамтамасыз етіледі.
Мұрағаттан, 2015 ж