Күйеуін алпыс жаудан құтқарып қалған әйел
Бірде ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңдар жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болыпты. Дербіс батырдың өзі үйде жоқ екен, сыйлы қонақтарға жақын жерден алдыра қоятын малдың реті болмай, әйелі Зылиха сол жерде күйеуі Дербіс батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарды құрметтеп аттандырыпты.
Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң «Шіркін-ай, Дербістің құты үйіндегі қара кемпірі екен ғой!» деп таң-тамаша болысыпты. Содан Дербіс батыр үйіне келеді. Бәйбішесі Зылиха күйеуінің қабағын бағып: «Әлімнің алты жақсысы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім», - дейді ақырын ғана. Сонда Дербіс батыр қуанып: «Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!» - деген екен.
Иә, «Жақсы әйел – жігіттің кесектен соққан кентіндей, сары майға былғаған алуа, шекер, жентіндей» - деп Майлықожа ақын жырлағандай, еріне қысылғанда сүйеу болып, ақылына ақыл қосқан, жарының мерейін өсіріп, мәртебесін асқақтатқан осындай аналардың өнегесі – көпке үлгі!