Сынбайтын үстелімен танылған кәсіпорын
Қазір елдің талғамы өзгерді. Бұрын Германияның, Польшаның немесе Ресейдің жиһазы деп тамсанатын болса, қазір өзімізде тапсырыспен жасатқанды жақсы көреді. Тапсырыспен жиһаз жасатуға сұраныс артқаны соншалық, бүгінде жиһаз жасаумен айналысатын кәсіпкерлер саны артып келеді. Әлеуеті күшті саланың бүгінде жеткен жетістігі аз емес. Уақыт талабына сай жиһаз өндірушілер ізденудің нәтижесінде үлкен жетістікке жетіп келеді. Қазір ақшаң болса, жергілікті жиһаз өндірушілер кез келген жиһаз түрін жасап бере алады. Бүгінде өз бетінше кәсіпті дамытқан жиһаз өндірушілер ізденіс пен еңбектің арқасында аталған кәсіпті дамытуда.
Ел көлемінде тұрғын үй құрылысы жылдан-жылға белсенді жүргізілуіне байланысты оның негізгі жабдығы – жиһаз өнімдеріне деген сұраныс та жоғары болып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биылдың өзінде елімізде жиһаз өндірісі бойынша төрт ірі жоба іске қосылды. Жалпы, 2025 жылға дейін жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібінде тағы 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Бір қуанарлығы, отандық жиһаз өнеркәсібінің өнімдері көрші елдерде де үлкен сұранысқа ие. Жыл басынан бері жиһаз өнімдері экспортының негізгі көлемі Қырғызстан, Өзбекстан, Гер¬манияға жөнелтілген. Өтімді тауар¬лар¬дың қатарында пластмасса мен металдан жасалған және жатын бөлмеге арналған ағаш¬тан дайындалған жиһаз сынды өнімдеріміз бар.
Жиһаз өнеркәсібі кәсіпорындарын мемлекеттік деңгейде қолдау да кең көлемде жүзеге асы¬рылып келеді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы – 2025» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, кредит бойынша кепілдендіру, жиһаз кәсіпорындарына жеңілдікпен кредит беру ұсынылады. Соны¬мен қатар «2021-2025 жыл¬дарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар бөлінді. «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ жиһаз саласы кәсіпорындарының құзыретін арттыруға бағытталған шығындарды өтеді. Сондай-ақ жиһаз саласының кәсіпорындары мемлекетті қолдаудың қаржы¬лық емес шараларын да пайдаланғанын атап өткен жөн. Бұл – олардың өндірісін жетілдіруге, шығарылатын өнім ассортиментінің алуан түрлілігіне, сарапшыларды тарту арқылы жетілдірілген өндірістік тәжірибелерді енгізуге, тауарлар өндірісінде инновациялық қызметті дамытуға ықпал етеді.
Облыс орталығына айналған Түркістан шаһары соңғы жылдары өзінің сапалы жиһаздарымен республика, тіпті шетелге танылуда. Шаһарда бұл салада бәсекелстік жоғары. Өйткені мұнда 30- дан астам ірілі, ұсақты жиһаз өндіретін зауыт, цехтар бар. Қазірде өз өнімдерін ұсы¬натын жиһаз салондарынан көз тұнады. Сондай-ақ ірі қалаларда тұрмақ, алыс аудандарда, шағын кенттерде де жиһаз жасаумен айналысатын жеке кәсіпкерлер көптеп саналады. Міне, осындай қызу бәсекелестік, бірыңғай даму жағдайында өз кәсібін дөңгелетіп отырған жанның бірі кәсіпкер Шәмшиддин Аймбетов. Ол 2018 жылы «Ideal» кәсіпорнының негізін қалаған. Кәсіпкер қонақ бөлмелер мен мейрамханаларға арналған хан тағындай теңдесі жоқ үстел, орындықтар шығарады. Бастапқыда аталған кәсіпті азғандай жұмысшылармен бастаған. Уақыт келе бұл саланы зерттеп, зерделеген Шәмшиддин бүгінде қала және оған іргелес жатқан елді-мекен, ауыл-аймақтың 100 азаматын жұмыспен қамтып, нәпақаларын табуға жол ашып отыр. Алдағы уақытта қызметкерлер санын тағы өсіремін деді ол. Халықты жұмыспен қамту орталығымен байланыс орнатып, бос жұмыс орындарын іздеп жүрген жандарға осылайша көмек қолын созуда. Кәсіпкер сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәспкерлер палатасының қолдауына, дәлірек айтқанда көптген құжат мәселелерінің оңтайлы шешілуіне дән риза. Аталған кәсіпорын өндіретін бұйымдардығ бағасы халыққа қолжетімді әрі ыстық-суыққа төзімді ABS материалынан жасалады. Қазіргі таңда кәсіпорынның үстелдің 7 түрі, орындықтың 12-і түрінен 150-200 данасын шығаруға әлеуеті жетеді. Жоғарыда ата өткеніміздей мол ізденіс пен талпыныстың арқасында сәнді әрі сапалы дүниелері қазір зор сұранысқа ие.
«Қазақстанның үздік тауары» секілді түрлі форумдар мен көрмелерге қатысып, «сынбайтын үстел» атауымен танымал кәсіпорынның үздік өнімдері көпшіліктің көңілінен шығып, сатып алушылар қатарын толықтыруда.
«Бізде алдымен сандық бағдарламамен басқарылатын станоктардық көмегімен үстелдің пішіні кесіледі. Содан соң үстел жиналып, құрастырылады. Одан кейін ағаштар тегістеледі, грунт себіледі. Содан соң дөрекі беті тегістеледі, одан әрі сырлауға дайындалады. Шикізатқа патина, лак жағылады. Ең соңында ысып, жылтырату арқылы түрлі процестерден , яғни он шақты шебердің қолынан өтіп барып бір үстел әзірленеді»,- дейді жұмыс барысын түсіндірген кәсіпкер. Сөзін әрмен қарай жалғаған ол «мол шыдамдылық пен табандылықты қажет ететін осы жұмыста қаншама адам жұмысқа кіріп, қаншамасы шыдай алмай шығып кетті деуге болады. Өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, мен осы мақсаттан таймаймын, көздегеніме жетемін деген жішерлі жан және кез-келген өндірістің «ішкі кухнясымен» толық таныс адам ғана кәсіпті алып кете алады деп ойлаймын»,- дейді шынайы ойымен бөліскен Шамшиддин.
Ия қолынан іс келетін адам үшін арман-мақсатын жүзеге асыруға ештеңе сылтау бола алмайды. Тек қарым-қабілет пен ықыласы үйлессе жеткілікті. Бүгінде істің қиюын келтіріп, кәсібінен пәпақасын тауып жүрген жандарды көргенде ерекше қуанасың. Былацша сырт көзге оңай көрінгенімен, кәсіп ашып оны әрі қарай жетілдіріу әр адамның қолынан келе бермейді. Өйткені қандай да бір істі бастар жолда алдыңнан шығатын тосқауылдарға төтеп беру ерік-жігердің мықтылығына байланысты.