Сатыбалдының кадрлары келе жатыр. Ауыс-түйіс кеңесші мен замруктен басталады

Oinet.kz 07-10-2022 3964

Дархан Сатыбалдының Түркістан облысының әкімі қызметіне тағайындалғанына осы аптада қырық күн толады. Қырық күн дегеніңіз де аз уақыт емес, әрине. Әдетте келген әкімнен жұртшылық бірінші кезекте кадрлық өзгерістер күтеді. Ауыс-түйіс бола салысымен «бұрынғы әкімнің кадрлары чемодандарын жинап, Астанаға кетіп жатыр екен», «пәленшелер келе жатыр екен, түгеншелер келіп қойыпты» деген әңгімелер өршитін. Алайда Дархан Сатыбалды келгеніне қырық күннің жүзі өтсе де бірде-бір кадрлық өзгеріс жасаған жоқ. Бұл немен байланысты?  Дархан Сатыбалдының сыпайылығымен бе?   Әлде қарашада өтетін  сайлаумен бе? 

Screenshot_1.jpg

Сайлауға дейін болса да, одан кейін болса да облыстың әкімі кадрлық ауыс-түйісті жасайтыны айдан анық. Тіпті оны бастап қойды десек қателеспейміз. Жаңа тағайындаулар туралы өкімдердің алды осы аптада шығып қалуы әбден мүмкін.  Қалай десек те, Сатыбалды да өзіне дейінгі әкімдер салған «соқпақпен» кетіп бара жатқан сияқты. Бұл нендей «соқпақ» десеңіз, айтайық.  

Соңғы жылдары облысқа келген әкімдер бұрынғыдай командасымен қопарылып көше алмайды. Себебі заман баяғыдай емес. Командалық көшуге тыйым салынғалы жаңа әкімдер команданы алып келудің басқаша әдіс-тәсіліне көшкен. Ол тәсіл – өз адамдарын көмекші, кеңесші сияқты елеусіздеу креслоға отырғызу, содан кейін барлық билікті солардың қолына шоғырландыру (бұдан кейін түкке керексіз болып қалған орынбасарлар шабадандарын жинастырмағанда қайтсін?!Ж.Т.)

Естеріңізде болса, Өмірзақ Шөкеев қызметіне келген кезде өзінің ізінен қалмай еріп жүретін «сүйікті» кадрлары Сәкен Қалқаманов пен Ұлан Тәжібаевқа алдымен кеңесшіліктің тізгінін ұстатты. Жарты жылдан кейін олардың екеуін де өзіне орынбасар  етіп алды. Жақын күндері Қалқаманов пен Тәжібаевтың жолы басқа бір кеңесшілерге бұйырып қалуы мүмкін. Дүние-кезек деген осы.     

Бізге мәлім болған ақпараттарға қарағанда, облыс әкімінің жаңа кеңесшісі қызметіне Жәнібек Ағыбаев деген азамат тағайындалғалы жатыр.  

Сонымен бұл қай Ағыбаев еді? Егер біздің жасаған болжамымыз рас болса, Ағыбаев Жәнібек Есенұлы қазіргі уақытта Шымкент қалалық жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып жұмыс істейді. Оған дейін Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.  Кеңесшілікке жарияланған конкурстың барлық сатысынан өтіп, арнайы комиссияның «батасын» алып шыққан Ағыбаевтың  Сатыбалдының жерлесі деп айтсақ жаңылыспауымыз мүмкін. Ол Шымкенттегі жұмысына дейін Астанада, Оңтүстік Қазақстан облысында түрлі қызметтерді атқарған. Шымкенттің өзіне де сырттан келген кадр емес. Оның Дархан Сатыбалдымен екеуінің жолы осыдан 15 жыл бұрын  елордада түйіскен сияқты.  

Біреу білсе біреу білмеуі мүмкін, Дархан Сатыбалды бір кездері Өмірзақ Шөкеевтің қарамағында қызмет еткен.  2005 жылы Дархан Амангелдіұлы елордадағы «Жылу» коммуналдық кәсіпорнына жетекшілік еткен. Бұл кезде Астана қаласының әкімі қызметін Өмірзақ Шөкеев атқарған. Мұны айтып отырған себебіміз, Жәнібек Ағыбаев дәл осы жылдары елордадағы «Астанақалажер» деп аталатын кәсіпорынға директор болған. Екіарадағы таныс-білістік осы кезден басталса керек. Шенеуніктік өмірде  кездейсоқ ештеңе жоқ. Дархан Сатыбалды 2013 жылы Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалған соң бұрынғы әріптесін өзіне кеңесшілікке шақырған. Ол бұл қызметті 2016 жылға дейін атқарып,  бұдан кейін Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары болып ауысып кеткен. Міне, араға тоғыз жыл салып, осы сценарий тағы да қайталанып отыр. Енді Ағыбаевқа Қалқаманов пен Тәжібаевтың жолы бұйырып, одан әрі облыс әкімінің орынбасары, бәлкім басқарма басшысы болып кетсе таңғалмаймыз.   

Соңғы жылдары аппарат басшысының орынбасары лауазымы да облыс басшысының ең сенімді кадрлары отыратын орынға айналды. Ең сенімді «замрук»  облыс әкімінің тікелей тапсырмаларын жүзеге асырады, бәрін билеп-төстейді, құрығы да ұзын,  құзыры да мықты.  Бұл біраз уақыттан бері жалғасып келе жатқан «дәстүр». Мәселен, Асқар Мырзахметовтің кезінде Ләззат Смағұлова, Бейбіт Атамқұловтың кезінде Әсет Байсынов, Нұрлан Кеңесов, ал Өмірзақ Шөкеевтің кезінде Ильяс Досхожаев осындай кадр саналды. Әр әкімнің тұсында бір-бір сұрқылтай болып еді. Сатыбалды да осы «салтты» жалғастырып жатқан сияқты.    

Облыс әкімінің аппаратына жаңа орынбасар келе жатыр. Бұл орынға жарияланған конкурста бақ сынағандардың саны әжептәуір болғанға ұқсайды. 5-6 кандидат таласқан. Олардың арасында «Қазақстанның 100 есіміне» кірген, еліміздегі ең жас профессор деп танылған, Сүндет Каримов  деген азаматтың да есімін байқадық. С.Каримов Президент стипендиясының иегері. Шымкенттегі Әуезов атындағы университеттің түлегі. 23 жасында техника ғылымдарының кандидаты атанған. Конкурста осындай атақты ғалымды шаң қаптырып, комиссияның шешімімен Түркістан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына ұсынылыған азаматтың аты-жөні – Естибаев Аскар Султанович. Жасыратыны жоқ, Естібаев туралы бұған дейін ештеңе естімеген екенбіз. Ғаламтордан қарап көрдік. Онда да жартымды ақпарат жоқ. Біздің болжамымыз бойынша Естібаев пен Сатыбалды екеуі 15 шақты жыл бұрын елордада бірге жұмыс істеген болуы әбден мүмкін. Жаңылыспасақ, Естібаевтың соңғы қызметі – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде кадр департаментінің директоры. Яғни жаңа «замрук» кадр саласының «майын ішіп, жілігін шаққан» маман деген сөз.  

Ал енді облыс әкімі орынбасарларының, аудан, қала әкімдерінің  конкурстан тыс тағайындалатыны бесенеден белгілі. Билік дәлізінде айтылып жатқан әңгімелерге қарағанда,  облыс әкімінің бірінші орынбасары, басқарып отырған салаларынан көп шу шыққан Арман Жетпісбаевтың, жай орынбасарлар Сәкен Қалқаманов пен Ұлан Тәжібаевтың Түркістандағы дәурені тарқауға бет бұрған сияқты. Тағы бір орынбасар, өз саласындағы жұмыстарды жақсы үйлестіріп жүрген, соңынан жаман сөз ермеген Арман Сәбитовтың да қызметтік тағдыры белгісіз.  Босаған креслолардың кімдерге бұйыратынын, жалпы алда тағы қандай кадрлық өзгерістердің жасалатынын тақсыр уақыттың төрелегіне тапсырдық.   

"Рейтинг" газеті, қазан, 2022 ж

Ең қауіпті қылмыскерлер неге бостандықта жүр?
Путин Тоқаевтың бастамасын қолдады. 2023 - орыс тілі жылы болып жарияланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу