«ADAL» партиясы спектакль ойнап шықты ма?
OINET.KZ - Күні кеше "боладысы" қызық болған сайлау да мәресіне жетті. Экзит-пол нәтижесі бойынша "Nur Otan" партиясы 71,97 пайыз дауыс жинап айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал сайлауалды үгіт-насихат науқанында жарнамасы жер жарған "Adal" партиясы бар болғаны 3,07 пайыз дауыспен көш соңында қалды. Болжам бойынша дәл бұлай болмау керек еді. "Nur Otan"-ға есесін жіберсе де, басқа партияларға тегеурінді қарсылық көрсетеді деген "Adal" дәл бұлай омақаса құлайды дегенге ешкім сенбеді. Тіпті "Adal-дың артында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы, миллиардер Тимур Құлыбаев тұр" деген сыбыстар да жиі айтылды. Соңғы кездері ел ішінде ғана емес, саясат сахнасында да "келесі Президент кім болады?" деген сұрақ жиі қойылып жүрген тұста Тимур Құлыбаевтың амбициясын ескере отырып бұл жолы бәсеке күреске толы бола ма деп үміттенген едік. Дегенмен біз нағыз бәсеке емес, жай ғана имитациясын көрдік.
Сайлаудан соң Экзит-пол нәтижесін көрген «ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали мәлімдеме жасады. Дегенмен бұл мәлімдеме көпшілікті қуанта қоймады.
«Бұл тек сайлау үшін емес, бұл партия халыққа берген уәдесін қалай орындау керек, соның жолымен жүретін партия. Бұл бүгін халыққа өте керек партия. Экзит-пол деген бар, өздеріңіз білесіздер. Соның алғашқы анализі бойынша Nur Otan партиясы бірінші орында келе жатыр. Сондықтан өзім Nur Otan партиясын құттықтаймын», - деді Серік Сұлтанғали.
Бұл мәлімдеме бойыңызда дежавю оятты ма? Таныс сияқты ма? Иә, кезінде Президент сайлауы кезінде халықтың ықыласына бөленген үміткер Әміржан Қосанов сайлаудан соң бірден Тоқаевты жеңісімен құттықтап еді. Сол кезде өзіне Құдайдай сенген халық "пірлерінің" соңына дейін бармай беріліп қойғанына қатты ашуланды. Ашуланатындай-ақ жөні бар. "Әділ сайлау" үшін, Қосанов үшін алаңға қайта-қайта шығып, билікпен күресіп еді. Бірақ бұлары бекер болып шықты.
Сол оқиғадан кейін қасықтап абырой жинаған Қосанов бар жиған-тергенін бір күнде шелектеп төгіп алды. Енді ол не деп ақталса да ешкім сенбейді. Дәл Қосанов секілді Серік Сұлтанғали:
«Біз бәрібір айтқанымызды орындаймыз. Жұмыс істейміз. Сайлаушылардың жүрегін жаулап аламыз», - деп сөзін қорытындылады.
Сенесіздер ме?
Қазір ел ішінде "Adal"-ға деген сенім бұрынғыдай емес. Өйткені әлеуметтік желілерде Серік Сұлтанғалидың "Nur Otan" партиясын жеңісімен құттықтағаны туралы ақпаратқа халық жағымсыз пікірлерін жаудырды. "Adal" өз сайлаушылары үшін билікке ашық қарсылық көрсетпей тыныш кеткеніне қапалы. Төрағаның "Сайлаушылардың жүрегін жаулап аламыз" дегені керісінше болып, сайлаушылардың жүрегіне жара салды.
Бүгін партияны белсенді түрде насихаттаған тележурналист Мақсат Толықбай бүгін әлеуметтік желісінде қызықты статистика келтірді:
«Тәуелсіз бақылаушылардың протокол нәтижесі енді бітіпті. «Адал» партиясы 29 пайыз дауыспен екінші орын алды. Ең көп дауыс берген Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облысы».
Яғни экзит-пол бойынша 3 пайыздан асар-аспас дауыс алған "Adal" Мақсат Толықбайдың айтуынша шындығында 29 пайыз алған болып тұр. Тіпті, бұдан да көп дауыс бергеніне сенімді екенін жеткізгендер болды. Бұлай болуы да мүмкін. Себебі "Adal" үгіт-насихат кезінде танымал блогерлерді, спортшыларды, ел алдында жүрген танымал азаматтарды "жалдады". Олар күні-түні партияны жарнамалаумен болды. Көпшілік оларға сенді. Соңдарынан ерді. Мысалы, талай мұқтаж жанға оқырмандарының көмегімен баспана алып берген Дәулет Мұқаевтың 1 миллионнан аса оқырманы бар. Дәулет оқырмандарына партияны әбден насихаттады. Шамамен 100 мыңға жуық адам сайлауға барып "Adal"-ға дауыс беретіндерін жазып жатты.
Кейіннен сайлау біткен соң Дәулет өз парақшасында: "Халықтың Адалға берген дауыстары нұрланып кеткен секілді" деп жазып, іштегі ашу-ызасын білдірді.
Осы жерде сұрақ туындайды. Партия төрағасы Серік Сұлтанғали неге халықтың даусын дауламады? Неге бірден жеңімпаз болған партияны құттықтады?
Бәлкім Қосанов секілді "әлдекімдерден" қысым көрді ме? Әлде спектакль ойнап шықты ма?
Еске салайық, «Қоғамдық пікір» ұйымының сауалнамасының нәтижелерін сүйенсек, «Nur Otan» (71,97%), «Ақ жол» (10,18%) және «Қазақстанның Халық партиясы» (9,03) Парламент мәжілісіне жолдама алған. Мәжіліске өту үшін сайлауда 7% шектік көрсеткіштен жоғары дауыс жинау қажет.