Темірбаеваның басқармасында тағы да тендер дауы
Түркістан облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан тағы да тендерге қатысты дау шықты. Басшылыққа Әсия Темірбаева келгелі басқарма сол баяғы «ескі әуеніне» қайта басқан сияқты. Кездесоқтық па? Әй қайдам...
Әсия Құралқызы басқарманың басшысы қызметіне былтыр қазан айында тағайындалған. Осыменен екінші қайтара. Бұған дейін оның аталған басқарманы біраз жыл басқарып, 2018 жылы тендерге қатысты дау-дамайлар, қылмыстық істерден кейін жылы орнын суытқаны белгілі еді. Алайда облыстағы ең үлкен басқармалардың біріне, халықтың әлеуметтік мәселесіне жауапты, жалпақ тілмен айтқанда ең күйіп тұрған салаға екінші мәрте басшы болып келіп, облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің үлкен сенімін арқалаған Темірбаева тәспісінен жаңылысудан арылар емес.
Күні кеше Түркістан облыстық Әдеп кеңесінде Темірбаеваның орынбасары Мәдина Есімоваға қатысты тәртіптік іс қаралып, ол қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жазасына ұсынылды. Істің мән-жайына қарағанда, биыл 7 ақпанда аталған басқарма мүгедектерге арналған қоларбаларды және тифлотехникалық құралдарды тікелей шарт жасасу жолымен жүзеге асыру үшін төрт әлеуетті өнім берушіге, оның ішінде «Іnvamed» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне, «Қамқор күш» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне коммерциялық ұсыныстар беру туралы сұрау салады. Ондай сұрау «Көгершін» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігіне жіберілмеген. Аталған бірлестік коммерциялық ұсынысты өз бастамашылығымен тапсырған көрінеді. Тендер кезінде «Көгершін» басқа өнім берушілермен салыстырғанда ең төмен баға ұсыныстарын берген. Алайда басқарма бұл ұсынысты негізсіз назарға алмай, мемлекеттік сатып алуға қатысты қағидаларды өрескел бұзған. Осыдан кейін «Көгершін» сотқа шағымданады. Түркістан облыстық экономикалық соты істі қарап, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамалардың бұзылғанын анықтап, талапкердің арызын толығымен қанағаттандырады. Сот сондай-ақ, облыс әкімі Шөкеевтің атына ұйғарым шығарады. Жеке ұйғарымда келешекте осындай заң бұзушылықтарға жол бермеуі мақсатында Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту қажеттігі көрсетілген.
Қызметтік тексеруден кейін кінәлі шенеунік басқарма басшысының орынбасары М.Есімова болып шыққан. Неге?
Бұл істің арғы жағында біраз құпия жайттардың бары анық. Басқармадағы жауапты шенділердің бір мердігерге бүйрегі бұрып, біреуін «шөміштен қағуының» астарында «бармақ басты, көз қысты» әрекет жатқан жоқ па? Әйтпесе, заңды белден басатындай жауаптылар мемлекеттік қызметке кеше немесе бүгін келген маман емес. Есімованың аталған басқармадағы стажы жиырма жылдан асады екен. Оның соңғы жеті жылында орынбасарлықтың креслосында отырған. Мұндай шенеуніктің тендерге қатысты талаптарды бес саусағындай білмеуі мүмкін емес қой. Ендеше оның тапа-тал түсте адасып, теп-тегіс жерден сүрінуіне не себеп болды?
Айта кетері, М.Есімова былтыр қыркүйекте Темірбаева әлі келмей тұрып, басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрашовтың бұйрығымен мемлекеттік сатып алуға жауапты тұлға ретінде бекітілген. Алайда, мекемедегі тендерге қатысты мәселенің бірінші басшының айтуымен шешілетіндігі жұрттың бәріне белгілі ғой. Тәртіптік ісі талай мәрте майшаммен қаралған Темірбаева тендер дауынан орынбасарын «құрбандыққа шалып» бұл жолы да оңай құтылмақ па? Өткен-кеткен жайттарды еске түсіргенде осындай күдіктің қылаң беретінін жасырмаймыз.
Осыдан 2-3 жыл бұрын Түркістандағы жүйке ауруына шалдыққан азаматтар емделетін мекемеде науқастардың жаппай туберкулез дертін жұқтырып, кейінірек облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жұмысында жіберген кемшіліктері үшін аталған мекеме тікелей бағынатын облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваға тәртіптік жаза берген еді. Одан кейінгі жылдардағы тәртіптік істің жолы ауырлау болды. Басқармада мүгедектер мен ардагерлердің мәселесіне жауапты бөлімнің басшысы жетекшілік еткен комиссия Қазақ соқырлар қоғамының «Бәйдібек» корпоративтік қорымен арадағы келісімшартқа сәйкес компьютерлік техникалар мен мүгедектерге арналған қоларбаларды қабылдап алған. Кейіннен белгілі болғандай, компьютерлік техникалар талапқа сәйкес келмеген, ал қоларбалардың шыққан жері мүлдем белгісіз, сапасы өте нашар, қолдануға мүлдем жарамсыз екендігі анықталған. Нәтижесінде бюджеттің 122 миллион теңгесі ысырап болды. Осыған байланысты тергеушілер Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша үстінен іс қозғаған қабылдау комиссиясының жетекшісі, басқарманың бөлім басшысы сотталып кетті. Сол кезде Темірбаеваның комиссия төрайымына қоларбалардың бағасын жасанды түрде 69 мың теңгеден 136 мың теңгеге көтеру жөнінде тапсырма берілгені айтылды. Тапсырманың Темірбаеваның тарапынан берілгенін айыпталушымен бірге тағы бір куәгер мәлім еткен. Басқарма басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалғанымен, кейін ол тәртіптік іске ауыстырылды. Алайда ақырғы сәтте жазаға тарту мерзімінің ескіруіне байланысты Темірбаева тәртіптік жауапкершіліктен де құтылып кетті. Сол Әдеп кеңесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Қамбатыровтың «Осының бәрі сіздің кезіңізде болған. Осы іс бойынша жауап беріп жатқан куәгер тергеу кезінде қайтыс болып кетті. Егер ол тірі болғанда жағдай мүлдем басқаша болар еді», – деген сөзін біз «Рейтинг» газетінде бұған дейін де берген болатынбыз.
Жыл басында Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевтың төрағалығымен өткен «Nur Otan» партиясы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте бір топ шенеуніктерді, солардың ішінде Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваны партиялық және тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынғаны бұған дейін ақпарат құралдарында айтылған-ды. Ұсынысқа қарағанда, Түркістан облысында мемлекеттік бағдарламаларды орындауда сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол берілген. Яғни, қазына қаржысы талан-таражға салынған. Ал басшы өз тарапынан тиісті бақылауды әлсіретіп алған. Алайда, Әсия Құралқызының нендей жазаға тартылғанынан көпшілік әлі бейхабар. Осындай жайсыз жағдайлардан кейін басқарманың басшысы болуына екінші мәрте мүмкіндік берілген Темірбаева облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің артқан сенімі қаншалықты ақтап отыр? Бұл сұрақтың жауабын оқырманның өзіне қалдырдық.
P.S. Бізге жеткен соңғы мәліметтерге сенсек, Темірбаева қарамағындағы бір топ қызметкерлерімен бірге өздерінің ар-намысы мен іскерлік беделін қорғау үшін Шымкент қаласының Қаратау аудандық сотына талап арыз берген. Талап арыз беруге басшылар мен қызметкерлердің Төлеби ауданына жасалған іссапары кезінде басқармаға қарасты бір мекемеде жайылған ас та төк дастархан басынан түсірілген видео себеп болған көрінеді. Бұл әңгімені соттың шешімі шыққаннан кейін жалғастыратын боламыз.
"Рейтинг" газеті, №33, 20 тамыз, 2020 ж