Балабиев Мәжілісте елді алаңдатқан екі мәселені көтерді

Oinet.kz 23-04-2023 617

342841288_618636973150648_4150527168837752377_n.jpg

Мәжіліске Түркістан облысынан сайланған депутат Қайрат Балабиев елді алаңдатқан екі өзекті мәселеге қатысты Үкіметке сауал жолдады. Оның алғашқысы мақта мәселесіне қатысты.  Сауал  Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі С.М. Жұманғарин жолданды. 

-Құрметті Серік Мұқашұлы!

Түркістан облысының Жетісай аудандық мақта қауымдастығының төрайымы Н.Қ. Байтанаева мен Жетісай, Мақтаарал аудандарының мақта өндіруші кәсіпкерлері және шаруаларының өзекті мәселелеріне қатысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының атына келіп түскен өтініштер осы сауалды жолдауға себеп болып отыр.

Қазақстанда мақта Түркістан облысында ғана өсіріледі, оның негізгі алқаптары Жетісай мен Мақтаарал аудандарында орналасқан. Мақтаның үлесі жалпы облыстық егістіктердің 70 %-ын алып жатыр.

Оңтүстік өңір аумағында ірі индустриялық өндірістер жоқ, 1 млн. астам тұрғынының әлеуметтік-экономикалық жағдайы мақта өнімдеріне тікелей байланысты және мақта өсіру шарулардың негізгі табыс көзі болып табылады.

Соңғы жылдары мақта шаруашылығындағы құлдырау - мақта талшығына сұраныстың азаю салдарынан бағаның төмендеуіне байланысты болып отыр.

Шаруалар 2022 жылы өсірген мақта өнімі бағасының төмен болып сата алмағандықтан, қазіргі кезде көктемгі агротехникалық шараларды өткізу, мақта тұқымдарын егу, жанар-жағар май өнімдерін дайындауға кері әсерін тигізуде.

Дитхандардың агротехникалық шараларды толық көлемде жүргізе алмауы, сапалы тұқымдардың тапшылығы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермей, төмендеуіне алып келген.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан түріктің сапалы мақта түқымымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген еді. Бірақ, тұқымның қымбаттылығына байланысты егіншілер сатып алудан бас тартқан.

Тағы бір ерекше атап өтетін жағдай, шикізат өндірілгенмен мақтаны ары қарай өндеу, мата жасау, кәсіпорындар құру, жалпы жеңіл өнеркәсіп мәселесі шешілмей тұр. Сондай-ақ мақта егетін аймақта бірде бір тоқыма фабрикасы жоқ. Ал, көрші Өзбекстанның әр облысында бірнеше мақта тоқыма фабрикалары бар екендігін ескерген жөн. Сондықтан көрші мемлекетте мақтаның бағасы мен оны сатуға байланысты қиыншылықтар туындамайды.

Бұл айтылған жағдайлар қазіргі кезде кәсіпкерлер мен шаруаларды қатты күйзелтіп, оңтүстік өңірдегі әлеуметтік шиеленістің туындауына себеп болуда.

Бүгінгі күні әлемдік нарықта мақтаға деген сұраныс өте жоғары, дегенмен елімізде өсірілген өнімнің дүние жүзілік нарық талшығының сапасы мен дәрежесі төмендеп кеткендіктен басқа елдермен бәсекелес бола алмай отырмыз.

Жоғары сапалы мақта алу үшін бірінші кезекте мақта өндірушілерге өткізілген өнім көлеміне байланысты субсидия беруді қайта жандандыру және элиталық дәрежедегі тұқымдық шитті өзімізде шығаруымыз қажет.

Құрметті Серік Мұқашұлы!

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Сізден шұғыл түрде мынадай шаралар қабылдауыңызды сұраймын:

Бірінші. Қазақстандық мақтаның сапасын жақсарту және оны жаһандық нарыққа шығару үшін, бірінші кезеңде республикалық бюджеттің есебінен элиталық жоғарғы дәрежелі шитті сорттарын сатып алып, қолжетімді бағамен мақта өндіруші шаруаларды қамтамасыз етуді;

Сонымен қатар заманауи озық технологияларды енгізу арқылы шитті мақтаның элиталық жоғарғы дәрежелі сорттарын өз елімізде шығару мәселесін шешуді.

Екінші. Шаруалардың шығарған шығындарын ішінара өтеу мақсатында және көктемгі агротехникалық дала жұмыстарын толық көлемде жүргізіп, мақта дақылын өз уақытында өсіру үшін өндірушілерге күзде өткізілген өнімің әр тоннасына субсидия беру жолдарын қарауды;

Үшінші. Елімізде өндірілген мақта өнімін тұрақты өткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, ол өнімдерді өңдейтін және мата жасайтын тоқыма фабрикаларын салу мәселесін ұйымдастыруды сұраймын.

Қазақта «халық қаласа хан түйесін сояды» деген қанатты сөз бар. Оңтүстік шаруаларының жанайқайы Үкімет құлағына жетіп, екі жаққа да оңтайлы шешім қабылданарына сенеміз. Бұл түйіткіл мәселені шешкен жағдайда еліміздегі жеңіл өнеркәсіп мәселесін жоғары деңгейге көтеруге болады,-делінген депутаттық сауалында. 

Ал екінші сауал Оңтүстік өңіріндегі мектеп тапшылығына қатысты. Бұл туралы Балабиев әлеуметтік желідегі парақшасында былай дейді:

-Ертеңін ойлаған ел инвестицияны білімге салады. Және оның өміршең болатындығына тарихта мысалдар сансыз. Басқа басқа, Азия елдерін ғана алсаңыз бергісі Қытай, одан әріректе Жапон мен Оңтүстік Корея мемлекеттеріндегі бүгінгі жағдайды елдің экономикасын көтерген білімді жастармен өлшеуге болады.

Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаев Жаңа Қазақстанды құрудағы мақсатының бірегейі етіп жас ұрпақтың саналы білім алуы екендігін күн тәртібіне шығарды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында еліміздің байлығын теспей сорған жемқорлардан тәркіленген қаржының бірінші кезекте мектеп салуға жұмсалатындығын айтты.

Жолдауда «Жалпы, мектеп салу үкімет пен әкімдіктердің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс» деп көрсетті.

Үкімет отырысында да Премьер-Министр Ә.А. Смайылов жемқор шенеуніктердің ақшасына 70-тен астам мектеп құрылысына қаражат бөлінетін және осы мектептер 20-ға жуық облысты қамтитынын атап өткен болатын.

Осыған байланысты мен ҚР Премьер Министрінің орынбасары Алтай Сейдірұлы Көлгіновке депутаттық сауал қойдым. Себебі, Түркістан облысында орта білім беру мекемелерінің саны 961 болғанымен Оңтүстікте мектеп жетіспеушілігі өзекті мәселе күйінде қалып отыр.

Алтын құрсақ Оңтүстік елімізде туу өсімі бойынша көшбасшылардың бірі. Биылдың өзінде жыл соңына дейін 60 мыңға жуық сәби дүние есігін ашады деген болжам бар. Өткен жылы 54 570 бала мектеп табалдырығын аттаған. Кейбір мектптерде 1-сыныпқа барған балалардың саны 300-ден асып кеткен. Жекелеген сыныптағы оқушылардың саны 40-тан асады.

Мұндай жағдайда қандай сапалы білім туралы сөз қозғауға болады?!

Облыстық білім департаменті жаңа оқу жылында 1-сыныпқа 55 мыңнан аса бала барады деп отыр. Сондықтан да Түркістандағы орта білім беру саласындағы қордаланған мәселені шұғыл шешпеске болмайды.

Біздің анықтағанымыздай, оңтүстіктегі 15 аудан мен 2 қала бойынша 117 мктеп күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Бүгінде бірінші кезекте 25 мектеп тұр. Сол сияқты саман кірпіштен өрілген 40 апаттық оқу орны мектеп жетпегендіктен әлі де жұмыс істеп тұр.

«Жаман айтпай жақсы жоқ», техникалық қауіпсіздігі күмәнді осы ғимараттардың аяқ астынан апатқа ұшырамасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Жоғарыда айтылғанның негізінде, Мемлекет басшысының және Премьер-Министрдің тапсырмаларына сәйкес Түркістан облысындағы орта білім беру мекемелері жағдайларының өзектілігін және шұғыл араласуды қажет ететіндігін, оның ішінде 35 мектеп (бірінші кезекте) апатты, саманнан салынғанын ескеріп, «Білім беру инфракұрылымын қолдау қорынан» заманауи талаптарға сай келетін, үлгілік жоба бойынша 121 мектептің құрылысын жүргізуге тиісті қаражат бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын.  


"Аңсаған сәбимен" армандар орындалады
Заңгер Ақтаудағы үш баласын бауыздап өлтірген жігіттің әйелі туралы сөз қозғады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу