​«Вертер синдромы» немесе БАҚ қоғамның айнасы

Oinet.kz 22-02-2023 714

«Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистердің қоғам алдында жауапкершілігі өте үлкен. Мұғалім балаға әріп үйретіп, сауатын ашса, төртінші билік өкілдері халыққа жақсы менен жаманды айыруға, елді түзу жолға салуға шақыратын мамандық иелері. Өкінішке қарай, БАҚ өкілдерінің бәрі мұндай жауапкершікті алып жүре бермейді. 

Screenshot_6.jpg

Қоғамда «Вертер синдромы» деген ұғым бар. Бұл пәлекет вирус секілді ел ішінде тез таралып, жылдам жұғатын қауіпті құбылыс. Ең өкініштісі бұл «вирустың» жылдам таралуына себепші болатын журналистер екен. Бұл қалай?

Гете мен Вертер

Қоғамда қауіпті құбылыстың жиі қайталануын Вертер синдромы немесе Вертер әсері деп атайды. Бұл терминді алғаш рет 1970 жылы әлеуметтанушы Дэвид Филипс әйгілі неміс классигі Йоганн Вольфганг Гётенің «Жас Вертердің қасіреті» атты шығармасына сүйене отырып енгізген.  Туындының  бас кейіпкері Вертер махабаттан жолы болмай, ақыр соңында мәселенің шешімі өлім деп тауып, қасіреттен өз-өзіне қол салады. Осылайша «өз еркімен» өмірмен қоштасқан Вертер  аталмыш синдромның қалыптасуына себепші болған. Кітаптың оқырмандары өзіне қол жұмсау ғана адамды азап пен қасіреттен арылтатын жалғыз тәсіл деп түсініп, өзіне қол салудың кешірілмес күнә, бұрыс шешім екеніне күмәнмен қарай бастаған деседі. Дәл осы роман жарыққа шыққаннан кейін жастар арасында суицид көбейген. Бұл синдром бойынша, бір рет жасалған жауыздық актісі ақпарат құралдарынан кеңінен айтылып, жазылып, көрсетіле берсе, бұл қаніпезер әрекет домино әдісімен елдің әр қиырынан қылаң беріп, ұласпалыға айналады. 

«Толқынды толқын қуады»

Немістің ғалымы  Михаэль Йеттер  адамның өмір мен өлім мәселесі журналистерге  тікелей қатысты деп есептейді.   Батыс Аустралиядағы Перте университетінде қызмет атқаратын  ғалым ұзақ жылдар бойы БАҚ пен терроризмнің байланысын зерттеген. Өз еңбектерінде ол 1970 пен  2012 жылдар аралығында  200-ден астам елде орын алған 60-тан астам терракт оқиғаларын зерттей келе, мынадай қорытынды шығарады.  «Толқынды толқын қуады» дегендей терроризм туралы ақпараттар газет, журналдарда неғұрлым көп жазылып, экраннан жиі көрсетіліген сайын бұл құбылыс қайталана береді дейді. Зерттеушінің сөзіне қарағанда мақаладағы терракт туралы аз ғана ақпарат немесе террорист және оның құрбандары туралы ашық көрсетілген сюжеттен кейін осындай оқиға кейінгі апталадарда 1,4 есе қайталанған. «Біз бұл ақпараттарды  азырақ таратсақ теракт оқиғалары да азая түседі» дейді Йеттер. Әсіресе бейне, фотолар бұл синдромның өршуіне басты себеп дейді ол. Журналист Бастиан Бербнер террористер адамдардың өздеріне назар аударғанын, соларды талқылап,  сөз еткенін қатты қалайды дейді. Ал бұл жұмысты атқаруға «көмектесетін» кімдер? Әрине БАҚ өкілдері. Сондықтан Бербнер журналистер террористерге назар аударуын азайтса, олардың зұлым әрекеттері де сирей түседі деп есептейді. 

Ең «жұқпалы» ақпарат 

Ғалымдардың зерттеуінше Вертер синдромынының ең «жұқпалысы» ол суицид туралы ақпараттар.  Америкалық социологтардың айтуынша, ақпарат құралдары суицидтті жаппай жүртшылықтың қаперіне сала беріп, есіне түсіре берсе, бұл өзіне қол салу әрекеттерін одан сайын маздатып, өршітіп, ушықтырып алу қаупі жоғары. Өйткені, өмірімен қош айтысуға оқталып жүрген адам, теледидардан өзі сияқты суицид жасаған бейбақтарды көргенде өзін-өзі ақтай бастайды. Яғни, "мен ғана емес екем, мен сияқты өмірмен қоштасқысы келетін адамдар көп екен ғой" деген сияқты кереғар ойлармен өзін жұбата бастайды.

Вертер синдромын тек мақала немесе сюжет қана емес ән де тудырады екен. 1933 жылы венгер композиторы, пионист  Реже Шереш бір ән жазып шығады. Кейінірек әннің сөзіне журналист Ласло Явор кішкене өзгерістер енгізеді. Бұл әннің сөзінде ғашығы өмірден өткен жігіттің дүниеден баз кешіп, сүйгенінің соңына кетуге деген құштарлығы баяндалады. Лирикалық, қайғылы ән ел ішінде тез тарап кеткені сол еді  Еуропада өз-өзіне қол жұмсаушылардың саны да күрт көбейеді.  

БАҚ-та суицид тақырыбы қалай жазылуы керек?

Мамандардың зерттеуінше суицид тақырыбында жазылған мақала немесе сюжетте суицидтің себебі, орны, оның  қандай құралмен жасалғандығы секілді детальдар нақты жазылса бұл синдромды одан әрі үдете түседі деп есептейді.  Өз-өзіне қол салуды кеңінен жариялау адамдардың арасында суицидтік мінез-құлық қалыптастырады екен. Сондай-ақ жаман ақпараттың кеңінен таралуы және қаза тапқандардың туыстарынан сұхбат алу, суицидтік оқиғаның егжей-тегжейлі сипатталуы жағдайды қарапайым құбылыс ретінде қабылдауға итермелейді. Сол себепті сарапшылар журналистерді «суицидтік эпидемия» немесе «әлемде суицид деңгейі жоғары орындамыз» сияқты тіркестерді қолданудан аулақ болуға шақырады. 

Журналист, мәдениеттанушы Әсия Бағдәулетқызы facebook парақшасында Sage Journals-тағы зерттеуге сүйеніп, әріптестеріне суицид тақырыбын дұрыс жазудың қарапайым қағидаларын жазыпты.  Ол  Вертер синдромы туралы біле тұра журналистер осы мәселені жариялағанда өз жауапкершілігін сезіне бермейтінін айтады.

«Әріптестеріме суицидті сенсацияға айналдыруға болмайтынын жеткізгім келеді. Яғни тақырыпқа «өзіне қол жұмсады», «асылып қалды» сияқты сөздерді шығару қауіпті. Сіздің аудиторияңыз тек қана төрт құбыласы түгел адамдардан тұрмайтынын түсіну керек. Жазбаңыз немесе сюжетіңіз алдынан шыққан әр адам әр түрлі психологиялық күйде болуы мүмкін. Ал мұндай айқайлап тұратын тақырыптар жай-күйі мәз емес адам үшін триггер болуы ықтимал»,-деп жазды журналист.

Сонымен бірге журналист марқұмға қатысты стигматизация жасау, яғни оған «буллинг құрбаны», «жоқшылық құрбаны» деп анықтама беру мүлде дұрыс емес екенін жазып, медиадағы этика мәселесін ұмытпауға шақырды. «Дәл қазір қанша адам жоқшылық не зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін. Сондай жағдайға түскен адам үшін суицид қиындықтан шығар жол болып қабылдануы мүмкін»,-деп жазады Әсия Бағдәулетқызы.

Қазір көптеген әлем мемлекеттері бұл мәселеге аса сақтықпен қарауда. Әсіресе журналистердің Вертер эффектісін үдетпеуін қатты қадағалайды.  80-ші жылдары Аустрияда метрода өзін-өзі өлтірген әрекеттер көбейіп кеткен көрінеді. Сонда бұл келеңсіздік ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналады. Жергілікті билік ақпарат құралдарына бұл тақырыпқа шектеу қоюға үндеу тастағаны сол екен, көбісі құп алған екен. Нәтижесінде көп ұзамай-ақ Аустриядағы метрода суицид статистикасы едәуір азайған. Сол секілді суицид тақырыбы кейбір елде тыйым салынған тақырып саналады, онда суицидтің болғаны айтылмайды немесе байқаусызда алынған жарақат ретінде тіркелуі мүмкін. Сондықтан кейбір елдің суицид жайлы ақпараты мүлдем жоқ. 

Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Әйтсе де қолына қалам  және микрофон ұстаған мамандық иелері жаманымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрсе дейміз. Себебі журналистер тек жаңалықтың жаршысы ғана емес бала тәрбиесі, отбасы татулығы, қоғам тыныштығы, ұлт бірлігі секілді маңызды дүниелерге ат салысып жүрген идеологтар! 

Әрдайым жақсы жаңалықтармен бөлісіп жүрейікші!

Нәрестеге хиджама жасау дұрыс па - Балалар дәрігері жауап берді
Ең оңайы бағаны қымбаттата салу ғой деймін
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу