22 елді мекенді су басу қаупі бар

Oinet.kz 12-01-2023 617

image.png

Шардара су қоймасында, айтқан жерден аулақ, апаттық жағдай орын алса дарияның төменгі бөлігіндегі 34 мың тұрғыны бар 22 елді мекенді су басып қалу қаупі бар.  Пайдалануға берілгеніне жарты ғасырдан асқан, ірілігі жағынан елімізде үшінші орындағы Шардара су қоймасында да проблемалар баршылық. Солардың бірі – мұндағы су деңгейінің көтерілуі немесе төмендеуі. Экологтар әр кезеңдегі тайыздану немесе жақын маңдағы елді мекендерді су басу қаупі туралы дабыл қағуда.

Осындай мәселелер облыс әкімі Дархан Сатыбалды төрағалық еткен арнайы жиында талқыланып, оған «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының өкілдері қатысты. Сала мамандары мәселені шешуге көмектесетін түрлі ұсыныстар жасады. Қазіргі уақытта Сырдария өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты қоймадағы су көлемі де артуда. Бүгінде су қоймасына орта есеппен секундына 1500 текше метр немесе тәулігіне 42 миллион текше метр су қабылданып, 1011 текше метр су ағып кетеді. Жағдай мамандарды алаңдатып отыр, өйткені көктемгі су тасқыны салдарын күшейтуі мүмкін. «Су қоймасының жалпы көлемі 5,2 млн текше метрді құрайды. Қазірдің өзінде 4 миллион текше метрден астам су толтырылды. Көксарай су реттегішіндегі су көлемі де артқан», – деді мамандар. Сала мамандары Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне өңірдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіп-қатерлердің алдын алу үшін наурыз айына дейін Шардара су қоймасының жалпы көлемінің 70 пайызынан (яғни, 3,6 миллион текше метр) аспау қажеттігін хабарлаған, яғни 1 ,6 млн текше метрден артық жиналмауы тиіс. Сондай-ақ су шаруашылығы саласының мамандары су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін Үкімет деңгейінде штаб құру қажеттігін мәлімдеді. Осы мәселелер бойынша Үкімет пен тиісті министрлікке хат жолданды. Жиында осыдан бір-екі жыл бұрын су астында қалған Мақтаарал өңірінің жағдайы да сөз болды. Мәселен, сол жылы жарылған Сардоба су қоймасының сыйымдылығы 900 шаршы метр болса, Шардара су қоймасының көлемі 5-6 есе көп. Сондықтан Шардара су қоймасының жанынан апатты су құбырын тез арада салу қажет.

Осы арада айта кетелік, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетикалық ведомстволарының басшылары Қамбарата ГЭС-1-ді бірлесіп салу жөнінде уағдаласты. Бішкек қаласында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов, Қырғыз Республикасының Энергетика министрі Таалайбек Ибраев және Өзбекстан Республикасының Энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов «Қамбарата ГЭС-1 құрылысы» жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойды. Жол картасы шеңберінде тараптар жобаны іске асырудың негізгі шарттарын уағдаласты және электр станциясын уақтылы пайдалануға беру үшін алдағы қадамдарды белгіледі. Қазақстанның жобаға қатысуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы мамырда Қырғызстанға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластық шеңберінде жүзеге асады. Қамбарата ГЭС-1 Қырғызстандағы ең ірі электр станциясы болмақ. Бұл Орталық Азия елдерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге және өңірдің сумен қамтамасыз етілуін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Д.НҰРКЕНҰЛЫ

Қазақстанда берешегі 90 күннен асқан адамдарға тұтынушылық несие мен микрокредит берілмейді
Ақментай Есбаев ақыры қызметтен кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу