Ақментай Есбаев ақыры қызметтен кетті
«Ең бірінші кезекте қоғамды дамытуға кері әсерін тигізіп отырған сыбайлас жемқорлыққа жол берілмеуі тиіс. Егер осы мәселеден кемшілік жіберсе, қандай мықты әкім болса да, жұмыстан кетеді».Жаңа жылдың алдында Сауран ауданына жаңа әкім Ғалымжан Үсенбаевты тағайындау барысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді. Өңір басшысы нені тұспалдады?
Арада екі-үш күн өткенде облыс басшысы қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлық қылмыстары үшін отставкіге үшінші мәрте арыз берген Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаевты қызметінен алды. Бұл жолы Есбаевты «ескі жыл есіркемеді, жаңа жыл жарылқамады».
Қазан айында Келес ауданының халқымен кездесу барысында облыс басшысы Дархан Сатыбалдыға жергілікті қоғам белсендісі Нұржүрек Махаев Есбаевтың отставкасына қатысты мәселені қабырғасынан қойған болатын.
«Аудан әкімі Ақментай Есбаев пен оның инфрақұрылымға жауапты орынбасары Серік Қарақұловтың отставкасын талап етеміз. Есбаевтың қол астындағы бірнеше қызметкер сыбайлас жемқорлықпен ұсталды. Қошқарата ауылдық округінің әкіміне шешім шықса, жетінші шенеунік сотталады. Біздің облыс бойынша ең мықты кадр Есбаев па? Есбаев бұған дейін облыс әкімі Шөкеевке отставкіге кету жөнінде арыз берген екен. Шөкеев қабылдамай қойыпты. Егер Есбаев отставкіге арыз берсе, сіз оны қабылдайсыз ба?», – деген қоғам белсендісінің сауалына облыс басшысы екі айдан кейін нақты іспен жауап қайырды.
2020 жылы Келес Жамбыл ауылдық округінің әкімі Бархия Құрманалиев жер беру үшін бір азаматтан 400 мың теңге пара алып, 12 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесілді. 2021 жылы Келес аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ә.Кенегесов мердігерден 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айыппен 11,3 жылға бас бостандығынан айырылды. Осы екі қылмыстық іс бойынша Есбаевтың отставкіге жазған арыздары қабылданбады. Қайта Есбаев осы жылдары «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған еді.
Былтыр Келес ауданы Қошқарата ауылдық округінің әкімі Қосай Бекмұратов бюджет қаржысын талан-таражға салғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Облыстық соттың апелляциялық алқасы аудандық соттың шығарған үкімін өзгеріссіз қалдырды. Есбаевтың отставкіге кету үшін жазған үшінші арызын облыс басшысы Д.Сатыбалды қабылдады. Ақментай Есбаев – 2018 жылы өз алдында қайта енші алып шыққан Келес ауданының алғашқы әкімі. Оның енді шенеуніктік карьерасы тәмамдала ма, әлде басқа қызмет бұйыра ма?
Есбаевтың орнына Жәнібек Ағыбаев тағайындалды. Ол туралы біз бұған дейін де жазғанбыз. Ж.Ағыбаев уақтысында Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Ал, оның алдында Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Дархан Сатыбалдының кеңесшісі болған. Былтыр Ағыбаев Түркістан облысының әкімі болып тағайындалған Д.Сатыбалдыға екінші мәрте кеңесші болып барған еді. Енді міне, алдын ала болжанғандай, күтілгендей Ағыбаевтың айы оңынан туып, аудан тізгінін қолға алды. Экс-кеңесшінің Келесті қаншалықты көгертетінін уақыттың еншісіне қалдырдық.
Жәнібек ТАРХАН, "Рейтинг" газеті