Қазақстанда берешегі 90 күннен асқан адамдарға тұтынушылық несие мен микрокредит берілмейді
Елімізде шағын несие алып, төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен борышкерлер саны артқан. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтыр 11 айда банктердің жеке тұлғаларға берген несиесі 29,4%-ға немесе 13,9 трлн теңгеге ұлғайды. Оның ішінде тұтынушылық кредиттер көлемі 24,1%-ға, яғни 7,6 трлн теңгеге өсті. Займ алушылардың жалпы саны 6 868 мың адамға жетті. Төлеу мерзімі 90 күннен асқан кредиттердің үлесі – 5,6% немесе 461 млрд теңге. 536 мың клиенттің кредитін төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен. Ал, биыл жыл басталғалы олардың саны 121 мың адамға артты», - деді Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысында.
Агенттік ұсынған мәліметке сәйкес, төлем бойынша проблемалы заим алушылар саны – 532 мың. Жыл басталғалы бұл санаттағылар 186 мың адамға азайған. Қарыз алушылардың 76%-ында 1 млн теңгеге дейін берешегі бар.
«Былтырғы жылдың 11 айында микроқаржы ұйымдары берген шағын несиелер көлемі 42,7%-ға немесе 979 млрд теңгеге дейін өсті. Микрокредит алушылар саны – 1 528 мың адам. Мерзімі 90 күннен асатын микрокредиттердің үлесі – 8,0% немесе 76 млрд теңге. Аталған мерзім ішінде төлемей жүргендер 257 мың адамға жетті. Бұл көрсеткіш жыл басталғалы 115 мың адамға азайды», - дейді ол.
Оның айтуынша, енді күнтізбелік 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кепілсіз тұтынушылық қарыздар мен микрокредиттер беруге шектеулер енгізіледі.
“Бұл шара төлем жасауға қабілетсіз қарыз алушыларға жаңа кредит беруді және борыш жүктемесінің өсуін шектейді", - деді Әбілқасымова.