«Turkistan» арнайы экономикалық аймағы Түркістан қаласын жедел дамытады
Түркістан қаласында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бұл аймақ әу баста облыстың қаржылық әлеуетін арттыруды, кәсіпкерліктің тыныс кеңейтуді, ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика қызметтерінің сапасын жақсартуды басты мақсат тұтты. Turkistan АЭА-сын құру мен дамыту жоспары 2043 жылға дейін жасалған. Межелі мерзімге дейін аты аталған аймаққа 1,2 млрд теңге тарту көзделген. Үкімет қаулысы бойынша, Turkistan АЭА-ға бөлінетін қаржыландыру сомасының 60%-ы шетелдіктердің үлесінде болады. Әу бастағы жоспар бойынша, 2023 жылға дейін тауар өндіру көлемі 98,3 млрд теңгеге жетеді. Мұндағы отандық үлес 40% болады делінген еді.
Қазіргі таңда «Turkistan» арнайы экономикалық аймақтың инженерлік инфрақұрылымның құрылысының екінші кезеңі жүзеге асуда. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Оранғай ауылында орналасқан аумағы 365 га құрайтын арнайы экономикалық аймақта болды. Ондағы газ, жол, су, жылу мен кәріз жүйесінің құрылысының жәй - күйімен танысты. Мұнда өрт сөндіру депосы, байланыс жүйесі, бақылау өткізу бекетінің құрылысы жоспарланған. 23 шқ.газ құбыры жүргізіліп, жұмыстар жалғасуда.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өндіріс алыптарына арналған аумақтың жұмысымен танысты. Жұмыс барысын бақылап, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Облыс басшысы экономиканың негізгі тетігі саналатын экономикалық аймақты дамыту үшін инвестициялық ахуалдың да тартымды, тұрақты, жүйелі болуын айтты.
- «Turkistan» арнайы экономикалық аймақта бизнесін ашуға ниетті кәсіпкерлерге барлық жағдай жасауға міндеттіміз. Біз ұсынатын мүмкіндік өте қолайлы болуы тиіс. Тариф төмен, мүмкіндік мол болуы қажет. Ең алдымен арнайы экономикалық аймақта орналасатын жаңа жобалар үшін инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығы басым, - деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Айта кетейік, «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының құрылу мақсаты - Түркістан қаласын жедел дамыту еді. Және де Түркістан қаласының туристтік әлеуетін арттыру және Түркі әлемінің рухани астанасы ретінде одан әрі қалыптасуы және туристтердің қажеттіліктерін қамтамасыз етуге және қанағаттандыруға қабілетті тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристтік инфрақұрылымды дамыту, туристерге қызмет көрсетуге арналған бірыңғай ақпараттық база құру болды. АЭА аумағы Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі болып табылады және 1938,0 гектарды құрайды. АЭА аумағының құрамына 4 қосалқы аймақ кіреді: ауданы - 188,0 гектар тарихи орталық, ауданы - 1350,0 гектар әкімшілік-іскерлік орталық, ауданы 365 гектар және 35 гектар өндіріс аймақтары.