Альбина Елшиева: Депутаттардың әкімге тәуелді болмағаны дұрыс!
«Әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек». Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Альбина Елшиева қолдайтынын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын онлайн режимде тыңдадым. «Мені ең алдымен, халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!» деген Президент елеңдеп күткен елдің көкейіндегі кезек күттірмейтін біраз мәселенің ортақ шешімін ортаға салды. Атап айтқанда, Президенттің өкілеттігі туралы, өкілді билік тармағын қайта құру, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институттарын күшейту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар... Бұлардың барлығы да жаңаруға, жаңа Қазақстанды қалыптастуруға бағытталған маңызды мемлекеттік қадамдар.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің «Аманат» партиясының төрағалығынан кететінін, әкімдер мен олардың орынбасарларының партияға жетекшілік етуге болмайтынын шегелеп жеткізді. Президент айтқандай заңмен тыйым салынса, мәслихат депутаттары жергілікті әкімдерге тәуелді болмайды. Жолдауда айтылған өзгерістер сайлау жүйесіне енгізілген соң Мәжіліс пен облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады. Ал, аудандар мен қалалардағы мәслихаттарға депутаттар мажоритарлық жүйемен сайланады. Бұл оралу – жұртқа жақындау, халықтың қалауы! Яғни, алдағы уақытта Мәжіліс секілді мәслихаттардың да қоғамдағы рөлі күшейіп, деңгейі жоғарылайды деген сөз.
Сондай-ақ, Президенттің Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру туралы қабылдаған шешімі еліміз үшін аса маңызды өзгерістер. Ұлы Абайдың атымен жаңа облыс құрып, орталығы Семей қаласын белгілеу Алаш арыстарының арманын жаңғыруға бағытталған бетбұрыс деп қабылдадым. Жаңа Ұлытау облысының орталығы Жезқазған да шалғайда ұмыт қалып бара жатқан қалалардың біріне айналған еді. Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облысын құруы да құптарлық қадам. Алматы облысының орталығы болатын Қапшағай қаласын ұлт қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың атымен атау туралы елдің ұсынысын Мемлекет басшысының қолдауы жұртқа жақты. Семей де, Жезқазған да, Қонаев та қарыштап дамып, өңірдің локомотивіне айналады деп сенемін. Сондықтан Президентіміздің мемлекеттік саясатын қуана қолдаймын, – деді Альбина Балғабайқызы.