Шымкенттіктер республикалық IQ DODA зияткерлік ойынында жүлдегер атанды
Жақында Талдықорған қаласында ҚР Тәуелсіздігің 30 жылдығына орай "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында республикалық IQ Doda зияткерлік ойыны болып өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 17 команда қатысып, тартысты дода болды.
Зияткерлік ойынға Шымкенттен "Шымқала" құрама командасы қатысты. Команда құрамында қалалық оқушылар сарайының директоры Мұстафаев Бақытжан, "Шымкент ақпарат орталығы" ЖШС директоры Орымбаев Нұрбол, ОҚМПУ жастар саясаты бөлімінің меңгерушісі Тасболат Бекдаулет және Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің әлеуметтік тәрбие және жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы Әлібек Бексейіттер болды.
Аталмыш зияткерлік ойынның мақсаты - “Рухани жаңғыру” бағдарламасы идеяларын жүзеге асыру, қазіргі заманның жаңа жағдайларына сәйкес стандартты емес дербес ойлауды, интуицияны, зияткерлік қабілетті дамыту, табыстың іргелі факторы ретінде жаңашылдық пен білімді насихаттау болатын.
Жерлестеріміз ой жүйріктігі ортаға салынған сайыста тапқырлық пен ұтқырлықты шебер қолдана біліп, ақтық кезеңге шықты. Шешуші кезеңде 7 командамен тартысты бәсекеде аз ғана ұпай айырмашылығымен үздік үштік қатарынан көрінді.
Нақтырақ айтар болсақ, зияткерлік ойында Түркістан облысының «Тұран» командасы 28 ұпай, Павлодарлық «Ертіс» командасына 27 ұпай жинап, алдыңғы екі орынды бөліссе, «Шымқала» командасы 26 ұпаймен үшінші орын алды.