Өлдік те, құрметті болдық
Қазір біз балалары ата-аналарын қарттар үйіне өткізетіндер көбейген, өмірдің шынайы құндылықтары ескеріле бермейтін заманда өмір сүрудеміз, өкінішке қарай. Енді дүние есігін ашқан нәрестелерін әжетханаға, қоқыс жәшігіне тастап кететін аналарды да соңғы кезде көріп жүрміз. Бұл жақсы тенденция емес. Халқымыз әкесін асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, «жұмақ ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала бауыр етің» деп ұрпағына айырықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған елміз. Бүгінгі заманның кейбір жастары туған ата-анасын тозығы жетіп, түкке жарамай қалған зат сияқты тастап кетіп отыр. Олар ешкімнен ұялмастан, анасын немесе әкесін өз қолымен жетектеп, қарттар үйіне апарып тастайды да ары қарайғы күнкөрісінің қамына кіріседі. Кейбірі сол кеткеннен мол кетсе, енді бірі айына бір рет болсын, зейнетақысын алып кетуге барады екен... Қарттар үйіндегі ата-аналары сырқаттанып, болмаса өмірден озып кетсе де, олар мойнына ешқандай жауапкершілік жүктеп алмайды. Кей кездері жаназасына туған балалары келмейді дегенді естіп те жүрміз. Осы сынды бүгінгі күннің өзекті мәселесін «Ontustik» жастар театры «Өлдік те, құрметті болдық» атты комедиялық қойылымы арқылы көпшілік алдына шығарды.
Қойылым туралы бірер сөз...
«Ontustik» жастар театры қойған өзбек драматургы Х.Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық» атты комедиясы облыстық Жастар ресурстық орталығында көрермендерге ұсынылды. Қарапайым өзбек отбасының ішкі қарым-қатынасы суреттелген комедиялық қойылымның мақсаты- қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан жастарды ата-ананы қадірлеп, оларды өлген соң өкініп іздемей, тірі кезінде ардақтап өтуге, күйбелең тіршілік қамымен жалғыз қалдырмай, бір сәт болсын көңіл бөліп, іздегенде жанынан табылатын жандардың бірі болуға шақыру.
Мәулен шал бүгін көңілсіз. Жақын досы дүниеден озды. Бірақ досының мәңгі келмес сапарға аттанғаны емес, туған балалары әкесінің жаназасына келмегені қарияға ауыр тиді. Іштен шыққан шұбар жыланың сені соңғы сапарға шығарып салмаса, одан өткен жаман нәрсе болуы мүмкін бе?! Өзінің екі ұлы мен қызы көзі тірі кезінде үйге көп келмейді. Өлсе жаназаға келмейтін шығар... деген күдікті оймен Мәулен шал үйіне де жетті.
Үйіне кіре салып әйеліне: «Мен жақын күнде өлемін. Хат жазып балаларыңа естірт, жаназама келсін. Бүгін марқұмның балалары әкелерін соңғы рет көруге де келген жоқ. Бұдан асқан жаман қасірет бар ма?! Құдай біледі біздің балалар да келмейтін шығар», - деді қария. Мәуленнің әйелі Айдана: «Ой, дәдәсі не айтып жатырсыз?! Қандай өлім?! Біздің балалар тәрбиелі, міндетті түрде келетін болады»,- деп жұбатуға тырысады. Бірақ Мәулен шалды райынан қайтару мүмкін болмады. Айдана не істерін білмей күйеуінің досы Әуезді үйіне шақырады. «Әуез досың алжиын деді. Өлемін, жаназама туған-туыстарымызды шақыр деп жатыр.Кімнің келіп, келмейтінін білетін боламын дейді.. .Ақылыңды айт»,- деп Әуезді Мәуленге жібереді. Әуез де Мәуленді көндіре алмай әбігерге түседі. Ақырында шалдың дегені болады. Балаларына «Әкелерің дүниеден озды. Жаназасына келіңдер!» деген суық хабар жібереді...
Жаназа күні
Қаралы үйге бірінші болып әкімшіліктен бастық келіп, Әуезге марқұмның жаназасы жоғары деңгейде өтуі керектігін айтады.«Ол Сұлтан Мауленовичтың әкесі. Қаладан лауазымды тұлғалар келеді. Сондықтан қажет нәрселер болса маған айтыңыз»,- деп әлгі басшы жағымпазданып кетеді. Бір уақытта «Әкем - ау» деп айқалап жылаған дауыс естіледі. Сөйтсе, кіші ұлы-Дастан келген екен. Бірақ айқайлап жылап жатқан ол емес. Жалдамалы жоқтаушы- Шурик еді. «Бастығымның әкесі-ау», «ойбай-ау, бастығымның әкесі-ау» деп өкіріп жылап отырған оған Әуез келіп:«Балам, сенің әкең тірі ме!?»,- деп сұрайды. Әкесінің тірі, зейнеткер екенін айтқан Шурик жылауын жалғастырады. «Өзің профессионально жылайды екенсің»,-деп Әуез таңданысын жасырмады. «Мен сені теледидардан жоқтаушылар жарысынан көрген едім, сен бірінші орын алдың»,- дегені сол еді жоқтаушы тіршіліктің қамы маған кедергі жасамаңыз деп Әуездің бетін қайтарып, жылауын жалғастырады.
Қалада лауазымды қызметте жұмыс істейтін үлкен ұлы-Сұлтан келеді. «Әкешім, кешір мені, көзіңнің тірісінде ауылға аз келуші едім»,- деп таяққа сүйеніп, інісін құшақтап жылап тұрады. «Қарындасымыз Гулистан қайда?!»,- дегенде Дастан: «Әртістер өмір бойы ақшаға жарымай жүреді. Келуге ақшам жоқ деп айтқан», дегені сол еді Мәуленнің кіші қызы Гулистан кіріп келіп, таксиға ақша төлей саласыздар ма деп ағаларын құшақтап жылап қалады. Осы сәтті Мәулен шал шетте тұрып бақылап тұрады. Сұрауым бар екен, үшеуі бірдей келді деп қуанып кетеді.
Ауылда әкімшілікте жұмыс істейтін басшы Гулистанның жанына келіп «селфи» деп екеуі суретке түседі. Осы сияқты эпизодтар залда отырған көрермендерді күлкіге қарық қылады. Көңіл айтып келген қонақтардың барлығы үйдің ішіне кіргенде Мәулен шал тығылып, далаға шығады. Шурик есімді жоқтаушы тапшанда демалып жатып, шалды көріп көңіл айтуға келген біреу шығар «Әкем-ау» деп жылауын қайта бастайды. Сол сәтте Мәулен шал оған ақша беріп, тыныш отыр деген белгі береді. Шурик бір-екі минут өткеннен кейін марқұм шал сол екенін түсініп талып қалады.
Қойылымда актерлардың барлығы рөлдерін жақсы ойнайды. Әзілдің астарында терең философиялық ой жатқанын көруге болады. Соңында Әуез шығып балаларға әкелерінің тірі екенін хабарлайды. Оны естіген балалары әкелерін жүгіріп барып құшақтайды, сөйтіп жаназаның ақыры тойға ұласады. Әуездің жоқтаушыға келіп «менің жаназама міндетті түрде кел. Өзің жоқтауды қатырады екенсің»,- деп айтқан диалогтары көпшіліктің көңілінен шықты.
Қойылымдағы мораль- күйбелең тіршіліктің соңында жүремін деп ата-анаңның дүниеден өткенін байқамай да қаласың. Бір күні сен өмірде үлкен қателік жасағаныңды түсінесің, бірақ ол кезде тым кеш болады. Ата-анаңның қабіріне барып жылап, кешірім сұрағаннан, олар тіріліп келіп «балам сені кешірдім»,- демейді. Сен олардың құшағына кіріп, сағынышыңды баса алмайсың. Бүгінгі жас ұрпаққа ата-ананы сыйлауды насихаттау маңызды болып тұр. Елімізде егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүреді екен.«Өлдік те, құрметті болдық» деген сөз бүкіл спектакльдің мән-маңызын, мағынасын ашып көрсеткендей. Жалған дүниеде біз жанымызға жақын жандарды жоғалтқан кезде ғана қадірін түсінеміз. Осы тұста гректің ұлы ғалымы Платонның: «Кімде кімнің үйінде қартайып отырған әке- шешесі немесе атасы мен енесі секілді қымбатты «қонағы» болса, ол үйіне құдайдың одан артық құрметті өкілі келеді деп ойламасын, егер үйдің үй иесі оған дұрыс қарап, қамқорлық жасаса ата-аналары оның отбасының құты болып табылады»,- деген тәмсілі еріксіз есіңе түседі. Сондықтан, ата-аналарымызды тірі кезінде сыйлап, құрмет көрсетейік. Шын мәнінде бұл өмірде бізге олардан жақын адам жоқ. Ата-анасы тірі адамдар ешқашан бақытсыз болмайды. Себебі, әке-шешеңнің жаныңда күліп, саған демеу беріп жүргені ең үлкен бақыт, бәрінен қымбат!