Партиясы жоқ депутаттар... Күзде мәслихат сайлауы өтуі мүмкін

Oinet.kz 22-07-2026

f8b6bfc1-759f-42a2-b741-908ae1f6ccb2.png

Тұңғыш рет өткізіліп отырған Құрылтай сайлауына қатысты науқанда елді тосылтып қоятын біраз жаңалықтардың болғаны рас. Жаңалықтың үлкені – отыз жылға жуық тарихы бар «Аманат» партиясына берілген мандаттарға қатысты. Билік бұған дейін жұртшылыққа «Аманат» «Әділетке» қосылды» деп түсіндірген. Алайда  қазіргі жағдайға қарағанда, «Аманаттың» басқа партияға қосылған ештеңесі жоқ. «Аманаттың» аты да, заты да толықтай жойылатын түрі бар. Тіпті осы партияның атынан кезінде алынған партиялық мандаттар да иесіз қалмақ.

Неге десеңіз, дәл қазіргі жағдайда бұл мәселені реттейтін нақты құқықтық норма жоқ. Екі саяси партия қосылған жағдайда олардың атынан алынған депутаттық мандаттар мәселесінің қалай шешілетіні туралы ешбір заңда нақты түсіндірілмеген.

Осыдан кейін әркім өз бетінше әрекет етіп жатыр. Дәлірегі өз білгенін істеуге көшті.

Бір қызығы, Түркістан мен Шымкентте осыған ұқсас жағдай сегіз жыл бұрын кездескен. Еске түсіріп көрейік.

2018 жылдың жазында Оңтүстік Қазақстан облысы екіге бөлінді. Бір жағынан Түркістан облысы құрылды, екінші жағынан Шымкент өз алдына енші алып,  республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған. Дәл сол кезде облыстық мәслихатта мәселе туындады.

Мәслихатқа Шымкент қаласынан сайланған депутаттардың сайлаушылары Шымкентте қалып қойды. Ал депутаттардың өздері Түркістан облыстық мәслихатының құрамында отырды. Біз сол кезде осы тақырыпқа қатысты «Рейтинг» газетінде «Сайлаушысы жоқ депутаттар» деген тақырыппен бірнеше мақала жариялағанбыз.

Не істеу керек? Жоғары жақ бұл мәселенің нақты құқықтық шешімін таба алмады. Себебі мұндай жағдайда не істеу керектігі бірде-бір заңда жазылмаған болып шықты. Ақырында бұл дауға төрелік айту Шымкенттен сайланған он депутаттың өз еркіне қалдырылды. Ақыр аяғында олардың екеуінен өзгесі (аты-жөндерін атап өту қажет емес шығар) ешқандай дау шығармай, түгелдей мандаттарын өз еріктерімен тапсырып кетті.

Бүгін дәл сондай құқықтық түйткіл тағы да қайталанып отыр.

Бұл жолы мәселе әкімшілік-аумақтық бөлініске емес, саяси партияның тағдырына байланысты. Қазір «Аманат» партиясы таратылып жатыр. Ал осы партияның атынан партиялық тізім бойынша алынған мандаттардың кейінгі тағдыры қандай болатынын әзірге ешкім нақты айта алмайды. Өйткені мұндай жағдайда не істеу керектігі «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңдарда нақты жазылмаған. Яғни, басымызға осындай проблема туса не істейміз, қалай шешеміз деген мәселе алдын ала ешкімнің басына келмеген болып тұр ғой. 

Өткен аптада Шымкентте біраз кадрлық ауыс-түйіс болды. Бірнеше жылдан бері Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы болып келген Бахадыр Нарымбетов қызметінен кетті.

Шымкент қалалық әкімдігіне қарасты ақпарат құралдары осы ауыс-түйіс туралы:

– Сессия барысында Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Б. Нарымбетовтің Қазақстан Республикасының Құрылтайына «Әділет» партиясынан кандидат ретінде тіркелуіне байланысты өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. Сондай-ақ өздері сайланған саяси партиялардың қатарынан шығуына байланысты депутаттық өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған депутаттар А. Наимбекова мен Б. Әшірбаев мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың құрамдарынан шығарылды,– деген хабар таратты.

Осы сессияда мәслихат төрағасы болып депутат Мұрат Жолдыхожаев сайланды. Ол бұған дейін «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалын басқарған, жуырда «Әділет» партиясының қалалық филиалының жетекшілігіне сайланған.

Осы тұста бірнеше заңдық сұрақ туындайды.

Ең алдымен, Құрылтай депутаттығына партиялық тізіммен кандидат болып тіркелген адам мәслихаттағы мандатын тапсыруға міндетті деген талап қай заңда жазылған? Біздіңше, мұндай нақты норма жоқ. Өйткені кандидат болып тіркелу – сайланды деген сөз емес. Нарымбетов пен Наимбекова (ол да «Әділеттің» партиялық тізіміне енген) Құрылтай депутаты болып сайлануы да мүмкін, сайланбауы да мүмкін. Қазіргі кезде олар жай ғана үміткер. Ал 23 тамызда өтетін сайлаудың нәтижесіне бүгіннен кепілдік беру мүмкін емес қой.

Екінші мәселе бұдан да маңызды.

Нарымбетов, Наимбекова және Әшірбаевтың өзі сайлаған партия қатарынан шығып, мандаттарынан айырылуы заңға сәйкес келеді дейік. Ал дәл сол уақытта бұрын «Аманаттың» қалалық филиалын басқарған, жуырда партия қатарынан шығып, «Әділеттің» филиалына жетекші болған   Мұрат Жолдыхожаевтың мәслихат төрағасы болып сайлануы көпшілікті аң-таң қалдырды. Сонда бұл қалай? Бір депутат «Аманаттан» шыққаны үшін мандатынан айырылады, сол кезде «Аманаттан» шығып, «Әділетке» төраға болған  келесі депутат мәслихаттың төрағалығына сайланады?

Осы мәселенің анық-қанығын білу үшін біз Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаевпен хабарласқан едік.  Сайлауком бұл жерде ешқандай заңбұзушылықтың жоқ екенін алға тартты.

– Нарымбетов төрағалықтан Парламент сайлауына кандидат болғаны үшін емес, өзіне мандат берген «Аманат» партиясынан шығып кеткені үшін босатылды. Қалған депутаттар да мандаттарынан сол үшін айырылды. Өйткені заң бойынша депутат өзін ұсынған партиядан шықса, оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.  – деді Қайырбек Құнанбаев.

– Сонда енді Шымкент қалалық мәслихатындағы «Аманаттан» сайланған барлық депутаттар мандаттарын тапсыруы керек пе?

– Жоқ. Қалған депутаттар партия қатарынан шыққан жоқ қой. Сондықтан олар өз өкілеттіктерін жалғастыра береді.

– Ал Мұрат Жолдыхожаевқа қатысты жағдайды қалай түсіндіресіз?

– Мұрат Жолдыхожаевтың мәселесі бөлек. Ол 2023 жылы  мәслихатқа партиялық тізіммен емес, қаладағы округтердің бірінен жеке мандат бойынша өткен. Сондықтан қай партияның мүшесі болуы оның мандатына әсер етпейді.

Сайлаукомнан «Аманат» партиясының атынан сайланған жүздеген депутаттың құқықтық мәртебесінің қалай шешілетінін де сұрадық.

– Қазіргі таңда «Аманат» партиясының Орталық сайлау комиссиясына тиісті құжаттары тапсырылған. Партияның өзін-өзі тарату және қайта ұйымдастыру рәсімі алты айға дейін созылуы мүмкін,—деді төраға.

Ал одан кейін не болады?

Қ.Құнанбаев партия ресми түрде таратылған соң «Аманаттың» атынан партиялық тізім бойынша берілген мандаттарды «Әділеттің» иелене алмайтынын, себебі «Әділет» «Аманаттың» құқықтық мирасқоры болып есептелмейтінін нақты айтты.  Яғни, бұл «Аманаттың» атынан партиялық тізім бойынша сайланған депутаттардың өкілеттігі тоқтатылады дегенді білдіреді.

Айтпақшы, соңғы уақытта мәслихат депутаттары арасында жүріп жатқан әңгімелерге қарағанда, әзірге «Аманаттан» сайланған халық қалаулыларына  партия қатарынан шықпау және «Әділетке» өтпеу жөнінде ауызша нұсқау берілген көрінеді. Өйткені партия ресми түрде таратылғанға дейін олардың құқықтық мәртебесі өзгермейді. Сондай-ақ қазан немесе қараша айларында мәслихаттарға кезектен тыс сайлау өтуі мүмкін деген әңгімелер де айтылып жатқанға ұқсайды. Бұл әңгіме қаншалықты қисынды?

Біз осы жерде мынандай арфиметикалық амалдарды келтіріп көрейік. Дәл қазір Шымкент қалалық мәслихатында 32 депутат бар. 50/50 жүйесі бойынша олардың 16-сы партиялық тізіммен сайланған. Оның 11-і «Аманатқа» берілген мандат. Ертең «Аманат» ресми түрде таратылған соң 11 депутаттың өкілеттігі тоқтатылады (қазірдің өзінде үшеуі кетті). Сонда 21 депутат қалады. Ал, заң бойынша мәслихат сессиясында кворум болу  үшін депутаттардың үштен екісі, яғни кемінде 22-сі қатысуы керек екен. Ертең кворум болмаса, сессия қалай ашылады, депутаттар қалай жұмыс істейді? Тағы да түсініксіздік. Бұл түсініксіздікті де ешқандай заң реттеп бере алмайды.  

Осыдан кейін «күзде мәслихат сайлауы өтеді» деген әңгіменің қисынға қаншалықты келіңкірейтінін өзіңіз бағамдап көріңіз. Өте ықтимал жағдай. Ал енді қайта-қайта шығын шығармау үшін мәслихат сайлауын неге Парламент сайлауымен бірге өткізіп жібермеді? Бір жылда бір референдум, екі сайлау өткізу халықты саяси науқандардан, референдумдардан жалықтырып жібермей ме? Бұл жерде биліктің көздегені не?

Ал, оған дейін алда Құрылтай сайлауы тұр.  Тақырыпты алдағы нөмірлерде қайта жалғастыратын боламыз.


«Рейтинг» газеті, 22 шілде 2026 жыл.


Депутаттықтан дәмелілер... Елдің қалауы мен биліктің таңдауы үйлесе ме?
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу