Депутаттықтан дәмелілер... Елдің қалауы мен биліктің таңдауы үйлесе ме?

Oinet.kz 15-07-2026

 Screenshot_2.png

Қазақстанның саяси сахнасында болып жатқан соңғы оқиғалардың түсініксіз тұстары аз емес. Саяси аренаға жарқ етіп жаңа партия келді. Билік отыз жылға жуық тарихы бар, елдегі ең ірі саяси күш саналған «Аманат» партиясын санаулы күннің ішінде таратып, тіркелгеніне екі-үш апта ғана болған «Әділетке» қосып жіберді. Аманаттықтар не болғанын түсінбей, абдырап тұрғанда, жаңа партияның сайлау алдындағы партиялық тізімі бекітіліп кетті. Бұл «ескі Қазақстанның» беделі мен ықпалына берілген өте үлкен соққы болды. Жаңа Парламент – Құрылтай сайлауы жаңа Қазақстан мен ескі Қазақстанның арасында жаңа шекара қойды десек, артық айтқанымыз емес.

Бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан «Әділетті Қазақстан» енді өзінің жаңа парағын жаңа Парламентпен, нақтырақ айтсақ, Құрылтаймен ашпақ.

Ал енді бұл жоспар толық жүзеге аса ма? Әлде қағаз жүзінде қала ма? Бұл енді өз алдына бөлек тақырып.

Өткен жұмада өткен «Әділет» партиясының съезінде Құрылтай депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың тізімі бекітілді. Жалпы жиыннан аңғарғанымыз – «Әділет» Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын қолдайтын әрі сол реформаларды жүзеге асыруға жұмыс істейтін негізгі саяси күш болуға ұмтылады. Мұны партияның сайлауалды бағдарламасынан да аңғаруға болады.

Құрылғанына көп уақыт өтпесе де, партияның болашаққа деген амбициясы жоғары. Өзге партиялардың Орталық сайлау комиссиясына тапсырған партиялық тізімдерінде 60-80 адамның ғана аты болса, «Әділет» бірден 186 кандидатты ұсынды. Араларында бірлі-жарым бұрынғы Мәжіліс депутаттары болғанымен, басым көпшілігі – жаңа есімдер. Жастарға көбірек орын берілгені байқалады. Оның бірқатары Президенттің кадрлық резервінен шыққан. Бұған дейін Шымкент пен Түркістаннан Парламентке сайланған депутаттардың ешқайсысы жаңа тізімге енбеді. Ешкім жоқ. Қайрат Балабиев пен Ұласбек Сәдібековтің депутаттық мерзімі аяқталғанымен, мемлекеттік қызметтегі мансабы аяқталмауы мүмкін. Билік оларды жұмыссыз қалдырмайтын шығар. Ал Болатбек Әлиев пен Тимур Қырықбаев бизнесін қалыптастырып қойған кәсіпкерлер. Басқа экс-депутаттар да жерде қалмайды-ау. Олардың орнын кім басады?

Съезде партия төрағасы Айбек Дәдебай:

– Сіздермен бірге ел игілігі жолында еңбек етуге дайын пікірлес азаматтардың біртұтас командасын жасақтадық. Олар уәде берумен ғана шектелмейді. Кінәліні іздемейді. Өткенмен өмір сүрмейді. Болашақты бірге құрады, – деді.

Расында да, «Әділет» партиясы ең ауқымды партиялық тізімді ұсынды. Қара жаяу ешкім жоқ. Әр кандидаттың артында белгілі бір өмір жолы, қызметі немесе ықпалы тұр.

Сонымен, Түркістан мен Шымкенттен кімдердің депутат болудан үміті бар?

Алғаш назар аудартқандардың бірі – облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Жамалов. Мақта-тоқыма саласында біраз жыл еңбек етіп, кәсіпкер ретінде танылған Бауыржан Жамалов қайбір жылдары облыс әкімінің орынбасары қызметіне келген. Оның бұл лауазымда қандай нәтижелі жұмыстар атқарғанын әріптестері мен сала мамандары айта жатар. Алайда Жамалов жұртшылық жете тани қоятындай тұлға болған жоқ десек, онымен көпшілік келісетін шығар. Әкімдіктен кеткеннен кейін біраз уақыт қоғамдық-саяси кеңістікте көріне қоймаған Бауыржан Жамаловтың саясатқа деген қызығушылығын шынымен «Әділетті Қазақстан» идеясы оятты ма, әлде мұның астарында басқа себептер бар ма? Оны уақыт көрсетеді.

Тізімге Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Динара Егамбердиева да енген. Көпшілік Динара ханымды ең алдымен кәсіпкер ретінде таниды. Соңғы жылдары ол облыста Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметін атқарды. Алайда журналистер мен қоғам белсенділерінің арасында онымен байланысудың, пікір алудың оңай еместігі жиі айтылып жүр. Әрине, бұл оның кәсіби қызметіне берілген түпкілікті баға емес. Дегенмен қоғаммен ашық диалог орнату – кез келген депутат үшін ең басты талаптардың бірі.

Бұл жолғы тізімнен «Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалының алғашқы төрағасы Нұрлан Толыбаевтың да есімін кездестірдік. Толыбаевтың ата-анасы бір кездері елге белгілі кәсіпкер болды. Анасы Рәшкүл Оспанәлиеваны ел абыройлы депутат ретінде де таныды. Ал Толыбаевтың өзі саяси, басқарушылық жұмысын енді ғана бастап жатыр. Сондықтан оның іскерлігі, абырой-беделі туралы әзірге бірдеңе айту қиын. Бәрін уақыт көрсетеді.

Тізімнің ортасында Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов тұр. Бұған дейін мықты идеолог ретінде танылған Нарымбетов соңғы жылдары депутаттық корпустың жұмысын да шырқ үйіріп келеді. Сондықтан оның партиялық тізімге енуі тосын жаңалық емес.

Келесі назар аудартқан есім – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев. Ұзақ жылдар әділет органдарында қызмет атқарған ол кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып еңбек етті, Президент Әкімшілігінде де тәжірибе жинақтады. Бұған дейін біз «Рейтинг» газетінде оның заңгер бола тұра коммуналдық салаға жетекшілік етіп жүргенін жазған едік. Беркімбаевтан коммуналшы шықпаса да, заңның ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін құрылтайшы шығатын шығар.

Одан кейінгі есім – Нұрсадық Ергешбай. Ол Шымкент қаласы әкімдігінде ұзақ жылдар, соның ішінде Ғабидолла Әбдірахымов әкім болған кезеңнен бері коммуналдық салада қызмет атқарған тәжірибелі маман ретінде белгілі. Соңғы жылдары Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі деп естігеніміз бар. Атқарушы биліктегі мол тәжірибесі заң шығарушы органда қаншалықты кәдеге жарайтынын да уақыт көрсетеді.

Айтпақшы, тізімде Сенат депутаты Нұрлан Бекназаровтың да есімі бар. Бұл оның жаңа саяси жағдайда да ықпалын сақтап қалуға ниетті екенін аңғартатын сияқты. Белгілі кәсіпкер, кезінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болған, «Аманат» партиясының белсенді мүшелерінің бірі Наргиза Керімбаева да партиялық тізімнен орын алды. Кезінде Шымкент қалалық Қоғамдық кеңесін басқарған, мәслихат депутаты болған Мұхтар Битеміровтің ұлы Дәурен Битеміровтің есімін де кездестірдік. Әкесі қоғамдық жұмыстар арқылы танылса, енді ұлы үлкен саясаттағы өз мүмкіндігін сынап көрмек. Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, мегаполистегі «GraMad» сауда дүкендері желісінің қожайыны Айжан Найымбеков да бар. 

Бұлардан бөлек, қызметі елордамен байланысты болғанымен, өмір жолы немесе туған жері арқылы Оңтүстікпен сабақтас бірнеше азамат та партиялық тізімге енгізілген.

Олардың бірі – белгілі ғалым, академик, алаштанушы, «Қазақ газеттері» ЖШС-інің бас директоры Дихан Қамзабекұлы. Ол өткен жолғы сайлауда «Аманат» партиясының тізіміне де енгізілген болатын. Бұл оның қай партияның тізімінде болса да ең алдымен ғылым өкілі, халықтың жоғын жоқтаушы, ұлттың жанашыры ретінде бағаланатынын көрсетсе керек. Дихан Қамзабекұлы елдің алдында да сүйкімі бар, зиялы қауым арасында абырой-атағы зор тұлға. Сондықтан осындай танымал кандидаттарды енгізу арқылы «Әділет» әжептәуір абырой жинады деп ойлаймыз.

Сонымен қатар белгілі кәсіпкер Сайдолла Қожабаевтың ұлы Еркебұлан Ильясов пен халықаралық деңгейдегі шахматшы, соңғы жылдары елордада түрлі жауапты қызметтер атқарған Гүлісхан Нахбаева да депутаттықтан үміткерлер қатарынан көрінді.

Тізімге Арыс қаласында дүниеге келген, уақытында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі болған Максим Рожинді де байқадық. Ол Мәжілістің соңғы шақырылымына «Аманаттың» тізімімен өткен болатын. Бірақ Рожиннің осы жылдары өзекті мәселе көтергенін, белсенділік көрсеткенін байқамаппыз. Оны мандатқа қайта ұсынудың астарында қандай саясат жатыр? ЖСДП партиясының тізіміне экс-мәжілісмен, 2022 жылы Президент сайлауына түскен Нұрлан Әуесбаев та енді. Оны неге айтып отыр дейтін шығарсыздар? Егер Нұрлан Әуесбаев елдің мұңын тыңдайтын, мәселе көтеретін, танымалдылығы бар халық қалаулысы болса, жұртшылық оның Бәйдібек ауданының тумасы екенін жақсы білер ме  еді?    

Бұған дейін біз «Respublica» партиясы жариялаған тізімге партияның Түркістан облыстық филиалының жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бекжан Айтқұловтың енгізілгенін жазғанбыз. Б. Айтқұлов іскерлігі мен қоғамдық белсенділігі қатар өрілген азамат. Бизнесті де дамытып, елдің мұң-мұқтажын шешуге де қол ұшын созған азамат. Түркістан облыстық мәслихатының екі шақырылымының депутаты.

Сондай-ақ, «Ақ жол» партиясының тізімінде «Түркістан» корпоративтік қорының директоры, Түркістан облысы әкімінің инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Мақсат Раманқұлов, «Ақ жол» Демократиялық партиясы Шымкент қалалық кеңесінің мүшесі Бақдәулет Мәлімов, партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы Абзал Салықбаев, партияның Шымкент қалалық кеңесінің мүшесі, Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссия төрағасы Исламбек Түлебаев бар.

«Ауылдың» тізімінде партияның Түркістан облыстық филиалының жетекшісі Төрегелді Қалмұратов бар. Қалмұратов та облыстық мәслихаттың депутаты. Тасы өрге домалаған кәсіпкер. Жалпы ол туралы елдің пікірі өте жақсы. Ал «Байтақтың» тізіміне соңғы Мәжіліс сайлауында бақ сынаған, қазіргі уақытта Төлеби ауданы әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай енді.

P.S. Партиялық тізімдерге депутаттықтан дәмесі бар делінген Ғабидолла Әбдірахымов енбей қалды. Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Руслан Берденов те жоқ.

Тақырыптың басында айтқанымыздай, партиялық тізімдер елдің қалауы мен биліктің таңдауы арасында үйлесімнің барын көрсете алды ма әлде жоқ па? Бұл туралы егжей-тегжейлі журналистік зерттеуімізді алдағы нөмірде жалғайтын боламыз.

 

«Рйтинг» газеті, 15 шілде 2026 жыл.


Бектенов Конституциялық соттың шешіміне пікір білдірді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу