Қылмысын мойындаған кім? Дәлелсіз сотталған кім?
Түркістан облысында «Бухгалтерлер ісі» деп аталып кеткен, аудандық білім бөлімдерінде жымқырылған миллиондар мен миллиардттарға қатысты үкім оқу жалғасып жатыр. Естеріңізде болса, қаңтарда алғаш болып Сауран ауданында білім бөлімі басшылары мен есепшілер заң алдындағы жазасын алған. Сот «ақшаның бәрін өзіміз жедік, басшыларымыз бұл істен бейхабар болды» деген екі есепшіні шартты жазаға кесіп, бөлім басшысы мен оның қызметін уақытша атқарған бас маманды 7 жылға бас бостандығына айыруға соттаған болатын.
Түркістан облысының соттары елді осылайша аң-таң етуді де жалғастып жатыр. «Бухгалтерлер ісі» ақ-қараны айырмастан жаппай жазалайтын науқанға айналғаны байқалады. Мұның ақыры немен тынар екен?
Жуырда Созақ аудандық соты білім бөлімінің басшысы мен есепшілеріне қатысты үкім оқыды. Бұл істің Саураннан бір ерекшелігі --қазынаның қаржысын жеумен айналысқан топ өздерінің жасаған қылмыстарын өздері анықтаған. Дәлірегі өз-өздерін әшкелереп, құзырлы органдарға ұстап берген.
Бұл адамның ақылына қонатын әрекет пе?
Жалпы, алғанда Түркістан облысында білім саласынан ірі көлемде қаражаттардың ұрланғанын құзырлы органдар 2023 жылдың аяғынан бастап айта бастады. Сол кезден бері көпшіліктің көкейінде бірнеше сұрақ бар: осыншама миллиардттарды қарапайым бухгалтерлер қалай, қандай әдіс-тәсілдермен ұрлады? Мемлекеттік жүйе оған қалайша жол берді? Ақшалардың жоғалып жатқанын қадағалаушы мекемелер қалай білмей қалған? Сот үкімі осы сауалдарға жауап таба алды ма?
Созақ ауданында «Бухгалтерлерлер ісі» бойынша жымқырылған қаражаттың көлемі 100 миллионға жуық, дәлірегі 99 961 888 теңгені құрайды. Ақшаны ұрлау 2019 жылдың қазанында басталып, 2023 жылдың ақпанына дейін жалғасқан. Қылмыстық іс 6 көріністен тұрады, яғни бюджеттің қаражатына қол салу алты мәрте қайталанған деген сөз.
Сотталушылар: Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы лауазымын 2016 жылдан бері атқарып келген Н.Айдаров, бөлімде әр кездері бас есепші лауазымын атқарған Ұ.Әсембаева (қазіргі уақытта зейнеткер), Т.Әлмағанбетов және айлық есептеу тобының есепшісі, бас есепшінің орынбасары лауазымдарын атқарған М.Нүспек.
100 миллионға жуық қаражат бар-жоғы үш адамның есеп-шотын, банк карточкаларын пайдалану арқылы ұрланған. Олардың бірі аудандағы мектепте инструктор, бірі киім ілуші, енді бірі еден жуушы болып істеген. Олар өздерінің мәліметтері арқылы қылмыс жасалып жатқанын білмеген. Үшеуі де есепші-сотталушы Нүспектің таныстары, туыстары.
Нүспектің сотта берген жауабына қарағанда, қаражаттарды ол бухгалтерлерге арналған бағдарламалардың көмегімен ұрлаған (сотта ол оны тек бухгалтериядан білімі бар адамдар ғана түсінетінін айтыпты). Ол бөлім басшысының, бас есепшінің ЭЦП кілттерін пайдалана отырып, жалақыға қатысты тізімдерге жоғарыда үш танысының аты-жөндерін енгізген. Басшылардың қолы қойылып, қазынашылық мекемесінен келген соң, тізімге түзету жасайды. Яғни, таныстарының аты-жөнін тізімнен өшіріп тастап отырған. Ол үш танысының банк карточкасын өзімен бірге алып жүрген. Сондықтан шотқа түскен ақшаны өзі алып отырған. Нүспек бұл қитұрқылықтарға бөлім басшысы Н.Айдаровтың, бас есепшілер Ұ.Әсембаева мен Қ.Әлмағанбетовтің қатысы жоқтығын, олардың мұны білуі мүмкін еместігін алға тартқан. Себебі ауданда 4 мыңға жуық мұғалім бар, басшылардың оның бәрін тексеруі мүмкін емес болған. Сондықтан алдарына келген тізімге олар тек қол қоя берген. Ал бұл ақшаны ешкімге айтпай жей берген. Есепші жымқырылған ақшаны үйінің алдына времянка соғып, сонымен бірге жұбайы екеуі мал бордақылау бизнесіне салған, бұдан бөлек екі автокөлік сатып алуға жұмсаған. Ол тергеу, сот барысында 35 000 000 теңге шығынды мемлекетке қайтарған.
Сотта бөлім басшысы Айдаров пен бас есепшілер Әсембаева мен Әлмағанбетов те бұл іске қатыстарының жоқтығын, қаржылық қитұрқылықтардың бәрін Нүспектің жалғыз өзі жасағанын алға тартады. Алайда сот олардың бұл сөздерін жауаптан жалтару деп қабылдаған. Қаражаттарды төрт сотталушы өзара сыбайласып, бірге жеген деп тапқан.
Расында да қазынадан мүз миллион теңге ұрланса, оны бас есепші мен бөлім басшысының білмей қалуы мүмкін бе? Мүмкін емес дейтініңізге күмәніміз жоқ. Бұл пікір қисынға келетін шығар. Алайда сотта қисын мен долбардың айғақ, дәлелге жүрмейтіні айтпаса да белгілі ғой. Барлық айыптаулар жеткілікті деңгейдегі дәлелдермен бекітілуі тиіс. Ал бөлім басшысы Айдаровтың, бас есепшілер Әсембаева мен Әлмағанбетовтың ақша жегеніне алғашқыда осы істі тергеген Экономикалық қылмыстарды тергеу департаменті тергеушісінің де күмәнданғаны байқалады. Ол бөлім басшысы мен бас есепшілерге қатысты қылмыстық қудалауды тоқтату туралы шешім қабылдаған. Алайда оның шешімін прокуратура бұзған. Осы дерек қылмыстық істің сотталушылардың өздері айтпақшы, тек біржақты, айыптау бағытында жүргізілгенін көрсететін сияқты.
Сот үкімінен байқағанымыздай, бөлім басшысы мен бас есепшілердің ақша алғанына қатысты ешқандай куәгердің жауабы жоқ. Олардың есеп-шотына, «Каспий голдына» Нүспектің ақша аударғаны жөнінде ешқандай факті анықталмаған. Осы іс бойынша жасырын тергеу амалдары жүргізілген. Алайда одан қылмыстық іске маңызды боларлық ешқандай материал табылмаған. Жоғарыда келтірілгендей, ақшалар аудан мектептерінде жұмыс істейтін үш қызметкердің құжаттары арқылы ұрланған. Оның үшеуін де Нүспектің өзі тапқан. Біреуі қайын інісі, бірі жеңгесі, бірі ауылдасы.
Айтпақшы, 2023 жылдың күзінде облыста білім саласынан қаржылардың ұрланып жатқаны белгілі болған кезде Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы Н.Айдаров жұмысшы тобын құрып, тексеру амалдарын жүргізген. Осыдан кейін құзырлы органдарға хат жіберген. Осы хаттың негізінде тексеру амалдары басталып, қаржы жымқыру фактілері анықталған көрінеді. Сотта адвокаттар бұл уәжді бөлім басшысы мен бас есепшілердің кінәсіз екендігіне дәлел ретінде келтіріпті. Бірақ үкімде:
--Сот Н.Айдаров және оның сыбайластары қылмыстық жауаптылықтан құтылу мақсатында жұмысшы тобын құрып, өздері жасаған қылмыстарын өздері анықтаған деп есептейді,-деп жазылған. Әдетте қылмыскерлер өздерінің жасаған қылмыстарын жасырып-жабуға тырысушы еді. Созақ аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің өз-өздерін әшкерелеп, не қара басқандарын өз басымыз түсіне алмадық.
Айтпақшы, қаржылық жымқырулар болған аралықта Созақ аудандық білім бөліміне Тексеру комиссиясы келген. Бірақ ешқандай заңбұзушылық таппаған. Сотта куәгер ретінде жауап берген Тексеру комиссиясының өкілдері мұны өздерінің тек рәсімдік бұзушылықтарды анықтайтындығымен түсіндіріпті. Бухгалтерлік саладағы қитұрқылықтарды ішкі аудит мекемелері табады екен. Ал бұл уақыт аралығында Созақ аудандық білім бөлімін ішкі аудит тексермеген көрінеді.
Сот үкімімен бөлім басшысы Н.Айдаров 8 жылға, бас есепшілер Әсембаева мен Әлмахағанбетов 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал М.Нүспекке 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанымен, жас балаларының болуына байланысты жаза өтеу бес жылға шегерілді. Яғни, «қылмысқа қатысымыз жоқ» дегендер түрмеге тоғытылып, «бәрін жалғыз өзім жедім» деген сотталушы бостандықта қалды. Саурандағы сот тәжірибесі Созақта да қайталанды.
Үкім әлі күшіне енген жоқ.
Жуырда «Бухгалтерлер ісі» бойынша Сарыағаш аудандық соты да үкім шығарып, 11 адамды әртүрлі жазаларға кесті. Әлеуметтік желіде жазылған мәліметтерге қарағанда, бұл аудандағы қаржылық жымқыруларды сотталушылардың бірі--аудандық білім бөлімінің басшысы Д.Акатовтың өзі анықтаған көрінеді. Бұл өз алдына бөлек мәселе.
Қазір алғашқы сатыдағы сот төрелігімен келіспегендер апелляциялық шағым беріп жатыр. Алдағы күндері «Бухгалтерлер ісі» бойынша тағы бірнеше ауданда үкім оқылады деген әңгіме бар.
«Рейтинг» газеті, 16 сәуір 2025 жыл.