Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Сатенов не үшін сотталды?
Ордабасы аудандық сотының үкімімен аталған аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып жүрген Ермекбай Сатенов лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды және қызметтік жалғандық жасады деген айыппан сот алдындағы тиісті жазасын алды.
Былтыр күзде елімізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беруді тоқтатып, оны жекеменшікке сату туралы заң қабылданғаны белгілі. Осы заң қабылданған соң жергілікті әкімдерге жерді жалға беруді тоқтату туралы тапсырма берілген. Міне, Ордабасы ауданы әкімінің ауыл шаруашылық жөніндегі орынбасары Е.Сатенов осы тиымға қарамастан 17 азаматқа жерді 49 жылға жалға беріп жіберген. Сотта Сатеновтың өзі жер заңнамаларына енгізілген өзгерістерді түсінбегенін айтып ақталыпты. Алайда 5 наурыз күні Сатеновке облыстық жер қатынастары басқармасынан «Өте шұғыл! Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Вице-министрі К. Өскенбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді конкурс арқылы жалға беруді тоқтату туралы тапсырма берілді. Осыған байланысты 2016 жылдың 05 наурызынан бастап ауыл шаруашылық жерлерін конкурс арқылы беру тоқтатылды» деген ескерту хат келеді. Осындай ескертуге қарамастан ол 17 азаматқа жалға жер беру рәсімін жалғастыра берген. Әкім орынбасары қарамағындағы қызметкерлеріне осы жөнінде тапсырма бергені былай тұрсын тіпті құжаттарға аудан әкімінің қолын да әлдебіреулер арқылы қойдыртқан. Ол алдымен аудандық және облыстық газеттерге конкурстың өтетіні туралы хабарлама бергізеді. 9 наурызда ешқандай отырыстың өтпегеніне қарамастан құжаттарға конкурс мүшелеріне қол қойдыртады. 18 наурызда 17 азаматтың конкурс жеңімпазы болып табылғаны жөнінде газетке хабарландыру жариялатады. Бұдан кейін Е.Сатенов құжаттарға Ордабасы ауданы әкімінің қолын әлдебіреулер арқылы қойдыртады. Рас, сотта ол құжаттарды қабылдау бөлмесіне қалдырып кеткенін, оған аудан әкімінің қолын кім қойып жібергенін білмейтінін алға тартыпты. Тергеу барысында құжаттарға нақты кімнің қол қойғаны сол күйі анықталмай қалған. Кейінірек шикі екені белгілі болған соң құжаттардың заңдық күші жойылған. Яғни әкім орынбасарының қитұрықылық әрекеттері жүзеге аспай қалған. Бірақ Е.Сатенов осыншама қитұрқылықтың бәрін не үшін жасаған деген заңды сауал туындайды. Расында да оны мұндай әрекетке жетелеген нендей мүдде?
Жоғарыда айтқанымыздай, Е.Сатенов қызметтік жалғандық және теріс қылық жасағаны үшін айыпталып отыр. Оның қылмыстық ісі пара алу дерегімен де толығуы әбден мүмкін екен. Сот үкіміміне қарағанда бұл қылмыстық істің біраз құпия-сырлары ашылмай, жабулы қазан жабулы күйінде қалған сияқты.
Сотта куә ретінде сұралған М. Иманберді деген азаматтың айтуынша, ол өзіне мал бордақылау алаңын ашу үшін 1,5 гектар жер іздеген. Алдымен ауданның су шаруашылығы бөлімінің басшысы Н. Иманқұлұлына жолыққан. Ол аудан әкімінің орынбасары Е. Сатенов арқылы жер тауып беремін дейді. Әрине, құр аяққа бата жүрмейді ғой. Н.Иманқұлұлы бұл қызметі үшін 2,5 миллион теңге сұраған. М.Иманберді бұл жәйтті дереу Ұлттық бюроның қызметкерлеріне хабарлаған. Бұдан кейін Ұлттық бюро өздеріне тиесілі міндетті атқаруға кіріседі. М.Иманберді арнайы құралдармен қамтамасыз етіледі. Екіарадағы әңгімелер таспаға басылған. 20 наурызда М.Иманберді облыстық газеттен конкурс қорытындысы бойынша жұбайы А.Ештаеваның 15 гектар жерді жалға алу конкурсының жеңімпазы болғанын оқиды. Осыдан кейін құжаттарын аудан әкімдігіне өткізеді. Алайда жерді ала алмайды. Н.Иманқұлұлы 2,5 миллион теңгені алмақшы болып 3-4 күн төңіректейді. Бірақ ақшаны алмайды. Неге?
Сотта Н.Иманқұлұлы бұл жәйттің бәрін бұлтарусыз мойындаған. Ол ақшаны Е.Сатеновтың сұратқанын айтады. Екіарадағы келісім бойынша 2 миллион теңгені Е.Сатенов, қалған 500 мың теңгені Н.Иманқұлұлы алмақ болған. Бірақ ақшаны алатын кезде ол әлденеден сезіктенген. Ол бұл сезігін Е.Сатеновке айтқанға ұқсайды. Ал ол ақшаның керегі жоқ екенін айтады, сонымен бірге А.Ештаеваға да жер берілмей қалады. Яғни, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Е.Сатенов пен бөлім басшысы Н.Иманқұлұлының сол кезде парамен ұсталуы әбден мүмкін болған. Ұлттық бюро қызметкерлерінің жүргізген операциясы сәтсіз аяқталған. Бір сөзбен айтқанда екі шенеунікті құдай сақтап қалған сияқты.
Сот үкімімен Ермекбай Сатеновке заңсыз жолмен табылған мүлкін тәркілей отырып, 530 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 124 130 теңге мөлшерде айыппұл салу жазасы тағайындалған. Айыппұлды төлеуге бір ай уақыт берілген.
Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді сатуды, шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуды көздейтін заң халықтың наразылығынан кейін тоқтатылғаны белгілі. Жоғарыда сотталған азаматтың үкіміне қарап отырсаңыз, шенеуніктердің кәсіпкерлерге, шаруашылықпен айналысамын деген азаматтарға жерді қандай жолмен жалға беріп келгені анық байқалады. Әрине, бес саусақ бірдей емес қой. Дегенмен әкім орынбасары айналдырған бірнеше гектар жерді жалға беру үшін бақандай 2,5 миллион теңге сұраған. Ал жерді жүз гектарлап алудың ставкісінің қанша екенін өзіңіз есептей беріңіз. Жерге келгенде шенеуніктердің тәбеті міне, осындай. Ал егер заң қабылданып кеткенде...Жерді шетелдіктерге жалға берудің ставкісі қанша болар еді? Шұрайлы жерді кәсіпкерлерге кідіріссіз, кедергісіз, шенеуніктік созбалаңсыз, бармақ басты, көзі қысты жолмен сатудың қызметақысы үшін қанша ақша сұралар еді? Сотта Е.Сатенов өзіне тек айыппұл төлеу түріндегі жаза тағайындауды қиылып тұрып сұрапты. Миллиондармен жұмыс істеп жүрген «замәкімге» 1,1 миллион теңгені төлеу сөз болып па? Мұндай шенеунік үшін ең ауыр жаза енді ешқашан мемлекеттік қызметке келе алмайтыны болса керек.
Мұрағаттан, 2016 ж