Төлешевтің мемлкеттік төңкеріс жасамақ болғаны қисынды ма?

Oinet.kz 07-07-2019 1196

 Screenshot_3.jpg

Ойды ой қозғайды. Осыдан төрт жыл бұрын Алматы облысындағы Арқанкерген  шекара бекетінде болған оқиға еріксіз еске түседі. Балалық шақпен кеше қоштасқан сарбаз Владислав Челах түсініксіз жағдайда өзінің 14 қарулас серігін бір түнде жер жастандырды. Бір солдат 14 серігін қырып салды дегенге сенетіндерден гөрі сенбейтіндер көп. Мынау да дәл сол сияқты. Бұзықтық жасады, тентектікке барды дегенде, ары барса «разборкалардың» іші-сыртында жүруі мүмкін шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешев мемлекеттік төңкеріс жасап, билікті басып алмақ болды деп айыпталып отыр. Мұндай мәлімдемені ресми органдардың өздері таратты. Билік халықты ресми ақпараттан басқа ештеңеге сенбеуге шақырып отырса да бәрібір арғы жағың «әй, қайдам» дейді. 

Біздің білетініміз, «Сыра ханзадасы» атанып кеткен Төлешев көп тірліктермен айналысты. Оның меншігінде  бір кездері «Юмакс», қазір «Лафрадио» деп аталатын  радиосы жұмыс істейді. «Шымкентпикчерс» деп аталатын киностудиясының бары және оған Голливудттың танымал актерлерін де шақырғаны айтылатын. Төлешев сән-салтанат қуғыш, ұл-қыздарының туған күндеріне шетелден әнші шақырғыш, елде жоқ қымбат көлік мінгіш, қайда жүрсе де айналасына топырлатып оққағарларын алып жүргіш... Бірақ билікті басып алғыш, төңкеріс жасағыш дегені Төлешевтің ұсқынына оншалықты келіңкірмейтін сияқты. Ұсталған кезде оның үйін тінту барысында қару-жарақ, есірткіден бөлек діни әдебиеттердің тәркіленгені айтылған болатын. Алайда Төлешев тақуалығымен немесе теріс ағымдардың жетегінде кеткендігімен аты шықпаған адам. Сонда Төлешев кім?

Жалпы Тоқтар Төлешев билікті басып алатындай қаншалықты билікқұмар адам? Осыған тоқтала кетейік. Оңтүстікте бүгінде қалталылар арасында депутаттың мандатын иелену «модаға» айналған. Ал Төлешев осы уақытқа дейін бірде-бір рет депутаттыққа ұмтылып көрмеген екен. 2004 жылы Мәжіліс сайлауында Сарыағаш ауданындағы округтен белгілі оппозиционер  әрі руласы Жармахан Тұяқбайдың серігі бақ сынады.  Сайлаудың соңы үлкен у-шуға айналды. Осы дау-дамайда Төлешев оппозицинердің серігін қолдағаны, биліктің түсірген адамына қарсы болғаны есімізге түсіп отыр. Жұрт оның бұдан басқа саясатқа араласқанын жерін білмейді.

Тоқтар Төлешевтің дінмен де тығыз байланысы туралы дерек жоқ. Тек осыдан екі-үш жыл бұрын Төле би ауданындағы Қасқасу ауылында мешіт ашты. Алайда құрылысы бірнеше жылға созылған Алла үйін Тоқтар Төлешев жеке бастамасымен емес, кезінде өзінің фирмасында қауіпсіздік жағын қамтамасыз еткен, кейінгі жылдары жұмыстан босап кеткен бұрынғы әріптесінің,   қазір дін жолына берілген  қасқасулық азаматтың және сонымен бірге Меккеге бірнеше рет барған анасының өтініші бойынша салдыртқанынан дәл сол ауылдың тумасы ретінде хабардармыз.  

Бас прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Р.Карасевтің айтуынша, Тоқтар Төлешев билікті күшпен басып алуға дайындық жұмыстарын өткен жылдан бастап белсенді түрде жүргізе бастаған. Елдегі тыныштықты шайқау үшін наразылық акцияларын және жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруды мақсат еткен. Осындай тұрақсыздықтың аясында балама үкімет құруды, билік құрылымын өзгертуді көксеген. Ең таңданарлығы, мынау болып тұр.

«Атырау, Астана, Алматы, Орал, Қызылорда қалаларындағы  «Жер реформасы» деп аталатын қарсылық, наразылық акцияларына  Төлешев мырза өткен жылдың желтоқсанында дайындалып, оны қаржыландырғандығы туралы дәлелдер алынды. Аталған наразылық акцияларын бұдан да ертерек өткізілуіне ұмтылғанына қатысты нақты фактілер анықталған. Бірақ, Төлешевтің тұтқындалуына байланысты акцияны өткізу уақыттарын  тікелей ұйымдастырушылар өзгерткен. Қазіргі таңда олардың кейбірі құрықталған», - деді Р. Карасев.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу абақтысында отырып Төлешев 2016 жылдың мамырында Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш қаласында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға әрекеттеніпті.Сонда «үш әріптің» тұжырымына сенсек, сәуір, мамыр айларында  Қазақстанның әр облыстарында бұрқ ете қалған жер сатуға қарсы наразылықтарды ұйымдастырушылар, елім-жерім деп еңірегендер Тоқтар Төлешевтің ақшасына сатылған опасыздар сияқты.  Алғашқыда биліктегілер мұндай митингілерді шетелде қашып жүрген оппозиция өкілдері, қашқын банкир ұйымдастырды деген.Енді міне... Басты ұйымдастырушының шетелде емес, елде,  Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысында отырғанын дәлелдеу үшін мейлінше нанымдырақ айғақ қажет-ау. Карасев осы эпизод бойынша нақты кімдердің ұсталғанын ашып айтпады. Есесіне Төлешевтің ұйымдастырмақ болған  төңкерісіне сыбайлас болған бірнеше азаматтың тұтқындалғанын жария етті.

-Ұсталғандардың ішінде Бас прокурордың бұрынғы орынбасары, Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Иляс Бақтыбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы бастығы Хибратулла Досқалиев, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті  бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Сәкен Айтбеков, 35 848 және 55 652 әскери бөлімдерінің командирлері, Қорғаныс министрлігіне қарасты «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының полковниктері Бекзат Жумин мен Қайрат Пернебаев бар. Қазір ұсталғандар уақытша ұстау абақтысында отыр,--деді Р.Карасев.

Сыбайластарды оңтүстіктің жұртшылығы жақсы таниды. Енді екі жылдан кейін жетпіске толатын Иляс Бақтыбаев Алматы облысы Талғар ауданының тумасы. Прокуратура  саласындағы қызметін 1977 жылы Алматы қаласында прокурордың көмекшісі болып бастаған. Кеңес заманында судья да болған. 1991-94 жылдары Алматы қаласының прокуроры, кейінірек Қостанай облысының прокуроры лауазымын иеленген.  Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры қызметін ол 2000-2003 жылдар аралығында атқарды. Иляс Бақтыбаев Бас прокурордың орынбасары да болған, Бас прокурордың бірінші орынбасарының креслосына екі мәрте отырған. Алпысқа толған соң Конституциялық кеңестің мүшесі атанып, осы қызметте бақандай сегіз жыл істеді. Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры қызметін Иляс Бақтыбаев заңдылық әлі толық қалыптасып бітпеген жылдары атқарды. Ел аузында осы жылдары прокурор Бақтыбаевтың  кәсіпкерлік пен қалалық, облыстық әкімдіктегі басшылық қызметтің тасын қатар өрге домалатып жүрген шымкенттік танымал азаматты  қудалап, ақыр аяғында ауызбастырыққа оның тойханасын сыйға алғаны туралы ақпарат айтылады. Бірақ екінің бірі айта беретін бұл мәліметтің анық-қанығы белгісіз.

2006 жылдың мамырында Шымкенттегі Байғұт баба мешітінен шығып келе жатқан үш азаматты әлдебіреулер атып кетті. Осы қанды оқиғадан кейін Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Құрманбек Артықбаев қызметінен кетті. Оның орнына Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы қызметінен милиция генерал-майоры Хибратулла Досқалиев келді. Генерал Ресейде туып өскен. Қызылорда облысының полициясын басқарған жылдары үнемі мақтау еститін Досқалиев шымкенттік менталитетке көндіге алмады.  Әйтеуір, жұмысын шырқ үйіріп кете қоймады. Ұзамай департаменттің өз ішінде ырың-жырың басталды. Аудандық ішкі істер басқармасын басқаратын бір топ полковник генералға қарсы шықты, оған ауыр айыптаулар тақты. Майлы орындарды ашық саудаға қояды деді. Айтқандай, Досқалиевтің тұсында 2007 жылдың қазанында Төле би ауданында  атышулы Маятас оқиғасы орын алған. Осы оқиға кезінде күрділердің үйін өртеуді облыстық ішкі істер департаментіндегі лауазымды шендінің ұйымдастырғаны туралы алып-қашты сөз тараған еді. Кейінірек Маятас оқиғасы бойынша Төле би аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары сотталды. Ол өзіне тағылған айыптарды генерал Досқалиевтің қолдан ұйымдастырғанын, мұның алдында оған 25 мың доллар пара бергенін сот залында ашық айтты. Бірақ Досқалиев бұл мәлімдемеге қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ. 2008 жылы ол жылы орнын суытып, Ішкі істер министрлігіне ауысып кетті.

Оқиға демекші, былтыр ақпанда Сарыағаш ауданында тәжік ұлтының өкілі жергілікті қазақ жігітін пышақтап өлтіріп, мұның соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Сол кездері «Ватцап» жүйесі арқылы  мойнының бірнеше жерінен пышақталып, қан-жоса болып жатқан марқұм жігіттің суреті тарады. Тәжіктердің марқұмның өлі денесін мола басына апарып қорлағаны туралы негізсіз әңгімелер тарады. Осыған ашынған жергілікті қазақтар көтеріліп, тәжіктердің үйін өртеді. Бір таңданарлығы, дұрыстап қараған адамға әлгі суреттердің тергеу амалдары кезінде түсірілгені анық байқалады. Сонда суретті тергеушілердің өздері таратқан ба деген күдік сол кезде-ақ қылаң берген... Сарыағаш ауданы Тоқтар Төлешевтің туған жері.   Ұсталған үшінші күдікті Сәкен Айтбеков кезінде осы Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасын басқарған. Облыстық ішкі істер департаментінде құрығы да, құзыры ұзын Өзіндік қауіпсіздік, Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармаларына бастық болған. 2013 жылдан бастап департамент бастығының орынбасары, ал былтыр желтоқсанда бірінші орынбасар лауазымына көтерілген. Полковник бұл қызметте алты айдай ғана отырды. Мамырда ол Төлешевтің ісі бойынша қызметінен босатылған. Сәкен Айтбеков Төлешев тұтқындалатынын алдын ала біліп, сол күні оның ұялы телефонына тынымсыз қоңырау шалған деген алып-қашты әңгімелер айтылған еді.  Сол әңгіменің жаны бар сияқты ма қалай өзі?.

Ал 35 848 және 55 652 әскери бөлімдерінің командирлері, Қорғаныс министрлігіне қарасты «Оңтүстік» әскери қолбасшылығының полковниктері Бекзат Жумин мен Қайрат Пернебаев туралы мәлімет жоқтың қасы. Бір белгілісі, аталған екі әскери бөлім  Шымкент қаласында орналасқан. Қайрат Пернебаев әуе күштеріне басшылық жасаған. Ал Бекзат Жумин басқаратын бөлімше былтыр қазанда Қорғаныс министрлігі жаяу әскер күштерінің дайындығын тексеру барысында үздік деп танылғандығы туралы ақпаратты көзіміз шалды. Екі полковниктің кім екендігін жергілікті әскери қызметшілерден де сұрастырып көргенбіз. Алайда мәлімет жоқ. Бар білгеніміз, Б.Жумин ұсталардан алдын біраз уақыт бой тасалап жүргенге ұқсайды. Тағы бір мәлімет, тұтқындаулар болардан 2-3 күн бұрын президенттің жарлығымен «Оңтүстік» және «Шығыс» әскери қолбасшылығының басшылары қызметтерінен кетті.

Тоқтар Төлешевті танитындар оның жергілікті атақты, беделді азаматтардың  қуаныш, қайғысында да төбе көрсетпейтінін, көбіне ресейліктермен араласқанын айтады. Қазіргі ресейлік кейбір ақпарат құралдарында Төлешевті ақтап алатын мақалалар жарияланып жатыр. Ал украиналық басылымдар «Қазақстанда проресейлік басқарған бүліктің  алдын алу әрекеті жүзеге асты» деп жарыса жазуда. Әйтеуір, қарама-қайшылығы көп дүние. Тоқтар Төлешев кімнің тапсырысын орындаған? Бұған жауап беру тергеу мен соттың төрелегінде. Әрине, егер олар ақиқатын айта алса... Бүтіндей мемлекетті төңкеріп, билікті күшпен басып алмақ болды, мұның артында есірткі саудасымен айналысты, адам ұрлады, рейдерлікпен шұғылданды деген айыптаулары бар Тоқтар Төлешевтің ісіне алдағы уақытта қайтып оралатын боламыз.  

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы,

«Рейтинг» газеті №22, 9 маусым 2016 жыл

Көлгінов құлаған мұнарлы кран оқиғасына қатысты мәлімдеме жасады
Назарбаев: «Қылмыскерлер қарумен қарсылық көрсетсе өлтіру керек»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу