Президентті шымкентше алдау

Oinet.kz 12-06-2024 566

Screenshot_3.png

 «Не шықса Шымкенттен шығады» деген сөздің көп айтылатыны да рас, бұл сөздің шымкенттіктердің шымбайына бататыны да шындық. Дегенмен Шымкентке қатысты осындай сөздердің тектен- текке айтылмайтынын да, мұндай таным-түсініктің қалыптасуына шымкенттік шенеуніктердің   әжептәуір «үлес» қосып жүргенін де мойындау керек.

Биыл қаңтар айында  Шымкентте жұмыспен қамту орталығының (қазір ол еңбек мобильдігі орталығы деп аталады)  директоры Шағдат Әсет парамен ұсталған болатын. Жуырда Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты оған және оның үш сыбайласына қатысты үкім шығарды.

Үкімге қарағанда, шымкенттік сыбайластар ұятты жиып қойып, бюджеттен кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген 51 миллион теңгенің 45 миллионын, яғни 90 пайызын  талан-таражға салған. Халықтың маңдай терінен құралған қазынаның қайран есіл қаржысы-ай десеңізші.

Ең сорақысы, осы талан-таражға салынған қаражаттар үшін жоғарыдағы басшылар Президентке, Үкіметке «пәлен азамат мемлекеттік гранттың арқасында өзінің ісін бастады, бизнесін ашты» деп есеп берді-ау, ә. Шымкент қалалық әкімдігі өтірік есеп беру мен көзбояушылық жасаудан, қазынаның қаржысын талан-таражға салудан ешкімге есе жібермейді қазір.


Естеріңізге сала кетейік, осыдан 2-3 жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасына байланысты Үкімет «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын» жасаған болатын.

Ұлттық деген айдар тағылғаннан-ақ, мұның қаншалықты маңызды құжат екендігі байқай беріңіз. Осы жоба аясында өз кәсібін бастай алмай жүрген азаматтарға қайтарымсыз гранттар беру, мүмкіндіктер жасау қарастырылған. Енді осы жобаның Шымкентте қалай орындалғанын қараңыз.

Шағдат Әсет былтыр  маусымда Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалған. 2023 жылы осы орталықтың жұмысына тікелей басшылық жасайтын Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы  «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар беруді бастаған. Грант иегерлерін анықтау үшін комиссия құрылған. Оның құрамына М.Отарбекова мен Н.Утенова деген азаматшалар енгізілген. Аталған екі азаматша да жұмыссыз.  Олар комиссияның мүшелігіне қалай енген? Бұл жағы жұмбақ. Жалпы бұл қылмыстық істің көлеңкелі, түсініксіз тұстары өте көп.

Қысқасы, жоғарыдағы комиссияның шешімімен Шымкентте былтыр халықтың осал топтарының жаңа бизнес-идеяларын іске асыру мақсатында 37 жеке кәсіпкерге қайтарымсыз гранттар берілген.

Наурыз бен қазан аралығында осы 37 грант жеңімпазына қазынадан 51 миллион теңгеден астам қаражат аударылған.  Ш.Әсет осыған қатысты барлық құжаттарға қол қойып берген. Бірақ грант иегерлерінің басым бөлігі өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асырмаған. Дәлірегі мемлекетті алдаған ( бұған қатысты мәліметтерге алда тоқталамыз). 

Сонда бұл қалай болғаны? Мемлекеттен грант алғандар уәделерінде неге тұрмады? Бұған не жағдай әсер етті? Бұл сұрақтың жауабын табу аса қиын емес сияқты. Себебі, сот үкімінен аңғарғанымыз, грант бөлуге жауаптылар қазынаның қолдау қаржыларын өздерінің таныстарына, туыстарына үлестіре берген. Тізімге бірі күйеуін, бірі баласын, бірі досының ұлын әкеліп тықпалаған. Ал енді тізімге орта жолдан қосылғандар ақшаның бір бөлігін өздерінің «қамқоршыларына» беріп отырған. Мәселен, сотта куә ретінде жауап берген азаматтардың бірі 1,3 миллион теңге грант алып, ақшаны басқа мақсатқа жұмсап жібергенін, ал оған қатысты есептерді басқарма қызметкерлерінің толтырып бергенін айтқан. Мұндай қызметті мамандар тегін атқарды дегенге сенесіз бе? Сотта куәгерлердің кейбірі тіпті есепті толтыру үшін «Елмұрат», «Шайзада» деген адамдарға 200 мың теңгеден бергенін айтқан. Бұл бойынша тексеру, тергеу амалдары жүргізілді ме, жоқ па, бұл жағы белгісіз.

Сонымен, орталықтың қызметкері Г.Саудабаева және комиссия мүшелері М.Отарбекова мен Н.Утенова грант алушылардың ішіндегі өздерінің таныстарының, туыстарының есебін жабу үшін мынандай әрекетке көшкен. Олар директормен әр грант алушыға 25 000 теңгеден беру жөнінде келіскен. Ш.Әсет  ақшаны  Әл-Фараби ауданы бойынша мансап орталығының басшысына апарып беруді тапсырған.

Биыл 11 қаңтарда Отарбекова Ш.Әсеттің нұсқауы бойынша А.Байтұрсынов көшесінде орналасқан Әл-Фараби ауданы бойынша мансап орталығы басшысының жұмыс орнына барып, оған ақ түсті конвертке салынған 2 грант алушы үшін 50 000 теңге, Г.Саудабаеваның 5 грант алушысы үшін 125 000 теңге, Н.Утенованың 1 грант алушысы үшін 25 000 теңге, жалпы 200 000 теңге берген. Артынша пара беру, алу қылмысына қатысы барлардың бәрі ұсталған. Оқиғаның жалпы қысқаша мән-жайы осындай.

Сот барысында Шағдат Әсет кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, былтыр жалпы Шымкент қаласы бойынша 447 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланған.  Әр грант қатысушыға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша қарастырылған. Ол грант иегерлерін арнайы комиссия шешкенін алға тартып, өзін «судан таза, сүттен ақ» етіп көрсеткен.

Есесіне пара беруші Отарбекова, Саудабаева, Утенова кінәларын бұлтарусыз мойындаған. Айтпақшы, құзырлы органдар жасырын тергеу әрекеттерін жүргізіп,  сыбайластардың өзара телефон арқылы сөйлескен сөздерін  жазып алып отырған екен. Бұл жазбалар сотта негізгі айғақтардың бірі ретінде қарастырылған. Сот үкімімен Шағдат Әсет Қылмыстық кодекстің пара алу және салғырттық баптарымен кінәлі ден танылып, оған  14 682 миллион теңге мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды. Ал пара берді деп айыпталған үш азаматшаға салынған айыппұлдардың көлемі 375 мыңнан, 1 миллион 875 мың теңгеге дейін. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.

Енді мына қызықты қараңыз, сотта жауап берген Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы маманының айтуынша, жоғарыдағы ұлттық жоба аясында бизнес-идеяларды жүзеге айыру үшін 37 жеке кәсіпкерге жалпы көлемі 51 060 000 теңге бөлінген. Оның ішінде 25 грант алушы жаңа бизнес идеяларды іске асыру бойынша мемлекет алдындағы міндеттерін мүлдем орындамай 34 500 000 теңгеге, 12 грант алушы міндеттерін тек ішінара орындап 10 586 200 теңгеге, жалпы 45 086 200 теңге бюджет қаржысы талан-таражға салынған. Ақшаны өндіру жөнінде сот шешімдері шыққан. Қазіргі уақытта грант алушылардан жалпы мемлекетке 3 519 500 теңге қайтқан. Бұл талан-таражға түскен қаражаттардың қанша пайызын құрайтынын өзіңіз есептей беріңіз.

Қысқасы, Президенттің тапсырмасымен мемлекет өз бизнес идеясын жүзеге асырамын дегендерге арнап қайтарымсыз грант бөледі. Оның басым бөлігін жауаптылар  талан-таражға салады. Бұл жерде қазынаның қаржысын жеуден басқа қандай идея көріп тұрсыз? Бұл үшін енді кім жауап береді? Қазіргі уақытта сол кездегі Шымкенттің әкімі де, оның әлеуметтік салаға жауапты орынбасары да, басқарманың басшысы ауысып кетті. Яғни, «іс бітті, қу кеттінің» кері болды.

Бірақ дәл осындай Президентті шымкентше алдайтын жүйенің әлі де жұмыс істеп жатпағанына кім кепіл болады?

P.S. Айтпақшы, «мемлекеттен тегін грант алып беремін, вице-премьер Тамара Дүйсенова жиен әпкем»  деп талай адамның аузын аңқитып кеткен алаяқ туралы біз бұған дейін де жазған едік. Оған қатысты соттың екі бірдей айыптау үкімі шықты. Бұл туралы алдағы нөмірлерімізде арнайы тоқталатын боламыз.


«Рейтинг» газеті, 12 маусым 2024 жыл.



Түркістанда шегірткеге қатысты жағдай қиындап бара жатыр
Шымкенттің шенеуніктері субсидияны заңсыз берген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу