Ақбердиева айтысып жүргенде Түркістанның туризмі ондыққа да іліге алмады

Oinet.kz 03-03-2023 820

Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, жаңа жылдың басынан бері елімізге 2,5 мыңға жуық Түркия азаматы, 1,4 мыңға жуық Германия азаматы, 1,4 мыңға жуық АҚШ азаматы, ал Ұлыбританиядан 1,2 мыңға жуық азамат келген.

Screenshot_13.jpg

Таяу шетелден келген қонақтарға келетін болсақ - алғашқы ондықта — Ресейден 58,2 мыңнан астам, Өзбекстаннан - 11,2 мыңнан астам, Қырғызстаннан - 3 мыңға жуық, Қытайдан - 2,3 мыңнан астам, Тәжікстаннан - 2,3 мыңнан астам азамат бар. Ал енді елімізде шетелдік туристер көп баратын ең тартымды өңірлердің көшін Алматы қаласы бастап тұр-40 мыңға жуық турист. Одан кейін Астана (22 мыңнан астам), Ақтөбе облысы (4733), Атырау облысы (4212), Маңғыстау облысы (3023), Батыс Қазақстан облысы (2778), Павлодар облысы (2719), Солтүстік Қазақстан облысы (2651), Шымкент (2586) және Қарағанды облысы (2573).

 «Туристердің негізгі бөлігі Алматы және Астана қонақ үйлеріне тоқтайды. Ең көп сұранысқа ие үздік ондыққа кірген  көрікті мекенде осы екі мегаполистің қонақ үйлері бар. Бұл ретте жыл басынан бері қонақтарды Қазақстан бойынша 16654 жеке және 6746 заңды тұлға қабылдағанын айту ләзім», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев. 

Өкінішке қарай, соңғы жылдары туризмнің орталығы болады деп, осы бағытта көптеген әйдік жобалар жүзеге асырылған Түркістан қаласы алғашқы ондыққа да іліге алмады. Миллиардтаған теңге жұмсалған «Керуен сарай», басқа да нысандар, орталықтар, қонақ үйлер, мейрамханалар, төрді бермейтін форумдар мен жиындар Түркістанның туристік тартымдылығына әсер етпеген.  Неге?  Естеріңізде болса, 2021 жылдың соңында елордада өткен брифингте сол кездегі облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев «қыруар ақша жұмсалып, көптеген жобалар жүзеге асқанына қарамастан Түркістанға келген туристердің саны неге аз?» деген сауалға жауап берген болатын. Шөкеев туристердің санын көрсеткен Ұлттық статистика бюросының мәліметімен келіспейтінін білдірді. Оның үстіне пандемияның кезінде Өзбекстанның шекарасы жабылып, шетелдік туристердің келуіне кедергілер жасалғанын алға тартқан еді өңір басшысы. Одан бергі аралықта пандемия да бітті, шекара да ашылды. Алайда Түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін ресми түрде алған, әлемдік туризмнің  орталығына айналады деген, туристік салаға тартылған инвестицияларды басым бөлігін иеленген Түркістанға келетін шетелдік саяхатшылардың саны көбеймеген сияқты. 

20 өңірдің ішінде Түркістанның орта белден де көріне алмауы ұят болды. Былтыр жыл басында Үкімет тарапынан Түркістанға келетін ішкі туристердің санын 261 мыңнан, шетелдік туристердің санын 7200-ден асыру, келушілер санын 1,3 миллионға жеткізу міндеті жүктелген болатын. Бұл тапсырмалар қаншалықты орындалды? Енді оған кім жауап береді?

Ал осы жұмыстарды үйлестіреді деген облыстық туризм басқармасының басшысы Гүлмира Ахбердиеваның қарамағындағы қызметкерімен соттасып, мәселесінің облыстық Әдеп кеңесінде қаралғанын біз бұған дейін де жазған едік. Ахбердиева айтысып жүргенде Түркістан туризмі ел күткен үмітті ақтамай жатыр.

Бәлкім осындай берекесіздіктердің салдары шығар, облыс басшысы Дархан Сатыбалды былтыр құрылымдық өзгерістерде туризм басқармасын басқа мекемеге қосып жіберді.  Бұған дейін бірде спорт, бірде кәсіпкерлік басқармаларының құрамына кірген туризм  бұл жолы мәдениет басқармасына барып қосылды. Облыс басшысының туристік саланы түбегейлі қайта құруға көшкені байқалады. Бұл жұмыстардың қаншалықты  жемісті боларына тақсыр уақты төрелігін айтар.

"Рейтинг" газеті, 1 наурыз, 2023 ж

Тоқаев пен Мирзиёев Шымкентте кездеседі
«Баға төмендейді» - Қаржы министрі жағымды жаңалықпен бөлісті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу