Украина жеңеді - Борис Джонсон
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон сейсенбіде Украинаның Жоғарғы Радасында сөз сөйлеп, Киевке әскери көмектің жаңа пакетін жариялады, - деп хабарлайды Euronews.
Оның айтуынша, әңгіме жалпы құны 300 миллион фунт стерлинг болатын радарлар, ұшқышсыз ұшатын аппараттар мен шабуыл қарулары туралы болып отыр.
"Біз ұзақ мерзімді мақсатымызға жеткенше сіздердің басқа достарыңыз секілді Украинаны қару-жарақпен, қаражатпен және гуманитарлық көмекпен қамтамасыз етуді жалғастырамыз. Біз Украинаны сіздерге енді ешкім ешқашан шабуыл жасауға батылы бармайтындай етіп күшейтуіміз керек", - деді Джонсон.
Ұлыбритания премьер-министрі қазір Украина Ресейді жеңетініне сенімді екенін айтты. Оның пікірінше, шабуылды бастау арқылы Путин өлімге әкелетін қателік жасады және соның салдарынан өз елінің әлсіздігін көрсетті. Джонсон "агрессордың қатыгез күші бостандық таңдаған халыққа ештеңе істей алмайды" деп атап өтті.