Депутаттарға қазақ тілін үйренуге 27 млн теңге бөлген дұрыс па?
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» деп тіліміздің мәртебесін айқындап берген болатын. Жетпіс жыл Кеңес Одағының торында болған тіліміздің Тәуелсіздікке дейін еркін самғай алмай алмағы белгілі. Алайда азаттықтың 30 жылында қазақ тілінің мәртебесі өз дәрежесінде асқақтай алды дей алмаймыз. «Балық басынан шіриді» демекші өзгелерді айтпағанда халық қалаулыларының арасында әлі де қазақша «сайрай» алмайтындар бар. Десе де Геннадий Шиповских, Наталья Деменьтева, Снежанна Имашева секілді ұлты өзге мәжілісмендер мемлекеттік тілде еркін сөйлеп жүр.
Таяуда Парламент депутаттарына қазақ тілін үйрету үшін ел қазынасынан 27 миллион теңге бөлінді. Бұл ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Мемлекеттік сатып алу порталының дерегінше, биыл "Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы" атты мекеме мемлекеттік тіл бойынша тренингтер өткізу үшін 27 миллион теңге жұмсамақ.
Мемлекеттік тілді білмейтін халық қалаулыларына осыншама қыруар қаржыны жұмсауды ақылға сыймайды деп жатқандар көп. Ал енді бірі бұл бастамаға қолдау білдіруде.
Белгілі қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы болса, қазақ тілі сабағына депутаттардың келмей жүргенін айтты.
«Парламентке ең жоғарғы білікті мұғалімді апарып, оларға аптасына 5 күн сабақ кестесін жазып қойған. Бірақ бірде-бір депутат өзінің мемлекеттік тілді білмейтіндігіне қарамастан, ол сабаққа бармайды. Төрт шақырылымның депутаты болып, 4 ауыз сөз білмейтін депутаттар өте жеткілікті», – деді ол.
Депутаттарға арналған қазақ тілі сабағынан кейін биліктегі «ала-құла» тілдің жағдайы оңала ма? Өзгелер не дейді?
Талжан Райымбердиев, техника ғылымдарының докторы, профессор:
Билікке қазақша сөйлейтін, ойлайтын азаматтар керек
-Парламент депутаттары ант беру кезінде қазақша сөйлей алмай бір масқара болып еді, енді, міне, олардың тіл үйренуі үшін 27 миллион теңге бөліп тағы масқара болдық. Қыруар қаржы бөліп, оларды оқытқаннан бәрі қазақша сайрап кетеді дегенге кім кепілдік береді. Оның мүмкін емес екендігіне мен сенімдімін.
Біз бірінші кезекте орыстанып бара жатқан азаматтарымыздың тілін түзеп алмай қазақ тіліне бетбұрыс жасауымыз қиын. Қай мекемеге барсаңыз да 100 пайыз қазақ ұлтының қызметкерлері болса да орысша сөйлейді. Ана тілінде сөйлеуге намыстанады немесе қажетсінбейді.
Мемлекеттік қызметкерлерді мейлі әкім болсын, депутат немесе министр болсын ана тілінде сөйлеу қабілеті деңгейі жоғары болғанда ғана қызметке тағайындау керек. Яғни орыс ұлтының өкілі болса орысша білуі керек, ұйығыр болса ұйығыр тілін, қырғыз болса қырғыз, қазақ болса қазақ тілін жетік білуі керек деген қатаң талап қойылса ғана тіліміздің ахуалы жақсарады. Билік, мемлекеттік қызметтегілердің 95 пайызы қазақтар. Сондықтан мұндай талап болашақта билікке қазақша сөйлейтін, қазақша ойлайтын азаматтардың келуіне ықпал етеді. Бізде заңдар алдымен орысша жазылады, сосын барып қазақ тіліне аударылады. Егер жоғарыда айтылғандай билікке қазақ тілді азаматтар келсе бұл олқылықтың да жойылатыны анық.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ, Шымкент қалалық соты ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы, тіл жанашыры:
27 депутат тіл біліп шықса қаражаттың желге ұшпағаны
-Ата заңымыздың 93-бабының бір тармағында былай делінген: «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті». Осы заңға сәйкес мемлекет парламент депутаттарына қазақ тілін үйрету үшін жағдай жасап отыр. Яғни қаржы бөлгізіп, тіл оқыту заңға қайшы әрекет емес. Әрі ант берген кезде оларға тілді үйретудің қажеттілігі айқындала түсті.
2004 жылы сол кездегі Мәжіліс депутаты Амангелді Айталының «Сайлау туралы» заң жобасындағы «Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (73-бап), «Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (89-бап) және «Мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу» (104-бап) атты баптарға «ұлты қазақ үміткерлер үшін мемлекеттік тілді білуі міндетті» деген түзетуіне Парламенттің 70 пайызы қарсы шыққан болатын. Олардың қатарында сол кездегі депутаттар Мақтай Сағдиев, Ғани Қалиев те болды. Егер сол кезде осы түзетілген баптар қабылданғанда бүгінгі халық қалаулылары қазақ тілін оқып, үйреніп алған болар еді және мелекеттік тілді білмейтін азаматтар қызметке алынбас еді. Сонықтан біз мүмкіндікті әу-баста жіберіп алдық.
Енді осы мүмкіндікті пайдаланып Парламент депутаттары көзбояушылық жасап, сабаққа жүрдім-бардым қарамай, қазақ тілін үйреніп шықса құба-құп болар еді. Мың сөз үйреніп шықса да пайдасына жарар. Алайда қазақ тілін жетік меңгеріп шығамын дегенше депутаттық мерзімі де бітіп тынады.
27 миллион теңге жұмсалған жобадан кейін тым болмаса 27 депутат тіл біліп шықса қаражаттың желге ұшпағаны сол болмақ.
Әбдіқадыр САБЫР, режиссер-аниматор:
Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды қызметке алмау керек
-Мемлекеттік қызметкерлер Қазақстан азаматы болған соң мемлекеттік тілді білу - олардың міндеті. Бұл талап Конституциямызда жазылған. Ал қазақ тілін білмейтін депутаттар үшін ақша бөлініп, оларды оқыту Ата Заңымызды қорлау деп білемін. Әрі ақша шашу. Мен өзге ұлттарды айтпаймын өз қазағымызға ана тілімізді ақыға оқыту еш ақылыма сыяр емес. Қазақ тілін білмейтін депутаттарды мемлекеттік қызметкер, саясаткер деп айтуға тұрмайды, олардың барлығы аяқ астынан пайда болғандар. Н.Назарбаевтың «Егер қазақ тілін талап еткен адамдар болса оны қызметтен алу керек, сыртқа шақыру керек» деп айтқаны бар емес пе? Міне, осыдан кейін адамдар қазақ тілін менсінбей дандайсып кеткен. «Балық басынан шіриді» деген осы. Қарапайым азаматтар, журналистер тіліміз деп шырылдағанмен тыңдайтын құлақ болмағасын бәрі бекер. Депуттардың арасында қазақ тілім, елім деп отырғандар бар. Осы жағдайда олар да үнсіз отырған соң қазақ тілі кімге керек?
Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды қызметке мүлдем алмау керек.