«ҚазТрансГазАймақ» тұтынушыларын кінәлады
OINET.KZ - Тұтынушылар пәтерлердің сыртында, меншік территорияларынан тыс көше бойларында орнатылатын коммуналдық қызметтердің есептеуіш құралдарына жауапты болмауы тиіс. Шымкенттегі «ҚазТрансГазАймақ» филалы ғимаратында Парламент Мәжілісінің депутаттары Ғани Ташқараев және Мұхтар Ерманмен кездескен тұрғындар осындай талап-ұсыныстарын жеткізді. Тұтынушыларды «ҚазТрансГазАймақ» филалының басшысы Елнұр Ибраев та тыңдады.
– Табиғи газ, электр энергиясы мен су есептеуіш құралдарының барлығы көпқабатты үйлердегі пәтерлерде де, жеке секторларда да сыртта орналасқан. «ҚазТрансГазАймақ», тағы басқа табиғи монополия субъектілері Азаматтық кодекстің 487 бап, 2-тармағында «Энергиямен жабдықтау шарты бойынша энергияны тұрмыстық тұтыну үшiн пайдаланатын азамат абонент болған жағдайларда энергетикалық желiлердiң, сондай-ақ энергия тұтынуды есептейтiн аспаптардың тиiстi техникалық жай-күйi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндетi, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, энергиямен жабдықтаушы ұйымға жүктеледi» деп көрсетілгеніне қарамастан бар жауапкершілікті тұтынушыларға артып қойған. Сөйтіп табиғи монополия субъектілері территориясынан тыс орналастырылған мүліктер үшін «шарттағы міндеттемені орындамадың» деп манипулация жасап, көп мөлшерде айыппұл есептеп, тұтынушыларды қинап зиян шектіріп, миллиондаған артық пайда тауып жатыр. Осындай проблемалармен арызданып келетіндер көп. Мұндай әрекеттердің монополистің жемқорлығына жасалған жағдайлар екені анық. Бұл тездетіп шешілмесе, арты жалпыхалықтық наразылыққа айналып кетуі мүмкін, – деді депутаттарға хат тапсырған «Adilet» тұтынушылар құқықтарын қорғау бірлестігінің төрағасы Бегімқұл Төлентаев.
Ташқараевтың өз қолына берілген талап-ұсыныстардың Энергетика министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігіне де қатысты тұстары да бар.
Елнұр Ибраевтың түсіндіруінше мораторий кезінде газ қосуға рұқсат жоқ болса да «қосып берем, контроллермен өзің келісесің» дейтін монтаж жұмыстарын жүргізушілермен өзара келісіп, өз бетінше жалғап алған тұрғындардың өздері парқорлыққа апаратын жолдарды таңдап, соңында айыпты болып қалады.
– Тексеру кезінде біздің мамандар базада жоқ абоненттерге айыппұлдар салады, – дейді ол.
Астанадан ат арылтып жеткен қос қалаулы бұған қатысты артық ауыз пікір білдіруден қашқақтап, бір "Джип", екі шетелдік көлікпен асығып кетіп қалды. Ойланып-толғанып, Үкіметке депутаттық сауал жолдай ма, кім білсін. Ол жағын уақыт көрсетеді. Бірақ, тұтынушылар да түсінбей қалды. Не үшін келді, не үшін кетті? Тіпті "елдің мәселесі елеусіз қап қоймай ма?" деген күмән да жоқ емес...